Әлем жастарын біріктірген ортақ алаң

Әлем жастарын біріктірген ортақ алаң

Әлем жастарын біріктірген ортақ алаң
ашық дереккөзі
50250
Бүгінде Түркістан облысы Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өтіп жатыр. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Jastar-Otanga!» форумына халықаралық жастар ұйымының өкілдері биыл бірінші рет қатысуда. Шетелден келген делегаттар қатарында Ресей, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасында жастар мәселесімен айналысатын қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар.  width=Виктория Федосова, «Единая Россия» партиясы жастар қанаты орталық штабындағы ақпарат бөлімінің басшысы: –«Jas Otan» жастар қанаты ұйымдастырып жатқан бірінші халықаралық форумға Ресей атынан қатысуға бізді шақырғанына қуаныштымын. Мені бәрінен бұрын жас қатысушылардың күш-қуаты таңырқатты. Қазақстанның әр өңірінен келген жастардың ынтасы мол, шығармашыл, алға қойған мақсаты анық екені көрініп тұр. Кеше болған дарындылар сайысынан алған әсерімді тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сосын оларды Ресейде болып жатқан жаңалықтар да қызықтырады екен. Ресейден келгенімді біліп, қасыма жақындап, біздің елде жүргізілетін жастар саясатында нендей өзгеріс болып жатқанын сұрайды. Одан бөлек, шетелдіктермен жоба жүргізуге жауапты органдар туралы мәлімет сұрады. Сөйстем, өздері ойлап тапқан жобалары арқылы аймақтар арасында ынтымақтастық орнатып, халықаралық деңгейге шыққысы келеді екен. Бұл – құптарлық іс. Ресейдің 85 аймағында «Единая Россия» партиясы  жастар қанатының тоқсан мыңға жуық белсенділері жұмыс істейді. Жалпылама айтсам, «Jas Otan» жастар қанатымен бағытымыз да, атқарып жатқан шаруамыз да бір. Сондықтан бұл форумнан аларымыз көп. Тағы бір айта кетерлігі, форум аясында өтіп жатқан тренингтерді жүргізетін спикерлердің шеберлігіне де таңғалдым. Мен екі тренингке қатыстым, одан бөлек, ислам мәдениеті туралы сөз қозғаған TedTalks спикерлерін тыңдадым. Форум аясында ұйымдастырылып жатқан іс-шараның қайсы болмасын жастарға берері мол екен айдан анық.  width=Бахтияр Исламов, «Жаңа Әзербайжан» партиясы жастар қанатының төрағасы: –Қазақстанға «Jas Otan» жастар қанатының шақыруымен бірінші рет келіп отырмын. Мұндағы мақсат – туыстық байланысы бар екі ел партиясындағы жастар қанатының арасында байланыс орнату. Бұл – жастар үшін жақсы бастама. Форум аяқталғанша «Jas Otan» өкілдерімен қандай жобаларды бірлесіп атқаруға болатынын, сондай-ақ, екі ел жастарын жақындата түсудің жолдарын айқындап, келісімге келеміз деп сенемін. Екі күн ішінде Қазақстан жастарының жүзі балбұл жайнап, белсенділік танытып жүргенін байқадым. Бұл  «Jas Otan» жастар қанатының жастарды көтермелеу үшін көп жұмыс істегенін көрсетеді. Шетелден келген делегаттар кеше Қазақстан жастарының болашағы жарқын екенін айтып жатырмыз. Ұшқыр ойлы жастар Қазақстанды одан бетер ілгерілетіп, тарихы бай мемлекеттің мәртебесін көтереді деп сенемін. Тарих демекші, кеше Түркістан қаласына барып қайттық. Көне түркі қаласы деп еститінмін, кеше сол қаланы өз көзіммен көріп, Қазақстанның расымен тарихы бай ел екеніне көзім жетті.  width=Фахридинзода Фирдаус, Тәжікстанның Соғди облысы бойынша жастар кеңесі филиалының төрағасы: – «Jas Otan» жастар қанатындағы әріптестеріміз ұйымдастырған халықаралық форумға үшінші күн қатысудамыз. «Jas Otan»-мен бұрыннан тығыз байланыстамыз. Біз Тәжікстаннан жаңа таныстық орнатамыз, көкжиегімізді кеңейтеміз, өзгелердің тәжірибесімен танысамыз, сондай-ақ жастар саясатында қолданатын әдіс-тәсілдерімізбен бөлісеміз деп ерекше құлшыныспен келдік. Осы ретте форум ұйымдастырушыларына ерекше алғыс білдіргім келеді, біз қонақта емес, өз үйімізде жүргендейміз. «Jas Otan» жастар қанатының өкілдері бізді жылы қарсы алып, қонақжайлық танытуда. Осындай жиындар арқылы Тәжікстан басшысы Эмомали Рахмон мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бастаған достық қарым-қатынасты екі ел жастары арқылы одан әрі нығыздай түсуге тырысамыз деп сенемін. Бүгінгі іс-шараға қатысып жатқан жастар бұл іске үлес қосады деген үміттемін. Форум барысында Қазақстан жастарының өте белсенді, ашық әрі білімпаз екенін байқадым. Тағы бір байқағаным, мәдениетіміз, салт-дәстүріміз ұқсас келетіндіктен жастардың бізбен туыстық байланысы сезіледі. Болашақта бұл байланыс нығая түссе деген тілек бар.  width=Юнус Чолак, Ислам ынтымақтастық ұйымы жастар форумының жоба үйлестірушісі (Түркия): – Ең алдымен, бұл форум түрлі мемлекетте жастар ісіне жауапты тұлғалардың басын қосып отырғанымен ерекшеленеді. Бұл жастар, әсіресе, Түркі әлемінің жастары үшін пайдалы бас қосу деп ойлаймын. Біздің қазақ жастарымен ұқсастығымыз көп екенін бұрыннан білетінмін. Мұны осында жүріп тағы байқадым. Форум кезінде жалындап тұрған жастар ізденімпаз екенін көрсетті. Көкейінде жүрген мәселелерді ортаға салып, оны шешу жолдарын да айтып өтті. Сондай-ақ, оларды біздің ұйымның да жұмысы қызықтырады. Біздің бас кеңсеміз Ыстамбұлда орналасқанымен, Ислам ынтымақтастық ұйымына кіретін елдер жастарының басын біріктіру үшін түрлі елде көптеген жобаны іске асырудамыз. «Jas Otan» жастар қанаты біздің ұйыммен бұрыннан тығыз байланыс орнатқан әрі өкілдері біздің форумға жиі қатысады. Бұл байланыс алдағы уақытта нығая түседі деп сенемін.  width=Нодирбек Муродов, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжіліс заң шығару палатасы жастар парламентінің мүшесі: –Халықаралық форматта бірінші рет өтіп жатқан бұл форумның Түркістан облысы секілді табиғаты ерекше жерде өтіп жатқанына қуаныштымын. Өзбекстаннан келген делегаттар осы форум кезінде жаңа функциямен таныс болдық, мысалы Қазақстан биыл бірінші рет тікелей дауыс беру арқылы ауылдық округ және аудандық маңызы бар қалалар әкімдерінің сайлауын өткізді. Біз үшін бұл жаңалық, себебі бізде әкімдерді жауапты тұлғалар өзі сайлайды. Форум барысында Қазақстан жастарын көтермелеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар легімен таныстық, біз де өз кезегімізде жастар парламентінің жастар мәселесін шешуде қолданып жатқан әдіс-тәсілдерін ортаға салдық. Мысалы, 18-30 жас арасындағы жастар IElTS-тан 7.0-ден жоғары ұпай жинаса, Өзбекстан Республикасының Президенті жанынан құрылған жастар жөніндегі агенттік IElTS-қа дайындалуға жұмсаған шығынды өтеп береді. Бұл жастарды ынталандыратыны сөзсіз, себебі университетке түсу үшін 5.5 жеткілікті болса, жастар шет тілін білуге немқұрайлы қарап, ары қарай дамымауы мүмкін. Ал енді бірі «Оданша, дайындалып, ұпайымды жоғарылатып, сондай-ақ, көмек ретінде үкімет беретін қаражатты алғаным жақсы» деп ойлауы ықтимал.

Серіктес жаңалықтары