Қазақстаннан Прага, Хельсинки, Вена, Варшава, Будапешт қалаларына жаңа әуе бағдары ашылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек айтты, деп хабарлайды Baq.kz.
Министрдің айтуынша, бүгінгі күні Астана қаласы 25 халықаралық бағыт бойынша 16 елмен әуе байланысын орнатқан. Соның ішінде 5 халықаралық қаржы орталығына тікелей ұшатын рейстер бар (Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул). Апта сайын Астанадан 415 рейс жасалады (126 халықаралық және 289 ішкі рейстер).
«ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жүріп жатқандықтан «Ашық аспан» пилоттық жобасы аясында Астанамен арадағы халықаралық бағыттарға шектеуді екіжақты келісім негізінде ұзақ мерзімге алып тастау көзделіп отыр. Осы ретте әлемнің 8 қаласына жаңа бағыттар ашылады деп жоспарлануда. Олар: Прага, Хельсинки, Вена, Варшава, Будапешт және басқа да қалалар», – дейді Жеңіс Қасымбек.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда отандық әуе компаниялары жыл сайын 250 мың транзиттік жолаушыны тасымалдайды екен.
«Қазіргі уақытта отандық әуе компаниялары Қазақстан аумағы арқылы жылына 250 мың жолаушыны тасымалдайды. Яғни, 2010 жылдан бері 10 есеге өскен. Орташа барлық транзиттік жолаушылардың 70%-ға жуығы Астана әуежайның үлесінде. Бұл 175 мың транзиттік жолаушының Астанаға және 75 мың жолаушының Алматыға келетінін көрсетеді»,-деп мәлімдеді ҚР Инвестициялар және даму министрі Үкімет отырысында.
Оның пікірінше, Астана әуежайының инфрақұрылымын жаңғырту және Алматы жанынан хаб құру бойынша тапсырманы жүзеге асыру есебінен 2020 жылға қарай транзиттік жолаушылар ағынын арттыруға болады.
«Оңтүстік Шығыс Азия, Қытай және Үндістан елдерінен келетін жолаушылар легі транзиттің ерекше перспективалы бағыты саналады», –дейді министр.
Айта кетейік, сонымен қатар туризмді дамыту мақсатында биыл Алматы мен Астанадан Балқашқа, Алматыдан Үржарға және Ақтаудан Көкшетауға рейстер ашылған. Келесі жаз маусымында Астанадан Үржарға, Алматы мен Астанадан Үшаралға рейс ашу жоспарланып жатыр.