Жігерлі жастардың жиыны

Жігерлі жастардың жиыны

Жігерлі жастардың  жиыны
ашық дереккөзі
50241
Өткен аптада Түркістан облысы Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өтті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған форумда еліміздің түкпір-түкпірінен келген 170-ке жуық жас маңызды мәселелерді көтеріп, жаңа баста­малар ұсын­ды. Сондай-ақ олар форум ая­сын­да ұйымдас­тырылған түрлі семи­нарлар мен тренинг­тер­ге белсенді қатысып, ұйым­дастырушы­лар­дың шеберлікті шыңдай түсетін осындай мүм­кіндік бергеніне дән риза. Алматы об­лысы Еңбекшіқазақ ауданы Жастар ре­сурс­тық орталығының жетекшісі Мәди Бердібаев бұл семинарлардан көрген-білгені, көңіліне түйгені көп екенін айтады. «Әсіресе, шешен­дік өнерге баулитын тренингтен үйренгенім көп болды. Жастар орталығының жетекшісі ретінде көпшілік алдына жиі шығамыз, сондықтан осындай пайдалы іс-шараны форум бағдарламасына кіріктіргені бізге жақ­сы болды», – дейді М.Бердібаев. Ал Ақтө­бе облысы Шалқар аудандық мәслихатының де­путаты Жанна Әбденова «Форумның пай­дасы орасан екенін жастардың жүзінен-ақ байқауға болады, себебі олар бал-бұл жай­нап, көтеріңкі көңіл күйде жүр. Бұл олардың бұрынғыдан бетер ерекше құлшыныспен жұ­мыс істеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Тіп­ті, облыстан бірге келген әріптестерімнің де керемет әсер алғанын байқап жүрмін. Жал­пы, форум барысында айтылған пай­далы ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді түр­тіп алдық, ауданға барған соң, мұның бар­лы­ғын іске асыратын боламыз», – дейді. Айта кетерлігі, бұған дейін 12 рет ұйым­дастырылған бұл форумға тұңғыш рет Ре­сей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тә­жік­стан және Қырғыз Республикасы жастар ұйы­­мының өкілдері қатысты. Одан бөлек, Қы­тай, Германия, Татарстанда жастар мәсе­ле­сімен айналысатын мекеме өкілдері форум­ға видеосәлемдемелерін жолдады. «Единая Россия» партиясы Жастар қа­наты орталық штабындағы ақпарат бөлі­мі­нің басшысы қызметін атқаратын Виктория Фе­досова бес күн ішінде Қазақстан дарынды жас­тар мекені екеніне көз жеткізгенін айта­ды. «Мені бәрінен бұрын мұндағы жас­тар­дың күш-қуаты таңырқатты. Қазақстанның әр өңірінен келген жастардың ынтасы мол, шығармашыл, алға қойған мақсаты анық екені көрініп тұр. Кеше болған дарындылар сайысынан алған әсерімді тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сосын оларды Ре­сейде болып жатқан жаңалықтар да қы­зықтырады екен. Ресейден келгенімді біліп, қасыма жақындап, біздің елде жүргізілетін жастар саясатында нендей өзгеріс болып жат­­қанын сұрайды. Одан бөлек, шетел­дік­тер­мен жоба жүргізуге жауапты органдар тура­лы мәлімет сұрады. Сөйтсем, өздері ой­лап тапқан жобалары арқылы аймақтар ара­сында ынтымақтастық орнатып, ха­лық­ара­лық деңгейге шыққысы келеді екен. Бұл – құптарлық іс»,–дейді Виктория. Ал «Жаңа Әзербайжан» партиясы Жастар қанатының төрағасы Бахтияр Исламов «Осы күндер ара­лығында Қазақстан жастарының жүзі бал-бұл жайнап, белсенділік танытып жүр­генін байқадым. Бұл «Jas Otan» Жастар қана­тының жастарды көтермелеу үшін көп жұмыс істегенін көрсетеді. Кеше шетелден келген делегаттар Қазақстан жастарының болашағы жарқын екенін айтып, олардың қарым-қабілетін әңгіме қылдық. Ұшқыр ойлы жастар Қазақстанды одан бетер ілгерілетіп, тарихы бай мемлекеттің мәр­тебесін көтереді деп сенемін», – дейді. Сон­дай-ақ Тәжікстанның Соғди облысынан кел­ген, Жастар кеңесі филиалының төра­ғасы Фахридинзода Фирдаустың бай­қауын­ша, екі елдің мәдениеті, салт-дәстүрі ұқсас келетіндіктен қазақ жастарымен туыстық бай­ланысы айрықша сезіледі. Ол қазақтарға тән жақсы қасиет ретінде қонақжайлық пен үлкенге ілтипат көрсетуді атап өтті. «Біз Тәжікстаннан жаңа таныстық орнатамыз, көк­жиегімізді кеңейтеміз, өзгелердің тәжі­ри­бесімен танысамыз, сондай-ақ жастар сая­сатында қолданатын әдіс-тәсілдерімізбен бөлісеміз деп ерекше құлшыныспен келдік. Осы ретте форум ұйымдастырушыларына ерек­ше алғыс айтқым келеді, біз қонақта емес, өз үйімізде жүргендейміз», – дейді Тә­жік­­стан өкілі ағынан жарыла. Қазақстанға бірін­ші рет келіп тұрған Ислам ынтымақ­тас­тық ұйымы Жастар форумының жоба үй­лестірушісі Юнус Чолак болса, түріктер мен қазақтар арасында ұқсастық көп екенін бұрын­нан естігенін, бірақ сол туыстық бай­ланысты осында келгенде сезінгенін байқап, таң­ғалғанын жасырмады. Естеріңізге сала кетсек, Ислам Ынтымақтастық Ұйымы – Азия, Еуропа және Африканың 57 елі мүше­лі­гіне кіретін ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. «Jas Otan» Жас­тар қанаты 2018 жылы Стамбұл қала­сында өткен Ислам Ынтымақтастық Ұйымы Жастар форумының 3-ші Бас Ассамблея­сында Жастар форумы басқармасының мүшесі атанған болатын. Сондықтан «Jas Otan»-мен тығыз байланыс орнатқан ИЫҰ Жастар форумы өкілінің бұл іс-шараға қа­тысуы кез­дейсоқтық емес. Юнус Чолактың ай­туын­ша, бұл форум – түркі әлемінің жас­тары үшін керегі мен берері көп басқосу. Сол себепті ол түркітілдес мемлекеттерде жас­тар ісіне жауапты тұлғалар осылай жиі бас қосып тұруы керек деген ұсыныс білдірді. Оның бұл ұсынысын қолдай кеткен Өзбек­стан Республикасы Жастар Одағы төра­ға­сы­ның орынбасары Шерзод Олимов бұл форумның расымен берері мол бол­ғанын айтады. «Өзбекстаннан келген де­легаттар осы форум кезінде жаңа функ­ция­мен таныс бол­дық, мысалы Қазақстан биыл бірінші рет ті­келей дауыс беру арқылы ауыл­дық округ әкім­дерінің сайлауын өткізді. Біз үшін бұл – жаңалық, себебі бізде әкімдерді жауапты тұлғалар өзі сайлайды», – дейді Шерзод. Қазақстан жастары мен ТМД елдеріндегі жастар ұйымдары өкілдерінің бұл басқосуы бекерден-бекер емес. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаевтың айтуынша, алдағы уа­қытта үлкен саясатқа араласуды көздеп жүрген шетелдік жастар ұйым өкіл­дерімен бетпе-бет кездесудің өзіндік мәні бар. «Қазақстан – дамушы мемлекет. Эконо­микамызды көтеру үшін экспорттық сая­сатты дамыта түсуіміз керек. Ал экспортты күшейту үшін өнім болуы тиіс. Өнімді да­мытудың бірден-бір жолы – осындай ха­лықаралық форумдар арқылы болашақ сая­саткерлермен байланыс орнатып, өз өнім­дерімізді осы азаматтар арқылы өзге елдерге жеткізу», – дейді Е.Бейсенбаев. ТМД және Түркия елдері жастар саяса­тын­дағы үздік тәжірибелерді қолданудың маңы­зы зор екенін атап өткен «Jas Otan» Жас­тар қанатының төрағасы Нұржан Жет­пісбаев форум соңында шетелдік жастар ұйы­мының өкілдерімен ынтымақтастық ме­морандумдарға қол қойды. Бұл меморан­дум негізінде Қазақстан жастары шетелдік жастар ұйымының өкілдері және онда қыз­мет ететін жастармен бірлесіп бірқатар жо­­ба әзірлеп, сондай-ақ, біліктілікті арт­тыру­да түрлі жиындар өткізе алады. Форумның жабылу салтанатына қатыс­қан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірін­ші орынбасары Бауыржан Байбек «Jas Otan» Жастар қанатының халықаралық дең­гейде белсенді жұмыс істеп жатқанын айтып, форумға арнайы шақырылған шет­елдік делегаттарға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, ол «Jas Otan» жай ғана жастар ұйы­мы емес, маңына 35 жасқа дейінгі 100 мың­нан астам белсенді қазақстандықты топ­тастырған үлкен алаң екенін баса айтып өтті. Сөз соңында ол форум қатысушылары мен қонақтарын түркі әлемінің мәдени аста­насына айналған Түркістан қаласына саяхат жасап, сонымен қатар, Түркістан музыкалық драма театрында сахналанатын, белгілі қаламгер Дулат Исабековтің әлі сия­сы кеппеген «Бөрте» пьесасын көруге ша­қырды.

Серіктес жаңалықтары