Аймақ

Атырауда нәрестесін көшедегі әжетханаға тастап кеткен әйел туралы жаңа дерек белгілі болды

Атырау облысы Индер ауданында жаңа туған нәресте көшедегі әжетханадан табылды.

Анасы жүктілігін 9 ай бойы жасырып келген. Қазір ана да, бала дін аман, дәрігерлер бақылауында, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әжетханада босанған әйел аудандағы музыка мектебінде жұмыс істейді. Туған-туыстары да, ұжымындағылар да оның 9 ай бойы жүкті екенін мүлдем байқамапты.

«Мен оның аяғы ауыр екенін мүлдем байқамаппын. Тіпті, аяғы ауыр әйелге ұқсамай жүретін. Жалғыз мен емес, көбі аңдамай қалған. Жайсыз хабарды бүгін естіп жатырмыз. Дөрекі мінезін көргенім жоқ», – деді аудандық «Индер балалар өнер мектебі» директорының міндетін атқарушы Гүлсара Адайбекова.

Анасы шақырған жедел-жәрдем қызметіне «денсаулығым тұрақты» деп, үзілді-кесілді қаралудан бас тартқан әйел адам қолхат жазып берген. Ауруханаға да барғысы келмеген. Көп ұзамай 3-4 үйге ортақ әжетханаға барған көршілері сәбидің үнін естіп, бірден хабар берген.

«Индер ауданында 3 қазан күні сағат 12:00 шамасында 102 операторына әжетханада шақалақтың жатқаны туралы хабарлама берген. Соның нәтижесінде шақалақ табылды. Күдікті әйел де табылды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Қазір балаға да, анаға да алғашқы көмек көрсетілді. Олар дәрігерлердің бақылауында. Енді жалғызбасты ананың бұл әрекетіне тергеу амалдары нәтижесінде шешім шықпақ.

Back to top button