211
Мемлекет басшысы Е.Ыдырысовты қабылдады
Мемлекет басшысы Е.Ыдырысовты қабылдады
Е.Ыдырысов Мемлекет басшысына 2017 жылғы қаңтарда басталатын Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелігі аясындағы жұмыстарға әзірлік барысы туралы баяндады.
Елбасы сыртқы саяси қызметті атқару кезінде республика тәуелсіздігінің 25 жылдығына баса назар аудару қажеттігін атап өтті.
– Елдің халықаралық аренадағы беделін арттыру үшін елшілеріміз 25 жылда қол жеткізген жетістіктерімізді, соның ішінде Қазақстанның республикадан тыс жерлердегі бейбітшілік пен тыныштықты сақтау ісіне қосқан үлесін шетелдік қоғамдастыққа көрсетуге тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы елімізге шетелдік ресми делегациялардың келуінің маңыздылығын айтты.
Қазақстан Президенті алдағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелік аясында өткізілетін іс-шаралардың басымдығы бар бағыттарына тоқталып, бұл мәртебелі міндет әлемдік қоғамдастықтың айрықша сенімінің көрінісі болып саналатынын жеткізді.
Сыртқы істер министрі Қауіпсіздік Кеңесіндегі қызметке дайындық белсенді түрде жүргізіліп, тұрақты комитеттерге басшылық жасау міндеттерінің бөлініп беріліп жатқанын мәлімдеді.
Бұдан бөлек, Е.Ыдырысов республика тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында аса мәртебелі меймандар қатысатын халықаралық конференция өткізу жоспарланып отырғанын мәлімдеді.
Сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстан Президентін алдағы халықаралық іс-шаралар, соның ішінде басым бөлігі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізуге байланысты болатын шаралар туралы хабардар етті.
Нұрсұлтан Назарбаев кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.