Ұлы Жібек Жолы бойында экобазар ашылады

Ұлы Жібек Жолы бойында экобазар ашылады

Ұлы Жібек Жолы бойында экобазар ашылады
ашық дереккөзі
223

Түркі тілдес елдердің, түркі әлемінің рухани астанасы мәртебесін иемденген, Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан қаласында биылғы жыл соңына дейін «EcoBazar» жобасы толық іске асырылмақ.

Бұл Қазақстанда алғаш рет қолға алынған бірегей жоба. Нақтырақ айтқанда, ауылшаруашылығы және отандық өнім өндірушілерді қолдайтын, олардың өнімдерін саудаға шығаратын, тұтынушыға тікелей жеткізетін кешенді базар, сауда орны. Базардың орналасқан жері де ыңғайлы: шахардағы әуежайға баратын жолда, темір жол вокзалының бағытында орналасқан. Жалпы ауданы 14 га аумақты құрайтын алаңның 7 гектарына сауда орындары, 6 га-на – автотұрақ және базар саябағы орналасады. Жоба құны 7 млрд. теңгеге бағаланған. Жеке инвестордың есебінен жүзеге асатын ауқымды жобаның мақсаты айқын. Мұнда қазір көтерме саудаға арналған 1500 орындық, ет, сүт, көкөніс өнімдерін сақтауға мүмкіндік беретін және 300 микроклиматтық қойма салынуда. «ЭКОбазар» директоры Бақнұр Ерболатыұлының айтуынша,  бұл қоймада өнімді сақтау әрі, бағаны тұрақтандыру мақсатында жиналған өнім, тауарлар сақталады. Яғни, өндірушіден тікелей жеткізілген сапалы өнімдер сатып алушыға делдалсыз, екінші, үшінші қолға өтпей, тұтынушының өзіне тікелей саудаланады. Яғни, бағасы тиімді болады. Тұтынушыға керегі осы. Сонымен қатар, базарда барлық санитарлық талаптар 100 пайызға сақталады, 300-ге жуық заманауи бейнекамералар орнатылады. Қауіпсіз орынға айналады деген сөз. Базардағы тағы бір ерекшелік – мұнда электронды арбалар болады. «ҚасиетТранзитСервис» ЖШС серіктестігінің бұл жобасы Түркістан қаласының әмбебап сауда кешеніне айналмақ. Шығыс стилінде салынып жатқан сауда орнында өзінің жеке ісін бастаймын деп тәуекел етіп отырған азаматтарға да жағдай жасалады. Оларға алғашқы үш айда салықтан жеңілдік жасалмақ. Қазіргі таңда, бөлшек саудаға 3500-4000 орынға лайықталған дүңгіршектер құрылысы жүргізіліп жатыр. Жұмыстар төрт кезеңге бөлінген: I-кезеңде көтерме, бөлшек саудаға арналған дүңгершектер салынуда, осы  аяқталуы тамыз айына деп жоспарланып отыр. II-кезеңде көкөніс өнімдеріне арналған павильондар құрылысы жүргізіледі. III-кезеңде автобөлшектер алаңымен көлік жөндеу орталықтарының құрылысы жүргізіледі. IV-кезеңде ЭКОбазардың айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Жоба жыл соңына дейін іске қосылу жоспарланып отыр. Сауда орнының басшылығының айтуынша, бүгінде базар аумағына орналасатын, тауарларын жеткізетін кәсіпкерлер тартылуда және ірі өндіруші мекемелермен келісім-шарт түзілуде. Атап айтқанда, Уфа қаласынан құмшекер өндіруші мекемесімен тікелей тасымалдау жоспарланып отыр. Отандық кәсіпкерлерден: «Рахат», «Яшкино» кондитерлік өнім шығаратын және «BalTextile» кілем өндіруші кәсіпорындарымен келісімге тұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы сынды тағы басқа кәсіпорындармен келіссөздер жүргізілуде. Оған қоса, бұл базарға Түркия, Бішкектен сауда жасайтын азаматтар да шақырылғалы отыр. Ол әрі әріптестік, әрі сауда кешенінің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде базарға орналасуға деген сұраныс өте жоғары. Тағы бір жақсы жаңалық, осы ЭКОбазар шахарда жаңадан ашылған халықаралық автовокзал жолында орналасқандықтан, мұнда 50 қосымша жаңа бағыттар ашылатын болды. Ташкент, Самарқан, Хиуа, Қоқан жерлерінен, басқа да алыс, жақын шет елдерден келетін туристер ЭКОбазардың тұтынушысы болмақ. Себебі, сауда кешені көне қаланың көрікті орындарының біріне айналатыны анық. Оның үстіне, қазақ халқының қонақжайлығын тағы бір танытатын орынға айналмақ.    

Серіктес жаңалықтары