Air Astana 2021 жылдың бірінші жартыжылдығының оң нәтижелері туралы хабарлады

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Air Astana қазақстандық компаниялар тобының кірісі (EBITDAR*) 91,1 млн АҚШ долларына жетіп, 2020 жылдың дәл осы кезеңіндегі 9,9 млн АҚШ доллары көлеміндегі шығынға қарағанда өсім көрсетті.

Жолаушылар легі 91 пайызға артып, 2,97 млн адамға жетті. Оның 2,5 млн жолаушысы ішкі бағыттар бойынша тасымалданып, нарық 125 пайызды болды.

Оң нәтижелер туралы Air Astana президенті Питер Фостер былай деді:

«Air Astana мен FlyArystan екі бренді ішкі бағыттар бойынша өзін жақсы қырынан көрсетті. Нарықтың сенімді өсімі мен қазақстандықтардың теміржол тасымалына қарағанда әуе тасымалын таңдау Қазақстанды әуе тасымалының жедел өсіп жатқан ішкі нарығына айналдырды. Жолаушылар айналымы 2019 жылға қарағанда 31 пайызға өсті. Бұған FlyArystan-ның төмен бағадағы тарифі сеп болды».

FlyArystan 2019 жылы мамырда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жұмысын бастады.

2019 жылдағы көрсеткішке қарағанда халықаралық тасымал 45 пайызға орындалатынына қарамастан, Фостердің айтуынша: «нәтижелердің жақсаруына аймақтық бағыттардың табысының артуы, Мальдив аралдары, Қызыл теңіз, Черногория, Дубай, Түркия, Грузия мен Шри-Ланка сияқты курорттық бағыттарға сұраныстың артуы, сонымен қатар Boeing 767 жартылай жүк ұшағы орындайтын жүк чартерлері жақсы әсер етті».

Дегенмен Фостер екінші жартыжылдықтың нәтижелерін сақтықпен болжайды.

«Қазақстанда және басқа да мемлекеттерде коронавирус инфекциясын жұқтыру деректері артты. Қалыпқа келудің тұрақтылығы Covid-тің жаңа штамдарының пайда болуы мен жаппай вакциналау нәтижелеріне орай өзгеруі мүмкін».

Air Astana – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ (51%) мен BAE Systems (49%) ортақ мекемесі. Компаниялар тобының флотында Boeing, Airbus пен Embraer сынды 36 ұшақ бар. Оның ішінде 10 Airbus 320 әуе кемесіне FlyArystan қолданады.
______
*EBITDAR – жалдау төлемге, амортизацияға, тозуға, пайызға, салыққа дейінгі пайда.

Back to top button