1513
Достықтың жаршысы
Достықтың жаршысы
Қай қиырда жарық дүние есігін ашса да, өзінің түп-негізін ұмытпаған қазақ баласы ұлтының рухани әлемінен көз жазбайды. Сондықтан ата-ананың тәрбиесінен бойға сіңген ізгі қасиет пен білімге деген құмарлық ұштасқанда талапшыл баланың болашаққа құлаш сермеп, биік мақсаттарға ұмтылуы табиғи.
Жастайынан қазақ, өзбек әдебиетінің бұлағынан рухани нәр алып, оларды тел еміп, сусындаған Қалдыбек Сейданов екі ел әдебиетін түпнұсқадан оқып, өзі де екі тілде бірдей жазатын, бірдей сөйлей алатын қаламгер ретінде қалыптасты. Ол − 1964 жылы Ташкенттегі Низами атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтының «Тарих-филология» факультетінің қазақ бөлімін бітірген соң, сол жылдың бірінші қыркүйегінен бастап, Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясына қарасты А.Пушкин атындағы (қазір Әлішер Науаи атындағы) Тіл және әдебиет институтының «Әдебиеттер байланысы» бөліміне аға лаборант болып жұмысқа орналасады. Сөйтіп жүріп қазақ-өзбек әдебиеттану ғылымының өзіндік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан зерттей бастайды. Сөйтіп, аталған институтта кіші ғылыми қызметкер міндетін атқара жүріп, 1969 жылдың 13 қарашасында «Өзбек-қазақ халықтары достығының екі ел көркем әдебиетінде бейнеленуі» деген тақырыпта Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының академигі, Беруни атындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, әдебиетші ғалым Юсуф Султанов жетекшілігімен Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының біріккен ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шығады. Қ.Сейдановтың ғылыми жұмысына Қазақстан Республикасының ірі ғалымдары академик Мұхаметжан Қаратаев, академик Зәки Ахметов, ақын әрі ғалым Әбділдә Тәжібаев, Мүсілім Базарбаев, Рахманқұл Бердібаев, Мекемтас Мырзахметов, Евгения Лизунова, Шәмшиябану Сәтбаева сияқты т.б. ғылым докторлары жоғары баға беріп, өзбекстандық жас ғалым болашағына үлкен үмітпен қарайды. 1964 жылдан 1981 жылдың 16 шілдесіне дейін Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының А.Пушкин атындағы Тіл және әдебиет институтында түрлі лауазымда он сегіз жыл қызмет атқарған Қалдыбек Сейданов белгілі өзбек ғалымдары академик Иззат Сұлтанов, Юсуф Сұлтанов, филология ғылымдарының докторлары, профессорлар Хамил Яқубов, Матяқуб Қосжанов, Хафиз Абдусаматов, Салақидин Мамажанов, Төра Мырзаев, Бақтияр Назаров т.б. тұлғалармен қызметтес бола жүріп, қазақ-өзбек әдеби-мәдени байланыстары жайлы жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1981 жылдың 16 шілдесінен бастап, Низами атындағы Мемлекеттік педагогикалық институтына жұмысқа кіріп, ондағы «Қазақ филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, доценті болып 1993 жылдың бірінші ақпанына дейін он екі жыл қызмет атқарған ол студенттерге «Әдебиеттану ғылымына кіріспе», «Әдебиет тарихы», «Әдебиет теориясы», «Әдебиет сыны», «Арнаулы курс» сияқты т.б. пәндерден лекция оқып, ұстаздық етті. Ғылыми зерттеу жұмыстары мен педагогикалық қызметті қатар ұстап, жүйелі түрде жүргізе білген қарымды қаламгер 1970 жылдан бүгінге дейін, үлкенді-кішілі 22 ғылыми зерттеу еңбектерін қазақ және өзбек тілінде шығарып, 800-дей әдеби, ғылыми мақалаларын қазақ, өзбек тілдерінде жариялады. Бұл орайда оның «Адабий қардошлик» (1970), «Мухтар Авезов ва қардош халқлар адабиети» (1977), «Адабий хамкорлик» (1978), «Достық әуендері» (1978), «Дустлик куйлари» (1980), «Некоторые вопросы казахской филологии» (1983), «Ўзбек-қозоқ ўзора адабий алақолари тарихидан» (1984), «Хамза ва қордаш халқлар адабиёти» (1995), «Қазақ әдебиеті сынының даму тарихы» (1997), «Әуезов әлемі» (1997), «Чингиз Айтматов ва ўзбек адабиёти» (1999), «Әуезов және Орта Азия әдебиеті» (2005) сияқты т.б. еңбектерін атап өткен орынды. Қалдыбек Сейдановтың өзбекстандағы қазақ мектептеріне сіңірген еңбегі де елеулі. Ол Өзбекстан Республикасындағы 380-ге жуық қазақ мектептерінің 5, 7, 9, 10, 11 сыныптары үшін «Қазақ әдебиеті» оқулықтарын жазып, олар 2005 жылдан 2021 жылдар аралығында, 4 рет басылып шығып, Өзбекстандағы қазақ мектептерінде оқитын балалардың қазақ әдебиетінен лайық білім алуына көп көмегі тиіп жатыр. Сондай-ақ 2006 жылы 5-9 сыныптар үшін «Қазақ әдебиеті» атты бағдарламаны жазып жарияласа, 2005 жылы жоғарғы оқу орындарының филология бөлімдеріне арнап «Арнаулы курс», «Арнаулы семинар» сабақтары үшін оқулықтар шығарды және 10 томдық «Таңдамалы шығармалар» жинағы жарық көрді. Мұның сыртында Орталық Азиядан әдебиет классиктері мен талантты ақын-жазушылар жайында жазған мақалаларының өзі бір төбе. Қ.Сейданов кейінгі жылдарда да бірнеше кітап шығарды. Мәселен, 2018 жылы қазақ-өзбек халықтарының достығы, әдеби-мәдени байланыстары жайлы «Өзбекстан», «Әдебиетшілер» баспаларынан «Туысқандар» (көлемі 30 баспа табақ), ұлы Абайдың 175 жылдығына орай 2020 жылы «Абай және Орта Азия» атты (көлемі 22 баспа табақ), 2021 жылы Әлішер Науаидың 580 жылдығына орай «Науаи және қазақ әдебиеті» (көлемі 18 баспа табақ) монографияларын шығаруы ерен еңбектің жемісі деуге болады. Қалдыбек Сейданов белгілі әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым ғана емес, ол қаламы төселген прозашы да. Оның қаламынан шыққан «Тоғысқан тағдырлар», «Сүймегенге, сүйкенбе» атты қазіргі жастар өмірінен сыр шертетін романдарымен бірге, «Тағдыр» атты повесін, «Махаббат машақаты», «Ана арманы», «Жылы-жылы сөйлесең», «Ақ қыз», «Керемет келін», «Ерте үзілген гүл», «Өмірде не болмайды», «Жалқау бала» «Күй құдіреті», «Келін» сияқты т.б. 20-дан астам әңгімелерін де оқырман қауым жылы қабылдады. Сондай-ақ ол «Сезім сырлары» (2013), «Өмір өрнектері» (2018) атты жыр жинақтарының авторы. Ол аудармашы ретінде де қазақ тілінен өзбек тіліне, өзбек тілінен қазақ тіліне аудармалар жасап, екі ел әдебиетінің толымды туындыларын бір-біріне танытуға еңбек сіңірді. Қ.Сейданов өзбек әдебиетінен Айбектің «Гүлнар әпке», Әділ Яқубовтың «Жоғалған жұлдызым», Өткір Хашимовтің «Мен қалай жындандым», Тахир Мәліктің «Еркін», Еркін Мәліктің «Шайтанның шатақтары» атты прозалық туындылары мен орыс қаламгері Виктор Алисмановтың «Әйел құдіреті» атты шығармасын қазақшаға аударып, қазақ оқырмандарын өзбек қаламгерлерінің шығармаларымен таныстырды. Ал өзбек тіліне Әбділдә Тәжібаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Мұхтар Шаханов, Қайрат Жұмағалиев, Батима Батырбекованың өлеңдері мен Тәкен Әлімқұловтың әңгімелерін, «Қазақ мақал-мәделдерін» аударып жариялап, өзбек оқырмандарын қазақ поэзиясымен таныстырды. Қалдыбек Сейдановтың Өзбекстандағы қазақ баспасөзіне де қосқан үлесі мол. Ол 1993 жылдың 20 ақпанынан 2003 жылдың 12 шілдесіне дейін Өзбекстан Республикасы Олий Мажлисі мен Министрлер кабинетінің қазақ тілінде шығатын республикалық «Нұрлы жол» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарып, ол жақтағы қазақ журналистикасының дамуына, көптеген қазақ қаламгерінің республикаға танылуына зор ықпал етті. Сондай-ақ 1989 жылдан 2013 жылдың басына дейін Өзбекстан Жазушылар Одағы жанындағы «Қазақ әдебиеті» кеңесінің төрағасы ретінде де, Өзбекстанның барлық облысында және Қарақалпақстан Республикасында қалам тербеп жүрген қазақ ақын-жазушыларының басын қосып, жыл сайын ақындар мүшәйрасын өткізуге, ақындар айтысын ұйымдастыруға басшылық жасады. 1963 жылдан күні бүгінге дейін қазақ, өзбек халықтары достығы мен әдеби-мәдени байланыстарын жүйелі зерттеп, екі ел әдебиеттану ғылымының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан Қалдыбек Сейдановқа 1991 жылы «Өзбекстан Республикасына еңбегі сіңген мәдениет қызметкері» атағы берілсе, 1996 жылы Өзбекстан Республикасы Егемендігінің 5 жылдығына орай «Шухрат» медалімен марапатталды, сондай-ақ Өзбекстан мен Қазақстан Республикалары Тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығына байланысты екі елдің төсбелгілері берілді. 1999 жылы Астанада өткен Орта Азия мен Қазақстан әдебиет, мәдениет және өнер қайраткерлерінің Құрылтайына қатысып, «Астана» медаліне ие болса, өткен жылдың соңында Өзбекстан Республикасы президенті Шавкат Мирзиеев қолынан «Достық» орденін алу құрметіне ие болды. Алпыс жылдай уақыт бойы туысқан екі елдің арасындағы туысқандық пен достық, ынтымақ пен бірлік үшін тер төгіп келе жатқан Өзбекстан Тұран Ғылымдар академиясының және Қазақстан Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, қарымды қаламгер Қалдыбек Сейдановтың әлі де берері мол. Ел мен елдің арасын жақындатып, достықтың жаршысы болғандар әрдайым құрметке лайық.Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ