Жаңалықтар

Алматы іргесіндегі саяжайда 450 отбасы сусыз отыр

Алматы іргесіндегі Береке саяжайында тұратын 2 мыңға тарта тұрғын 20 күннен бері ауызсусыз отыр. Саяжай Алматы облысының Іле ауданына қарайды. Жергілікті билік қауымдастықтың ішкі жұмыстарына араласа алмайтынын айтады.

Бұл туралы 24.kz хабарлады.

Береке саяжайында 2 мыңға жуық адам тұрады. 450-ге тарта отбасы бар. Олардың біразы үйлеріне су сорғысын орнатып алған. Ал тұрғындардың басым бөлігінің оны қоюға шамасы жоқ болғандықтан, орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

Саяжайдағы су тарататын мұнара жеке кәсіпкер Серік Бейсеновтің қарамағында. Ол алты ай ішінде су сорғысын 7 рет ауыстырғанын айтып отыр. Осыдан екі апта бұрын тағы да жаңартыпты. Бірақ су тазармаған. Енді арнайы мамандардың қызметіне жүгінбек.

Халықпен кездесуге Ащыбұлақ ауылдық округінің әкімі де келді. Ол бұған дейін мұндағы мәселеден мүлдем хабарсыз болған. Судың жоқтығын тұрғындар өздері барып айтқаннан кейін ғана білген.

Бұдан бөлек, Береке саяжайында өзге де мәселе жетіп жатыр. Балалар мектепке қатынап оқиды. Газ қостыру өте қымбат. Көше жолдарына асфальт төселмеген. Қалаға автобус жүрмейді. Ал кешке қарай электр энергиясының қуаты төмендеп кетеді. Ащыбұлақта Берекеден өзге тағы 48 саяжай кооперативі бар. Бәрі де ауыл мәртебесін алуды қалайды. Сонда әлеуметтік мәселелер шешімін табар еді, дейді тұрғындар.

Back to top button