Жаңалықтар

Ақмола облысында білім мекемесі бір дәптерге 95 мың теңге бөлмек болған

Ақмола облысында мемлекеттік сатып алу арқылы бір дәптерді 95 мың теңгеге сатып алмақшы болған. Бұл туралы Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Арман Рахимовтың қатысуымен өткен бағаны көтеру және бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалануды болдырмау фактілерін анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу мониторингінің нәтижелері туралы онлайн-брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облысы аудандарының біріндегі білім мекемесі 14 250 000 теңгеге немесе бір данасын 95 мың теңгеге дәптер сатып алуды жоспарлаған. Ал 1 дәптердің орташа нарықтық бағасы – 60 теңге.

Мекеменің түсіндіруі бойынша, дәптердің бағасының белгіленген бағадан жоғары болуына мемлекеттік сатып алу порталы әкімшісінің жіберген қателігі себеп болған.

Сондай-ақ, «Еңбек – Көкшетау» ШЖҚ РМК филиалы мемлекеттік сатып алу арқылы жалпы сомасы 6 миллион теңгеге немесе 1 кг үшін 200 теңгеге сұлы сатып алмақшы болған. Ал сұлының нарықтық бағасы –  90 теңге. Осылайша Департаменттің уақтылы араласуының арқасында мемлекеттік сатып алуда ұсынылған баға төмендетіліп, 3 миллион теңгеден астам қаржы үнемделген.

Осылайша, жыл басынан бері мониторинг шеңберінде Департамент енгізген ұсынымдардан кейін сатып алуға жоспарланған тауарларға, жұмыстарға және қызметтерге жоғары бағаларды төмендету арқылы 1 миллиард теңгеден астам қаражат үнемделді.

Back to top button