Жаңалықтар

Қыздар университетінің жерін сатып жіберген лауазымды тұлғалар ұсталды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі жер учаскесін иемденіп, сатып жіберді деген күдікпен бірқатар лауазымды тұлға ұсталды.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі хабарлайды.

«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің бұрынғы қызметкерін, «Алматы облысы бойынша азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ филиалы Қарасай аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің, Қарасай ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшыларын 2018 жылы Кемертоған кентінде орналасқан ауданы 9,0 га жер учаскесі түріндегі университеттің мүлкін ұрлады деген күдікпен ұстады», – делінген хабарламада.

Университеттің жер учаскесі заңсыз бөлінген және ұсталған тұлғаларға жалған құжаттар арқылы үлестес болып рәсімделген. Ал кейіннен сатылған.

«Осы тұлғалар 2021 жылдың қаңтарында қылмыс іздерін жасыру және жер учаскесін университет балансына жалған қайтару мақсатында мемлекеттің жер қорынан құқық белгілейтін құжаттарсыз санитарлық аймақтағы және жеке меншікке беруге жатпайтын Көлді кентінде орналасқан жер учаскесін заңсыз бөлген.

Бүгінгі таңда барлық күдіктілерге соттың санкциясымен бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Тергеу жалғасуда, жасалған қылмысқа қатысы бар басқа адамдарды анықтау мақсатында қажетті тергеу шаралары жүргізілуде», – деді ведомстводан.

Back to top button