Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы
Ата Заң – азаттығымыздың айшықты айғағы

Қазақстанның Конституциясы − оның мемлекет ретіндегі басты құжаты. Қазақстан Республикасының Конституциясы: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталған. Сондықтан да еліміздегі барлық қоғамдық-саяси үдерістер Конституциямызға сүйене отырып жүргізіледі. Жалпы, конституция дегенде бұл нәрсенің әлемнің түгелге жуық елдерінде бар екенін білеміз, алайда бұл жайдан-жай жасалып, қабылдана салмайды. Өйткені конституция – кез келген мемлекеттің тарихи бастауы, тәуелсіз, дербес мемлекет екенінің дәлелі. Сол үшін де оның тарихи мәні бар.
Осыдан алты жыл бұрын Ата заңымыздың 20 жылдығына орай жасаған баяндамасында Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің Конституциясының маңызы туралы: «Конституция – біздің барша табыстарымыздың бастауы. Елдігіміздің киелі кітабына айналған қастерлі құжат – тұрақтылық пен татулықтың тұғыры. Бүгін біз 1995 жылдың басында Қазақстанның тәуелсіздігі шыңырау шетіне тіреліп тұрды дегенді объективті түрде айта аламыз. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін мемлекет бола ма немесе болмай ма деген мәселе төтесінен қойылды. Ол сәтте Қазақстан шарасыз кедей және өз іс-қимылдары мен мүмкіндіктерінде шарасыз шектеулі болды. Бізде өзін-өзі басқарудың білімі де, тәжірибесі де болған жоқ және қазіргі заманғы мемлекет қалай қызмет істейді дегенді де көз алдымызға көмескі елестеттік. Біз егер өзіміз тез және батыл әрекет етпесек, онда бізде жаңа және тәуелсіз мемлекеттің орнына анархия болатынын білдік. Біз оны өзге елдер тәжірибесінен байқадық.
Алғашқы Қазақстан Конституциясы 1926 жылы 18 ақпанда (КСРО құрылғаннан кейін 1925 жылғы РСФСР Конституциясы ескеріле отырып) ҚазАКСР Орталық Атқару Комитетінің қауылысымен түпкілікті редакцияда қабылданды. Бұл кезде Қазақстан РСФСР-дың құрамында еді. Бұл негізгі заң басқару нысанын, мемлекеттік құрылысты, саяси режимді, мемлекеттік билік органдарының құрылымын, атқарушы-өкім беруші органдарын бекітті. Сайлау құқығының, бюджеттік құқықтың негізгі бастаулары белгіленді. Осы Конституцияға сәйкес Қазақстан РСФСР құрамындағы толық құқықты республика деп танылды.Екінші Қазақстан Конституциясы 1937 жылдың 26 наурызында Кеңестердің Бүкілқазақстандық Төтенше Х съезінде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы 11 бөлім мен 125 баптан тұрды. Ол жерде «КСРО Конституциясының 14-бабынан тыс Қазақ КСР өзінің егемендік құқықтарын толық сақтай отырып, мемлекеттік билікті өздігінен жүзеге асырады» делінген. Бұл Конституцияда Қазақстан экономикалық, саяси қорғаныс салалары бойынша өзара ықпалдастықты іске асыру мақсатында басқа да тең құқылы республикалармен еркін түрде одақтасуға құқылы екені көрсетіліп, Қазақ КСР келісімінсіз оның территориясын өзгертуге тыйым салынған. Сондай-ақ жоғарғы республикалық және мемлекеттік биліктің жергілікті органдары қалыптастыратын, заңнаманы жүзеге асыру, мемлекеттік және қоғамдық тәртіпті және де азаматтар құқығын, салық салу т.б. мәселелерді қорғау бойынша республика саясатын жүргізу құқықтары бекітілген. Сонымен бірге сот пен прокуратура жүйесі қамтылып, халық соттары аудан азаматтарының тарапынан құпия сайлау жолымен жалпы, тікелей және тең сайлау құқығы негізінде сайланып, сот ісін жүргізу қазақ тілінде, ал басқа ұлт өкілдері шоғырланған аудандарда олардың ана тілдерінде жүргізілуі тиіс делінген. Қазақ КСР азаматтарының негізгі құқықтары мен міндеттері: еңбек етуге құқылығы, демалысқа құқылығы, қартаю, ауру болу және еңбекке қабілетсіз болып қалу жағдайларында материалды қамтамасыз етілуге құқылығы, денсаулық сақтау, сөз, баспасөз, жиын, митинг, көше шерулері мен демонстрацияларға еркіндік берілу кепілдігі, тұлғаға, тұрғын-жайға, азаматтардың хат жазысу арқылы жеке хат алысуға дербес құқықтары, шетел азаматтарына саяси баспана беру құқығы осы Конституцияда бекітілген. Ал үшінші Конституция 1978 жылы ІХ шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің кезектен тыс VII сессиясында 1978 жылы 20 сәуірде қабылданған Қазақ КСР Конституциясы кіріспеден, 10 бөлім, 19 тарау және 173 баптан тұрады. Конституцияға сәйкес, бүкіл өкімет билігі жұмысшы, шаруа және еңбек интеллигенциясы таптарына жататын халықтың қолында болды. Бұл кеңестік кезеңдегі біздің мемлекетіміз аумағында қабылданған соңғы Конституция болды және еліміз егемендік алып, тәуелсіз елдің алғашқы Конституциясы қабылданғанша әрекет етті.
Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданды. Ол кіріспеден, 4 бөлім, 21 тарау және 131 баптан тұрады. Конституция Қазақстан мемлекеттік егемендігін алған сәттен бергі көптеген құқықтық нормаларды: халықтық егемендік, мемлекет тәуелсіздігі, билікті бөлісу принципі, қазақ тілін мемлекеттік деп тану, Президентті мемлекет басшысы деп тану, сот органдарын − Жоғарғы, Конституциялық және Жоғары Арбитраждық соттар және басқаларды қамтыды. Айта кету керек. Тәуелсіз Қазақстанның бұл алғашқы Конституция негізіне парламенттік республика моделі алынған еді. Алайда жаңа құрылған жас мемлекеттің қалыптасып, дамуына билігі бір қолға шоғырланған күшті президенттік мемлекет қажет еді және уақыт өте келе оның қажеттігі байқала бастады. Сондықтан Қазақстанды президенттік мемлекетке айналдыру үшін елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу күн тәртібіндегі маңызды мәселеге айнала бастады. Солайша, тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясын өзгертіп, Қазақстанның саяси-экономикалық дамуына толық кепіл болатын жаңа Конституция қабылдау қажеттігі туды. Сөйтіп, 1995 жылы 30 тамызда республикада бүкілхалықтық референдум өткізіліп, соның нәтижесінде Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Жаңа Конституцияның қабылдануы үшін дауыс беру шарасы еліміздің барлық қалалары мен ауылдарындағы 10253 сайлау учаскелерінде жүрді.Бұл Конституцияның 1993 жылғы Конституциядан елеулі айырмашылығы болды. Жаңа Конституцияға алғаш рет азаматтың құқығына қатысты ғана емес, адам дүниеге келген сәттен одан ажырамас құқықтарына да қатысты нормалар енді. Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Президенті саяси жүйенің басты тұлғасы болып, билік тармақтарынан жоғары тұрады. Бұл − президенттік басқару жүйесіндегі мемлекетке сай келеді. Сондай-ақ Конституциядағы Парламент туралы бөлім біраз өзгерді. Құрылымы туралы айтар болсақ Қазақстан Республикасының Конституциясы (1998 жылғы өзгерістерді қоса алғанда) Жалпы ережелер, Адам және азамат, Президент, Парламент, Үкімет, Конституциялық кеңес, Соттар және сот төрелігі, Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару, Қорытынды және өтпелі ережелер деген 9 тараудан, 98 баптан тұрады. Еліміздің толыққанды Ата заңы қабылданғанына биыл жиырма жеті жыл толады. Бұл жылдар мемлекетіміздің өткен жолын таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін үлкен бір кезең деуге болады. Бұл аралықта Ата заңымыз Парламенттің рөлін көтеруді, оның Үкіметке ықпал жасау және бақылау жасау тетіктерін жетілдіруді қамтамасыз етіп, еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқару органдарының дамуына да жағдай туғызды. Сайлау жүйесін реформалау, саяси партиялардың рөлін арттыруға бағытталған маңызды қадамдар жасалды. Соның нәтижесінде бүгінгі Қазақстан президенттік-парламенттік республикаға айналды деуге болады. Демек, Конституцияның рөлі уақыт өткен сайын мемлекеттегі саяси-экономикалық үдерістерде, қоғам өмірінде айқындала түсіп, оны Қазақстан азаматтары күн сайын сезіне түсуде дей аламыз. Бірінші бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған Қазақстан Конституциясы басты қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үрдістерімен үйлесім тауып, мемлекеттің тәуелсіздігін нығайту және экономикалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналды. Ең бастысы, Конституциямыз азаматтарымыздың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ете отырып, оларды өздерінің мемлекеттің сенімді қорғауында екенін терең сезіндіріп жатыр. (ҚР Конституциясының 11-бабының екінші бөлімі. «Республика өзінің одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді». Мәселен, Қазақстан Сириядағы содырлар қатарында болған адамдардың отбасыларын «Жусан» арнайы операциясы арқылы елмен қауыштырды. Соның арқасында қаншама ана мен бала ажалдан құтқарылып, туған жеріне оралды. Сондай-ақ Ата заңымыз бүкіл қылмыстық-құқықтық саясатты ізгілендіру үрдісін жүргізуге де мол мүмкіндік береді. Соның арқасында кейбір аса қауіпті сирек жағдайда болмаса, адамдардың жасаған қылмысы үшін өлім жазасы да алынып тасталды (ҚР Конституциясы,15-бап. 2-бөлім. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар). Елбасының белгілі журналист, эссейст-жазушы Сауытбек Әбдірахмановқа берген сыр-сұхбаттары топтамасы түрінде жарық көрген «Өмір өткелдері» атты кітабында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Конституциясы туралы кеңінен тоқталған. Мәселен, сыр-сұхбат кітабының келесі тарауын жоспарлауға Елбасының қабылдауында болғанда оған Конституция күнінде жасаған баяндамасында «Конституцияның қазақша Ата заң деген бейнелі баламасы бар. Меніңше, бұл өте дұрыс теңеу. Біздің барлық заңдарымыздың атасы – Конституция. Азаттығымыздың айшықты айғағы болған Ата заң – тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы!», – деген сөзін еске салып, Конституцияның мемлекет өміріндегі рөлі жайында айтып беруін сұрайды. Сонда Елбасы: «Негізінде, Конституция сөзінің өз мағынасы өте қарапайым. Мысалы, дәрігерлер адамның дене тұрқының ерекшелігіне байланысты «оның конституциясы сондай» деп те айта береді. Қазақ «сүйегі сондай» деп сөйлейді ғой. Сондықтан қазақылау етіп қайыратын болсақ, ел Конституциясын қалыптастыру сол елдің сүйегін қалыптастыру сияқты жауапты іс деудің де жөні бар. Осы тұрғыдан қарағанда, қай мемлекет үшін де Конституция ұғымы қасиетті саналады. Америкалықтарды алайық. Былай қарасаң, сол ұлт үшін қастер тұтарлықтай ештеңе жоқ сияқты. Онда Конгресс те, ел Президенті де, кез келген лауазымды тұлға да, тіпті заңдар да аяусыз сынға алына береді. Ал Конституцияның алдында америкалықтардың бәрі тақ тұрады. Басқаға күмән келтірсе де, Конституцияға күмән келтірмейді. Әр сөзі тұрмақ, әр әрпін қадірлейді. Өйткені Конституция – негізгі заң. Ата заң. Тәуелсіздік сарайындағы қабылдау кезінде Конституцияны қоғамдық келісімшарт деп атаған едім. Ол не деген сөз? Ол билік те, азаматтар да қоғамдық келісімшартқа байланысты өзіне міндет алады деген сөз. Билік біздің елді демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыру міндетін өз мойнына артады. Ал халық Конституцияны сақтау жөнінде өзіне жауапкершілік жүктейді. Міндеттерді осылай бөліскенде ғана қоғам мен мемлекеттің көңілдегідей дамуына берік негіз қаланады. Осылай еткенде ғана ел халқының келешекке сеніммен қарауына мүмкіндік туады», − деген екен. Демек, ұлт Көшбасшысының бұл сөзі Ата заң Конституциямыздың біз үшін қандай құндылық екенін ұқтырса керек.
Ата заңға қатысты қызық мәліметтер
1995 жылы Қазақстан Республикасының Конституциясын қабылдау өте ауқымды болды. Оған еліміздің 3 миллионнан аса тұрғыны қатысты.Қазақстан Конституциясындағы мемлекеттік билік құрылымының көрсетілуі АҚШ, кей тұста Франция заңына ұқсас.
Қазақстан Республикасының Конституциясының қазақша мәтінінде көп кездесетін сөз − «республика» сөзі. Түрлі жалғаулар жалғану арқылы берілген «республика» сөзі Ата заңда 340 жерде кездеседі. Ал «заң» сөзі 260 рет, «Қазақстан» 128 рет, «және» сөзі 232 рет қолданылған.
Қазақстан Республикасы Конституциясының IV − «Парламент» бөлімінің 61-бабы ең көлемді бап саналады. Ол бап 515 сөзден құралған.
Қазақстан Республикасының Конституциясында «адамзат» сөзі қолданылмаған. Ал «тарих», «борыш» сөздері бір реттен, «қасиет» сөзі 5 рет кездеседі.
Қазақстан Республикасының Конституциясының ең соңғы − 98-бабы судьяларға арналған.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 1995 жылғы соңғы қабылданғанына − 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 жылдары бес рет өзгеріс енгізілген. 2017 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев конституциялық реформа туралы жариялады. Соған байланысты Елбасы өз өкілеттігінің біраз бөлігін Үкімет пен Парламентке өткізетін болды. Қазақстан Республикасы Конституциясының түпнұсқасы Президент архивінде сақтаулы.Ахмет ӨМІРЗАҚ