Жаңалықтар

7 қыркүйекте қандай елеулі оқиғалар болды?

2001 жылы Елбасы Н.Назарбаев Ақтау қаласында өткен бірнеше іс-шараға: паром терминалының, қаланың «Ынтымақ» алаңындағы «Достық» монументінің ашылу салтанатына және Қазақстан жастарының бірінші конгресіне қатысты.

2005 жылы Павлодардың «Космос» жастар-демалыс орталығында әртіс әрі кинорежиссер Қуат Әбусейітовке арналған ескерткіш тақта орнатылды. Осыдан бастап жастардың демалыс орталығы қазақ киносы шеберінің есімімен аталатын болды. Өзінің кіндік қаны тамған Баянауылдың даңқын аспандатқан жерлестеріне арналған кеште актер, кинорежиссер, сазгер әрі ақын Қуат Әбусейітов туралы фильмнің тұсаукесері болды.

2005 жылы Алматыда, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында «Опаленные Чернобылем» атты кітаптың таныстырылымы болып өтті. Кітап Чернобыль ардагерлері одағының қолдауымен басып шығарылды. Авторы – Чернобыль ардагері Рахым Әбдікәрімов. Оқырмандарды қызықтыратын қазақстандық Чернобыль жауынгерлері туралы нақты материалдар, айғақтар және суреттер жинақталған. Кітаптың тұсаукесер рәсіміне Чернобыль ардагерлері, қайтыс болған ардагерлердің жесірлері, Чернобыль ардагерлері одағының төрағасы және Ауған ардагерлер одағы, Ресей, Украина, Беларусь елшіліктерінің өкілдері қатысты. Чернобыль АЭС-ның ядролық апаты 1986 жылдың 26 сәуiрiнде болды. Ол адамзат тарихындағы ең үлкен техногендi апаттың бiрі болды. Апаттың қалдықтарын жоюға қазақстандықтар да қатысты. №20040 әскери бөлiм Қазақстанда ұйымдастырылған. Бұл полкте 1986-1989 жылдар аралығында 31730 қазақстандық апат салдарын жоюшы жауынгер қызмет атқарған. Қазіргі таңда 6 320 Чернобыль ардагерлері бар.

2005 жылы Оралда «Жайықтың мөлдір сырлары – Поющие берега Урала» атты жинақ жарық көрді. Кітапқа Ақұштап Бақтыгереева, Татьяна Азовская, Шолпан Кыдырниязова, Роза Ташенова, Дариға Мұштанова, Галина Самойлова сынды Батыс Қазақстанда тұратын белгілі ақын-жазушылардың шығармалары енді. Қатты тыста әдемі ресiмделген кiтап екi тiлде басып шығарылған.

2007 жылы Шығыс Қазақстан облысының Глубокое кентінде «ИЗАТЕМ» базальт тау жынысынан минерал-мақта бұйымдарын өндіретін жаңа зауыт ашылды. Минералды бұйымдардың жоғары деңгейдегі отқа төзімділік қасиеті бар және олар жанбайтын материалдар тобына жатады, оны ғимараттың отқа төзімді құрылымында пайдалануға болады. Бұл әлемдік талаптарға сай жасалған Қазақстандағы жалғыз зауыт болып саналады. «Изатем» зауыты – «Восток-Универсал» өндiрiстiк-өнеркәсiптiк кешенiнiң бiрiншi кезегі. Зауыттың іске қосылған бірінші желісінің қуаттылығы жылына 28 мың тонна дайын өнім. Өнімнің 40 пайызы Ресей Федерациясының Батыс Сібір және Орталық Азия елдерінің нарығына экспортталады.

2009 жылы Астанада Эстония Республикасының Орталық Азиядағы бірінші консулдығы ашылды. Салтанатты шараға Эстония Республикасының Премьер-министрі Андрус Ансип, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, бизнесмендер қатысты.

2009 жылы Талдықорғанда Қазақстан ардагер-энергетиктерінің І съезі болып өтті. 2010 жылы Қазақстанда 350.ORG жаһандық экологялық қозғалыс өкілдігі ресми ашылғаны хабарланды.

2010 жылы Еуропа комиссиясының әлемге танымал «Берламон» ғимаратында қазақстандық заманауи өнер көрмесінің салтанатты ашылуы өтті, онда «Has Sanat» галереясының заманауи суретшілерінің туындылары қойылды.

2011 жылы София қаласында Болгария Республикасы сыртқы істер министрлігі жанындағы мемлекеттік мәдениет институтында Қазақстанға арналған фотокөрме өтті.

2012 жылы «Технологиялық даму бойынша ұлттық агенттік» АҚ «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі» АҚ бірлесіп, «Парасат» тәуекелді қаржыландырудың акционерлік инвестициялық қоры» АҚ еншілес қорын құрды.

2012 жылы Мажарстанның астанасы Будапешт қаласындағы «VAM Design Center» орталығында танымал қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбековтің жинағындағы ежелгі сақтардың жаңартылған дүниелерін көрсететін «Алтын адам – дала пирамидаларындағы патшалық қорымдар дүниесі» көрмесі ашылды.

2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев және ҚХР төрағасы Си Цзиньпин қазақстандық-қытайлық іскерлік кеңестің құрылтайшы отырысы барысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын іске қосты.

2014 жылы Мәскеу халықаралық кітап көрмесінде «Цифрономикон» Қазақстан-Ресей техногенді мистикасының жинағы таныстырылды.

2015 жылы Стокгольм қаласында Қазақстанның Швециядағы Елшілігі Қазақстан Республикасы Үкіметі мен МАГАТЭ арасында Қазақстанда Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ) Өскемен қаласында орналасқан Үлбі металлургиялық зауытында құру туралы келісімге қол қою рәсіміне байланысты брифинг өткізді.

2015 жылы Бельгияның Гент қаласындағы жергілікті галереяда фотоәуесқой Элизабет Коллинстің Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан сапарларына арналған «Шексіздік» фотокөрмесі ашылды.

2016 жылы Алматыда «Олимпиада жеңістері тарихы» көрме экспозициясының ашылуы өтті. Көрмеде Олимпиада ойындарындағы қазақстандықтардың жетістіктеріне таныстырылып, шара Рио-де-Жанейродағы кезекті Паралимпиада ойындарының басталуына орайластырылған.

2016 жылы РФ Мәскеу облысы Кубинка қаласында «Армия-2016» халықаралық әскери-техникалық форумы барысында қазақстандық зауыттың басшылығына Қазақстанда Ми-8Т, Ми-8П, Ми-8ПС, Ми-17, Ми-8МТВ-1, Ми-17-1В, Ми-8АМТ, Ми-171(Е), Ми-172 түріндегі тікұшақтармен барлық жұмыстар жүргізуге мүмкіндік беретін сәйкес құжат салтанатты түрде табыс етілді.

2016 жылы Қазақстандық зерттеуші, Торғай геоглифтерін ашқан ғалым Дмитрий Дей әлемде баламасы жоқ құпия нысандарға экспедиция ұйымдастыруға қажетті қаражат жинау мақсатында халықтық жобаның басталғандығын жария етті. Түркияда өткен Археологтардың еуропалық қауымдастығының форумында торғайлық нысандар 2014 жылдың басты сенсациясы деп танылды. Ал 2015 жылдың қорытындысы бойынша америкалық блогерлердің таңдауымен Торғай геоглифтері жылдың топ-10 жаңалықтарының қатарына енді.

2016 жылдың жазында Qatar Day шешілмеген құпия нысандардың тізімін жасады, олардың қатарында Торғай геоглифтері де бар.

Back to top button