51280
24 жастағы қыз жеті үйір жылқы бағады
24 жастағы қыз жеті үйір жылқы бағады
Асыл Ахметованың туған жері – Солтүстік Қазақстан облысы, Озерное ауылы. Жылқы бағатын бойжеткен желі қолданушыларының назарына іліккен еді. Асылдың өзіне хабарласып, әңгімесін жазып алдық.
Карантин басталғалы жылқы бағып жүрген қыз Алматыдағы жұмысын тастап келген. Нұр-Сұлтан қаласындағы политехникалық колледжін аяқтаған.
– Пандемия басталғалы ауылдамын. Бұл жағдай қаладан кетуіме керемет сылтау болды. Ауылға аңсарып ауып, жиі сағынамын. Әкем мен анам жалғыз тұрады. Оларға көмектесу үшін ауылға қайттым. 7-сыныптан бері жылқы шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп келемін. Жеті үйір жылқы бағатыным рас. Әр үйірде 30-40 жылқы болады. Екі адам кезектесіп бағамыз. Қазір әкеммен бірге жылқы бағамын. Жеті үйір жылқыны баптау – әкем екеуіміздің мойнымызда. Түске дейін әкем бақса, одан кейін мен бағамын. Күн ыстықта жылқы жайылмайтын болғандықтан, қораға қамап қоямыз. Кешкі жайылымға қайтадан шығады. Жайылымға бару үшін мотоцикл өте ыңғайлы. Қазір соны үйреніп алдым, одан кейін ат жарыстарға қатысамын. Ат үстінде түрлі трюктар жасаған ұнайды. Осыдан бес жыл бұрын ауылдың іргесінде ат жарыс ұйымдастырылып, 2-орын алдым. Өткенде аяғымды ауыртып алып, көп жарысқа қатыспадым. Көрші ауылда орыс ұлтының өкілдері тұратын. Солар 1-орын алғанда қатты намыстандым. Өзге ұлт өкілдерінің де жылқыға деген қызығушылығы қуантады. Арманым – әке-шешемнің үмітін ақтау. Одан кейін қыз бала болғасын тұрмыс құрып, отбасылы болғым келеді, – дейді жылқышы қыз.– Жылқы – жеті қазынаның бірі. Қазақ халқының сүйікті жануары. Ендігі жоспарым – әкеме жеке шаруа қожалығын ашып беру. «Солтүстік жақ орыстанып кеткен» деп басқа өңірлер айтып жатады. Сол бір сөзді жойғым келеді, өйткені біздің жақта қаншама қазақи ауылдар бар, тіпті басқа ұлт өкілдері де қазақша түсініп, қазақша сөйлейді. Солтүстігімізді де қазақы жер деп таныса екен деймін. Мен өзім Алматы, Астана қалаларында жұмыс істегенде туған жерім Қостанай, тұрып жатқан жерім Петропавл жақта десем көбісі сенбейді. «Сендер жақта қазақша таза сөйлейтін адам бар ма?» деп таңғалады. Осы орайда ауылдағы басты проблемаларды айтқым келеді. Жол, су және интернет желісінің жоқтығынан көп тұрғын ауылдан көшіп жатыр. Сол мені қатты алаңдатады, – дейді Асыл.