663
Түркістанда араб шейхының қаржысына перзентхана салынады
Түркістанда араб шейхының қаржысына перзентхана салынады
Түркістан қаласында Абу-Дабидің тақ мұрагері шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян атындағы 80 орындық перзентхананың құрылысы басталды, деп хабарлайды turkystan.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Біріккен Араб Әмірліктері Премьер-Министрінің орынбасары, Президент істері жөніндегі министрі шейх Мансур бен Заид Әл Нахаян мен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бүгін жаңа «Ана мен бала орталығының» іргетасына капсула салды.«Біз денсаулық сақтау саласының маңызды нысандарының бірі — Шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянның Түркістан тұрғындары үшін қайырымдылық көмегі болып табылатын құрылыс алаңына капсула саламыз. Жобаны Түркістан облысы әкімдігі мен Абу-Даби Даму қорының бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Бастама Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан Республикасы арасындағы тығыз тарихи байланыстар мен стратегиялық әріптестікті нығайтудың символы, сондай-ақ Қазақстан халқының денсаулығын нығайтуға және Түркістан қаласының инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі болып табылады», - деп жазылған капсуладағы жазбада.Түркістан қаласында заманауи перзентхана құрылысы өткен жылдың желтоқсан айындағы Біріккен Араб Әмірлігінде өткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев пен шейх Мансур бен Заид Әл Нахаянның кездесуінде қол жеткізген келісім-шарттардан кейін жүзеге асып отыр. Абу-Дабидің мұрагер ханзадасының қолдауымен бой көтеретін жаңа перзентхананың құрылысы келер жылы аяқталады деп жоспарланған. Ғимараттың жалпы ауданы 8 мың шаршы метр, жер аумағы - 33 000 шаршы метр.