Ресей командасына ауысқан қазақ қызы Әлем чемпионы атанды

Ресей командасына ауысқан қазақ қызы Әлем чемпионы атанды

Ресей командасына ауысқан қазақ қызы Әлем чемпионы атанды
ашық дереккөзі
290
Жақында Ресейге ауысқан шахматшы Бибісара Асаубаева кеше 12 жасқа дейінгі қыздар арасында әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Вaq.kz.
 Грузияның Батуми қаласында өткен балалар арасындағы әлем чемпионатында Бибісара 12 жасқа дейінгі шахматшылар арасында топ жарды.
Тараз қаласының тумасы турнир бойы өз тобында көш бастап, кезекті алтын медалін жеңіп алды. Бибісара Асаубаева тамыз айының соңында Ресейге ауысып кеткен еді. Айта кетейік, Бибісара 2004 жылы 26 ақпанда дүниеге келген. Танымал интелектуалдық ойынға 4 жасында атасы баулыған екен. Ол еліміздегі талантты шахматшылардың бірі болды. Жастығына қарамастан оқушылар арасында үш мәрте әлем чемпионатын ұтқан. Бір рет 8 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында әлем біріншілігінде топ жарған. 7 жасында әйелдер арасындағы ФИДЕ шебері атағын алған. Бибісара шахматтан бөлек, көркем гимнастикамен де айналысады. Спорттың бұл түрінен Астана қаласының екі дүркін чемпионы атанған. Болашақта көркем гимнастикадан Олимпиада чемпионы болуды және шахматтан әйелдер арасында әлем чемпионы атануды көздейтінін талай рет сұхбаттарында айтқан еді. Шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықова бұған дейінгі берген сұхбаттарында Федерация тарапынан қолдаудың аздығына қынжылыс білдірді. Қазақстанның шахмат федерациясы жас чемпион Бибісара Асаубаеваның Ресейге кетуіне байланысты пікір білдірді. «Әңгімемнің әлқисасын, біздің спортшылардың және Бибісара Асаубаеваның қалай қаржыландырылатынынан бастайын, солай дұрыс болады. Спортшылар да, оның ішінде Асаубаева да негізінен, Мәдениет және спорт министрлігі «Ұлттық штат командасы және спорттық резервтер дирекциясы» рсепубликалық мекемесі мен спорт істері жөніндегі жергілікті органдар арқылы қаржыландырылады, сондай-ақ оларға демеушілер де көмектеседі. 2013-2015 жылдар кезеңінде Асаубаева Астанада орналасқан «Омаров атындағы шахмат клубы» мемлекеттік кәсіпорыннан қаржыландырылды, ал оның құрылтайшысы - Астана әкімдігі. Шахмат федерациясына осы шахмат клубынан келген ресми хатқа сәйкес, үш жыл бойында жас шахматшыға 7 миллион 608 мың 436 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Ал Лиана Таңжарықованың (Бибісараның анасы) өзі 2012 жылдан бері Ұлттық штат командасы және спорттық резервтер дирекциясында шахматтан штаттағы бапкер, яғни ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінен ай сайын қаржылай көмек (жалақы) алады. Бұған Шахмат федерациясының министрліктен алған ресми хаты дәлел. Демек, Қазақстанның шахмат федерациясы шахматшыларды қаржыландыру мәселесінде қосымша рөл атқарады», - деді Қазақстанның шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина Грищенко. Бірақ соған қарамастан спортшы қыздың анасы мемлекеттен қосымша ақы талап еткен. «Федерацияға 2016 жылдың 12 ақпанында жасөспірімдер арасында әлемнің төрт дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева мен оның анасы Лиана Таңжарықовадан хат келіп түсті. Хатта Лиана қызының ай сайын алатын шәкіртақысының сомасын (30 мың теңге) 55 мың теңгеге дейін көтеруді сұрады. Яғни, біздің федерациядан ай сайын ересектер құрамасына берілетін шәкіртақы көлемін талап етті. Хаттың соңында Таңжарықова федерациядан өз қызын «мұндай қолдаудан босатып», Қазақстанның шахмат федерациясы құрамасынан шығаруды сұраған. Федерация бұған қарамастан, Бибісара Асаубаеваның мүмкіндігін, дарыны мен жетістіктерін назарға ала отырып, спортшының шахмат турнирлеріне қатысуына қосымша қаржыландыру туралы шешім шығарды, бұл туралы мен Таңжарықоваға телефон арқылы хабарлап, оның бұл жаңалықты қуанышпен қабылдағанын білдім. Осыдан кейін одан бізге ешқандай хабар түспеді. Осылайша, мәселе шешілді деп ойладық», - дейді құзырлы мекеме өкілдері. Алайда 30 мамырда Қазақстанның шахмат федерациясына Лиана Таңжарықовадан өз қызын Қазақстан құрамасынан шығару туралы өтініші келіп түсті, ал бұған себеп ретінде «федерацияны ауыстыру» көрсетілді. Ал кейін мұның алдында Асаубаеваны Ресейдің құрамына алуға келісім бергенін білдік. Таңжарықова бұл жайынан бізді хабардар етпеді. «Біз жіберген сұрауларға да Лиана Таңжарықова жауап қатпады. Сондықтан ережеге сай өтініш берген күннен бастап үш ай ішінде спортшы автоматты түрде сұранып отырған федерацияға өткен болып есептеледі. Осылайша Бибісара Асаубаева 26 тамыздан бастап барлық жарыста Ресейдің атынан шығатын спортшы болып танылды», - деп хабарлады Қазақстан шахмат федерациясындағылар. «Қазақстан шахмат федерациясы - қоғамдық ұйым, 2015 жылдан бері федерация мемлекеттік бюджеттен емес, демеушілердің қаражатымен қаржыланады» - делінген Қазақстанның шахмат федерациясының хабарламасында. «Біз 12 жастағы спортшының анасының шешіміне өкініш білдіреміз, бірақ әрбір спортшы мен оның менеджері дамудың өзіне тиімді әрі дұрыс деп тапқан стратегиясын таңдауға құқылы. Өз кезегінде біздің федерация дарынды шахматшы қызды Қазақстан федерациясының құрамында қалдыруға бар мүмкіндігін жасады», - деп қорытты өз сөзін Ирина Грищенко. Еске салайық, осыған дейін 12 жастағы шахматшы қыз Бибісара Асаубаеваның биылғы тамыздан бері Қазақстан емес, Ресейдің намысын қорғайтыны хабарланған болатын.  

Серіктес жаңалықтары