Степногорскіде тіс дәрігері сертификатсыз 345 балаға қызмет көрсеткен

/
Степногорскіде тіс дәрігері сертификатсыз 345 балаға қызмет көрсеткен
istockphoto.com

Степногорск қаласының прокуратурасы кәмелетке толмаған балаларға тиісті маман сертификатынсыз медициналық қызмет көрсету фактілерін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, «Viamedis» ЖШС филиалының тіс дәрігері балаларға медициналық қызмет көрсету құқығын беретін тиісті маман сертификатынсыз медициналық көмек көрсеткен.

Аталған дәрігер 345 кәмелетке толмаған пациентке медициналық қызмет көрсеткені, ал көрсетілген қызметтер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен төленгені анықталды.

Негізсіз төленген медициналық қызметтердің жалпы сомасы 2 569 792 теңгені құрады. Балаларға қажетті рұқсат құжаттарынсыз медициналық көмек көрсету олардың денсаулығына қауіп төндіріп, сапалы әрі білікті медициналық көмек алу құқықтарын бұзған.

Прокурорлық қадағалау актісі бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою және негізсіз төленген қаражатты қайтару шаралары қабылданып, нәтижесінде 2 569 792 теңге мемлекетке қайтарылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары