50752
Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі
Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі
Мемлекет басшысы Парламент Палаталарының бірлескен отырысында «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауын жариялап, еліміздің алдағы даму стратегиясын айқындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пандемиядан кейінгі кезеңдегі елді одан әрі дамытуға, денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, сапалы біліммен қамтуға, өңірлік саясатты жетілдіруге, еңбек нарығында тиімді экожүйе құруға, саяси жаңғыруға, адам құқығын қорғау мен ұлтты ұйыстыруға бағытталған бастамаларын жариялады.
Президент Жолдауын ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған сөзімен бастады.
– Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз.
Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды.
Ең басты жетістігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халықаралық қауымдастықтың белді мүшесіне айналдық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік.
Мемлекеттілігімізді нығайту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Егемендік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес.
Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың Тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы. Барлық бастамамыз осыған бағытталуда.
Біз тұғыры мығым ел болу жолында кедергілерді еңсеріп, қиындықтарды жеңіп келеміз. Мұның бәріне берекелі бірлік пен еселі еңбек арқылы жеттік.
Еліміз Тәуелсіздік жылнамасының төртінші онжылдығына қадам басқалы тұр. Бұл кезеңнің оңай болмайтыны қазірдің өзінде айқын байқалуда. Сондықтан кез келген сын-қатерге дайын болуға тиіспіз. Тынымсыз ізденіп, ұдайы алға ұмтылуымыз қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Жолдауда, ең алдымен пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму мәселесі айтылды.
Пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық даму
Пандемияның салдары тек біздің ел емес, бүкіл әлем елдерінде айқын байқалып жатқаны анық. Қиындықтарға қарамастан бағдарымыз анық, десек те Мемлекет басшысы ортамерзімді экономикалық саясатымызды одан әрі айқындай түсіп, мемлекеттік бастамаларды реттеу үшін 2025 жылға дейінгі дамудың Ұлттық жоспарын және Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін қабылдағанымызды айтып өтті. Бұдан бөлек, алда әлі де ұлттық жобалар бекітілетін болады. – Стратегиялық мақсатымыз – Орталық Азиядағы көшбасшылық рөлімізді күшейту және әлемдік экономикадағы орнымызды нығайту. Экономикамызға тікелей инвестиция тарту ісін жалғастырудың жаңа тәсілі ретінде Стратегиялық инвестициялық келісім ұғымы енгізілді. Квазимемлекеттік секторды оңтайландыру үшін нақты шараларды қолға алдық. «Бәйтерек» және «ҚазАгро» холдингтерін біріктірдік. Еншілес компаниялар екі есе азайды, олардың штат санын бір жарым есе қысқарттық. Жаңа, қуатты даму институтын құрдық. Пандемия кезінде мемлекет азаматтарға және кәсіпкерлерге ауқымды әрі жедел қолдау көрсетті. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы өзінің тиімділігін дәлелдеді. Оны жүзеге асыру барысында 3,5 мыңнан астам жоба іске қосылды. Сондай-ақ 70 мың жұмыс орны ашылды. Өндірілген өнім мен көрсетілген қызметтің жалпы құны 3,5 триллион теңге болды. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасының арқасында 66 мың жоба мемлекет тарапынан қолдау тапты. Бұл 150 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға және сақтап қалуға септігін тигізді. Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы бастама экономикаға айтарлықтай әсер етті. Ең бастысы, оның әлеуметтік ықпалы айрықша болды. Осы шараның арқасында миллионнан астам азаматымыз тұрғын-үй жағдайын жақсартты. Кейбірі ипотекалық қарызын азайтты. Жалпы экономикалық дамуымызда оң үрдіс бар екені сөзсіз. Алайда, бүгінгі ахуалдың әлі де күрделі екенін ашық айтуымыз керек. Сондықтан мен «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламаларының мерзімін 2022 жылға ұластыру туралы шешім қабылдадым. Бұл мақсатқа бөлінетін қаржының жалпы көлемі кемінде бір триллион теңге болады, – деді Президент. Мемлекет басшысы соңғы кезде бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан алынатын трансферттер көбейгенін айтып, Үкімет пен Ұлттық банкке нақты тапсырмалар берді. – Бюджеттің кірісін арттыру үшін шаралар қабылдау қажет екені сөзсіз. Бірінші кезекте, мемлекеттік шығыстардың ауқымын және оның тиімді жұмсалуын бақылауда ұстау керек. Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру үшін бюджет ережесін енгізуді тездеткен жөн. Бұған қажетті заңнамалық өзгерістер осы жылдың соңына дейін қабылдануы тиіс. Жалпы, елімізге мемлекет қаржысын, атап айтқанда, мемлекеттік қарызды, бюджет саясатын және Ұлттық қорды басқарудың ережелер жинағы қажет. Үкімет пен Ұлттық банктен жыл соңына дейін Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасын әзірлеуді сұраймын, – деп нақтылады Президент. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, өндірілетін тауарлардың түрін көбейтіп, экспорт географиясын кеңейту жөніндегі жұмысты жалғастыру керек екені айтылды. 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейтіп, 24 миллиард долларға жеткізу, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру сияқты нақты меже қойылды. Президент әзірленіп жатқан «Өнеркәсіп саясаты туралы» заң өңдеу өнеркәсібінің түйткілдерін шешуі тиіс екеніне ерекше тоқталды. Отандық өнеркәсіптегі шикізат тауарларының бағасы қолжетімді, ал көлемі жеткілікті болуы үшін Мемлекет басшысы Үкіметке жыл соңына дейін осы маңызды міндетті шешу туралы тапсырма берді. – Жер қойнауын пайдалану саласына, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу ісіне тың серпін қажет. Ұлт жоспары аясында басталған реформаларды соңына дейін жеткізген жөн. Атап айтқанда, геологиялық ақпараттың ашық цифрлық мәліметтер базасын құрып, оны инвесторлар үшін қолжетімді ету керек. Жер қойнауы – ұлттың байлығы. Оны пайдалануға беруді оңаша кабинеттерде «бармақ басты, көз қыстымен» шешу заңсыз деп танылуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сондай-ақ Президент Үкімет пен Ұлттық банк әлемдік ахуалды алға тартып, инфляция мәселесіне келгенде қауқарсыздық танытып отырғанын айтып, сынға алды. – Біз инфляцияның бақылаусыз өсу проблемасымен бетпе-бет келдік. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отыр. Мұндай сылтау ұлттық экономиканың әлсіздігін көрсетеді. Онда «біздің кәсіби экономистеріміздің рөлі қандай?» деген сауал туындайды. Үкімет пен Ұлттық банктің басты міндеті – инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтару, – деп нақтылады Мемлекет басшысы. Бөлінген қаражат әлі бармай жатқан салалар бар екенін айтқан Президент екінші деңгейдегі банктер шағын жобаларға, әсіресе ауылға арнап ақша салмайтынын, сондықтан микроқаржы ұйымдарының әлеуетін іске қосу керек екенін айтты. Осы мәселе бойынша Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне тапсырма берді. – Біз мемлекет банкирлерге көмектеспеуі тиіс деген шешім қабылдадық. Сонымен бірге, шектеу қойылып, бұғатталған активтерді экономикалық айналымға қайтару керек. Алайда мұны тек қана нарықтық негізде жүзеге асырған жөн. Бұған заңнамалық негіз болуы қажет. Үкімет Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, жылдың соңына дейін тиісті заң жобасын Парламентке енгізсін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Содан кейін Президент ең бастысы мәселелердің бірі – азық-түлік бағасына тоқталды. – Қазақстанның ауыл шаруашылығының әлеуеті орасан зор екені көп айтылады. Бірақ агроөнеркәсіп кешені саласында қордаланған проблемалар да аз емес. Ең алдымен, бұл – азық-түлік тауарларының бағасын белгілеудің және оны бөліп-таратудың тиімсіз жүргізілуі. Мен бұған дейін көтерме-тарату орталықтарының желісін құрудың маңыздылығы туралы айтқан болатынмын. Бұл міндет орындалып жатыр. Осы орталықтардың шағын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге, соның ішінде, жеке қосалқы шаруашылықтарға да қолжетімді болуын қамтамасыз ету маңызды. Бұл нарықтың монополиялануына жол беруге болмайды. Сонымен бірге, өнім өндірушіден тұтынушыға дейінгі аралықтағы бағаның бәріне бірыңғай бақылау жасау қажет. Қазір осы жұмысқа бірнеше мекеме жауапты. Әр жолы баға шарықтағанда олар байыппен сараптама жасап, тиімді шаралар қабылдаудың орнына бір-біріне сілтей бастайды. Бұл жұмысты ретке келтіретін кез келді. Жауапкершіліктің ара-жігін ажырату керек. Бір мекемені басты орган ретінде айқындап, өзгелерінің өзара іс-қимылын нақты белгілеу қажет, – деді Президент, сонымен қатар Үкіметке осы мәселені реттеуге бір ай уақыт берді. Жолдауда жем-шөп тапшылығы да айтылды. Қазір ахуал реттелгенін, дегенмен бұл салада әлі де жүйелі жұмыс атқару керек екенін айтқан Мемлекет басшысы жем-шөп дайындауға қажетті жер көлемін кеңейткен жөн деген нақты міндет қойды. – Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауы тиіс. Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек, – деді Президент. Сондай-ақ ветеринария саласын да жетілдіру қажеттігі, аграрлық саясаттағы сабақтастықтың болмауы үлкен қиындық тудырып отырғаны да айтылды. – Біздің аграрлық саясатымызда сабақтастық болмай отыр. Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмысты жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болуы қажет. Соған сәйкес субсидиялау тәсілдерін қайта қарап, тұрақтандыру керек. Соңғы бес жылдың өзінде субсидиялауға екі триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек, – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы саласы бойынша нақты міндеттерді айқындап, ең бастысы елімізді негізгі азық-түлік өнімімен толық қамтамасыз ету екенін айтты. – Ауыл шаруашылығын технологиялық тұрғыдан қайта жабдықтауды қолдау тәсілдерін мұқият қарауымыз қажет. Агроөнеркәсіп кешені қолданатын технологияның шамамен 90 пайызы әбден ескірді. Оны жаңарту керек. Ауыл шаруашылығын субсидиялау саясатын өнеркәсіп саласындағы мемлекеттік саясатпен ұштастырған жөн. Үкімет пен «Бәйтерек» холдингі осы мәселе бойынша ұсыныстар әзірлеуі қажет. Мен биыл ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және олардың қатысы бар компанияларға сатуға және жалға беруге біржола тыйым салған заңға қол қойдым. Жер кодексіне қазақстандық инвесторларды ауыл-аймақтарды дамыту үшін қаржы салуға ынталандыратын түзетулер енгізілді. Соның арқасында ауыл шаруашылығы ұлттық экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Келесі кезекте Президент цифрландыру мәселесіне тоқталды. Отандық ІТ-секторды дамытудың маңызы, сол себепті елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек екені айтылды. – Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ-маман даярлау қажет. Цифрлық саладағы қызметтер мен тауарлардың экспорты 2025 жылға қарай кемінде 500 миллион долларға жетуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы. Оған қоса «Электронды үкімет» пен басқа да мемлекеттік қызметтер 100 пайыз қолжетімді болуы тиіс деген тапсырма берді. – Біз еліміздің орасан зор ақпараттық-телекоммуникациялық әлеуетін іске асыра білуге тиіспіз. Жаңа цифрлық дәуірде ол геосаяси маңызға ие болады. Қазақстан Еуразия өңірінің басым бөлігі үшін орталық цифрлық хабқа айналуы тиіс, – деп қорытындылады Президент. Сонымен қатар Жолдауда Ауғанстандағы ахуал мен жаһандық шиеленістің күшеюі туралы сөз қозғалды. Осы мәселеге байланысты қорғаныс саласына мән беру керектігі айтылды.Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру
Пандемия денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Індеттің беті әлі де қайтар емес. Десек те, осындай қиын кезеңде жедел әрі тиімді әрекет еткенімізді айтқан Мемлекет басшысы денсаулық сақтау жүйесіне ерекше тоқталды. Біздің ел коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі екенін де атап өтті. Бірақ әлі күнге дейін халықтың вакцинаға сенбеуі, соған ықпал етіп отырған үгіттеушілердің көптігі қауіпті жағдай екені анық. – Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр. Елімізде жаппай екпе салу жүріп жатқанымен, қоғамда оған қарсы адамдар әлі де көп. Олар өздері бас тартып қана қоймай, халықты кері үгіттеуде. Соның кесірінен қаншама жұртты адастыруда. Мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген вакциналарды тезірек сатып алу қажет екенін, бүкіл денсаулық сақтау саласын тұрақты екпе алу жүйесіне дайындаған жөн екенін айтып, еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын Ұлттық жүйе құру мәселесін көтерді. – Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаларға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрине, бұл мәселелерді реттеу үшін медицина саласына қомақты қаржы құю керек екені айтылды. – Бұл қаражат инфрақұрылымға, маман даярлауға және халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жұмсалуы тиіс. Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет, – деп нақтылады Мемлекет басшысы. Біздегі дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың 17 пайызы ғана отандық өнім екенін алға тартқан Президент 2025 жылы оны 50 пайызға жеткізу керек екенін айтты. Жолдауда бұқаралық және балалар спортын дамытуға көңіл бөлу мәселесі де көтерілді. Оған қоса Токио Олимпиадасының қорытындысына байланысты спорттағы ахуалды бөлек кеңесте қарау қажет екені айтылды.Сапалы білім беру
Жолдауда айтылған тағы бір маңызды мәселе – сапалы білім беру. Осы бағытта атқарылған шараларды атап өткен Мемлекет басшысы әлі де атқарылуы тиіс бірқатар маңызды міндетке тоқталды. – Биылғы қаңтар айынан бастап педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейді. Алдағы үш жылда осы мақсатқа тағы 1,2 триллион теңге жұмсаймыз. Қабылданған шаралар жемісін беріп жатыр. Педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Біз ұстаздарды қолдау саясатын жалғастыра береміз. Қазіргі жаһандық өзгерістер кезеңінде түлектің білімі еңбек нарығына шыққанға дейін-ақ жеткіліксіз болып қалуы әбден мүмкін. Сондықтан құзырлы министрліктің алдында оқу бағдарламаларын жаңа жағдайға бейімдеу міндеті тұр. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Пандемия кезінде қашықтан оқытудың нәтижесі ұлттық телекоммуникация желілерінің тиімділігі төмен екенін көрсетті. Мұндай ахуал негізгі, қарапайым білімнің өзін меңгере алмаған оқушылардың саны артуына әкеп соқты, – деді Президент. Мемлекет басшысы білім беру саласындағы ең негізгі қиындықты да айтып өтті. – Тағы бір проблема, нағыз қиындық осы деуге болады, балалар оқуын тастап кетіп жатыр. Өйткені білім алуды қажет деп санамайтын болды. Үкіметке бұл мәселемен, атап айтқанда қашықтан білім беруге қажетті ақпараттық жүйенің сапасын жақсартумен мықтап айналысуды тапсырамын. Біздің білім беру жүйеміз қолжетімді әрі инклюзивті болуы тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Дегенмен биыл бірнеше оқушы халықаралық пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанғанын айтқан Президент дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсету қажет екенін, оларға жоғары оқу орнына түсу үшін конкурстан тыс гранттар, ақшалай сыйақы берілетінін мәлімдеді. Жыл сайын мектеп бітірген 50 мың түлек оқуға ақылы негізде түседі. Олардың 85 пайызы тұрмысы төмен отбасының балалары екен. Осы себепті тұрмысы төмен отбасында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетудің маңызы да нақтыланды. – Орта білім беру жүйесіндегі өткір проблеманың бірі – мектептердегі орын тапшылығы. 225 мың оқушыға орын жетіспейді. Шұғыл шара қабылдамасақ, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 1 миллионға жетеді. Мен 2025 жылға дейін кемінде 800 мектеп салу туралы тапсырма берген болатынмын. Бүгін оның санын бір мыңға жеткізуді міндеттеймін, – деді Мемлекет басшысы. Сонымен қатар Президент ғылымды дамыту, іргелі ғылыммен айналысатын ғылыми-зерттеу институттарын тікелей қаржыландыру тәртібін енгізуді тапсырғанын мәлімдеді. Ғылым саласын гранттық қаржыландыру мерзімін бес жылға дейін ұзарту мәселесін қарастырған жөн екені айтылды. – Жалпы, еліміздің білім беру және ғылым саласының алдында кезек күттірмес ауқымды міндет тұр. Бұл – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу деген сөз, – деп қорытындылады Мемлекет басшысы.Өңірлік саясаттыжетілдіру
Президент келесі кезекте жергілікті биліктің, әкімдіктердің жұмысына тоқталды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» басты қағидаты – мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуі керек екенін айтты. – Тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларын шұғыл шешумен дәл осы әкімдіктер айналысады. Бірақ әрдайым осылай болып жатқан жоқ. Жоғары басшылықтың өңірлерде қабылданған шешімдерді түзетуіне, тіпті, кейде солардың орнына шешім қабылдауына тура келеді. Түрлі деңгейдегі әкімдердің батыл әрі дербес қадам жасауға қабілеті жетпей жатады. Олар орталыққа жалтақтап жұмыс істейді. Бұл, негізінен, әкімдердің халық алдындағы қазіргі жауаптылық деңгейі жеткіліксіздігіне байланысты екенін мойындаған жөн. Олардың қызметіне баға бергенде өңір тұрғындарының пікірі ескеріле бермейді. Сондықтан барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысын бағалау тәсілін оңтайландыру керек, – деді Мемлекет басшысы. Осы мәселеге байланысты тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізудің маңызды екені айтылды. Бұл тәсіл арқылы билік органдары жұмысының сапасына тұрғындардың көзқарасы туралы шынайы мәлімет алуға болады. – Формальды есептерден гөрі сауалнамадан халықтың көңіл күйі анық аңғарылады. Президент Әкімшілігі осы мәселеге байланысты ұсыныстар топтамасын әзірлеуі керек. Ұлттық даму жоспары аясында азаматтардың тұрмыс сапасын арттыру үшін нақты 25 міндет айқындалды. Жұмысымыздың басым бағыттары – осы. Сондықтан Үкімет пен әкімдер Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген жалпыұлттық міндеттерге сәйкес жаңартуы қажет, – деп нақты тапсырма берді Президент. Жолдауда «Адамдар – инфрақұрылымға» қағидатының маңызы, моноқалалардағы тыныс-тіршілікті одан әрі жандандыруға қатысты жан-жақты ойластырылған шешімдер қажет екені айтылды. – Еліміздің ішкі байланысын жақсарту үшін көлік инфрақұрылымына қатысты бұған дейін басталған барлық жобаны аяқтауымыз керек. Алматыдағы 2-ші жылу электр орталығының аумағында булы газ қондырғысын салу, 3-ші жылу электр орталығын жаңғырту және 1-ші жылу электр орталығын кеңейту керек. Оңтүстік өңірде 1000 мегаватт энергия өндіретін жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Алматы қаласы мен Алматы облысындағы кабель желілері жаңғыртылуға тиіс. Бұл жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі бір триллион теңгеден асады, – деп нақтылады Президент. Қазір экология мәселесі жаһандық проблемаға айналып отыр. Бұл мәселе біздің елді де айналып өтпейді. Әсіресе, ауаның тазалығы айрықша маңызды. Осыны назарға алған Мемлекет басшысы мейлінше ластанған 10 қаланы орта мерзімді кезеңде газға немесе баламалы қуат көздеріне көшірген жөн екенін айтты. Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының алдағы он жылдың ішінде жаһандық деңгейде су ресурсының тапшылығы болады деген болжамын алға тартқан Президент 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін, сол себепті де біз жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керек екенін мәлімдеді. Осы мәселеге қатысты Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Соның ішінде, су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 каналды қайта жаңғыртуға кірісетініміз, ал Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатыны айтылды. – Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған басты міндет, – деді Президент. Сонымен қатар 2030 жылға қарай елімізде электр қуаты тапшылығы байқалатынын айтқан Мемлекет басшысы мәселенің ең оңтайлы шешімі бейбіт атом екенін нақтылады. – Бұл мәселеге инженерлік саланы дамыту және атом саласындағы білікті инженер мамандардың жаңа буынын қалыптастыру мүмкіндігі тұрғысынан да қарау қажет. «Жасыл» сутегі өндірісі, жалпы сутегі энергетикасы – болашағы зор бағыттар. Үкіметке осы мәселе бойынша да ұсыныс әзірлеуді тапсырамын, – деді Президент.Еңбек нарығында тиімді экожүйе қалыптастыру
Жолдауда қазіргі еңбек нарығына қатысты мәселелер де көтерілді. Жұмыспен қамтудың түйткілдерін шешу үшін арнайы заң керек екені айтылды. – Бізге «Кәсіби біліктіліктер туралы» заң қажет. Бұл құжат біліктілікті тану мәселесін реттеп, жұмысшыларды өзінің қарым-қабілетін жетілдіруге ынталандыруы керек. Жаппай цифрландыру үдерісі интернет-платформалар негізінде жұмыспен қамтудың жаңа үлгісін алып келді. Такси жүргізушілері, курьерлер және басқалар – осының жарқын мысалы. Бұл сала әлеуметтік және медициналық сақтандыру, зейнетақымен қамту және салық салу тұрғысынан мемлекеттің қолғабыс етуіне мұқтаж болып отыр. Біздің еңбек нарығымызға көші-қон үдерісі де зор ықпал етеді, – деп тоқталған Мемлекет басшысы сөзін көші-қон саласы мәселелерімен сабақтады. – Қазақстан – еңбек мигранттарын қабылдау жағынан ТМД елдері ішінде екінші орында. Бұл саладағы проблемаларды дұрыс шешуіміз керек. Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын әзірлеуі тиіс. Онда шетелдерде жұмыс істеп жүрген өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғау тәсілдері де көрініс тапқаны жөн. Ел ішіндегі еңбек күшінің ұтқырлығы мәселесіне қатысты да жаңа ұстанымдар қажет. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшіп жатқан азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы тәсілдерін қайта қарауы керек, – деп Президент нақты міндеттерді белгіледі. Әлеуметтік бағдарламалар мен түрлі көмектің жетуі тиіс жеріне жете бермейтіні де Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмады. – Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Алайда қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алуда. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды әдейі жеке мүддесіне пайдаланатын азаматтар аз емес. Мұндай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Осындай жағдайлар «мемлекеттен ала берсем» деген көзқарас қалыптастырды. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар, – деді Президент. Сонымен қатар әзірленіп жатқан Әлеуметтік кодексте осындай мәселелерге барынша назар аудару керек екені нақтыланды.Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау
– Саяси жаңғыруды біртіндеп жүзеге асыру – мемлекетіміздің стратегиялық бағдарының басым міндетінің бірі. Соңғы екі жылда біз бұл салада бірқатар елеулі өзгеріс жасай алдық. Митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жазылған жаңа заң қабылданды, партиялардың Мәжіліске өту шегі 5 пайызға дейін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Осы және басқа да қадамдар қоғамда белсенді қолдау тапты. Бұл бастамалар орнықты демократиялық даму бағдарымызды нығайтып, саяси жүйемізді сапалық тұрғыдан өзгертеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Алайда Президент мұнымен шектелуге болмайтынын да ескертті. Сондықтан саяси реформалар жалғасатын болады. Мемлекет басшысы биыл тұңғыш рет өткізілген ауыл әкімдерін тікелей сайлау аса маңызды қадам болғанын айтып өтті. – Бұл – менің былтырғы Жолдауымда айтылған саяси реформаның негізгі мәселесі. Осы шешім ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүддесіне тікелей ықпал етеді. Біз дұрыс жолдамыз. 2024 жылы азаматтар пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау мүмкіндігіне ие болады, – деп Президент алдағы жоспарларға тоқталды. Жолдауда адам құқығы мәселелері де қамтылған. Адам құқығын қорғау саласын әрдайым жеке дара бөліп қарайтынын еске салған Президент соңғы екі жылда бұл бағытта едәуір ілгерілегенімізді мәлімдеді. – Биыл қаңтар айында мен өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойдым. Енді Қылмыстық кодекстің нормаларын Екінші Факультативтік хаттаманың ережелерімен үйлестіруіміз керек. Осы жаздың басында менің Жарлығыма сәйкес Үкімет Адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспарды бекітті. Осы маңызды құжат Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақмерзімді институттық негіз қалыптастырады. Атап айтқанда, кешенді жоспар қабылданғаннан кейін гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыс басталды. Осыған орай әйелдердің қоғамдағы экономикалық және саяси ұстанымын барынша қолдауды қамтамасыз еткен жөн. Бұл жұмысқа Президент Әкімшілігі жауапты. Отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасына да өзгерістер енгізген жөн, – деп нақтылады Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы құқық қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістерді санамалап айтты. – 2021 жылғы 1 шілдеден бастап әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл институт мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырады. Сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылып жатыр. Заңнамадағы барлық қайшылықтар мен көмескіліктер азаматтар мен бизнестің мүддесіне орай түсіндірілетіні заң жүзінде қамтамасыз етілді. Үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейді. Осы жылдың басынан бері екі мыңнан астам азаматты қылмыстық жауапқа негізсіз тартуға жол берілген жоқ. Прокурорлық қадағалаудың жеделдігі артты. Негізсіз шешімдердің 98 пайызы үш тәуліктің ішінде күшін жойды. Прокурорлардың айыптау актілерін дайындау жөніндегі құзыретін біртіндеп кеңейте беру қажет. Бұл қадам олардың жауапкершілігін арттырып, тергеу нәтижелеріне құқықтық баға беру тетіктерін нығайтады. Ішкі істер органдары осы салаға тән емес бірқатар функциядан арылды. Учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Олар құқықбұзушылықтардың алдын-алу саласында қосымша өкілеттікке ие болды. Бірнеше өңірде полицияның сервистік моделі пилоттық режімде жұмыс істей бастады. Келесі кезең – оның ауқымын кеңейту. Бұл жұмыстың табысты болуы көбіне жергілікті билік органдарының осы үдеріске қатысуына байланысты болады. Олар жаңа өзгерістердің мән-маңызын түсініп, полицияға қолғабыс етуге тиіс. Сондай-ақ қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек, – деді Президент. Оған қоса ол қазіргі қоғамда жиі кездесетін қауіпті үрдістерге де тоқталды. – Алаяқтықтың көбеюіне байланысты азаматтардың наразылық білдіруі орынды. Бас прокуратура алаяқтыққа және қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлейтін болады. Балаларға, соның ішінде ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстардың алдын алу және оның жолын кесу ерекше бақылауда болуы тиіс. Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы. Құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды тапсырамын, – деп Президент нақты тапсырма берді. Сыбайлас жемқорлық, қорғаушылардың құқығы да назардан тыс қалмады. – Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресті жалғастыру қажет. Құзырлы агенттік жыл соңына дейін ортамерзімді кезеңдегі іс-қимылымыздың бағдарламасын айқындайтын стратегиялық құжатты бекітуге ұсынуы керек. Бұл ретте, «тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты» жоюға айрықша назар аударған жөн. Азаматтардың құқығын қорғағанда құқық қорғаушылардың, соның ішінде адвокаттардың құқығы туралы ұмытпаған жөн. Олардың қызметінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысына кедергі келтіретін заңсыз әрекеттердің жолын кесу қажет, – деді Мемлекет басшысы.Ұлттың ұйысуы – одан әрі дамудың басты факторы
Президент қазір ең басты нәрсе татулық пен бірлік екінін айтты. Сонымен қатар тіл саясатына да тоқталды. Жалпы адамзатқа ортақ қастерлі құндылықтарды ұмытпауға шақырды. – Жаһанды тұрақсыздық жайлап, көптеген жаңа сын-қатер пайда болып жатқан кезде біз бағдарымызды бекемдеп, болашаққа көзқарасымызды айқындай түсуіміз қажет. «Бірлігіміз – әралуандықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді. Бұл – бекерге айтылған сөз емес. Мұндай ұстанымды қазақстандықтардың басым көпшілігі қолдайды. Біздің азаматтарымыз үшін келісім мен толеранттылық – мәдениеттер мен тілдерді өзара тоғыстыратын өмірдің шынайы көрінісі, нақты болмысы. Біз – Конституцияда айтылғандай, біртұтас халықпыз. Біздің нағыз күшіміз – осында. Біз пікір алуандығын қолдай отырып, радикализмнің кез келген көрінісінің жолын кесеміз, мемлекеттік егемендігімізге, аумақтық тұтастығымызға қол сұғуға жол бермейміз. Қоғамдағы бірлік пен келісімді көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Адамды тіліне, ұлтына, нәсіліне қарап кемсітуге, біреудің намысына тиюге жол бермейміз, заң бойынша жауапқа тартамыз. Конституцияға қайшы мұндай жауапсыз қадамдар еліміздің негізгі мүдделеріне зиян келтіреді. Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Қазақ тілі, шын мәнінде, білім мен ғылымның, мәдениет пен іс жүргізудің тіліне айналып келеді. Мемлекетіміздің болашағы үшін біз ішкі тұрақтылық пен жалпыұлттық бірлігімізді сақтап, нығайтуға міндеттіміз, – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Жолдауда айтылған 5 бастама: Бірінші бастама Ең төменгі жалақы деңгейін қайта қарайтын кез келді деп санаймын. Бұл – бір жағынан аса маңызды макроиндикатор болса, екінші жағынан – әркімге түсінікті көрсеткіш. Бізде ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Қоронавирусқа байланысты әлемдік дағдарыс тұрғындардың табысына кері әсер етті. Оның үстіне Қазақстан ең төменгі жалақы деңгейі бойынша ТМД-ның бірқатар елдерінен артта қалып қойды. Сондықтан 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны қазіргі 42,5 мың теңгеден 60 мың теңгеге дейін көтеру туралы шешім қабылдадым. Бұл шара бір миллионнан астам адамға тікелей, ал бүкіл еңбеккерлерге жанама әсер етеді. Сонымен бірге, көлемі бүгінде жария етіліп жүрген жалақының 30, тіпті кейде 40 пайызына дейін жететін «көлеңкелі» еңбекақы қорын азайтады. Ең төменгі жалақы мөлшерін көбейту ішкі тұтынуды өсіріп, экономикаға оң әсер етеді. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл Ішкі жалпы өнімді 1,5 пайызға арттырады. Бұдан былай ең төме