Шетелге берілген балалар - Қазақстан оларға 18 жасқа дейін жауапты

Шетелге берілген балалар - Қазақстан оларға 18 жасқа дейін жауапты

Шетелге берілген балалар - Қазақстан оларға 18 жасқа дейін жауапты
ашық дереккөзі
5399
  Шетелдіктер баланы алдым, басыбайлы біздікі деп ат-құйрығын үзісуге дайын. Бірақ бала 18 жасқа толғанға дейін Қазақстан оған жауапты, оның әлеуметтік жағдайы мен құқықтық мәртебесі өз отанында қадағалануы тиіс. Себебі соңғы жылдары орын алған жайттар асырап алынған балалардың болашағына бей-жай қарамау керектігін ұғындырды. Осыған дейін еліміз шетел асып, бөтеннің жетегінде кеткен балалардың жалпы жағдайы туралы басын ауыртқан жоқ. Мемлекет пен шетел азаматтарының арасындағы алыпсатар агенттіктердің қитұрқы қимылдарының арқасында балалар кім көрінгеннің қолында кетті. Жалған құжат пен дүбәра анықтамалар жасалып, бала саудасын қыздырды. Бала саудалауды кәсіпке айналдырған агенттіктер қызметі жанданып, бала құнын да көтерген болатын. Мысалы, 2015 жылғы деректерге сүйенсек, бір баланың шетел асыруға құжатын дайындау үшін агенттік – 15 мың доллардан 50 мың долларға дейін бағаланған. Тағы да айтамыз, агенттік қызметі. Ал балалар үйі бұл тұрғыда бейхабар, жалған құжаттар мен анықтамаларға мәз. Әсіресе, аймақтық балалар үйінен алынған жетімдер сұраусыз, іздеусіз шетелге жөнелтілген еді. Алматы облысы, Ескелді ауданында жалған құжат жасалып, шетелге асырауға берілмекші болған Валерий Лапшинның оқиғасы осының дәлелі. Анасы ата-аналық құқығынан айрылып, бала жетімдер үйіне өткізілген. Прокуратура тексерісінен кейін белгілі болғандай, анасы бар балаға жалған құжат жасалып, Италия азаматтарына бермекші болған. Бүгінде бала өз анасына берілді, екінші сыныпта оқиды. Бұл бір ғана мысал, қаншамасы тірі ата-анасынан айрылып, шетел асып кетті?! Қазір бұл сауда тоқтатылып, АҚШ-қа және басқа да бірқатар елдерге бала беруге шектеу қойылып, талап қатайтылды. Десе де Сыртқы істер министрлігі бұл мәселені қайта қарастырып, бала беру мәселесінің түлкібұлаң тұстарын әшкерелеп, қатаң талап қою мәселесі бойынша рәсімдеу жұмыстарын жаңғыртпақ. Үкімет сағаты барысында Қазақ­стандағы балалар құқығы бойынша өкіл Зағипа Балиева осы мәселеге алаңдаушылық білдірген болатын. Шетелге бала беру – түбі жақсы іс еместігін айта келе, Америкада қаза тапқан қазақстандық қос баланың тағдырын тілге тиек етті. «Біздің жұмысымызда назардан тыс қалған тұстар көп. Оның ішінде Білім және ғылым министрлігі мен Сыртқы істер министрлігінің жұмысында. Нәтижесінде бір штатта бағып алған екі баламызды бірдей өлтірді. Ұзақ уақыт бойы Мэйот отбасы екі азаматымызды зорлап келген. Қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырмыз, қайда қарап отырмыз?», – деген сауал тастады Зағипа Балиева асырап алған балаларды бақылау мен мониторинг жүргізетін Сыртқы істер министрлігінің құлықсыз қызметіне сілтеп. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстаннан асырап алған қос баланы әке-шешесі зорлап келгені туралы мәлімет расталып, америкалық өгей ата-ана 20-22 жылға бас бостандығынан айрылған болатын. Ал жыл басында Вашингтон штатының Бэлфейр қаласының тұрғыны Лана Карлсонды Қазақстаннан асырап алған екі баласымен бірге аяусыз атып өлтірген. Бұл қылмысты іске асырған жауыз Лананың кейінгі жылдары отасқан күйеуі, полиция қызметкері болатын. Міне, осы жайттардан кейін еліміз шетелге бала беруге тыйым салған болатын. Жантүршігерлік жайттардың салқыны талайды тітіреткені рас. Кейбір сарапшылар асырап алған балалардың зорлық-зомбылық көруі туралы мәлімет көбіне-көп расталмайды деген пікірде. Мәселен, 20 жылда Ресейден асырап алынған 60 мыңдай баланың арасынан қорлық пен дұрыс бақпаудың салдарынан қазаға ұшыраудың расталған тек 19 оқиғасы тіркелген. Christian Science monitor басылымының мәліметіне сәйкес, ресейліктердің өздері  асырап алған 170 мың орыс баласының отбасындағы қатыгездік салдарынан 1 мың 220-сы қаза тапқан. ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов шетелдіктердің қа­зақ­­­стандық балаларды асырап алуына тыйым­ салынғаны турасында, бұл мәселенің күн тәртібіне қойылғанын қадап айтты. «Біз бұл мәселені назардан тыс қалдырған емеспіз. Сыртқы істер министрлігі осы сала бойынша реформаны қолға алды. Біз Гаага конвенциясына қосылдық, бала асырап алумен айналысатын шетелдік агенттіктердің тіркелу жүйесін жасадық. Оларға нақты бақылау қойып, әсіресе іштен қадағалауды тапсырдық. Бұған дейін осы алаңда алыпсатарлар да жұмыс істеген болатын, олар өз қалтасына бөгуді ғана ойлайтын. Олардың әрекеттерінен балалар да, асырап алушы ата-аналар да зардап шекті», – деді Ерлан Ыдырысов. Министрдің айтуынша, қазір бұл жүйе реттеліп, жұмысын ашық жүргізе бастаған. «Асырап алу жұмыстарынан алыпсатарлар алынып тасталды. Біз шетелдік әріптестерімізге Қазақстанда тіркеуден өткен ресми-өкілетті агенттіктер арқылы ғана жұмыс жасаймыз деп айттық» деді министр. Қазіргі таңда шетелде 8 мыңға жуық қазақстандық бала асырауға берілген. Оның 6 мыңы АҚШ-та өмір сүреді. «Мемлекеттік департаментке қатаң талап қойдық. Себебі Штаттарда бұл агенттіктердің айрықша құзіреті бар. Мемлекеттік департаменттің оларға өкілеттігі жүрмейді. Қазір америкалықтармен жұмыс жүргізу тоқтатылған. «Біздің балалар туралы жеткілікті мәлімет берілсін, әсіресе әлгіндегі оқиға бойынша. Тағы бір бала туралы мүлде мәлімет жоқ. Біз нақты талап қойдық: бізге балалар туралы толық, жан-жақты мәлімет бермейінше және есеп беру тәжірибесін реттемейінше балаларымызды америкалық азаматтардың асырап алуын тоқтатамыз» дедік», – деді Ерлан Ыдырысов. Сыртқы істер министрі хабарлағандай, Қазақстан қазір бала асыраумен айналысатын агенттіктерді тіркеп, тексеріп жатыр. «2011 жылы бiздiң консулдар мен дипломаттар Қазақстаннан кеткен балалар туралы ақпаратқа қол жеткiзе алмады, сондықтан АҚШ азаматтары үшін қазақ балаларын асырап алуға тыйым салдық. Қазiргi уақытта бiздiң балалардың тағдыры, олардың өмiр сүру жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу үшiн жұмыс iстеп жатырмыз. Сондай-ақ, бүгінде бала асырап берумен шұғылданатын шетелдiк агенттiктердi тiркеп жатырмыз. Бұл процесс – ашық. Осы жұмыстың басты мақсаты делдалдардың қызметiн шектеу болды. Жалпы, балаларды асырап алу жұмысы бiрнеше қағидаға негiзделедi. Бiрiншi кезекте, балалардың мүддесi ескерiлуi керек. Екiншiден, ата-аналардың мүддесi сақталады. Шетелге бала бермес бұрын, біз бүлдіршін асырап алғысы келетін қазақ отбасыларын іздейміз. Тек осыдан кейiн ғана, яғни барлық мүмкiндiктер қаралғаннан кейiн шетелдiктердi қарастырамыз. Бұл – қоғамдық резонанс тудырған мәселе...», – деді Е.Ыдырысов. Заң бойынша бала кәмелетке толғанша мемлекет олардың тағдырын қадағалап отыруы тиіс. «АҚШ-тың территориясы үлкен. 6 мың балаға 1-2 консул ғана жауап береді. Заң бойынша олар өздері әрбір баланың тұратын жерін көріп тексеріп, бақылап отыруы керек. Негізінен, біз ақпарат беретін агенттіктегі әріптестеріміздің шыншылдығына сеніп, қоя саламыз. Кейбірін ғана көріп, тексереміз. Әзірге оқиға орын алған штаттар біз талап еткен мәліметтерді толық қамтамасыз еткен жоқ. Сондықтан америкалықтар бізге «Бала асырап алуды қашан жалғастырамыз?» деген сауал тастаса, жауабымыз мынадай болмақ: «Жағдайды түзетіңіздер, біз қойған талаптарды орындаңыздар, тек содан кейін ғана келіссөзге шығатын боламыз» деп айттық», – деді министр. Қазақстанның бала құқығы жөніндегі уәкілі Қазақстаннан шетелдіктерге асырауға берілген 237 баланың тағдыры туралы мүлдем мәлімет жоғын хабарлаған болатын. Бұл мәлімет АҚШ-та Қазақстаннан асырап алған екі баланың кісі қолынан қаза тапқан оқиғасынан соң шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың жағдайы туралы тиісті органдардан мәлімет алғаннан кейін анықталды. Ресми статистика бойынша, 1999 жылдан бері Қазақ­­­­­­­станнан 8 мың 805 бала асырап алынған. Олардың 6 мың 609-ын АҚШ азаматтары асырап алған. Бұлардың 673-іне қатысты асырап алғаннан кейінгі жағдайы туралы есеп түспеген. Ал 237 балаға қатысты мүлдем ақпарат жоқ. Қазақстандағы бала құқығы туралы заң бойынша шетелдіктерге асырауға берілген балалар кәмелет жасқа толғанша Қазақстанның қорғауында болуы және Қазақстандағы балаларға берілген құқық пен кепілдікті бар мүмкіндігінше пайдалана алуы тиіс. Осыған байланысты, бұл саладағы құзырлы органдар шетелде асырап алған қазақстандық балалардың құқығын қамтамасыз етуде және алда жоғарыдағыдай қайғылы жағдайларға жол бермеуге қосымша күш салуы қажет. 2011 жылы шетел азаматтарының бала асырап алу рәсімінің механизмі қарастырылатын «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексі қабылданды. Кодекс қабылданғаннан кейін (шетелдік агенттіктерді аккредитациялау арқылы) елімізде барлығы 125 бала асырап алынған. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс пен «Балаларды қорғау және баланы шетелдіктер асырап алуға қатысты ынтымақтастық туралы конвенцияны ратификациялау туралы» ҚР Заңы қабылданғанға дейін республикамызда бала асырап алу күші жойылған «Неке және отбасы» заңының талаптарына сәйкес жүзеге асырылатын. Қабылданған Кодекстің талаптарына сәйкес қазақстандық азаматтардың бала асырап алу процедурасының жеңілдетілуімен бірге қазақстандық балаларды асырап алғысы келетін шетелдіктер үшін бала асырап алу процедурасы күшейтілді. Осы жылдың сәуір айында қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңымен бала асырап алу жөніндегі агенттіктерге қойылатын талаптар күшейтілді. Егер агенттік өзінің аккредитациясынан айрылған жағдайда шетелдік құзырлы органдарға асырап алынған балалар туралы есепті ұсыну міндеттері жүктеледі. Сондай-ақ, асырап алынған балаларға қатысты орын алған барлық қайғылы оқиғалар, жағдайлар мен зорлық-зомбылық туралы дереу хабарлау қажеттігі міндеттеледі. Міне, осындай қатаң талаптар орындалған соң, шетелге бала асырауға беру қайта қарастырылмақ. Айтқандай, елімізде де бала асырап алудың кезегінде тұрған ата-ана көп.

Серіктес жаңалықтары