Мына жұрт Хейзені біле ме екен?

Мына жұрт Хейзені біле ме екен?

Мына жұрт Хейзені біле ме екен?
ашық дереккөзі
439
1910 жылы, әлем әдебиетіндегі ең әйгілі мара­патты неміс қаламгері Пауль Хейзенің ие­лен­гені есіме түскенде осындай бір мазасыз ой­лар көңілімді түрткілеп, жаныма тыныш­тық бермей қойды. Бірақ амал нешік? Әлем әдебиетінің мұзжарғыш кемесіндей болған Лев Толстой, Антон Чехов, Шервуд Андерсен, Марк Твен, Марсель Пруст, Теодор Драйзер, Джей­мс Джойс, Франц Кафкалардың талан­тына бұйырмаған бақ 1910 жылы қатардағы көп жазушылардың бірі Пауль Хейзенің қо­лы­на қона кетті. Атағы дардай сыйлықты ол Гер­мания мемлекетінің атынан алды. Парадокс! Неге екенін білмеймін, ай­нал­дырған он жылдың ішінде неміс хал­қы әдебиет саласындағы Нобель сый­лы­ғына осымен үшінші мәрте ен салды. Әйт­кен­мен осыған қарап ХХ ғасырдағы сөз өнерінің зор табысы мен бағындырған асқар биігін Швед Академиясындағы сарапшылардың кө­зіне шалынып, көңілдерінен шыққан туын­дылары арқылы бағалаудың еш қисыны жоқ. 1910 жылға дейін оны неміс ұлтының аты­­нан алған тарихшы Теодор Момзен, фи­ло­соф Рудольф Эйкен мен біз бүгін шығар­машылығын тілге тиек етіп отырған Пауль Хей­зелерді қазір әлем оқырмандары аса жақ­сы танымайды. Ең қызығы, Пауль Хей­зе­нің алғаны аздай, іле-шала бір жылдан кейін Нобель сыйлығы тағы да бір неміс драматургі Гер­харт Гауптманның қанжығасына бай­лан­ды. Әділіне жүгінсек, Швед Академиясындағы сарапшылардың сол жылдардағы жасаған таңдауы қарапайым оқырмандар түгіл, әдеби орта үшін де мүлде түсініксіз жағдай. Біз бұдан бұрынғы әңгімелерімізде Но­бель сыйлығын тақымына басқан тарихшы Тео­дор Момзен мен философ Рудольф Эйкен­дер­дің өз заманының белгілі ғалымдары бол­ғанымен, артына қалдырған еңбектерінің аса құнды қазына бола алмағанына егжей-тег­жейлі тоқталып, шамамыз жеткенше се­бебін түсіндіріп беруге тырыстық. Бүгінгі әң­­гімемізге арқау болған Пауль Хейзені де аты да ұмытыл­ған, шығармалары да аса көп оқыл­майтын қа­ламгерлердің қатарына қос­сақ, қателесе қоймасымыз айдан анық. Артына жиырма томнан астам әдеби мұра қалдырғанымен, Хейзенің туындылары уа­қыт сүзгісінің елегінен өткен жоқ. Бірақ өт­кен ғасырдың басында неміс қаламгерінің не­гізгі шығармаларының Ресейде кітап бо­лып басылып шығып, новеллаларының орыс клас­сигі Тургеневке қатты ұнап, «Көктемгі сулар» по­весін жазуына әсер етуі Пауль Хейзе шы­ғармашылығының өз замандастарына ти­гізген ық­палының аз болмағанын аң­ғар­тады. Әйт­кен­мен талай-талай таланттарды дәме­лендір­ген биік мәртебеге қол жеткізген қаламгер туын­дыларына деген оқырман көңі­лінің кенет­тен келген күздей суып кетуі­нің себебі неде? Жалпы, Хейзе шығармашылығына деген қы­­зығушылық ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр то­ғы­сында, суреткер новеллаларындағы көтерген мә­­селелеріне байланысты пайда болған сыңай­лы. Германия мен Еуропадағы қоғамдық ахуал­дың тұрақсыздығына қарамастан Хейзе про­засында отбасы, неке, қарапайым адамдық се­зім­дер негізінде мәңгілік өмірлік құндылықтар дәріптеліп, мына дүниеге оптимистік көзқарас­пен қарауды қалыптастыру бағыты насихат­та­ла­ды. Сол кездегі жазған туындылары идео­ло­гия­мен иістеніп кеткен қаламгерлердің дүние­лері­не мүлде ұқсамайтын Хейзе шығармашы­лы­ғының осындай қырына Швед Академиясы­ның сарапшылары баса назар аударған болуы әбден ықтимал. Дегенмен дүниені дүрліктірген ірі оқиғалардан соң, саясаттан іргесін аулақ са­лып, бейбіт өмірдің ләззатын жырлаған Хей­зе туындыларына деген оқырман көңілі тез суып қалды. Мақалалары мен хаттарында тео­риялық тұрғыдан дәлелдеп, новеллаларында көрсеткен жазушының сөз өнеріндегі көр­кемдік тәсілі немістің классикалық эсте­ти­ка­сымен тығыз түйіседі. Екінші жағынан жазу­шы­ның кештеу келген романтизммен үйлесетін но­веллаларында суреткерлік шеберлікпен баян­далатын өмір шындығына сын көзбен қарау да бар. Дегенмен жиырма томнан астам әдеби мұрасы бар қаламгердің атын да, жаз­ған шығармаларын да бүгінде әдебиет саласын зерт­теп жүрген мамандар болмаса, қарапайым оқыр­мандар жөнді білмейді. Жиырмасыншы ғасырдағы әлемге танылған, Нобель сыйлығын иеленген немістің ірі классиктері Томас Манн немесе Гюнтер Грасстың туындыларындай Хей­зенің кітаптары бүгінде миллиондаған данамен жарық көріп жатқан жоқ. Дей тұрсақ та, өз дәуі­рін­де ол жазған шығармаларында сөз өне­рі­нің эстетикалық және ізгілікті қасиеттерін сақ­тап қана қоймай, оны жаппай оқырманға жа­қындата алған бірден-бір қаламгер болды. Әсі­ресе, мұндай дара сипат жазушы новелла­ларын­да айқын көрініс тауып, оны тек Гер­мания жұртына ғана емес, шетел оқырман­дары­на да кеңінен танымал етті. Кеңес зама­нында жазушы шығармашылығына арналған К.Мартенстің, А.Гугниннің, Р.Самариннің әдеби зерттеулері жарық көргені мәлім. Шет елдің әде­биеттану ғылымында да Пауль Хейзе шы­ғар­машылығы жан-жақты зерттелді. Алайда неміс ғалымдары Хейзенің әдеби мұрасын тек реализмнің контексінде қарастырады, екін­шіден ол зерттеулерде жазушының эстетикалық ізденістері мен өмірлік ұстанымы ескерілмей, көп қырлы шығармашылығының кейбір ас­пек­тілері ғана талданады. Неміс новел­лис­тика­сы­ның дәстүрін жалғастыра отырып, ол бұл жанрдың теориялық мәнін түсіндіруге зор үлес қос­ты, шекарасын кеңейтіп, поэтикалық новел­ла жазудың жарқын үлгісін танытты. 1852 жылы Италияға жасаған сапары Хейзе шығармашылығында айшықты ізін қалдырды. Жазушының көркемдік әлемінде адалдықтың, ма­хаббат пен отбасының көрінісі болып сана­латын италиялық бикештер мен тамылжыған табиғаттың әсем көрінісі пайда болды. Осы сая­хаттың арқасында жазушының тұтас бір ита­лиялық новеллаларының топтамасы дү­ние­ге келді. Әрине, бір мақаланың төңірегінде Пауль Хейзенің шығармашылығын егжей-тегжейлі талдап шығу мүмкін емес. Біз негізінен жазушының сан қырлы шығармашылығының басты ерекшеліктеріне ғана назар аудардық. Енді әлемге әйгілі марапатты иеленген неміс қаламгерінің өміріне де қысқаша шолу жасай кетейік. Пауль Хейзе 1830 жылдың 30 науры­зын­да Берлин қаласында дүниеге келді. Әкесі Карл Вильгельм Людвиг Хейзе клас­си­калық филологияның профессоры болды. 1847 жылға дейін Фридриха-Вильгельм гимна­зия­сында оқып, оны өте жақсы нәтижемен тәмам­дады. Отбасының мүмкіндігі мен байланыстары жас Паульдің шығармашылық адамдарының ортасына жақынырақ болуына көп септігін тигізді. Гимназиядағы оқуын аяқтағаннан кейін ол Берлин университетінде классикалық филологияны зерттеумен айналыса бастады. Екі жылдан кейін, өнер тарихы мен роман тілдерін зерттеу үшін Бон қаласына қоныс аударды. 1850 жылы Пауль Хейзе романдық фи­лология тақырыбына арналған дис­сер­тациясын жазуға кіріскенімен, білім ме­кеме­сіндегі бір профессордың әйелімен жүріп, көңілдесі болғаны үшін Берлинге қайтарылады. 1851 жылы «Тонниель» ұйымы ұйымдастырған әдеби байқауға қатысып, жеңіп шығады. 1852 жылдың мамырында Хейзеге трубадурларға арналған еңбегі үшін доктор атағы берілді, ал пруссия университетінің стипендиясы оған провансалдық манускрипттерді зерттеу үшін Италияға баруына мүмкіндік туғызды. Италия­да жүріп жарық көрмеген қолжазбаны көшір­гені үшін оның Ватикан кітапханасында жұ­мыс істеуіне тыйым салынады. Міне, осылайша ол 1853 жылы Германияға оралып, әдеби қыз­метпен айналысуға кірісіп кетеді. Баварияның королі ІІ Максимилиан оған Мюнхен универ­ситетінің профессоры атағын береді. Аталған университетте дәріс оқымағанына қарамастан профессор атанады. Үйленгеннен кейін 1854 жылдың 15 мамырында Мюнхенге келіп, келесі жылы перзент сүйіп, ұлы Франц дүниеге келеді. Ұлынан басқа бірінші әйелінен жазушының тағы да үш баласы болды. 1859 жылы Хейзе Гер­маниядағы бір үлкен әдеби басылымның бас редакторы қызметіне тағайындалды. Бірнеше жылдан кейін ауыр сырқаттан әйелі дүние салды. 1867 жылы екінші рет үйленіп, уақыты­ның бәрін әдеби қызметке арнады. 1910 жылы неміс жазушысы Пауль Хейзе әдебиет са­ла­сындағы Нобель сыйлығын иеленіп, екі жылдан кейін Бірінші дүниежүзілік соғыстың бас­талуына бірнеше ай қалғанда өмірден өтті. Пауль Хейзе – артына өте мол әдеби мұра қалдырған қаламгер. Ол өте көп жазды. Жазушы қаламынан туған шығармалар 20 томнан асады. Прозалық туындылардан бө­лек, жазған өлеңдері де бар. Драматург ре­тін­де де ол өнімді еңбек етті. Бірнеше романды дү­ние­ге әкелді. Бірақ неміс әдебиеті үшін басқа туын­дыларынан гөрі Хейзе новеллаларының алатын орны әрқашан биік. Әлеуметтік мә­селелерді қозғаған әдебиеттегі натуралистік ба­ғытты жазушы қолдамады. Жазған новел­лаларында ол әртүрлі пейзаждарды жасады. Алғашқы туындыларында әлі де өркениеттің дауылы жетпеген табиғаттың балғын шағы, адамның табиғатпен байланысы суреттеледі. Осы тұрғыдан алғанда қазақ жазушысы Орал­хан Бөкей мен неміс қаламгері Пауль Хейзе шығармаларының арасынан бір үлкен туыс­тықты, үндестікті сезгендей боласың. Айталық, Оралхан Бөкейдің «Терісаққан» немесе «Кер­бұғы» туындаларын оқығанда Хейзе шығар­ма­ларында шеберлікпен суреттелетін адам мен та­биғаттың үндестігін сезгендей әсердің бесі­гіне бөленесің. Пауль Хейзенің кемеліне жеткен ша­ғын­да жазған новеллаларында қаланың тіршілігі де суреттеледі. Ол шығармаларды оқу барысында қаламгердің көркемдік әлемінің қалай дамығанын анық сезесің. Хейзенің новеллаларын тілге тиек еткен соң, автордың өзі «өлеңмен жазылған новелла» деп атаған туын­дылары жайлы бір ауыз сөз айтпай кетуге болмайды. Дегенмен Хейзе туындыларының мысалына сүйене отырып, оған мынадай анықтама бере аламыз. «Өлеңмен жазылған новелла» дегеніміз – прозалық новелланың барлық жанрлық белгілері сақталған лиро-эпикалық туынды. Бірақ ол шығармада өлеңнің көлемі мен буыны сол күйінде сақталады». Зады бұл жаңалық Хейзенің көркем прозадағы ең батыл эксперименті. Ұзақ жылдық ғұмыры бар шығар­ма­шы­лы­ғында неміс суреткері Гете мен клас­сицизм дәстүріне адал болды. Бірақ Хейзе клас­сицизм әдебиетінің идеялық мазмұнын өз бе­тінше түсіндірді. Сөз өнерінің биік адамгер­шілік мұраты мен эстетикалық деңгейін сақтай оты­рып жазушы классицизм әдебиетінің идеал­дарын қоғамның сұранысына лайықтап бейім­деуге тырысты. Бұл өз кезегінде қалам­герден образдар мен шиеленістің ауқымын өзгертуді, оны жаппай неміс оқырманының талғамына ыңғайлауды талап етті. Екінші жағынан бұл бізге романтизмнен ір­гесін аулақ салып, бірте-бірте реализм­ге қарай бағыт ала бастаған неміс әдебиетімен П.Хейзе шығармашылығының әдемі үйлесім тапқаны туралы айтуымызға негіз бола алады. Бүгінгі әдебиеттану ғылымында мұндай құбы­лыс «бидермейер әдебиеті» деп аталып жүр. Сыр­шылдық, камералық, сентименталдық, дүниені әсірелеу – әдебиеттегі бидермейерлікке тән сипаттар. Хейзе тап осы сипаттарды но­велла жанрында шебер қолданды. Жазушы но­веллаларының басты кейіпкерлері – қара­пайым шет аймақтық тұрғындар, бейшара сурет­шілер, әртістер мен пошта тасушылар. Хейзе новеллаларының сюжеттері жеке өмір­дің үзігін ғана суреттеп, өздеріне дән риза неміс бюргерлігінің жайлы тіршілігін оқырман көзіне елестетеді. Дей тұрсақ та, бидермейер әдебиеті уақыт өте келе «бюргелік» тамырынан ажырап, бұқаралық әдебиетке айналды.

Амангелді КЕҢШІЛІКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары