1333
Жол – ел экономикасының күретамыры
Жол – ел экономикасының күретамыры
Еліміздегі облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 71,6 мың шақырым. Өткен жылы сол жолдардың 71 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайда деген қорытынды шығарылыпты.
Көтерілген мәселе мен туындаған даудың бір ұшы жол мәселесін де жанап өтетіні үйреншікті жағдайға айналып кеткелі қашан. Тіпті алыс аймақтар десе, ең алдымен көз алдымызға шұрық тесік жолдар елестейді. Жолдың жағдайы жақсармай, сауда, бизнес, туризм және халықаралық қатынастарды дамыту туралы айтудың өзі артық. Яғни бұл – экономикаға ауыр соққы. Жол мәселесі жолға қойылып, қыруар қаржы бөліп, қанша жамап-жасқап жатсақ та, әлі де атқаруға тиісті іс аз емес. Ал статистикалық мәлімет пен есептер бойынша ахуал басқаша сияқты. Жоспар жақсы, жол қандай? Жоғарыда айтып өткеніміздей, статистикалық мәліметтерде 2020 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 71 пайызы жақсы жағдайда деп көрсетіліпті. 2025 жылға қарай мұндай жолдардың үлесі 95 пайызға жетуі тиіс деген меже де белгіленген. Жалпы алғанда 2025 жылға дейін жергілікті желінің 15 мың шақырым автожолын қайта жаңарту және күрделі жөндеуден өткізу, 12 мың шақырымын орташа жөндеу жоспарланып отыр екен. Ал 2021 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша өткен жылдары орындалған жұмыстар есебінен жергілікті маңызы бар 53 мың шақырым автожол нормативтік жағдайға келтіріліпті. Жергілікті жолдарды дамытуға биыл 119 миллиард теңге бөлінген. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов жыл қорытындысы бойынша 2,2 мың шақырым автожол пайдалануға беріліп, 1,2 мың шақырым жол қозғалысы ашылатынын мәлімдеген еді. – Қазір 15 автожол жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жыл қорытындысы бойынша ұзындығы 768 шақырым болатын Талдықорған – Өскемен учаскесін қайта жаңартуды толығымен аяқтауды жоспарлап отырмыз, бұл – Орталық Азия республикаларын Ресей Федерациясының Шығыс Сібірімен, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстік өңірлерін Шығыспен байланыстыратын халықаралық транзиттік дәліз, – деді министр Үкімет отырысында. Жоспарлаған әрине жақсы, бірақ жоспар мен жолдың арасы жер мен көктей болып тұр. Жол салудағы кедергі материал тапшылығынан басталады. Битум тапшылығы – басты мәселе Жол құрылысына арналған негізгі материалдардың бірі – битум тапшылығы әр маусым сайын байқалады. Біздің климатымызға сай, жол жұмыстарының маусымы өте қысқа, мамырдан тамызға дейін ғана. Қалған уақытта ауа райы қолайсыз. Осы мерзім ішінде құрылысшылар көп жұмыс атқаруы керек. Сондықтан битумға сұраныс күрт артып, зауыттар қажетті өнім көлемін өндіруге үлгермей қалады. Қазақстан автомобиль жолдары қауымдастығының президенті Бағлан Баймағамбетовтің айтуынша, бүгінде шикізатқа деген қажеттілік жылына 1 300 000 тонна. Осы уақытқа дейін зауыттар 600-800 мың тонна битум өндіретін, өткен жылы 1 100 000 тоннаға дейін шығарып үлгерген. Бірақ қазір қажеттілік артты, өйткені бюджетте қала көшелерін, аудандық және облыстық жолдарды жөндеуге мол қаражат қарастырылып отыр. Тиісінше, битумға деген сұраныс та өсті. Оның бір бөлігін трейдерлер де сатып алатыны тағы бар. – Өткен жылы битумды сатудың бастапқы бағасы тоннасына 80 мың теңге болды, кейін тоннасына 180 мың теңгеге дейін, кей жерлерде 200 мыңға дейін жетті, – дейді Бағлан Баймағамбетов. Қыста битум қатып қалады және оны тасымалдау қымбатқа түседі. Сонымен қатар, шикізатты тиеу кезінде қыздыру керек болады. Әрбір осындай процедура материалдың сапасына әсер етеді. Сонымен қатар, күн жылынғанға дейін өнімді сақтайтын қойманың болмауына байланысты да мәселе көп. Мердігер компанияларда ондай қойма бола бермейді. Әсіресе шалғай елді мекендерде жол салу кезінде бұл мәселе екі есе қиынға соғады. Мамыр айында жөндеу жұмыстары басталған кезде битумды қайтадан қыздырып, өндіріске қосып, асфальтбетон алу керек. Бағлан Баймағамбетов оны төсеу кезінде 90-нан 130 градусқа дейінгі температуралық режимді сақтау қажет деп түсіндіреді. Егер асфальт алысқа төселсе, температурасы өзгерсе, жол жұмыстары да өнбейтінін айтады. Сондықтан шикізаттың көп көлемін алдын ала өндіру технологиялық тұрғыдан тиімсіз. Жемқорлық та жағадан алып тұр Жол құрылысы саласындағы екінші негізгі мәселе – жемқорлық. Құрылыс материалдарын үнемдеу және ақша жеу біздің еліміздегі жолдардың көсегесін көгертпей тұр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің талдауларына сәйкес, жол саласындағы жемқорлық көбінесе қызмет жеткізушісін анықтау, мемлекеттік сатып алу, жоба құнын арттыру сияқты сатыларда көп кездеседі екен. Мәселен, былтыр Маңғыстау облысында «ҚазАвтоЖол» облыстық филиалының бұрынғы директоры мен оның орынбасарына қатысты іс қозғалып, 4 наурызда сот үкімімен екеуі де 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бегайдаров наурызда өткен баспасөз мәслихатында жол саласындағы жемқорлыққа қатысты бірқатар істің әлі де тергеліп жатқанын айтқан еді. 2020 жылғы мәлімет бойынша, жол саласында 3,5 жыл ішінде 2,7 миллиард теңге сомасында мемлекетке залал келтірген 100-ден астам сыбайлас жемқорлық фактілері тіркелген екен. Халық та жемқорлық салдарынан жолдардың бір жылға жетпей тоз-тозы шығатынына, кейбір жолдардың жыл сайын жөндеуден өтіп, енді бір жолдарға жылдап асфальт төселмейтініне жиі наразылық білдіреді. Ал автомагистралдардың жағдай мүлде бөлек әңгіме. Автомагистральдардың ахуалы Еліміз арқылы жалпы ұзындығы 23 мың шақырым болатын 5 халықаралық автокөлік бағыты өтеді. Автокөлік магистральдары: Алматы — Астана — Қостанай (М-36 трассасы), Челябинскке шығады; Алматы — Петропавл, Омскке шығады; Алматы — Семей — Павлодар (М-38 трассасы), Омскке шығады; Алматы — Шымкент (М-39 трассасы), Ташкентке шығады; Шымкент — Ақтөбе — Орал (М-32 трассаы), Самараға шығады. Сонымен қатар 2009 жылы ел аумағында «Батыс Еуропа — Батыс Қытай» автомагистралінің құрылысы басталды. Оны 2015 жылы аяқтау жоспарланған болатын. Жолдың жалпы ұзындығы 8 445 шақырым болса, оның 2 787 шақырымы Қазақстан аумағы арқылы (Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстары) өтеді. Жолдың асфальтбетонды жабынының қалыңдығы – 80 см, 25 жылға дейін күрделі жөндеу жүргізілмейді, мұндағы көліктердің шекті қозғалыс жылдамдығы 120 км/сағ деп жоспарланған еді. Жобада кейбір өзендер үсті арқылы көпірлер, екі деңгейлі жол айрықтары, жол-қолданбалы комплекстер, аялдама алаңдары, мал өткізу орындары, электронды таблолар қарастырылған болатын. Солардың бірі, Шақпақбаба кентінің жанындағы 40 шақырымдық туннель құрылысына шамамен 18 миллиард теңге бөлінген. Ұзақ уақыт тұралап қалған туннельдегі жұмыстар осы жақында ғана қайта жанданды. Алайда мердігер-әзербайжандық Evraskon АҚ өкілдері қаражатты азсынып отыр. Олардың айтуынша тағы 6-7 миллиард теңге керек. Қазірдің өзінде бүкіл халықаралық магистраль пайдалануға берілді, 7 жыл өтті, ал туннель учаскесі әлі аяқталған жоқ. Туннелдің аяқталмауы бөлек әңгіме, пайдалануға берілген аумақта бірнеше рет жөндеу жұмыстары да жүргізіліп үлгерген екен. Мақсат СЕРӘЛІ, экономист: Толықтай қолданысқа берілмей жатып-ақ жолдың жағдайы нашарлайды– «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің экономикалық маңызы зор. Осы арқылы қосымша жүк айналымын арттыру, туризмді дамыту сияқты маңызды мәселелерді жолға қоюға болады. Еуропа елдерінде транзит арқылы жүретін жүк көліктері мен туризм саласындағы компаниялар әрбір шақырымға кемі 3-5 доллар төлейді. Бірақ ол жақта тек жолдың жағдайы ғана емес, жол бойында көрсетілетін сервис те жоғары деңгейде болуы керек. Автотұрақ, интернетпен қамтылуы қажет. Әлемдік стандарт бойынша әрбір жүк көлігі 300-500 шақырым сайын тоқтап, демалатын, тамақтанатын орындар қарастырылуы міндет. Осы жағынан да ақсап тұрмыз. Сондықтан, бізде атқарылуы тиіс жұмыстар шаш етектен, алайда ешқандай қадам жасалып жатқан жоқ десек те болады. Тіпті жол тораптары толықтай қолданысқа берілмей жатып-ақ, жолдың жағдайы нашарлап жатыр. Жол сапасы бөлек әңгіме, бұл үлкен автомагистраль болғаннан кейін, жүк көліктері көп өтетіні де белгілі, қазірден сапасы сын көтермесе, қазірдің өзінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатса, кейін не болары белгісіз. Жол сапасының еуростандартқа сай болуын басында қадағалап, әлемдік нарықтағы жол салатын компанияларды тарту керек еді. Сол кезде автомагистральдің сапасы жақсы болар ма еді? Туризм саласы бойынша да ең бірінші көзге түсетін нәрсе – жол. Жолдың сапасы, жол бойындағы сервистер арқылы ел туризміне де баға беріледі. Сол арқылы рейтинг қалыптасады. Бізде көркем, тұмса табиғат бар, тек қызмет көрсету саласын дамыту керек. Одан кейін өздеріңізге белгілі көршілес Ресей, Қытай елдерімен жүк тасымалы жақсы, көлік қатынау ағыны өте жоғары, осы мүмкіндікті де экономикамызға пайда әкелетіндей дамытуымыз керек. Соңғы кезде бізде ақылы жолдар мәселесі де жиі көтеріліп жүр. Осыған байланысты қаншама жүк тасушылар мен жүргізушілер наразылыққа шықты. Бұл – өте орынды. Себебі ақы төленгеннен кейін, жолда көрсетілетін қызметтер де соған сай болуы керек. Бізде ол мүлдем жоқ. Қорыта айтқанда, атқарылуы тиіс жұмыс көп. Шетелдік ірі компанияларды тарту керек деп ойлаймын. Сол арқылы отандық компаниялар да тәжірибе жинайтын болады.Қорыта айтқанда, еліміздің географиялық орны қай жағынан алса да қолайлы. Жол саласын жолға қоя алмай отырғанымыз өзімізге үлкен сын. Бөлінетін қаражат та қомақты. Қолда бар алтынның қадірін білсек, қанеки!