1346
Ата кәсіптен қол үзіп қалмадық па?
Ата кәсіптен қол үзіп қалмадық па?
Ата кәсіп оңалмай, ауыл көші түзелмейді. Оған негіз де жоқ емес. Соңғы жылдары болашағы жоқ ауылдардың саны артып, халықтың жаппай қалаға көшу үдерісі белең алды. Оған Тәуелсіздік жылдарындағы статистикалық мәлімет дәлел.
Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, 1990 жылы елде 9,7 млн сиыр болған. Бес жылдан кейін бұл көрсеткіш 6,8 миллионға дейін қысқарды. Ал 2000 жылға қарай мал басы 4,1 миллионға дейін төмендеді, тек 2005 жылы сиыр саны 5,4 млн болған. Ал 2010-2015 жылдары мал басы 6,1 млн болды.
Қамбар ата тұқымының да жағдайы мәз емес. 30 жыл бұрын елімізде 1,6 млн жылқы болса, 1995 жылы 1 жарым миллионға дейін, ал 2005 жылы 976 мыңға әрең жеткен. Тек 2005 жылдан кейін ғана жағдайдың біршама тұрақталғанын көруге болады. Араға 5 жыл салып жылқы саны елде 1 жарым млн, ал 2015 жылы 2 миллионға, 2020 жылы 3,1 миллионға дейін өсті. Осылайша, тәуелсіздік жылдарындағы жалпы жылқы санының өсімі 1 жарым млн болды. Салыстырмалы түрде айта кетерлігі, өнеркәсіптегі өсім 1,9 есе өскен.
Ұсақ малға жататын қой мен ешкі саны 1990 жылы 35,6 млн болды. 1995 жылға қарай бұл көрсеткіш 19,6 миллионға дейін, ал араға 5 жыл салып бұл көрсеткіш 10 миллионға дейін төмендеген. Былтыр тіркелген статистикалық мәлімет бойынша ұсақ мал саны 20 миллионға жеткен. Жалпы алғанда тәуелсіздік жылдары қой шаруашылығы 15,6 миллион бас жоғалтыпты.
Соңғы жылдары мал басы санын арттыруда аз да болса өсім бар.
Мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігінің былтыр жасаған қорытынды есебі бойынша елде тіркелген ірі қара мал саны − 7,8 млн. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға артық. Қой мен ешкі басы 4,7 пайызға, жылқы 10 пайызға, түйе 5 пайызға өскен. Мал басы саны артқандықтан ет өндірісі 4 пайызға, сүт өндірісі 3 пайызға өсіпті.
Ауыл маңындағы жерлер азып-тозып кетті
Ел аумағының төрттен бір бөлігі жазық дала, жартысы шөлейт және қалған бір бөлігі таулы аймақ десек, соның 80 пайызы ауыл шаруашылығына қолайлы екен. Еліміздегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы жер көлемі 220 млн гектар болса, соның 187 млн гектары – мал жайылымдары. Бірақ малдың көбі қыстақ пен жайлаудан гөрі ауыл маңында жайылғандықтан ауыл жанындағы 15-20 шақырымға дейінгі жерлер азып-тозып, табиғи өнімділігі төмендеп кеткен. Жайылымды жерлерге қатысты қордаланған мәселені шешу үшін «Жайылымдар туралы» заң жобасы күшіне енген болатын. Бірақ заң күшіне енгелі бері бұрынғы қордаланған мәселелер әлі оң шешім тапқан жоқ. Бүгінде пайдаланылуға берген жайылымды жерлердің 72 пайызы тиімді басқарылмай отыр. Негізі заң аясында еліміздің 2 548 ауылдық округінің әрқайсысы өз жерінің табиғи-климаттық ерекшелігін ескере отырып ауылдық округ және аудандық әкімдіктермен, жергілікті өзін-өзі басқару органдарымен бірлесіп жайылымды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспар жасалады. Онда ауыл округінің мал жайылатын жайылымдарының көлемі анықталады, оның нормадан тыс пайдаланылатын жерлерін, жері бар, бірақ мал бағылмай бос жатқан жердің иелерін анықтап, сол арқылы жайылымдық жерлерді, жайылым пайдаланушылар мен жер иелері арасындағы жағдайды реттеп, нормативтік талаптарға сәйкестігін анықтауы тиіс. Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының былтыр жариялаған зерттеуінде Қазақстандағы жайылымдардың азып-тозғаны, ауыл халқының кедейлігі және мал өнімділігінің төмендігі климаттың өзгеруі жайында баяндалады. Соның ішінде шалғайдағы жайылымдарға арам шөп толып, топырақ нәрсіз бола бастағаны айтылған. «Қазақстан жайылым көлемі бойынша әлемде бесінші орын алады. Алайда соңғы жүз жылда 48 млн гектар жер деградацияға ұшырады, оның 38 пайызы – жайылымдық жерлер. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде бар түйткілді мәселе. Негізгі себеп, елдімекен айналасында шамадан тыс жүктеме қалыптасқан. Жерді үздіксіз таптау салдарынан мал жаюға арналған орындар деградацияға ұшыраған. Ал шалғай жайылымдарда су көздері мен инфрақұрылымның (жол, көпір, тұрғын үй, байланыс құралдары және т.б.) болмауына байланысты қолжетімсіз», – делінген зерттеуде.Тұлпардан торайға көп бөлінген субсидиядан қайыр бар ма?
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қойдың асылтұқымды аналық басына – 4 мың теңге, импортталған асылтұқымды аналық қойларды сатып алуға – 30 мың теңге, асылтұқымды тұқымдық айғыр және асылтұқымды түйе сатып алуға 100 мың теңге субсидия беріледі. Ең қызығы, асылтұқымды шошқа сатып алуға 140 мың теңге қарастырылған. Статистикалық мәлімет бойынша ауыл халқының басым бөлігі қой шаруашылығымен айналысады. Ұсақ малдың етін өңдеп, оны экспортқа шығару оңай шаруа емес екені белгілі. Мысалы, Батыс Қазақстан өңірінде 5,5 мың тонна қой етін өңдеуге қауқарлы зауыт салынған еді. Бүгінде осы кәсіпорынның өндірісін ілгерілету үшін ұсақ мал жетіспейді. Өйткені ауылды жерлерде малдың осы түріне берілетін субсидияның көлемі аз болғандықтан оны өсіруге халықтың ынтасы жоқ. Ал Ақмола облысында халық 206 мыңнан аса жылқы бағып отыр. Оның 1,6 пайызы ғана – асылтұқымды. Мал тұқымы жылдан-жылға азып барады. Себебі өңірде жылқы тұқымын асылдандыратын бірде-бір шаруашылық жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының айтуынша, субсидия алу үшін бір жылда екі-үш бас асылтұқымды айғыр әкелген адамдар бар. Бірақ облыс көлемін, жылқы санын ескерсек, екі-үш бастан айтарлықтай нәтиже болмайды. Қазір халықта мал басын асылдандырсам деген ұмтылыс жоқ. Жергілікті жұрт жылқыға төленетін субсидиядан үміт үзген. Жылқы мен қойға қарағанда шошқаға көп бөлінген субсидияның мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті атқарушы органдарға сілтеп отыр. Статистика комитетінің деректері бойынша 2020 жылдың басында шошқа 813,3 мың басты құраған. Былтырғы көрсеткіш бойынша Қазақстаннан экспортталған шошқа етінің сомасы – 167,3 АҚШ доллары. Импорт көлемі – 557,7 доллар. ЕАЭО елдерінен біздің елге келетін шошқа етінің импорты бір жылда 3,7 есе ұлғайды. Қазақстан нарығын Ресей жаулап алды деп айтуға негіз де жоқ емес. Былтыр жеті айда жалпы салмағы 15,3 тонна болатын құны 142,7 мың доллар шошқа көрші елден келген екен. Нәбидолла КИКЕБАЕВ, Қазақстан ауыл шаруашылығы ғылым академиясының академигі:Барлығы жекеменшікке өтіп, қолдаусыз қалды
− Еліміздегі ғалымдардың басын қосып, селекциялық орталық ашу қажет. Экспортқа бағытталған асылтұқымды жылқыларға басымдық беріліп, жем-шөп пен күтіп-бағуға емес, нақты асылдандыру жұмыстарын жүргізуге қаражаттың бөлінуін міндеттеп қою керек. Қазір бұрынғы жылқы зауыттары атқарған жұмыстың ырғағымен келе жатырмыз. 30 жылда бірде-бір нақты жұмыс атқарылған жоқ. Өйткені барлығы жекеменшікке өтіп, олар қолдаусыз қалды. Мысалы, бұрын жылқы зауыттарында ғалымдар жұмыс істейтін. Олардың алдына үлкен міндет қойылатын. Оның нәтижесі көп күттірмейтін. Бүгінде селекционер ғалымдардың алды зейнет жасында. Енді олардың ісін жалғастыратын жастар аз. Жоғары оқу орнын аяқтаған мамандардың өзі бұл салаға көп беттей бермейді. Осы сабақтастықтың арасы үзіліп қалса, он жылдан кейін жағдайымыз мүшкіл болатыны күмәнсіз. Субсидияны бөлген кезде, шошқа шаруашылығына аналық басына, асылдандыру жұмыстарына белгілі бір сома төленеді. Жылқыға келгенде, мұндай ақша қарастырылмайды. Егер де жылқы шаруашылығындағы селекциялық жұмыстарға субсидия беру пәрмені шықса, ғалымдар бұл салаға келе бастайды. Шаруа қожалықтарындағы жұмыс жанданады. Сөйтіп ғалымдар да көбейеді, жастардың да қызығушылығы оянады. Кирилл ПАВЛОВ, тәуелсіз сарапшы:Барлығын қолдан қиындатып отырмыз
− Елдегі мал басы санының күрт төмендеуіне бірнеше фактор себеп болып отыр. Оның ішінде жайылымды жерлердің жүйеленбеуі, аналық мал басы санының артуына жағдай жасамау, ветеринарлық мәселелер өз деңгейінде оң шешім тапқан жоқ. Салдарынан жалпы мал шаруашылығы кенже қалды. Мысалы, әлемдік стандарт бойынша сиыр төлдеу көрсеткіші бойынша біздің нәтижеміз әлдеқайда төмен. Себебі аналық мал басына айтарлықтай көңіл бөле алмай отырмыз. Оның үстіне мал басын жасанды түрде көбейту мәселесі мүлде ұмыт қалды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асып жатыр. Оны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 2 трлн 774 млрд теңге қарастырылды. Осындай қаншама бағдарламалар мен жобалар бар. Меніңше, одан нәтиже шамалы. Мысалы, малмен айналысатын кәсіпкерлерді қолдауға түрлі гранттар беріледі. Бірақ оның өзі жүйеленбеген. Мұны сәтсіз бастама дер едім. Дамыған елдердің тәжірибесінде мемлекеттен берілетін қолдау ретіндегі қаражат шаруа қожалығы иесінің атына ашылған карточкаға бірден аударылады. Сол арқылы тиісті орган кәсіпкердің қаражатты қалай, қайда жұмсағанын көріп отырады. Ал бізде субсидияны алудан «тозақты жеті рет» айналып өткен оңай. Барлығын қолдан қиындатып отырмыз. Бұған қоса, шаруа қожалықтарына несие алу да қиынның қиыны. Қағазбастылық басым. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерде несиені төмен пайызбен ұзақ мерзімге беру жолға қойылған. Бізде екінші деңгейлі банктер шаруаларға несие беруге құлықсыз. Кәкімжан САРХАНОВ, Қазақ ауыл шаруашылығы академиясының корреспондент мүшесі, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:189 млн гектар жайылымдық жердің басым бөлігі тастанды жерге айналып барады
− Елімізде мал санының айтарлықтай төмендеуі совхоздарды жекешелендіруге байланысты. Мемлекеттік құрлымдар мал-мүлкін, тегін бөліп беру, жаппай жеке шаруашылық құрылымдарын құрады, яғни тиімді меншік иесі тұрғысында, әсіресе мал шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен көлемін арттырады деген сенім ақталмады. Мұның бірнеше себебі болды, ең бастысы дер кезінде маңызды іс-шараға мемлекет тарапынан дәйекті қолдау, көмек болмады. Осыған байланысты басқасын айтпағанда, асылтұқымды мал бастары да азық-түлік нарығы айналымына түсті. Мысалы, кешегі жоспарлы экономика жүйесінде мемлекет мал басын өсіруге қатысты еңбеккерлерге (малшылар, мал мамандары), қажетті әлеуметтік инфрақұрлымдық жағдайдың бәрін жасады емес пе, яғни бақташыларды бақты, ал олар малды бақты деп айтуға болады. Өкінішке қарай, бүгінде саны мен өндіретін өнім көлемі басымдығымен ерекшеленетін орта, шағын ауыл шаруашылығы құрылымы, құнарлылығы төмен ауылдық елді мекендер маңайындағы жерлерде, өзімен-өзі жеке дара қалып отыр. Сонымен қатар ішінара зерттеу жұмыстары соңғы уақытта мал санының азаюымен қоса, өнімділігінің де орта есеппен 30 пайызға дейін төмендегенін көрсетіп отыр. Бүгінде 189 млн гектар жайылымдық жердің басым бөлігі тастанды жерге айналып барады, демек «Шалғай жайылымдық мал шаруашылығын» дамыту кезек күттірмейтін мәселе деп айтар едім. Бұл бағытта бос жатқан жайлымдық мал шаруашылығы өндірісіне пайдалануға қажетті әлеуметтік-өндірістік инфрақұрылымдық жүйені қалыптастыру мемлекеттің міндеті болуы керек, яғни, бұл мақсатқа «Мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік» негізінде ірі шаруашылық құрылымын құру маңызды. Бұл іс-шара мал шаруашылығы өнім көлемін арттыруға және мал өнімі нарығында шынайы бәсекелестік қалыптастырады, баға тұрақталады. Екіншіден, отбасы шаруашылығының тиімділігін арттырудың маңызы зор. Бұл алдымен ауылда жаңа жұмыс орнын ашуға, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға және ауылдан қалаға көші-қон легінің саябырлауына оң ықпал етеді. Бұл үшін ауыл тұрғындары жеке қосалқы, отбасы шаруашылық негізінде ауыл шаруашылығы кооперативін құру қажет. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өндірісіне мемлекеттік қолдау керек. Әлемнің қай елінде болмасын, ауыл шаруашылығы саласы тиімді тетіктер негізінде, экспорттық өнім көлемін қоса есептегенде мемлекет тарапынан 70 пайызға дейін субсидиялау жүйесі қалыптасқан. Жасыратыны жоқ, біздің елде жыл сайын мал шаруашылығы саласын субсидиялау көлемі артып, тетіктері жетілдірілгенмен, өнім өндірушілердің ынтасын, өндіріс тартымдылығын арттыруға, мал өнімдері бағаларының тұрақтануына бәлендей әсер ете алмай келеді. Менің ойымша, мал шаруашылығын субсидиялау жүйесі мейлінше (ақшалай емес) қызметтер көрсетуге, барлық шаруашылық түрлері үшін қол жетімділікті қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Осы орайда, мал өнімдері өзіндік құнының басым бөлігін (70 пайыз) мал азығы құны құрайтынын ескерсек, бұл саланы субсидиялау сомасының басым бөлігін мал азығы қорының көлемі мен сапалық көрсеткішін арттыруға бағыттаудың тиімділігі айтпаса да түсінікті. Бұл үшін облыс, аудандарда еншілес кәсіпорындары бар, Республикалық ауыл шаруашылығы жерлерін құнарландыру кәсіпорнын құру қажет. Сондай-ақ сырттан асылтұқымды мал сатып алуға субсидиялық көмек көрсеткенше келісімшарт негізінде шаруашылық құрлымдарында бұл қаражатқа мал тұқымдарын асылдандыру, яғни қызмет көрсету жолымен іс-шаралар атқару отандық құрылымдар үшін де тиімді емес пе!?