Ақтоты Райымқұлова «Славян базары» байқауында жеңіске жеткен Рухия Байдүкенованы құттықтады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова халықаралық «Славян базары» байқауында жеңіске жеткен Рухия Байдүкенованы құттықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Біз Рухияны жеңісімен құттықтау үшін онлайн жиналып отырмыз. Жеңіс құтты болсын! Рахмет саған. Рухия сен жас болсаң да өте таланттысың. Сен Димаштың жеңісін қайталадың, оның саған тәлімгер болған еңбегі ақталды. Әрине, бұл үлкен өнер мен кәсіби сахнаның бастауы ғана», – деді А. Райымқұлова ZOOM арқылы өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, министр жерлесіміздің ел үміт ақтап, Қазақстанның атын әлемге тағы бір танымал еткенін айтты.

«Бұл Рухия қатысқан бірінші байқау емес. Бұған дейін де бірнеше өнер байқауларына қатысып, жетістіктерге жетіп жүр. Рухияның өмірбаянына қарап отырсақ, ол 2010 жылдан бері қарай түрлі байқаулардан жеңіспен оралып келеді. Жалпы өнер сүйер қауым қазақстандық қатысушыларды «Славян базары» байқауында үнемі асыға күтіп, зор құрметпен қарсы алады. Ал Рухия саған сәттілік тілейміз, алдағы уақытта басқа да әлемдік сахналардың төрінен көреміз деп сенемін. Сен ел үмітін ақтадың», – деді министр.

 

 

Back to top button