__Маңызды

Нұртөре Жүсіп журналист мәртебесі туралы заң қабылдауды ұсынды

Парламент Сенатының отырысында депутат Нұртөре Жүсіп Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдауды ұсынып, Премьер-Министрдің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Еліміздегі БАҚ туралы заңда және Еңбек кодексінде журналистердің мәртебесі мен кепілдіктері туралы ешқандай бап жоқ. Анығырақ айтсақ, БАҚ туралы заңның 20-бабындағы 10 құқығы мен 21-бабындағы 5 міндеті ғана жазылған. Еңбек кодексінде мәртебе жөнінде бір ауыз сөз, тіпті журналистердің еңбек ету құқықтары деген бөлім де жоқ», – деді депутат.

«Кейбір шенеуніктер төтенше жағдай кездерінде журналистердің сұрағына кәсіби деңгейде жауап беруге дайын болмай жатады. Кәсіби қызметін атқарып жүрген тілшіге кедергі келтіру – халықты мемлекеттік ақпарат алу мүмкіндігінен айыру деген сөз. Көршіміз Ресейдегі жағдай мүлде басқаша. Журналистердің кәсіби міндетіне кедергі келтіргендер, журналистерге шабуыл жасағандар 6 жылға дейін түрмеге қамалатын арнайы бап та енгізілген», – деді ол.

Сондай-ақ, Сенат өкілі елдік пен мемлекеттілік ісіне тікелей қызмет етіп отырған журналистерге полиция өкілдеріне жасалғандай жағдай неге жасалмайтынын сұрады. «Пандемия тұсында 200-ге тарта журналист пен жазушы өмірден өтті. АҚШ-та журналистердің жалақысы жылына 28 мыңнан 75 мың долларға дейінгі аралықта. Ал бізде бір жылда табатыны – 3-4 мың доллар шамасында ғана», – деген сенатор Түркия, Әзербайжан сияқты елдердің де бұл істе бізден көш ілгері кеткенін атады.

«Құрметті Асқар Ұзақбайұлы! Отандық масс-медиа Халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасының пәрменді құралы болуы тиіс. Журналистерге сот, прокуратура, ішкі істер, адвокат, нотариус сияқты нақты мәртебе беретін кез келді. Ақпарат саласын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жоспарын жаңадан жасау қажет. БАҚ-тың ықпалынсыз қоғамды демократияландыру мүмкін емес. Сондықтан журналистерді арнайы әлеуметтік мәртебе арқылы қолдауды ұсынамыз. Ол үшін Журналист мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау қажет деп ойлаймын», – деді Нұртөре Жүсіп.

 

Back to top button