Журналистерге арналған қате қолданыстар сөздігі таныстырылды
Журналистерге арналған қате қолданыстар сөздігі таныстырылды
Бүгін «Қазмедиа орталығы» ғимаратында «Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» тұсаукесері өтті.
«Сөзтүзер. Қате қолданыстар сөздігінің» отандық БАҚ материалдарының мониторингі негізінде білікті лингвистердің, тәжірибелі журналистер мен кәсіби редакторлардың қатысуымен әзірленді. Жоба авторлары еліміздің ақпараттық кеңістігінде мемлекеттік тілде жиі кездесетін қателіктерді анықтады, жіктеді және талдады.
Нәтижесінде қазақ тіліндегі сөздерді дұрыс пайдаланбаудың нақты мысалдары бар, сондай-ақ жалпы орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер сөздігі жасалды. Онда сөздер мен сөйлемдердің дұрыс нұсқасын қолдану бойынша ұсыныстар берілген. Айта кету керек, бұл - осы бағыттағы алғашқы ауқымды жоба.
Отандық БАҚ-қа арналған қазақ тіліндегі сөздік құрастыру идеясын Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев ұсынған. Жоба жетекшісі - ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы.
Сөздік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойын мерекелеу шеңберінде ұсынылған және Қазақстан халқының Тілдері күніне орайластырылған. Тұсаукесер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Медиа Дамыту қоры» Корпоративтік қорымен бірлесіп ұйымдастырылды. Іс – шараның демеушісі – «Qazaqstan» РТРК.