1159
Ауылды сақтау – Алашты сақтау
Ауылды сақтау – Алашты сақтау

Әр халықтың өніп-өсетін мекені, ата кәсібін сақтай отырып, заманға сай дамуға тірек болатын жері бар. Біз үшін ол − ауыл. Себебі қазақ халқының ежелгі кәсібі − мал шаруашылығы ауылда өркендеді. Сондай-ақ ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ халқы біржола отырықшылыққа ауысып, ұлт ретінде өркениет көшіне қосылғанда да ауыл өз маңызын жоғалтпады. Тіпті, халқымыз малдан басқа егіншілік, бау-бақша өнімдерін өндіре бастағанда ауылдың рөлі бұрынғыдан да күшейді.
Кеңестік кезеңде Қазақстан негізінен аграрлық республика болды. Сондықтан қазақ жерінде мал шаруашылығы мен егіншілікке назар аударылып КСРО сияқты алып мемлекетті ет, сүт, май өнімдерімен қамтамасыз ететін өлкеге айналды. ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында қазақтардың жекеменшік малын сыпырып алып, аштыққа ұшыратқан қызыл өкімет ІІ дүниежүзілік соғыстан кейін елімізде тың жерлерді игеру жұмыстарын жүргізді. Сөйтіп ұлан-байтақ қазақ даласы енді астықты өлкеге айналдырылды. Сол дәуірде Қазақстанда қой басын 50 миллионға, астықты бір миллиард пұтқа жеткізу ұранымен жұмыс жүргізілді. Мұндай аса ірі мемлекеттік жоспарды орындау еліміздегі ауыл халқының мойнында болды. Ал ауыл халқының көпшілігі қазақтар болатын. Тәуелсіздік алғанша қазақтардың үлес салмағы қалаларда аз болды. Мәселен, 1897 жылғы санақ бойынша жерімізде 3 392 700 қазақ болса, соның 93,6 пайызы ауылда, 6 пайызы қалада тұрған. 1926 жылғы санақ бойынша қазақтың саны – 3 627 612. Оның 8,4 пайызы (539 249 адам) қалада, 91,6 пайызы ауылда өмір сүрген. Ал 1939 жылғы санақта еліміздегі қазақтың саны – 2 327 625 адам (37,84 пайыз) болса, қаладағысы – 16,1 пайыз. Одан кейінгі, яғни тәуелсіздікке дейінгі халық санағына қатысты мәліметтерде қазақтардың ауыл мен қаладағы үлесі туралы анық мәлімет табу қиын. Ал тәуелсіздіктен бері қарай урбанизация үдерісі күшейіп, еліміздегі қалалар ірілене түссе, ауылдан көшіп кетуіне байланысты ондағы халықтың үлесі азайып кетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында колхоз-совхоздарды таратып, оның мүлкін халыққа пай-үлес ретінде таратып берудің соңы ауылдық жердегі халықтың күнкөріс үшін малдарын сатып, кедейленіп қалуына әкеліп соқты. Бұрынғыдай мемлекет тарапынан жұмыс беруші болмаған соң ауылдық жерлерде тұру қиындап, ондағы жұрттың еңбекке жарамдыларының бәрі қалаларға қарай үдере көшті. Мұның соңы ауылдардың қаңырап қалып, қалада халықтың көбейіп кетуіне жеткізді. Мәселен, Алматы қаласы халқының саны тәуелсіздіктен бұрын 900 мыңның маңайында болса, аз уақытта ол көшіп келушілердің әсерінен 2 миллионнан асып кетті. Сондай-ақ ел астанасы болмай тұрған кезде Ақмола халқының саны 200 мыңнан сәл ғана асса, ол ел ордасына айналған соң аз ғана жылдың ішінде миллионнан аса тұрғыны бар алып шаһарға айналды. Сондай оңтүстік өңірдегі Шымкент қаласы да мегаполиске айналып, республикалық қала мәртебесін алды. Әдетте қалалардағы халықтың көбеюі көп жағдайда туудың көбеюіне байланысты болса, біздің елімізде қалалардың іріленуі ауылдан көшіп келген халықтың есебінен болып отыр. Бұл жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы ел саналатын, бар-жоғы 19 миллиондай ғана халқы бар Қазақстан үшін онша оңды құбылыс емес.
Жалпы, ауыл шаруашылығын несиелегеннен гөрі оны мемлекет тарапынан субсидиялау керек деген пікір көп айтылып жатыр кейінгі кезде. Өйткені шығыны көп ауыл шаруашылығы пайда тауып, қарызын қайтару егіншілер мен шаруаларға ауыр тиіп жатқан көрінеді. Сондықтан бүгінде ауылдық жерлерде жеке тұлғаларды былай қойғанда, фермерлердің өзі банктерге қарызын өтей алмаған жағдайы көбейген. Мәселен, еліміздегі шаруалардың 82 пайызы деңгейлі банктерден және шағын несие ұйымдарынан қарыз алып, оны қайтара алмай жүрген көрінеді.Екінші деңгейлі банктер 2010 жылдан бері агронесиені 3,8 пайызбен беріп келсе, 2017 жылдан бастап, ол 5,5 пайызбен беретін болды. Бір қарағанда 5,5 пайыз несие қымбат емес сияқты болғанмен несие аларда тәуекелге баратын шаруалар үшін көп жағдайда оны қайтару қиын болып қалуы мүмкін. Мәселен, егіншілер егіннен түсетін пайдасын есептеп несие алса, шаруалардың енді бірі сатылатын малына сенеді. Бірақ ақшаны қайтаратын кезде егіншінің егіні жақсы өнім бермесе, сол сияқты шаруаның малының құны арзандап кетсе қарызын өтей алмай қалуы әбден мүмкін. Сондықтан шаруаларға мемлекет тарапынан берілетін несие пайызын 2-3 пайыздан асырмау керек деген пікірде мамандар. Кеңестік кезеңде ауыл шаруашылығы толығымен мемлекет тарапынан субсидиялану арқылы дамығаны мәлім. Ал қазір нарықтық экономика жағдайында олай жасау мүмкін болмағанымен, дамыған елдерде аграрлық салаға бөлінетін несие көлемі бізден он жеті есеге көп және несие мөлшерлемесі 1,5 пайызды ғана. Ал Израильде субсидия ретінде жыл сайын сүт өндірісін дамыту үшін біздің ақшамен 9,8 миллиард теңге бөлінсе, ет өндірісіне 21 миллиард теңге бөледі екен. Елдің ауыл шаруашылығын өркендетуге субсидия бермей ақшаны үнемдегенмен, ауылшаруашылық өнімдерін өзге елдерден сатып алу арқылы халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге кететін ақша бәрібір шығынға жатады. Сондықтан елдің экономикасын көтеру үшін ауыл шаруашылығымыздан ақша аямай, ет, сүт өнімдерін барынша өзімізде өндіруге күш салған жөн. Бұл – ел экономикасын дамытуға да, ауылды өркендетуге де зор пайдасын тигізетін іс. Әрине, ауылды дамыту үшін жасалып жатқан бағдарламалардың бәрін бірдей тиімсіз деуге келмес. Олардың арасында ауыл тұрғындарының жағдайын жасап, тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталған жақсы жобалар да аз емес. Соның бірі − «Ауыл – ел бесігі» жобасы. Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Назарбаевтың 2019 жылғы 27 ақпандағы «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде сөйлеген сөзінде алғаш рет «Ауыл – ел бесігі» жобасын іскер асыру қажеттігін айтып, үкіметке тапсырма берген болатын. Ол бойынша еліміздегі 7,5 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатын жақсарту мақсатында перспективалы ауылдарды іріктеп, сол ауылдарда әлеуметтік саланы дамытуды, тұрғын үйлер мен жолдар салып, коммуникациялар жүргізу көзделген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 15 қазанда өткен жиналыста «Ауыл – ел бесігі» жобасын бойынша нақты жұмыстар жүргізу керегін айтқан еді. Аталған жобада – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту көзделген. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар істер жүзеге асырылуы тиіс. «Ауыл – ел бесігі» жобасы негізінде жұмыс орындары ашылады, мектеп пен аурухана, жол салынады, ауылдық елді мекендер газбен, сумен қамтылып, жоба аясында ауыл шаруашылығы саласында орта және шағын бизнесті дамыту шаралары қолға алынады. Жобаны іске асыруға келсек, оның көлемі ауқымды деуге болады. Еліміз бойынша 6,5 мыңға жуық ауылдық елді мекенде 7,7 миллионнан аса адам немесе ел тұрғындарының 42 пайызға жуығы тұратыны белгілі. Ал бүгінде ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін мәселелерге келсек, еліміздегі ауылдардың жартысынан көбінде көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандары жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сондықтан бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымына жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы − 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама аясында кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылатын болады. Жалпы 2025 жылға дейін елімізде 5,5 миллионнан аса адам тұратын 1,8 мың ауылдық елді мекен заманға сай жаңғыртылатын болады. «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд теңге бөлу көзделсе, оның ішінде 2019 жылға 30 млрд теңге бөлінген. Республикалық бюджеттен өңірлер бойынша қаражат бөлу даму әлеуеті жоғары елді мекендерде тұратын ауыл тұрғындары санының негізінде жүзеге асырылды. Ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуетін айқындау әдістемесі өзектендіріліп, оның аясында 6,6 млн адам немесе ауыл тұрғындарының 85 пайызы тұратын 3 477 ауылдық елді мекен іріктеп алынды.
2019 жылы 53 ауылдық елді мекенде жалпы сомасы 30 млрд теңгеге 452 жоба, 2020 жылы 250 ауылда жалпы сомасы 80 млрд теңге болатын 1 641 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, оның бәрі ретімен жүзеге асырылып келеді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 Мәдениет үйі мен спорт нысандары жөнделіп, 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 13 абаттандыру нысанының құрылысы жүргізіліп, 7 мың шақырымнан астам көшелер салынып, жөндеуден өткізілуі тиіс.Бұдан басқа 516 шақырым жол, 35 шақырым сумен жабдықтау желісі, 229 шақырым электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 шақырым газбен жабдықтау, 20 шақырым жылумен қамтамасыз ету нысандары жөнделіп, салынбақ. Міне, осының бәрі жақын жылдарда толығымен іске асса, экономиканың қан тамырындай ауылдардың көркейіп, мемлекетіміздің бәсекеге қабілеттілігі артатыны сөзсіз. Ауылды көркейтудің тағы бір бағыты іскер, табысты бизнесмендердің өзінің туған жеріне деген құрметі арқасында іске асатын істер деуге болады. Бұл жағдайды айтатын болсақ, елімізде абыройлы, қалталы азаматтардың жасап жатқан ізгілікті істеріне көзіміз түсер еді. Соның бір-екі мысалын келтіріп өтейік. 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасының чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровті білмейтін қазақ жоқ. Үлкен спортпен қош айтысқаннан кейін ол қазақтың ата кәсібімен айналысқанды жөн көрді. 2007 жылы ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Мыңбаев ауылына келді. Бұл кезде ауылдың жолы тозып, табиғи газдан таршылық көріп жатқан кезі еді. Үшкемпіров алдымен өз қаржысына ауылдағы кеңседен бастап, бірнеше ескірген ғимараттарды жаңартты. Сосын қоралар салып, жаңа құрылғылар әкеліп, өзінің шарушылығын жүргізе бастады. Сөйтіп мал шаруашылығына түбегейлі бет бұрған балуан «Жақсылық» шаруа қожалығын құрып, ірі қара санын 4 500-ге, жылқы санын 150-ге жеткізді. Оның шаруашылығында 100-ден аса адам жұмыс істеп, отбасын асырап жатыр. Сондай-ақ ол Мыңбаев ауылында балаларға арналған спорт мектебі мен 100 балаға арналған балабақша ашты. Міне, мұның бәрі елін сүйген бір ғана патриот азаматтың жасағаны. Өткен жылы ковид дертінен мезгілсіз көз жұмған қазақтың ардақты ұлының артында осындай із қалды. Бұл да болса өзгелер үшін үлгі боларлық іс. Белгілі қазақ кәсіпкері, меценат, ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясының бақылау кеңесінің төрағасы, Қазақстан Бокс және күрес федерацияларының вице-президенті Бауыржан Оспанов та отаншыл азамат. Ол өзінің туған жері, Алматы облысының Жыланды ауылында 130 орындық мешіт, спорт кешенін, екі қабатты тігін цехын, мектеп-интернат, балаларға арналған саябақ пен кинотеатр салып, ауылдық Мәдениет үйін, мектеп ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп берген. Бұдан тысқары ол мектептің педагогикалық құрамын, материалды-техникалық базасын жетілдіруге көмектесті. Дарынды оқушыларды дайындайтын мектеп-лицейдің сырттан келген он ұстазына жалақыларын беріп, баспаналы қылды. Аз қамтылған оқушыларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп ұжымы оқушыларына 50 млн теңге қаржылай көмек көрсетті. Сондай-ақ, Қазақстан Жазушылар одағымен бірігіп, бірнеше жыл бойы балаларға арналған үздік әдеби шығармаларға «Дарабоз» атты бәйге жариялап, қаржылай демеуші болды. Үздік шығармаларды кітап етіп шығарып, кітапханаларға тегін таратты. Мұның бәрі ең алдымен ауыл халқына жасаған жақсылық. Жалпы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылында ұлтымыздың ұясы болған ауылдар алғашқы онжылдықта біраз қиындықты бастан кешіріп, материалдық та рухани жақтан біраз жүдегені мәлім. Дегенмен мемлекетіміз тарапынан ауылды көркейту үшін атқарылып жатқан жұмыстар жақын арада нәтиже көрсетіп, аграрлық сала қайта жанданады деп сенгіміз келеді. Ауыл дамыса, мемлекет те дамиды.
Ахмет ӨМІРЗАҚ