51072
Ла-Манш бұғазын 17 сағатта жүзіп өткен қазақ қызы
Ла-Манш бұғазын 17 сағатта жүзіп өткен қазақ қызы
Ашық суда жүзумен айналысатын әуесқойлар үшін Ұлыбритания мен Францияның арасын бөліп тұрған Ла-Манш бұғазын бағындыру Олимпиадада атой салғанмен тең. Сонау 1875 жылы Ла-Маншты тұңғыш рет жүзіп өткен ағылшын азаматы Мэттью Уэбб салған сара жолды жалғастыру, рекордтан рекорд жаңарту үшін суда жүзумен әуестенетіндер Англияға қарай жыл сайын ағылады. Олардың арасында жасы да, жасамысы да бар. 2011 жылы 70 жастағы ұлыбританиялық Роджер Оллсоп әйгілі бұғазды 17 сағат 51 минутта жүзіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ал қазақстандықтардың арасынан топ бастаған Әнел Сытдықова бұл межені үшінші мүмкіндігінде ғана бағындырған. Әнелден кейін өткен қыркүйек айында екінші болып Мадина Құрманбаева Ла-Маншты гидрокостюмсіз жүзіп өтті. Оған қоса, ол Ыстықкөлді жүзіп өткен тұңғыш қазақстандық ретінде танымал. Франциядан елге оралғанына аз ғана уақыт болған Мадинаға хабарласып, сұхбат құрған едік.
– Ең алдымен білгіміз келетіні – қаржы саласында табысты еңбек етіп жүрген сізді суға жүзумен кәсіби түрде шұғылдануға не итермеледі?
– Осыдан он жыл бұрын қызымды Алматыда спорт секциясына апарып, оның қалай жүзетінін сыртынан бақылап тұрғанымда нұсқаушы келіп «Бәлкім, сіз де байқап көрерсіз?» деп қолқа салды. Сол кезде «О не дегеніңіз, мен – жасым ұлғайған адаммын. Суда мүлде жүзе алмаймын әрі бұл спортты басынан бастай алмаймын» деп сенбеген едім. Алайда уақыт өте келе бұл сенімсіздік пен үрей сейіліп, суда жүзудің көп әдісін үйрене бастадым. Ақырында бұл спортқа қызыққаным соншалық, тіпті ішкен асымды жерге қоятын болдым. Негізі, жаттықтырушылар әрі бірге жаттыққан топтағы әуесқойларға жолығып, жолым болды деп ойлаймын, өйткені біз жүзіп қана қоймай, үнемі бірге жүгіретінбіз. Сөйтіп жүргенде суда жүзу, веложарыс және жеңіл атлетиканы біріктірген спорт түрі – триатлонға қызығушылық пайда болды. Уақыт өте келе суда жүзуден түрлі жарысқа қатыса бастадым, әдепкіде қысқа қашықтыққа жүзіп үйрендім, сөйте-сөйте үлкен қашықтыққа жүзіп көргім келді.
– 2019 жылы Ыстықкөлді жүзіп өткен тұңғыш қазақстандық атандыңыз. Одан бөлек, Қырғыз Республикасы, Ресей және Қазақстаннан келген 22 қатысушының арасында гидрокостюмсіз жүзген жалғыз спортшы ретінде есте қалдыңыз. Бұл сіз қатысқан бәсі биік бірінші жарыс па? Ашық суда жүзуге әуес болу дәл осы Ыстықкөлден басталды ма?
– Иә, 2019 жылы Ыстықкөлде 15 шақырымға созылған сол марафон мен қатысқан ең маңызды сайыстардың бірі болды. 22 қатысушы болсақ та, әркім межеленген қашықтықты жекелей жүзіп өтті. Әрбірінің жылдамдығы әртүрлі болғандықтан, қатысушылар шама-шарқына қарай өнер көрсетті. Жалпы, ашық суда жүзуге деген сүйіспеншілік бірте-бірте арта түсті. Әдепкіде «Бәрі айтып жүрген Ла-Маншты мен де бағындыруым керек» деген мақсат болмады. Кім болса да бір орында тұрмай, ілгерілегенді құп көреді. Қатарластарымен иық тіресіп, кәсіби түрде ары қарай жетіле түсуді көздейді. Сол секілді мен де даму үшін ірі жарыстарға қатысудың амалын қарастырдым. Жалпы, әлем жұртшылығы тамсанатын ашық суда жүзу спорты елімізде енді танымал бола бастады. Бұрын бізге беймәлім болған бұл спорт түрі туралы енді еститін боласыздар. Себебі бізде де сайыстар жиі өткізіліп жүр. Әсіресе, Бурабайда кейінгі кезде Open Water жарысы тұрақты өтуде. Биыл Қапшағайда ашық суда жүзуден әлемдік деңгейдегі ірі жарыс Oceanman өтпекші болған еді, алайда пандемияға бола бұл іс-шара келесі жылға шегерілді.
[caption id="attachment_157486" align="alignnone" width="1024"] Iron Moms KZ-пен бірге Париждегі Триумф аркасының алдында[/caption]
– Дәл сол жылы Ла-Маншты бағындырған тұңғыш қазақ қызы Әнел Сытдықованың жетекшілігімен Iron Moms KZ командасын құрып, әлемдегі ең күрделі саналатын, Лондондағы Мәрмәр аркасынан бастау алып, Париждің Триумф аркасына дейін жалғасатын «Аркадан аркаға дейін» (Enduroman Arch to Arc) атты ультратриатлонда бақ сынап, эстафетаға қатыстыңыз. Эстафета ережесі бойынша командаластарыңызбен Ла-Маншта кезек-кезек жүзген соң, болашақта бұл бұғазды жалғыз жүзіп өтуді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз ба?
– Дәл солай. Триатлонмен бірге айналысатын достарым, соның ішінде арамызда Ла-Маншты бірінші болып жүзіп өткен Әнел Сытдықова ультратриатлонға қатысу туралы ұсыныс айтты. Ереже бойынша Лондоннан Дувр портына дейін 140 шақырымды жүгіріп өттік, әр сағат сайын ауысып отырдық, сосын Ла-Манш бұғазын 36 шақырым қашықтықты жүзіп өтуіміз керек болды, онда да кезектесіп жүздік. Ең соңында Франция жағалауынан Париждегі Триумф аркасына дейін 290 шақырымды велосипедпен «еңсердік». Негізі, эстафета қызыққа толы болды. Алдын ала болжағанымыздай, Ла-Манш бұғазын жүзіп өту қиынға соқты. Дегенмен сол кезде ойымда «бәлкім, болашақта бұл бұғазды жеке өзім жүзіп өтермін» деген идея келді. Оның алынбас қамал екенін, қолымнан келетінін де сездім.
– Ла-Манш бұғазын жалғыз жүзіп өту үшін екі жыл бұрын тіркеліп қойғаныңызды естігенде таңғалғанымыз бар. Сонда ашық жүзу спортымен айналысатын мықтылар бұл бұғазды бағындырмайынша тыным таппайтын болып тұр ғой?
– Жалпы, Ла-Маншта топпен бірге жүзу жарыстары өткізілмейді. Жүзушілер жекелей сында бақ сынайды. Ал бұл марафонды ұйымдастыратын Channel Swimming Association (CSA) мен Channel Swimming & Piloting Federation (CS&PF) секілді беделді ұйымдар өкілі сізді алдымен тіркеп, жүзетін күнді бекітеді. Жай ғана тіркеле салмайсың, алдымен ұйымдастырушылар өткізетін іріктеуден өтуің керек. Іріктеу ережесіне сәйкес, 16 градустан төмен температурада гидрокостюмсіз алты сағат бойы тоқтамай жүзуің қажет. Негізі, Ла-Манш жүзудің «Эвересі» саналады. Альпинистер ауа райы құбылмалы болу себебінен Эвересті бірден бағындырмайды, сол секілді Ла-Маншта да ауа райы мың құбылады әрі суы мұздай суық болады. Марафон өтетін күн бекітілсе де, қашан бастайтының белгісіз. Сол үшін екі жыл бұрын тіркелген абзал. Дегенмен ауа райының қолайсыздығына байланысты тіркелген адамның барлығы бірдей діттегеніне жете бермейді. Мысалы, бір аптаға дейінгі уақыт аралығын таңдауға мүмкіндік беретін слот сатып аласың делік, сосын ұйымдастырушылар «осы аптада нөмір екінші боласың» деп ескертеді, бірақ дәл сол күні қатты дауыл соғуы мүмкін немесе келесі күні тағы бір қолайсыз жағдай болуы ықтимал, сондықтан сол жерде күтіп отыруға мәжбүр боласың. Кейде кезегің ең соңына жылжиды. Ал кейде жүзушілер тіпті кезегін күтпей кетіп қалады, сөйтіп көптен бері дайындалған бұл марафон келесі жылға немесе екі жылға шегеріледі. Сол себептен сарыла күту мен болжап білуге болмайтын осындай өзгерістерге бола Ла-Маншта өтетін марафондардың өзіндік «ерекшелігі» бар.
– Ла-Маншта сіз жүзіп өткен қашықтық БАҚ беттерінде біресе 32 шақырым делінсе, енді бірде 68 шақырым деп жазылып жүр. Анығында...
– Анығында – 68 шақырым. Негізі, Ла-Манштың тік бағытта өлшенген қашықтығы – 34 шақырым. Әдетте көпшілік осы қашықтыққа жүзгенді жөн көреді. Бірақ түрлі себептермен, әсіресе ауа райына байланысты түрлі қашықтық тіркеледі. Мысалы, маған белгіленген меже 46 шақырым болды. Алайда Ла-Манш Атлант мұхиты мен Солтүстік теңізді жалғап жатқандықтан, онда судың ағысы біресе жиілейді, біресе бәсеңдейді. Осы себептен ағыс әр алты сағат сайын өзгеріп отырады, тиісінше мені жан-жаққа «лақтырады», оның үстіне жолай медузаларға бірнеше рет тап болдым, олардан «құтылуым» керек болды. Сондықтан маған белгіленген бағыт біз күткендей тік емес, S пішіндес бағыт шыққандықтан, бұл межені 68 шақырымды жүзіп өттім. Бұл 16 сағат 54 минутқа созылды. Ал негізінде техникалық тұрғыдан қарағанда «менің қашықтығым» – 46 шақырым.
– Ыстықкөлдегідей Ла-Маншты гидрокостюмсіз жүзіп өту өз қалауыңыз болар деп ойласам, сөйтсем бұл ашық суда жүзу марафонының бұлжымас талабы екен. Жүзуші тағы қандай ережелерді естен шығармауы тиіс?
– Негізі, гидрокостюммен жүзуге де болады, бірақ ұйымдастырушылар мұны есепке алмай қояды. Көбіне бейресми марафонда жүзетін жүзушілер гидрокостюм киеді. Ресми бақылаушы алдымен үстіме киген киімді, соның ішінде қандай баскиім кигенімді тексереді, сосын олар мінген қайыққа сүйкенбеуімді қадағалайды. Одан бөлек, ол қозғалыс траекториясын түзетіп, хронология жүргізіп отырады.
– Жүзу кезінде нәр татып алуға рұқсат шығар?
– Әрине. Мен әр 45 минут бойы әлденіп отырдым. Қолдаушылар тобы маған спортшылар үшін ең тиімді энергия көзі саналатын көмірсуы бар сусынды жіпке байлап лақтырады. Мен оны 40 секундтың ішінде ішіп үлгеруім керек, әйтпесе көп тұрып қалсаң, денең мұздап тоңады немесе ағыс сені басқа жаққа ағызып әкетеді. Айта кетерлігі, жүзушіге денесін қыздыру үшін ланолин жағып алуға болады. Бірақ мен күннен қорғайтын крем мен мойын тұсыма киім қажамау үшін вазелин жақтым.
[caption id="attachment_157488" align="alignnone" width="1024"] Франция жағалауына жеткен кезде[/caption]
– Ресми бақылаушыдан бөлек, марафон бойы сізді қолдағысы келетін жақындарыңызға да соңыңыздан жүріп отыруға рұқсат етілген бе сонда?
–Иә. Пандемияға байланысты құрбыларым келе алмағандықтан, ашық суда жүзуден түрлі қауымдастықтарда танысып, жақсы байланыс орнатқан Рейчел мен Люси есімді ағылшын достарыма мені қолдауын өтіндім. Олар сусын лақтырып отырудан бөлек, менің жай-күйімді бақылап отырды. Жол бойы жігерлендіріп, қолдау көрсетті. Айта кетерлігі, қолдаушы топқа маған дем беру үшін 45 минут бойы менің соңымнан жүзуге рұқсат беріледі. Бұғаздың дәл ортасына келгенде Люси досым 45 минуттай соңымнан жүзіп, рухымды көтеріп тастады. Мұның көмегі көп тиеді, себебі бұғаз бетінде тек жалғыз жүзесің, бәленбай сағат бойы түпсіз тұңғиық пен қайықты ғана көресің, мұндай бір сарынды көріністен шаршайтының айтпаса да түсінікті.
– Франция жағалауына қарай түнгі уақытта жүзуге әркімнің батылы жете бермейтін секілді...
– Ал мен үйреніп алғанмын. Дегенмен бастапқы уақытта қорыққаным бар, бірақ осы марафонға дайындық жүргізу барысында үрейімді жеңу үшін кешқұрым немесе түнде арнайы дайындалатынмын. Десек те, түнгі уақытта жүзудің пайдасы шамалы, себебі күннің көзі жоқ әрі су суық болады. Бірақ марафон уақыты ұзаққа созылатындықтан бұған да етіміз үйреніп алды.
– Мәре сызығын кескен кезде қандай сезімде болғаныңызды сұраудың өзі артық болар. Әйтсе де, сол сәтте қандай күй кештіңіз?
– Әдетте, мұндай кезде үйреншікті көріністі бақылауға болады: көп жағдайда жүзушілер құмды жағалауға мәреге жетеді, ал жағалауда күтіп тұрған француздар ерекше қарсы алып, құттықтап жатады. Ал менде барлығы басқаша болды: біріншіден, мен белгіленген межеге түнгі уақытта жеттім, екіншіден, мәре сызығы құмды жағалауда емес, француздық Кале портының қасында орналасқан тас қабырғаға белгіленген. Тағы бір ескерер жайт, соңғы үш-төрт сағатта жылдам жүзуге мәжбүр болдым, себебі ағыстың бағыты өзгере бастағандықтан, бізді Солтүстік теңізге қарай айдап әкету қаупі туындады. Оның үстіне, ағзаң да «шаршай» бастайды, одан бөлек, қолдаушылар мен бақылаушылар да «Алға!» деп сенің діттеген жерге тезірек жеткеніңді қалайды. Осылайша, соңында абдырап қалған мен тез жүземін деп қарсы алдымда тұрған әлгі тас қабырғаны ең соңғы секундта ғана көрдім. Сол қабырғаға жеткен кезде ресми бақылаушы уақытты тіркеп алды, ал маған оларға қарай кері жүзу керек болды. Оған қоса, түнде толқын тулап соғады, қайықтағылар мені соғылып қала ма деп қорықты. Сөйтіп, ашық суда жүзуге ең қолайлы кроль стилімен жүзуге шамам жетпей, қайыққа дейін брасс әдісімен жүзіп, әрең жеттім.
– Әлеуметтік желілерде «Мен осы жасымда спортпен айналысқан ұят болар деп жүрсем, Мадина туралы естіп бұл ойымнан айнып қалдым. Ертеңнен бастап спортзалға барамын!» деген пікірді оқып қалдым. Осы жетістігіңіз арқылы өзгелерді ынталандырып, оларға спортпен айналысудың ерте-кеші жоқ екенін ұғындырамын деп күтпеген боларсыз, сірә?
– Шынымды айтсам, осыншалықты резонанс болады деп күтпедім. Әдепкіде «Барамын да, тыныш қана жүзіп келемін» деп ойлаған едім, бірақ сіз айтқандай әлеуметтік желілерден қазақстандықтардың жағымды пікір жазғанын көріп, таңғалғаным бар. Жекеме хат жазғандардың арасында ересек жаста спортпен айналысу тым кеш деп, мұны енді қолға алған ұят болар деп санағандар көп болды. Сондай-ақ олар менің жүзуім арқылы рухтанып, анығында ересек жаста тау мен тасты қопаруға болатынына көз жеткізгенін айтып жазады. Әлбетте, мұның бәрі қуаныш сыйламай қоймайды.
– Тағы сол әлеуметтік желілерде сіздің бұл ерлігіңізге таңғалған көпшіліктің «енді Каспий, Балқашты жүзіп өтсе екен» деген ұсынысын оқыған боларсыз. Ла-Манштан кейін келесі жоспар құрып үлгердіңіз бе?
– Әлбетте, Каспий, Балқашты жүзіп өткің келеді, бұл өзіме де қызық. Бірақ әзірше ешқандай жоспар құрмадым, үйде демалып жатқан жайым бар. Одан бөлек, айналысатын өзге жұмыстарым баршылық. Негізі, мен бұрын қаржы саласында жұмыс істегенмін, сондай-ақ өндіріс компаниясында қаржы директоры қызметін атқардым. Қазір консалтинг компанияның жұмысын ілгерілетуге атсалысып жүрмін. Сосын жергілікті клубта балаларды суда жүзуге үйретемін. Жалпы, алдағы уақытта өзіме де көп нәрсені, әсіресе жүзу техникамды жетілдіру әрі жылдамдықты арттыру бойынша жұмыс істеу керек. Маған хлор қоспасы себілетін бассейннен гөрі, табиғи ортада екеніңді сезіндіретін ашық суда жүзген қатты ұнайды. Оған қоса, ашық судың температурасы да жағымды әсер етеді. Тіпті, ашық суда жүзу арқылы психикалық аурудан емделіп жүргендерді білемін. Алайда ашық суда жүзетін адам менталды тұрғыда мықты болуы керек. Біздің спортта 20 пайыз физикалық, 80 пайыз менталды дайындық қажет. Суық суда көп уақыт өткізетіндіктен әрі жоғарыда айтып өткендей бір сарынды көріністі көп көретіндіктен, миың орта жолдан тайдыру үшін кез келген нәрсені ойлап табады. Мысалы, бұғаздың бел ортасына келгенде басым айналып, жүрегім айныды, сондай-ақ толқын көтерілген кезде көп су жұттым, егер рухың мықты, сана-сезімің жоғары болмаса, әлгі жайттың барлығынан қорқып, жүзуді тоқтата салуың әбден мүмкін. Сол себепті жүзуші менталды түрде толысып отыруы қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ