Демография және біз

Демография және біз

Демография және біз
ашық дереккөзі
2136

Еліміздегі халық саны тұрақты түрде өсіп келе жатқаны туралы қуана айтып жүрміз. Десек те, статистикалық деректер санымызға са­па­мыз сай келмейді деседі. Өткен аптада бір­қа­тар БАҚ республика халқының қартайып бара жат­қанын айтып дабыл қақты. Яғни туу көр­сеткішінің өсуі балалар үлесінің артуына ықпал етсе, зейнеткерлер үлесінің өсуінен халықтың қартаю үдерісі байқалған. Осылайша елімізде еңбекке қабілетті жастағы халық саны азайып барады. Мамандар көші-қон мәселелері де жағ­дайды ушықтырып отыр дейді.

Табиғи өсім тұрақты

Статистика бюросының мәліметіне сүйен­сек, 2021 жылғы қаңтар-шілде ара­лығында ел халқының табиғи өсімі 2020 жыл­ғы қаңтар-шілдемен (142,4 мың адам) са­лыстырғанда 14,3 пайызға өсіп, 162,7 мың адам­ға жетіпті. Табиғи өсімнің жалпы коэф­фициенті 1 000 адамға шаққанда 14,74 адам болған. Ал осы уақыт аралығында 256 мың сәби дү­ниеге келген, бұл 2020 жылғы қаңтар-шілдеге (235,5 мың адам) қарағанда 8,7 пайыз­ға көп. Туудың жалпы коэффициенті 1000 адамға 23,19 болды. Ал 2020 жылы елімізде 425 мыңнан ас­там нәресте дүние есігін ашты, бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда шамамен 6 пайызға артық. Яғни елімізде туу көрсеткіші бойын­ша тұрақты өсім байқалады. Демог­раф Мақсат Имандосовтың сө­зінше, еліміздегі бірқатар қала хал­қы Ресей­дің қалаларындағы халық санынан асып түскен.  width= Мақсат ИМАНДОСОВ, демограф:
– Егер 2000 жы­лы Қазақ­стан­да 217,3 мың сәби дү­­ниеге келсе, 2021 жылғы бірін­ші жар­ты­жыл­дық­­та ғана елде 216,2 мың сәби туған. Егер 20 жыл бұрын Алма­тыда 14,3 мың бала дүние есігін ашса, биыл бірінші жартыжылдықта 18,1 мың сәби туды. 41,1 мың адам дүниеге келген мау­сым айы тарихқа енді. Бұл – Қазақстан та­рихындағы жаңа туған нәрестелер са­нының рекордтық айлық көрсеткіші. Алматы халқының саны Минск хал­қы­ның санынан асып түсті. Қарағанды бұл көрсеткіш бойынша Липецкпен теңесті. Жақында Астраханнан озған Ақтөбе енді Киров қаласына жетті. Келесі жылы бір мезгілде Қазақстанның екі қаласы халық саны бойынша Татарстанның екі қаласын басып озады деп ойлаймын. Ақтөбе На­бережные челны қаласынан асып түссе, Нұр-Сұлтан Қазан қаласы тұрғындарының саны жағынан асып түседі. Ал Шымкент Уфаны артта қалдырады. Өңірлер бойынша да өзгерістер бар. Атырау облысының көрсеткіші БҚО-дан көп. Маңғыстау Ақмола облысынан оза­тыны айдан анық, ал келесі жылы Павлодар облысына жетіп, асып түседі.
Дегенмен, сарапшының сөзінше еліміздің барлық аймақтарынан бірдей жақсы көрсеткіш байқалмайды. Әсіресе, теріскейдегі демографиялық ахуал алаңдатарлық. Туудың жалпы коэффициенті бойынша ең төменгі көрсеткіш (1000 адамға 12,59) осы өңірде.
– Еліміздің солтүстігіндегі төрт облыста көр­сеткіш төмен. Егер осыдан 20 жыл бұрын Қазақстандағы жаңа туған нәрестелердің жал­пы санының 17,1 пайызы осы облыс­тар­дың үлесіне тиесілі болған болса, қазір бұл үлес 9,5 пайызға дейін төмендеді. Әсіресе, Солтүстік Қазақстан облы­сы­ның ахуалы алаңдатады. Бұл ай­мақ­тан көшіп кетіп жатқан халықтың көшін тоқтату мүмкін емес. Олар СҚО-дан Ресейге ғана емес, Қазақстанның басқа облыстарына да кетіп жатыр. Оның ішінде жастар көп, бұл әсіресе Петропавл қаласында байқалады. Егер осыдан 10 жыл бұрын қалада 14-28 жас аралығындағы жастар саны 52 мың болса, бүгінде қаладағы 220 мың тұрғынның 37 мыңы ғана жастар. Мектеп жасындағылар саны одан да аз: 27,5 мың адам. Бірінші сы­нып­қа барған оқушылар бар болғаны 3 мың ғана. Бұл көрсеткіш әлі де төмендейтін бола­ды, өйткені жаңа туған нәрестелердің жыл­дық саны 3 мыңнан аз, – дейді сарапшы.
Ал экономист Асылбек Күздеубаев ел­дегі халық санының өсімін әлсіз тұрақты өсім деп санайды. Алайда ол бұл үрдіс эко­номикасы қарқынды дамып келе жатқан немесе дамушы мемлекеттен дамуға қадам басқан мемлекеттерге тән құбылыс екенін айтып, оның бірнеше себебін де тарата айтып берді.  width= Асылбек КҮЗДЕУБАЕВ, Экономист-сарапшы:
– Жалпы, елі­міз­дегі соңғы 5 жыл­дағы де­мог­ра­фиялық көрсет­кіш­терді қарар бол­сақ, демогра­фия­­лық өсім көрсеткіші тұрақ­ты болған. Яғ­ни 2016 жылдан бастап 2021 жылға дейінгі аралықта халық саны жыл сайын 200-300 адамға көбейіп отырған. Мә­селен, 2016 жылғы статистикалық мә­ліметтер бойынша халық саны 17 миллион 900 мың, 2017 жылы 18 миллион 100 мың болған, 2018 жылы 18 миллион 400 мың, 2019 жылы 18 миллион 600 мың болса, 2020 жылы 18 миллион 800 мыңға жеткен. Ал 2021 жылы 19 миллионға жеттік. Еліміздің 19 миллионыншы тұрғынын Мемлекет басшысы да арнайы құттықтады. Демек, халық саны жылына 200 мың адамға өсіп отырған, бірақ бұл – әлсіз тұрақты өсім. Алайда бұл үрдіс экономикасы қар­қын­ды дамып келе жатқан немесе дамушы мем­лекеттен дамуға қадам басқан мемле­кеттерге тән құбылыс және оның бірнеше себептері бар. Бірінші себеп – экономикалық әлеуеті күшейіп келе жатқан елдің халқы өзінің тұрмыстық әлеуетін соған теңестіруге тырысады. Бұл не деген сөз? Яғни өмір сүру шығындары артқан сайын сіз өзіңіздің отба­сыңыздағы адам санын шектейсіз. Мәселен, үлкен ірі қалалардағы отбасыларда бала саны көбінесе 2-3-тен аспайды. Өйт­кені оларды лайықты өсіріп-жеткізу керек, ақылы балабақша, ақылы мектеп, киім-кешегі бар дегендей, яғни өмірге көп бала әкеліп, ертең оларды қаржылық немесе эко­номикалық тұрғыдан қамтамасыз ете алмай қиналғаннан гөрі, 2-3 баламен шек­телген дұрыс деген пікір қалыптасқан. Өйткені қалада баспанаңыз болмаса, жалға алып тұрсаңыз немесе болса да оны ипо­текаға аласыз, оны ай сайын төлеу керек, бала өмірге келгеннен кейін оның да белгілі бір шығындары болады, мемлекеттік төлеп отырған әлеуметтік көмектерінің өзі бір баланы толық қамтамасыз етуге, шығын­да­рын жабуға толық көмектесе алмайды. Оған қоса, ажырасу көрсеткіші де бірнеше жыл қатарынан өскен.
Бір айта кетерлігі, 2020 жылы 48 мың ажырасу тіркелсе, 2019 жылы 59 796 жұп ресми түрде ажырасқан. Яғни көрсет­кіш­тің төмендегенін байқауға болады. Бірақ одан бұрын бірнеше жыл қатарынан ажы­расу көрсеткіші тек өсіп отырған.
– Бізде бала туу көрсеткіші өзгеруі мүм­кін. Ал пандемия кезіндегі өсімді аса бір ай­­­тарлықтай көрсеткіш деуге келмейді,– дейді Асылбек Күздеубаев.
Тұрақты әлсіз өсім десек те, қарқынды өсім десек те, әйтеуір жыл сайын дүниеге келетін сәбилердің саны өсіп жат­қаны, әрине қуантады. Оған қоса халықтың өмір сүру жасы да біршама ұзарған. Әлем бойынша ұзақ өмір сүретін жапон халқын мысалға алып, солардың өмір сүру салтынан көп жасаудың құпиясын іздейтіндер көп. Яғни ұзақ өмір сүру жайлы, бақытты өмірдің жемісі сияқты елестейтіні рас. Бірақ еліміздегі туу көрсеткішінің өсімі мен өмір сүру жасының ұзаруы нәтижесінде ел хал­қының қараю үдерісі байқалған екен. Яғни еліміз балалар мен қарттардың мемлекетіне айналып бара жатқан көрінеді. Оған қоса халықтың еңбекке қабілетті бөлігі азайған.  width=

Көп жасау ма, қартаю ма?

2020 жылы еліміздегі халықтың өмір сүру ұзақтығы 71,37 жас болды, осыдан 10 жыл бұрын 68,45 жас, ал 2000 жылы 65,5 жас болған. Ал зейнетке шыққаннан кейінгі өмір сүру ұзақтығы ерлерде 80 жас болса, ал әйел адамдарда 82 жасқа жеткен. Егер 2010 жылы зейнет жасындағы халықтың үлесі 9,9 болса, 2020 жылы 11 пайызға жет­кен. Қарттар мен балалардың арақа­ты­насы қартаю индексін көрсетеді. Халықтың жас құрамының демографиялық көрсеткіші Биллетер индексі бойынша да анықталады. Ол 0-14 және 50 және одан жо­ғары жастағы адамдар санының репро­дуктивті жастағы (15-49 жас) халық санына арақатынасы ретінде есептеледі.  width= Егер облыстар бойынша қарайтын болсақ, индекстің ең теріс мәндері СҚО (-27), Қостанай облысы (-21,7) және ШҚО (-15,2) байқалады. Яғни бұл үш облыс­та қартаю көрсеткіші жоғары. Индекстің оң мәндері Ақтөбе (15,3), Алматы (21,1), Атырау (32,2), Маң­ғыстау (40,3), Жамбыл (29,1) облыс­тарында тіркелді. Аталған өңірлер жас аймақтарға саналады. Демограф ғалым Әзімбай Ғали елі­міз­дегі бұл ахуалды қартаю деуге кел­мей­т­інін айтады.  width= Әзімбай ҒАЛИ, демограф:
– Қазақстанда өзге ұлттар ғана (әсіре­се славян, еуропа халықтары) қартаю үдерісінде деп есептеліп кел­ді. Қартаю деуге кел­мес, егделену деген дұрысырақ болады. Бүгінде егделену үрдісі қазақтарда да байқалады. Егде жас­тағы адамдардың үлесі 10 пайыздан 12-14 пайыз­ға қарай өсіп бара жатыр. Бұл көп емес, бірақ үрдістің басталғанын көрсетеді. Мәселен, «кәрі» ұлттарда бұл көрсеткіш 24-25 пайыз­ға жеткен, яғни әрбір 4-адам 60-тан асқан адам болады.
Бір айта кетерлігі, БҰҰ деректерінше, ха­лықтың егделену үдерісі әлем бойы­н­ша байқалады екен. Кәрі құрлық ата­лып кеткен Еуропада қартаю деңгейі тіптен жоғары.

Еңбекке қабілеттілер азайып жатыр

Елімізде еңбекке қабілетті жастағы азаматтардың үлесі, керісінше, айтарлықтай төмендепті. Мұндай азаматтар үлесі 2010 жылы 64 пайыз болса, 2020 жылы 58,3 пайызға кеміген. Сонымен қатар еңбекке қабілетті бір адамға демографиялық жүктеме де өсіп отыр. Елімізде еңбекке қабілетті жастағы 1000 азаматқа еңбекке қабілетті жас­тан кіші және одан үлкен 692 адамнан келеді (1 жыл бұрын 687, ал 10 жыл бұрын 555 адамнан келген). Экономист-сарапшы Асылбек Күз­деу­баев бұл үдеріс зейнетақыға шығу жа­сының одан әрі шегерілуіне әкеп соғуы мүмкін екенін айтады:
– Еліміздегі мемлекеттік кірістің негізі көзі еңбекке қабілетті халықтың үлес сал­ма­ғы азайып жатыр. Олар экономикаға ең­бек күшін бере отырып, өзінің қажет­тілі­гін қамтамасыз ететін белгілі бір топ. Олар еңбекке қабілетті болған кезеңде мемлекет менің болашағымды қамтамасыз етеді деп зейнетақы қорына қаржысын аударып отырды. Енді уақыты келгенде біз олардың құйған қаржысын зейнетақы ретінде қайта қайтарып беруіміз керек. Мәселе, біз оны қалай қайтарып береміз? Міне, осындай трансферттік шығындардың өсуіне бай­ла­нысты бізде зейнетке шығу жасы ұлғай­тылған болатын және алда тағы да ұл­ғайтылуы мүмкін. Бірақ бұл соңғы бес­жыл­дықта іске асырылмайды, себебі халықтың наразылығын тудырады.
Ал әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергенов еңбекке қабілетті жастағы азаматтар саны азаюының басты себебінің бірі жастардың шетелге ағылуы екенін айтады.  width= Ілияс ТІЛЕУБЕРГЕНОВ, әлеуметтанушы:
– Егделену үде­рі­сі демогра­фия­лық ауыртпашы­лыққа әкеп соғады. Жұмыс істейтін, ең­­бекке қабілетті адамдардың саны азаяды, балалар саны көбейсе, мәселе тіптен күрделене түседі. Әрі бала көп, әрі қария көп олардың бәрін асырайтын экономикалық күш – жұмыс істейтін жастарға ауыртпалық түседі. Осылай кете беретін болса, зейнетке шығу жасы да ұлғая береді. Тағы бір айта ке­­те­тін нәрсе – қазір бізде адам капиталы «экспортталып» жатыр. Жұмыс істеуге қа­білетті, білімді жастардың көбісі шетел асып жа­тыр. Әртістер, әншілер де кетіп жатыр. Егер үкімет тиімді саясат жүргізбесе, яғни жұмыс орындарын ашпаса, жағдай жасал­маса, лайықты жалақы төленбесе, баспана мәселесі жолға қойылмаса, онда елде тек егде адамдар қалып, жастар кете бермек. Қазір қанша адам бар елімізде, сол адами қордың күшін қалай қолдану керек, оларға ол үшін қандай жағдай жасау керек деген сұрақтың жауабын іздеу керек деп ойлаймын, - дейді сарапшы.
Статистикалық деректерге зер салсақ, 2021 жылғы қаңтар-наурызда елімізден техникалық мамандығы бар 933 адам, 466 экономист, 249 педагог, медициналық ма­ман­дығы бар 186 адам, 113 заңгер, сәулет-құрылыс саласы бойынша білімі бар 80 адам, ауыл шаруашылығы мамандығы бойын­ша оқыған 43 адам және басқа да са­ланың 821 маманы кеткен. Ал елге көшіп келген мигранттардың ішін­де техникалық мамандықтарды игерген 224 адам, 126 экономика маманы, 70 пе­дагог, 62 медицина саласының маманы, 48 заңгер, 27 ауыл шаруашылығы саласының ма­маны, 24 сәулет-құрылыс саласында бі­лімі бар адам, және басқа да мамандықтарды игерген 537 адам бар. Шетелге көшкен адамдардың көбі Қарағанды облысынан – 709 адам, ШҚО-дан – 659 адам, Павлодар облысынан – 600 адам, Алматыдан – 546 адам, Ақтөбе облысынан – 447 адам және СҚО-дан – 376 адам. Елден кеткендердің ең көбі орыс: 3 648 адам. Одан бөлек 602 неміс, 450 украин, 261 қазақ, 159 татар, 77 белорус, 50 поляк, 36 корей, 31 өзбек біржола көшкен. Осы деректерге қарап, елден кетіп жат­қан­дардың көбісі өзге ұлт өкілдері, соның ішін­де тарихи Отандарына оралып жатқан орыс ұлтының өкілдері екенін бағамдауға болады. Бірақ үдере көшіп жатқандардың көбі жоғарыда атап өткен солтүстіктегі өңірлерден кетіп жатқанын да ескеруіміз керек. Туу көрсеткіші аз, егделену деңгейі жоғары, халқы жаппай басқа елге не басқа аймақтарға көшіп жатқан өңірлердегі демографиялық ахуалға ерекше көңіл бөлмесе болмайтын сыңайлы. Ол жаққа арнайы бағдарлама арқылы баратын қандастар мен оңтүстік өңір тұрғындары­ның көші де баяулап қалды, көбісі кері көшіп те жатыр. Себебі оларға берілетін уәде­лердің көбісі бос сөз күйінде қалып жа­тады. Экономист Асылбек Күздеубаев бо­ла­шақтағы еңбекке қабілетті халық санын арттыру үшін қазірден бастап жағдай жасау керек дейді.
– Ел халқы қартаю алдында тұруы мүм­кін, бірақ бұл алдағы 10-20 жыл көлемінде анық байқала қоймайды. Себебі біз ұлды ерте үйлендіру керек, қызды тұрмысқа беру ке­рек деген ұғымдардан алшақтаған жоқ­пыз. Халық қартайып барады дегеннен қорқудың қажеті жоқ және бұл мәселені шешудің жалғыз ғана жолы бар: қазірден бастап туу көрсеткішінің ұлғаюына жағдай жасау. Болашақтағы еңбекке қа­білетті халық санын арттыру. Қазір дүниеге келген балаларға әлеуметтік көмектер беріп жатырмыз ғой, осы саясатты бұдан әрі қарай да ұстануымыз керек. Көпбалалы ана­ларға берілетін көмектер мен жеңіл­діктерді көбейтуіміз керек. Бірақ белгілі бір нормадан аспауы керек, яғни масылдыққа әкеп соқпауы керек. Көп баланы дүниеге әкеліп, мемлекеттен сұрайтын отбасылар өте көп. Проблема көп, бірақ олардың асы­раушылары, яғни отағасы қайда, ер-аза­маттары неге жауапкершіліктен қашады? Олардың да өз аргументтері бар: жұмыс жоқ, бәрі қымбаттап жатыр, тағысын тағы. Бірақ осы жерден тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Бізде халықтың белгілі бір тобы нарыққа бейімделуге дайын емес. Яғни ше­шілмеген түйін әлі де көп.

Демек қазір дүниеге келген сәбилер ертең еңбек етуге қабілетті азамат болып өсуі үшін қазірден жағдай жасалуы керек. Ал қазір елімізде байқалып отырған егделену процесі дабыл қағатындай деңгейде емес. Тек жалпы туу көрсеткішінің азаюы, қарттардың үлесінің артуы, елден көшкендер санының көптігі қатар байқалатын солтүстік, шығыс өңірлердегі ахуалға көбірек назар аудару керек сияқты.

Серіктес жаңалықтары