“Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығы басталды

“Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығы басталды

“Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығы басталды
ашық дереккөзі
1477

27 қыркүйек күні Нұр-Сұлтан қаласы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесі атынан төрайым Нәзипа Шанаи  мен «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі атынан төраға Мақсұтбек Айтмағанбет арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Қол қою рәсімі  дәстүрлі “Әке жолы - ізгі жол“ атты республикалық Әкелер апталығының ашылу барысында өтті. Шараның ұйымдастырушылары  - «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі,  «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі, “Білім-инновация” халықаралық қоғамдық қоры,  «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы.  width= Апталықтың мақсаты - тал бесіктен бастап үлкен өмірге қадам басқан жас ұрпақтың тәрбие-тәліміне әкелердің қосар үлесін нығайту. Шараға қатысқан Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы - Шахмардан Байманов, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы республикалық Аналар кеңесі төрайымы - Назипа Шанаи,  «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры президенті - Дархан Өте, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры - Тимур Нуркешов; Нұр-Сұлтан қ. әкімінің кеңесшісі - Қуаныш Молдабек, «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшісі - Баян Ахатай, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы - Мақсұтбек Айтмағанбет,  «Сенімен Болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің төрағасы - Ғалымбек Бермағанбетов сынды белгілі азаматтар қоғамдағы әкенің орнын айқындау мәселелері бойынша ой бөлісіп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Алғашқы болып сөз алған Ғалымбек Бермағанбетов дәстүрге айналған «Әке жолы – ізгі жол» апталығының бұрынғы атқарылған жұмысына қорытынды жасай отырып, жоспарына тоқталды. Өз кезегінде ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы  Шахмардан Байманов осындай апталықтардың маңызына тоқталып, қоғамдағы әкелердің ролінің әлсіреуінің түрлі экономикалық, әлеуметтік себептеріне сараптама жасады. Мемлекет басшысының Қазақстан Республикасы халықына Жолдауында айқын көрініс тапқан 2030 жылға дейін жоспарланған «Отбасылық және гендерлік саясат» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында мемлекет пен қоғамдық бірлестіктер бірлесе отырып жүзеге асырып, бұл шараға тұрақты жүйелі сипат беруге ұсыныс жасады. Өзекті мәселелерді өткір қозғай отырып ҚХА  жанындағы республикалық Аналар кеңесі төрайымы - Назипа Шанаи Аналар кеңесінің атқарып келген жұмысына, құрамына шолу жасай отырып, әкелер мен аналардың қатар жүруінің бала тәрбиесіндегі маңызын айқындады. Нәзипа Шанаидің пікіріне сәйкес, ортақ мақсатта – саналы, салауатты ұрпақ қалыптастыруда күш біріктіру расында оң нәтиже бермек. Қандай да болмасын мәселені шешпес бұрын оның себеп салдарын түсіну, сол мәселенің оң шешілуіне негіз болатыны анық. Қоғамның бай-кедей болып жіктелуінің де көтеріліп отырған мәселеге қатысы орасан. Соның ішінде материалдық жағдайы жақсы отбасылардың балаларын шетелдің тәрбиелеп жатқанын және сол сырттан қалыптасып келген жастың ел болашағына бей-жай қарау ықтималы туралы сөз қозғады. «Мәдениетті ана - мәдениетті бала» ұстанымын ту еткен Аналар кеңесінің мақсаты Аналар мектебін қалыптастыру. Алайда, ол мақсатқа аналар азаматтардың қолдауымен ғана жететіндігін алға тарта отырып, бірге жұмыс атқаруға шақырды. Сонымен қатар, Аналар кеңесінің төрайымы   Мемлекет басшысының жыл сайынғы Жолдауының әр азаматтың алдына қойылатын стратегиялық жоспар екендігін ескеріп, биылғы Жолдаудың әрбір жолындағы астарға үңіле отырып, соны отбасылық деңгейде  жүзеге асыру жолдарын көрсетті. Соның ішінде, бүгінде еңбек нарығында жетіспейтін мамандықтар туралы жолдарда жастарды мамандық таңдауға бағыттау   барын және Жолдауды терең үңіліп оқып, дұрыс ұғып өз өміріңді жоспарлауға пайдалана білуге шақырды. Түзді түгендеп жүргенде үйге уақыт жеткізе алмай қалатын әкелерге арнап жоғары сынып және студенттер арасында «Әкеме хат» атты жобасын Аналар кеңесімен бірлесе ұйымдастыруды ұсынып,  әке мен бала арасынның ашылып бара жатқан сызатын жабуға сеп болатындығы туралы өмірлік мысал да келтірді.  width= Нәзипа Шанаи Аналар кеңесінің атынан Министрлік өкіліне айналамызда, көрші елдерде жастар арасында болып жатқан барлық қайғылы келеңсіздіктерді біздің балаларымыздың да жасау ықтималының алдын алу мақсатында әлеуметтік зерттеулер жұмыстарын жоспарлы түрде жүзеге асырып, қоғамдық бірлестіктер мен түрлі ұйымдардың жылдық жұмыс жоспарына өзек етіп беру жөнінде  ұсыныс  білдірді. Сонымен қатар  мемлекеттік тілдің жағдайын да баяндай келе, қазақ тілді орта құру, қазақ тілін ғылым мен технология тіліне айналдыру маңыздылығына тоқталды. Жетістігі бар тіл ғана өзін мойындата алады. «Біздің міндетіміз қазақ тілінде жаңалықтар аша алатын, әлемді таң қалдырып, мойындата алатын ұрпақ тәрбиелеу» - деді Н.Шанаи. Нақты ұсыныстар бере отырып, әке талабы бойынша отбасы тілін қазақшалауға, олай болмаған жағдайда қалған жұмыстар маңыздылығын жоятындығын атады. Назипа Ыдырысқызының сөзінің жемісті қорытындысы ретінде Әкелер кеңесі мен Аналар кеңесі алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасауға келісіп, екі жақты құжатқа қол қойды. Қысқа мерзім аралығында аталған екі ұйымның бірлесе атқаратын шараларының бірлескен   жұмыс жоспары бекітілетіні хбарланды. «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» Халықаралық қоғамдық қоры президенті  Дархан Өте ұрпақ санасын қалыптастыруда балаларды тани білу, олармен етене жақын қарым қатынас орната білу, тыңдай, құптай, қолдай және санаса білудің маңызын атаса, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директоры  Тимур Нуркешов түрлі деңгейлі тәрбие мен білім ошақтарының ата-аналармен жұмысын жандандыру бағытында ұсыныстар берді. Оқу-тәбие үрдісіндегі екі жақтың да атқарар қызметінің үлес салмағының маңыздылығын және оны дұрыс ұйымдастыра білу тетіктерін өз тәжірибесімен бөлісіп, отбасы мектебін құру туралы ойымен бөлісті. Әкелер кеңесін құруда белсенділік танытып жүрген Күзембай Бекайдар әрбір ізгілікті істі балалардың қатыстыра отырып, масылдықтан ада ұрпақ тәрбиелеуге және шараны жан-жақты қолдап, насихаттайтындығын жеткізді. «Қарашаңырақ» республикалық қоғамдық бірлестігі жетекшісі Баян Ахатай әкелердің белсенділігін тек мектеп қабырғасы емес, балабақшалардан бастау алу қажеттілігі туралы айта келе, ІТ технологтармен біріккен «MUNARAT» жобасымен таныстырды. Жобаның мақсаты – қазақ тілінде сапалы контент қалыптастыру, оны балабақшалардың жұмысымен байланыстыру, ата-аналармен байланыс орнатудың тиімді тетіктерін насихаттау. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасы  Мақсұтбек Айтмағанбет әкелердің қоғамдағы ролінің маңыздылығын іс жүзінде көрсетіп жүрген азамат ретінде балаларды тәрбиелеудің ең тиімді әдісі – өзіңді тәрбиелеу деп, интернет желісінің еркін қолданушысына айналып отырған балалардың сапалы сараптамалық дағдысын қалыптастырудың негізі олармен сапалы коммуникация жасай білу екендігін атады. «Бала арқылы ата-атасын, оның артында қоғамды дамытуда бірлескен жұмыстар атқару біраз мәселені шешеді. Әр азамат өз отбасын қолдап, қорғай білсе, Отанды қорғаушылар да көптеп қалыптасады» дей келе әйел азаматтар белсендірек болып тұрған заманда әкенің ролін арттырудың нақты шешімдерін кең насихаттап, оған республикалық сипат беру жағын ұсынды. Шара соңы тыңдаушылардан түскен ұсыныс-пікірлер қаралып, жауап берілді. Сонымен қатар қатысушылар бірлесе отырып, апталықты сапалы, нәтижелі, жемісті өткізуге атсалысуға келісті. Апталыққа сәттілік тілей отырып, қарттығымның рахаты, өмірімнің жалғасы, елімнің ертеңі деп үкілеп ұрпақ тәрбиелеп отырған әр азаматты  белсенділік танытуға шақырамыз. Сөз соңын Назипа Шанаидің «Ертең ұрпақ Сіздерді тастап кетпесін десеңіздер, бүгін сол ұпрақпен диалог құруымыз қажет» деген сөзімен түйіндей келе қоғамның бірлестіруде, ұрпақтың саналы да салауатты қалыптасуында, ұлттық болмысымызды ұлықтауда немқұрайлы болмай, қайтсек алға жылжимыз деп әрекет етуші азаматтарға алғыс білдіре отырып, сауапты істе сәттілік тілейміз. Апталық жоспары төмендегідей: 1.               Тренингтер - 2 күн - 29.09.2021ж., Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:00-17:00 аралығы (онлайн, YouTube платформасы, «Senimen Bolashaq» аккаунты.) 2.               Үлгі әкелер кеңесі презентациялары - 4 күн - 30.09.2021ж., Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:00-17:00 аралығы (онлайн, zoom). 3.               Әкелер арасында интеллектуалдық сайыстар - 5 күн - 01.10.2021ж., Нұр-Сұлтан қаласы уақытымен 15:00-17:00 аралығы. 4.               Жабылу салтанаты. (онлайн, YouTube платформасы, «Senimen Bolashaq» аккаунты.) Барша ата-аналарды  аталмыш шараға қатысуға шақырамыз. Байланыс телефоны: +77079514748 Нуртазина Еркежан Нуржановна

Серіктес жаңалықтары