«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомының тұсаукесері өтті

«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомының тұсаукесері өтті

«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомының тұсаукесері өтті
ашық дереккөзі
50421
Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ақын Мұратхан Шоқан құрастырған «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомының тұсаукесері өтті. Бұл іс-шараға ҚР Ұлттық экономика вице-министрi Әлішер Әбдіқадыров, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп, Мәжіліс пепутаты Мақпал Мыса, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, «Jas Otan» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев, сонымен қатар, альбомға енген бірнеше аудан мен ауыл әкімдері, атап айтқанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімі Юржан Бекқожин, Нұра ауданының әкімі Аян Шалмағанбетов, Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданының әкімі Тілек Көшмағанбетов, Түпқараған ауданының әкімі  Айбек Қосуақов, Ақмола облысы Целиноград ауданының әкімі Бақытбек Оспанбеков қатысты. Одан бөлек, аталған іс-шара аясында Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Родина ауылының көркеюіне атсалысып жүрген елге белгілі меценат, кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек ері Иван Сауэр, «Шахтерское» ЖШС директоры Виталий Прокоп, «Зенченко и К» ЖШС директоры Геннадий Зенченко, «Дайындық-Агро» ЖШС директоры Біржан Шаймерденов, «Победа» ЖШС директоры Владимир Поляков, «Көктал-Агро»ЖШС директоры Жәнібек Оханов және т.б. кәсіпкерлер бас қосты. «Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомы идеясының авторы, жаз бойы еліміздің барлық облысын аралап, материал жинап, оны жинақ қылып жарыққа шығарған ақын, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, «Тұлға- достық» қоғамдық қорының директоры Мұратхан Шоқан бұл альбом ел Тәуелсіздігінің 30  жылдық мерейтойына тарту екенін айтады.
«Ауыл – қазақтың қасиетті мекені, алтын бесігі. Ауылдың орны қашанда бөлек. Қазақстан Тәуелсіздігінің отыз жылдығына орай осы альбомды шығаруды жөн көрдім. Бұл кітапта еліміздің әр облысында ең үздік саналатын ауылдардың тыныс-тіршілігі сипатталған. Басты мақсат – осы альбом арқылы сол үздік ауылдарды өзге ауылдарға үлгі ету, сонымен қатар, ауылын көркейтуге өлшеусіз үлес қосып жүрген іскер азаматтарды дәріптеу әрі осы жоба арқылы кәсіпкер азаматтардың, жастардың назарын туған ауылына бұру», – дейді Мұратхан Шоқан.
Әлішер Әбдіқадыров, ҚР Ұлттық экономика вице-министрi:
«Ауыл мәселесі қашан да басты назарда тұруы тиіс. Атам қазақ «Ауыл болсаң – қауым бол» деп бекер айтпаған. Сондықтан еліміздегі ауылдарды дамытуға, көркейтуге осы кітапқа кіріктірілген материалдар, деректер септігін тигізеді деп ойлаймын. Мұратхан аға, болашақта үздік отыз ауыл емес, үздік үш жүз ауылдың жағдайы баяндалатын жинақ шығаруыңызға тілектеспін!».
Виталий Прокоп, «Шахтерское» ЖШС директоры:
«Ауыл тұрғындарының өмір сапасы туралы бізден артық ешкім білмейді. Себебі біз кәсіпкерлікпен айналыссақ та, ауылдан ешқайда кетпедік. Өзіміз де ауылда тұратындықтан, айналамызға жағдай жасап, өмір сапасын арттыруға күш саламыз. Жастар да ауылда еңбек етеді. Мысалы, менің немерем ауылда мен барған балабақшаға барады. Үлкен немерем мен оқыған мектепте оқиды. Ал ұлым қасымда инженер болып жұмыс істейді. Мен балаларымды ірі қалаларға немесе шетелдерге оқуға жібермеймін. Жастардың ауылдан кетпей, өсіп-өнген жерін көркейтуге үлес қосуына ынталандыруға тырысамын. Мұратханның осындай жоба іске асырғысы келетінін естігенде, бәріміз қолдай кеттік. Бұл тек бастамасы деп білемін. Бұдан кейін де ауылды көркейтер жобалар көбейсін».
Юржан Бекқожин, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімі:
«Үздік 30 ауыл» анықтамалық альбомы – идеологиялық маңызы зор жоба. Осы жобаға біздің ауданға қарайтын ауылдың таңдалып алынғанына қуаныштымын. Ауылды көркейту үшін көп жұмыс атқарылуда. Ауылдарда жыл сайын ғимараттар салынып, елдің игілігіне беріліп жатыр. Ауылды дамыту – маңызды міндет. Сол себепті осындай тың жобалар ауылдарды дамытуға жаңа серпін, жаңа тыныс беретіні белгілі. Мұндай жобалар көбейе берсін деп тілейміз!».

Серіктес жаңалықтары