Мәжілісте «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын талқылау кезінде депутат Темір Қырықбаев азаматтардың ең төменгі табысын қорғау мақсатында әлеуметтік банк шотын енгізу бастамасын көтерді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінде ел бойынша 38 миллионнан астам банк шоты бұғатталған, ал бұл жағдай халықтың әлеуметтік жағдайына елеулі әсер етіп отыр.
– Азаматтардың ең төменгі табысын қорғау және өндіріп алушылар мен борышкерлердің құқықтарын тең ұстау үшін заң жобасына қорғалған әлеуметтік шот енгізуді ұсындым. Мұндай шотқа ай сайынғы 300 мың теңгеге дейінгі түсімге өндіріп алу шаралары қолданылмауға тиіс, – деді Темір Қырықбаев Мәжілістегі талқылауда.
Депутаттың пікірінше, мұндай шоттар азаматтардың күнкөріс деңгейін сақтауға және әлеуметтік әділдікті қамтамасыз етуге көмектеседі.
Ол ҚНРДА төрағасы Мәдина Әбілқасымоваға сұрақ қойып, ведомствоның бұл бастамаға деген көзқарасын сұрады:
– Сіз азаматтарға айына 300 мың теңгеге дейінгі сомада өндіріп алудан қорғалатын әлеуметтік шот енгізу бастамасына қалай қарайсыз? Ал шоты бұғатталған азаматтар үшін қандай шаралар қарастырылып отыр? – деді депутат.