50904
«Ақыл базары» академиялық білімді қажет етпей ме?
«Ақыл базары» академиялық білімді қажет етпей ме?
Осыдан бір ай бұрын «Супермамасита» деген лақап атпен танымал блогердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Әлі күнге дейін Алматы қалалық Полиция департаментінің мүліктік қылмыстарды тергеу бөлімінде іс қаралып жатыр. Блогер 28 мыңнан астам қатысушыға қаржылық тәуелділіктен арылып, несие мен қарыздан құтылып, түрлі бизнес-аккаунттарды басқаруды үйретуге уәде еткен. Алайда онлайн сабақ сапасы мен мазмұны курсқа қатысушылардың көңілінен шықпағасын, марафоншылар ақшаны қайтару үшін полицияға арызданған. Бұл – бір мысал.
Қазір тез баюдың жолын үйретеміз, тұрмыс тауқыметінен шығатын жолды көрсетеміз дейтін мотиватор-коучтар көбейген. Бірақ олардың білім деңгейіне мән беріп жатқан жан сирек. Арнайы академиялық білімсіз-ақ адам оқытып, дәріс беретін инстаоқытушылар онсыз да «шықпа жаным, шықпалап» отырған халықты босқа әурелеп, салмақ салып отырғанын түсінгісі келмейтінінде. Данияр ЖІГІТБЕК, инфобизнесмен, копирайтер: Инфобизнесмен өмірді жеңілдеткені үшін ақша алады – Инфобизнесмен – білімі мен тәжірибесін бір жерге жинап, оны әрлеп, қабылдауға жеңіл болатындай етіп оқырманға ұсынатын маман. Инфоөнім жасау – тұнып тұрған еңбек. Біраз адам тер төгіп, тұтынушы назарына ұсынып, оны сатады. Сұраныс пен ұсыныстың түйіскен жерінде баға бекітіледі. Әсілінде білім алу тегін, бірақ оны интернеттен іздеп отыратын адамның уақыты жоқ. Керісінше, өзінің ұнатқан саласындағы білімді меңгерген, тәжірибе жүзінде жасап көрген маманнан аз уақытта көп мағлұмат алған әлдеқайда тиімді. Бұл жерден шығатын қорытынды – уақытты сатып алу. Интернеттегі көп мәліметті оқып, оны қорытқанша уақыт кетеді. Инфобизнесмен өмірді жеңілдеткені үшін ақшасын алады. Бұл – сауда заңы, сондықтан теріс әрекет көрудің қажеті жоқ. Енді біреулер бар, олар кітапта тұрған ақпаратты көшіріп алады. Ешқандай тәжірибе жүзінде іске асырып көрмеген дүниелерді сатады. Өзінде жоқ дүниені өзгеге сату. Бұл жерде халықтың көзі ашық болуы керек. Оны ажырата алса ғана мәселе туындамайды. Бұл – бір мәселе. Енді осы екі системада ақшаның рөлін анықтап алған жөн. Ақшаның рөлі мен қызметі – жауапкершілікті үстеу. Яғни, егер бір сабаққа ақша төленсе, шәкірт те, ұстаз да жауапкершілікпен қарайды. Ақша төлегенің үшін кез келген дүниеден барынша көп алуға тырысасың. Бұл жағдайда да ақысы төленген зат ақшасын ақтауы керек. Сондықтан ақша жауапкершіліктің рөлін көбірек атқарады. Айгүл ЕЛШІБАЕВА, дәстүрлі әнші, жырау: Олардың тілі – жұмсақ, ділі – темірдей қатты – Психологпін деп елді алдап, дінді араластырып, ақша табамыз деген пысықайлармен айқасқаныма жарты жыл болды. Түсінгені түсініп, сапалы білім алуға бет бұрды. Түсінбегені түрлі жағымсыз пікір жаудырды. Адамның фарисей деген типі болады. Ең жиіркенішті әрі қауіпті отрядқа жататын тип. Қоғам бірінші тирандардан, екінші сондай фарисейлерден көп зардап шегеді. Олар елге ар-иманның айнасы ретінде көрінгісі келеді. Діннің шапанын жамылып, екі сөзінің біріне жаратушының есімдерін қосып сөйлейді. «Алланың қалауымен жасап жатырмыз» деп, елдің қамы үшін жасап отырғандай жалған жанашырлық танытады. Түпкі мақсаты бас пайдасын ойлап, адамдарды мәжбүрлі түрде несиеге, жоқшылықта жүргендердің жүрегіне тиетін сөздер айтып, қалау еркінен айырады. Олардан үстемеақы жеп, ақыр соңында ешкімге пайда бермегесін, қайырсыз істің бәрін жаратушыға әкеп тірейді. Нәтижесінде, қоғам тақыр кедей болады. Бірақ өздері астың асылын жеп, тонның қамқасын кигенде алдына жан салмайды. Олардың тілі – жұмсақ, ділі – темірдей қатты. Дүрмекті айласымен артына ерткендерге айтарым: «Заң орындарына қалай шағымдансақ болады?» деушілер көбейіп жатыр. Судың да сұрауы барын ұмытпаған жөн. Маркетингтегі арбау, «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» дегендей жаман ойлама деп, бизнестен білім тәжірибесі аз, ақыл таразысы шамалы адамды тыңдауға бола ма?! Қазақта «Сауда сақал сипағанша» деген жақсы тәмсіл бар. Инстаақылмандарға сеніп, несие алып, сабаққа қатысып, лекциясын сатып алған адамдардың өкінішке толы хаты көп келеді. Мұндай тірлікті ауыздықтамаса, тамыр жайып кету қаупі бар. Айна ДОСМАХАМБЕТҚЫЗЫ, блогер, ІТ маманы:Екі нәрсені сатуға болатынын білетін едік
– Мотиватор-тренер, коуч-психолог болу үшін дипломның қажеті бар-жоғын нақты айта алмаймын. Бірақ кез келген істі бастамас бұрын кәсіби маман болам, осы саланың майын тамызып, жілігін шағамын десе диплом керек деп ойлаймын. Тек тәжірибе жүзінде емес, академиялық білім алған да артық емес. Ал жай ғана курс өтіп алып, коуч-тренер болған адамның білімі соны үйретуге қаншалықты жеткілікті деген сұрақ туады. Екіншіден, ол маманның ниеті қандай? Егер тек ақша табу болса, онда бұл әрекетті дұрыс деуге келмейді. Кейбір адамдар бір салаға маманданып, тәжірибе де жинақтап, білімін бөліскісі келеді. Мысалы, Билл Гейтс тренинг өткізсе, өзім қатысар едім. Оның қаншама жылдық бизнес саласында тәжірибесі бар. Ал психологтер өткізетін мотивациялық тренингке қатысқаннан гөрі, егер өзің шынымен психологтің көмегіне мұқтаж болып тұрсаң, кәсіби анализ жасайтын психологке барғаның жөн. Көбіне өмірлік тәжірибе жинаған егде жастағы адамдар шынымен білімін бөліскісі келеді. Өмірдегі қате жасаған іс-әрекеттерін айтып, жастарды қателеспеуге үндейді. Олардың мақсаты – тренинг өткізіп ақша табу емес. Мысалы, өз өмірімде болған жағдай өзгеге сабақ болсын деген ниетпен, «Ажыраспа» деген блог жүргізе бастадым. Көп отбасында ажырасу – бүкіл проблеманың шешімі сияқты көрінеді. Алайда ажырасу ешқандай проблеманы шешпейтінін өз басымнан өткесін жақсы білемін. Блог платформаға біраз оқырман келді. Кейін кездесу ұйымдастырдым. Ондай кездесу мотивациялық кеңес беру кешіне жатпайды. Ажырасу тақырыбында не түсіндім, соны бөліскім келді. Егер адамдар осындай ниетпен істесе, оны қолдаймын. Бір келіншек маған хат жазды. Күйеуімен ажырасу үшін сотқа арызды тапсыру кезегіне тұрғанда босқа тұрмайын деп менің блогымды оқып тұрған. Кезегі келгенде ойы өзгеріп, арызын тапсырмай кетіп қалады. «Ажырасудан кейін де өмірдің жеңіл болмайтынын түсіндім» деп хат жазды. Қандай саладағы тренер-мотиватор болмасын, «адамдар нені үйрете алады, қандай білім бере алады, тәжірибесі қандай?» деген сұрақты қою керек. Инфобизнес деген – өнім. Бірі кітап сатса, енді бірі білімін сатады. Білімді қолмен ұстай алмағандықтан, білетін ақпаратын сатады. Біз екі нәрсені ғана сатуға болатынын білеміз: тауар және қызмет. Тауар дегеніміз – қолмен ұстап көретін заттар. Қызмет – біреуге қызмет еткенің үшін ақысы төленетін жұмыс түрі. Шашын қысқартып беру, тамақ әкеліп беру, массаж жасау қызмет түріне жатады. Осы екі түрден басқа сату ұғымы болған жоқ. Уақыт өте келе адамдар білетін ақпаратын халыққа ақылы түрде сата бастады. Қазір оның жақсы немесе жаман деп бөліп тұрғым келмейді. Себебі пайдасы да, зияны да бар. Инфобизнесмендер көбейген сайын адамдарда сүзгі пайда болып, сапалы мен сапасыз дүниенің аражігін ажырату керек. 2017 жылы тұңғыш рет қазақтілді ортада SMM курстарын өткіздім. Оған дейін мүлдем болмаған. Кейін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Неше түрлісі шықты. Олар менің бәсекелесім болғандықтан, бақылап отырғанымды жасырмаймын. Ішінде тәуір, іліп алатын санаға қонымды, пайдалы ақпарат та бар. Тіпті, сылдыр су, ешқандай жаңалығы жоқ курстарды да байқадым. Ол кезде адамдарға курсқа қатысқан ұнайтын. Неше түрлі курсқа жазылып, сапалысын да, сапасызын да қабылдай берді. Қазір заман өзгерді. Қанша курс болса, сонша таңдау, сүзгілеу түйсігі пайда болды. Оқырмандардың көзі ашылғаннан кейін, бір-біріне айта бастайды. Талқылау процесі пайда болады. Әлемде мықты коуч-тренер көп болса да, адамдардың дені Тони Роббинске барады. Себебі ол күшті шоу жасайды. Қанша қымбат болса да, айтатын ақпараты адамдарға ұнайды. Жеке ойым, «егер маған бір коучтың сабағы ұнаса, ішкі контентіне қараймын да, осыған ақша құртуға дайынмын ба, дайын емеспін бе?» деп сұраймын. Сонымен, инфобизнес – ХХІ ғасырдың заңдылығы. Одан қашып құтыла алмаймыз. Пандемия кезінде адамдар курстарға қатысып, жаңа мамандық түрлерін меңгерді. Оларды жоққа шығаруға болмайды. Сабақ сатамын деп басы дауға қалған блогердің оқиғасын заңгерге айтқанымызда, мұндай оқиғаның көп тіркеліп жатқанын жасырмады. Алайда заңгер мотиватор-коучтардың айтып жүрген ақпаратын тексеруге мүмкіндік жоғын айтады. Айман ОМАРОВА, заңгер:Әлеуметтік желіні бақылайтын заң керек
– Ақшаға білімін сататын мамандарды заңмен қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Бұл жерде басқа мәселе бар. Ақшасы төленген сабақтың мазмұны қаншалықты маңызды?! Міне, негізгі мәселе – осында. Әсіресе, «мотиватор-коучтардың айтып жүрген кеңестері тексерілген бе, дереккөз қайдан алынған?» деген секілді сұрақтарға қызығушылық клиент тарапынан болуы керек. Мотиватор-тренердің ақпараты сапасыз болса, ол – қылмыс емес. Жалпы, елімізде қылмыстың бәрі шектелген. Белгілі бір деңгейде қылмыс жасаған адам жазаланады. Егер ақшасы төленіп, сабақ берілмесе онда сот орындаушыларына жүгінуге болады. Мұның түбінде алаяқтық жатыр. Өзіңіз айтқан оқиғаға оралсақ, онлайн мотивациялық сабағын сатқан әйел курсқа қатысқысы келетіндерден ақшаны жинап алды. Бірақ сабағының сапасы сын көтермейді. Қатысушылары оның үстінен шағым түсірді. Іс сотқа жетті. Курс қатысушылары ақшасын төлеп қойдық, сабақ берілмеді, тренинг өтпеді деп шағымдануға құқығы бар. Халық әлі де оңай ақша тапқысы келеді немесе миллионер етіп шығарамын деген сөзге сенеді. Осы мотиватордың сабағына қатыссам, өмірім жақсарып кетеді деп ойлайды. Дамыған елдердің өзінде жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады, десек те мотиватор-психологтер айтатын ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеруге қауқарсыз болып тұр. Сапасыз ақпарат беру де қылмысқа жатпайды. Жеке ойым, заң жобасы аясында әлеуметтік желіні бақылайтын заң бөлімшесін ашуды қарастыру керек. Заң бөлімі ашылған жағдайда да мотиваторлар мен коучтардың сабағының сапасын тексере алмасақ та, әркім қолданып жүрген әлеуметтік желісіне жауапкершілікпен қарайтын еді. Қоғамда мұндай жағдайға түрлі пікірдің айтылуы заңды. Мотиватор-психологтің сабағының пайдасын көріп, өмірі түзелгендер де аз емес. Онда тұрған ештеңе жоқ. Заңгер, педагог, математик, биологтер ақылы онлайн сабақ беріп жүр. Өзім де пандемия кезінде тегін заңгерлік кеңес бердім. Сондықтан мотиватор-психологтердің онлайн сабағы мен тренингтерін қылмыстық іске бағалауға болмайды.Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА