Кенесары хан

Ұлттық тарихи сананы қалыптастыруда ұлт-азаттық қозғалыстың тарихтан алар орны ерекше. XVIII-XIX ға­сырлардағы ұлт-азаттық қоз­ғалыстарына талабы мен та­лантын, шабыты мен та­бы­сын бағыштаған тарихшы-ға­лым, ҚРҰА-ның мүшесі, про­фессор Ермұхан Бекмаханұлы екені баршаға аян. Жеке бас­қа табыну кезінде, Кеңес­тік тоталитарлық дәуірде ұлт-азаттық қозғалыстың зерт­телуі мүмкін болмады, шын­дық бұрмаланды, шындықты айт­пақ болған Ермұхандай ға­лымға қылбұрау салынды. Сөй­тіп 25 жылға сотталып, ит­жеккенге, Сібірге айдалды.

Бүгін еліміз егемендікке жетіп, тәуелсіздік алған сәтте шын­дықты ашып айтар күн туды. Жұрт­шы­лыққа мәлім, Алтын Орда ыды­рап, Шыңғысхан іргесін қалаған им­перия құлаған кезде оған 300 жыл бойы бағынышты болған орыс мем­лекеті есін жиды. Дәл осы кезде тү­ріктектес халықтардың да, Қы­рым, Қазан, Астрахан, Қазақ, Сібір хан­дықтары құрылды. Орыс мем­ле­кеті бірте-бірте күшейіп, империяға ай­нала бастады. Ол алма-кезек Қы­рым, Қазан, Астрахан, Сібір хан­дық­тарын жаулап, өзіне бодан етті. Сөй­тіп, біздің сахараның шетінен бір-ақ шықты. Қазақ еліне Бұқар ата айт­қандай:
Шашын күнде тарайды,
Күншығысқа қарайды, – дейтін орыс елінің өкіметі көзін тікті. Оны болашақта жаулап алу идеясы сол XVI ғасырдан бастап, Ресей пат­ша­лары­ның бір сәт жатса түсінен, тұр­са ойынан кетпейді. Бірінші Петр «Азияның кілті мен құлпы» са­налатын қазақ сахарасы ертелі-кеш Ресейге қосылуы, бодан болуы осы­лай мемлекеттік саясат дәре­же­сін­де қалыптасты.
Қазақ еліне іргелес қорғандар са­лына бастады. 1716 жылы Ом­бы­ны, 1718 жылы Семейді, 1719 жылы Өс­кеменді салды. Қазақ жері­не әс­кери экспедициялар жасақ­тал­ды. Ақыр аяғында 1731 жылы Әбіл­қайыр Ресейге өз еркімен бодан бол­­ды дегенді бетке басады. Шын мә­­нінде бұл іс Ермак жорығы­нан бас­­тап, ерте ме, кеш пе қазақ елі Ре­­сейге қалайда қосылуы ақиқат бо­­л­атын.
1822-1824 жылдары отаршыл­дық­тың жаңа кезеңі басталды. Хан­дық билік жойылды, қазақ елі орыс мемлекетінің губернияларының құра­мына енді. Қазақ елінің бір бө­лігі – Бөкей ордасы Нарын құмына резервацияға айналды. Енді әскери отаршылдар қазақ елін жағалап емес, оның жүрегінен, қолқасынан алып, шұрайлы жерлерін тартып ала бастады, Астрахан, Сібір, Орал ка­зактары қоныстанды. Қазақ елі­нің басына күн туды. Міне, осы сәтте тарих сахнасына Сырымдай, Исатайдай, Махамбеттей, Есеттей, Жанқожадай, Кенесары хандай ұлы перзенттері келді.
«Біздің тарихнамада XVIII-XIX ға­сырлардағы ұлт-азаттық қоз­ға­лыс­тағы кемшіліктеріміз қандай?» де­ген сұрақ туады.
1. Ұлт-азаттық қозғалыс им­пе­рия тұрғысынан қаралып келді.
2. Азаттық үшін көтеріліс бір-бірі­нен бөлшектеніп жеке-жеке қа­рал­ды. Ал шын мәнінде 1784-1797 жылдар С.Датұлы бастаған кө­теріліс, 1824-1836 жылдардағы Сар­жан сұлтан бастаған халық тол­қуы, 1836-1838 жылдардағы Иса­тай-Махамбет бастаған көтеріліс, 1837-1847 жылдардағы Кенесары бас­таған қозғалыс, 1856-1857 жыл­дар­дағы Жанқожа бастаған кө­теріліс, міне осылай тізбектеле кете береді. Сонау XVI ғасырдың аяғынан 1916 жылға дейін осындай 300-ге жуық көтерілісті санауға болады.
3. XIX ғасырға үнілсек, Ресей отар­шылдығына қарсы 25 жылға созылған наиб Шәмілдің қозғалысы, поляктардың көтерілісі, Әндіжан­дағы халық толқулары.
4. Ал әлем көлемінде бір кезеңде Үн­дістан сыпайлары ағылшын отар­шылдарына, Абд-әл Кадар бас­таған Алжир халқының француз отар­шылдарына қарсы, Қытайда ұлт-азаттық қозғалыстары жүріп жат­ты.
Ресей тарихнамасында оты­рық­шылық цивилизациясы яғни, өр­кениетті көшпенділер өркениетіне қар­сы қойылып келді. Дала өр­ке­ние­ті отырықшылық өркениетінен бір­неше саты төмен қаралды. Шын­дығына келсек, көшпенділерсіз оты­рықшылар өркениеті жоқ. Олар бол­са Македонскийдің, Шың­ғыс­ханның қалың қолын тоқтатты. Ресейді, Еуропаны талай рет апаттан алып қалды. Көшпенділер өркениеті әлем­ге жоғары өнерімен, мәде­ние­тімен, әдебиетімен, соғыс өнерімен та­нылды. Көшпенділер өркениеті­нің құдыретінің бірі – хандық би­леу құрылымы.
Хандық билік XVII-XVIII ға­сыр­­лардағы даму бары­сын­да бірнеше кезеңнен өтті. Жау жа­ғадан, бөрі етектен алған заманда хан­ның қаһары қайтты, оның күні бар­ша халыққа түсті. Хан әулеті, сұл­тандар, феодалдар қиын-қыстау күн­де халыққа қалқан бола алмады, олар­дың қоғамдағы мәртебе-дәре­жесі төмендеді. XVIII ғасырда Шың­ғыс әулетінен тараған хан­за­да­лардың қадірі құлдыраған кез еді. Ел басына күн туған кезде қазақ елі­нің ханзадалары тақта емес, ұрыс алаңында сынға түсті. Ха­лық­тың ары мен намысын қорғар ер, күрес стратегиясын болжар көреген, қажырлы қайраткер ғана дүрбелең сынынан өте алды. Бөрілі байрақ кө­терген ұлы Шыңғыстың ата дәс­түрінің шын мәніндегі мұрагерлері азайған шағы еді. Міне, осы сәтте қазақ еліне жау ойран салғанда Бұқар баба айтқандай «қиядан қиқу төгілсе, атының басын тартпаған, қи­сапсыз жау көрінсе, түршігіп беті қайт­паған батыр шыққан халқың­нан, қазақ атты халқыңнан».
Қарадан шыққан әскери эли­та, елге билік айтқан ше­шен­дер мен көсемдер ханның тіре­гіне айналды. Хандық билік пен ақыл-күштің тетігі батырлар мен билер билігіне ұласты. Билер мен батырлар әкелген қара халықтың рухы хандық өктемдікті шектей білді. Үш жүз біртұтас халық болып қауышып, ынтымақ-бірлік туы ас­тында табысатын. Шын мәнінде, осындай барша халықтық жиындар сол заманға лайық парламент бо­латын. Абылай ханның даналығы мен көрегендігі осы бір дала демок­ра­тиясын, хандық диктатураны бір тірекке сала білді. Ерлік ұранымыз­ға, бірлік құранымызға осылай ай­нал­ды. Бөгенбай бастаған, Қабанбай қостаған жаужүрек батырлар Абы­лай­дың семсер ұстаған қолы болса, Бұқар дана мен Төле би бастаған ше­шендер мен көрегендер тобы Абылайдың сезімтал жүрегі болды. Міне, осылай диктатура мен дала демократиясы жаугершілік заманда өзіндік үндестігін тапты. Хан жа­нында билер алқасы, әділқазылар ал­қасы, хан кеңесі қалыптасты. Бас­қаша айтқанда, осы бір кезеңде да­ла демократиясы дүрілдеді.
Сондықтан кейбір зерт­теу­шілердің хандық құрылысты тарихи кезеңде нақты зерттемей монархияға апарып тіреуін мен өз басым дұрыс деп санай алмаймын.
1822-1824 жылдары хандық би­лік біржола жойылған кезде Ке­несары хандық билікті қалпына кел­тіремін деп күрес бастағанда ата­сы Абылай, әкесі Қасымның жо­лын қуды.
Кеңес тарихнамасында біз хан Кенесары қозғалысын «бау­кеспелер» дәрежесіне, ал хан Кене­нің өзін қара жолдың бойын торуылдаған қарақшы бейнесіне дейін төмендетіп келдік. Ал қазір хан Кенеге деген құрмет жоғары са­тыға көтерілген сәтте де сол тари­хи тұлғаның қадір-қасиетін біз әлі де жете біле бермейміз. Ал шетелдік та­рихшы В.Потто хан Кенені «қа­зақ­тың Шәмілі» деп бағалаған. Алайда Кенесарының өле-өлгенше күресіп өткенін, ал Кавказ ха­лық­тарының рухани көсемі атақты имам Шәмілдің орыс басқын­шы­ларына қарсы жиырма жылдан аса со­ғысып, ақыр соңында өзі беріл­генін де естен шығармаған ләзім. Имам Шәмілдің аруағын шешен елі, бүкіл Кавказ жұрты әлі күнге дейін қас­терлейді, рухына табынып оты­рады.
Он жыл бойы үзіліссіз Ресей им­периясымен, опасыз Қо­қан хандығымен соғысып өткен соң­ғы ханымыз 1847 жылы шейіт бол­ды.
Нысанбай жырау жыр­ла­ған­дай Кенесары өлгенде:
Кене ханның тұсында,
Қарт бурадай жарадық.
…Кене хан жазым болған соң
Шіл боғындай тарадық.
Көрінгеннен қорғалап
Кісі аузына қарадық! –
деген, Алаштай қалың елдің ханы Кене­сарыдан кейінгі мүшкіл келді қор­ғансыз кетті деп тура айтқан.
Жүрегі лаулаған от, ғажайып пат­риот хан Кене еңкейсе иен елі­не, шалқайса асқар шыңына сүйе­не­ді, халық басына күн туғанда ел­дің тірлігін, елдің бірлігін, оның ер­кіндік туын ұстаған ер. Кене хан­ның батырлығы – ерен батырлық. Ол – дәуір перзенті, дәуірдің алып тұл­ғасының бірі, алмағайып ғасыр­дың батыры.
Тәуелсіздік үшін арпалысқан Ке­несарыдай ерлер халық тари­хын­да мәңгі жасайды.

Өтеубай ҚОЖАҚҰЛЫ,
тарих ғылымдарының
докторы,
профессор

Қызылорда каласы

Back to top button