1194
Талдықорғанда олимпиадалық үлгідегі теңдессіз бассейн ашылды
Талдықорғанда олимпиадалық үлгідегі теңдессіз бассейн ашылды

Астана күніне орай және Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Талдықорған қаласында Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні ашылды.
570 орындық, екі қабатты бассейн ғимаратының сыртқы кейпі теңізде жүзіп жүрген алып балықты елестетеді. Мұнда жас спортшылар су добы, суға секіру, аквааэробика сияқты жүзудың барлық түрінен жаттыға алады. Болашақта ғимараттың халықаралық жарыстар өткізуге де мүмкіндігі бар."Нысанның салтанатты ашылуына облыс әкімі Амандық Баталов, мемлекет қайраткері, генерал-лейтенант Амангелді Шабдарбаев, ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің бас директоры Нұрлан Нөгербек, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің бірқатар депутаттары, Ермахан Ыбрайымов, Илья Илин, Ардақ Назаров сияқты бірқатар чемпион спортшылар қатысты", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

"Елбасы мен Президенттің еліміздегі спортқа көңіл бөлу туралы тапсырмаларына сәйкес бүгінде Алматы облысында 13 дене шынықтыру сауықтыру кешені жұмыс істеп тұр. Бүгін, міне, әлемдік стандартқа сай, Орта Азияда теңдесі жоқ жүзу бассейні салтанатты ашылуда. Бұл нысан өскелең ұрпақты спортқа баулуға үлкен серпін береді және осы жерден еліміздің даңқын шығаратын мықты спортшылар тәрбиеленіп шығады деп сенемін. Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай іске қосылып отырған жүзу бассейні құтты болсын!", - деген А. Баталов індет жағдайында нысанның құрылысын жауапкершілікпен, сапалы жүргізген «Базис-А» компаниясының ұжымына шынайы ризашылығын жеткізді.


"Өйткені мұнда біздің спортшылардың әлем чемпиондары, Олипиада чемпиондары болуына барлық жағдай жасалған", - деді ол.Қазақстан Республикасының жүзуден бірнеше дүркін чемпионы Мария Федотова да бүгінгі күні өңір спортшылары Токио Олимпиадасына 11 жолдама жеңіп алғанын тілге тиек етіп, балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулуға жасалған зор мүмкіндіктер үшін ел ағаларына алғысын білдірді және халықаралық жарыстарда елдің туын көкте желбіретуге бар күш-жігерлерін жұмсайтынын айтты. Фото: Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі «Bazis-A» халықаралық құрылыс компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Александр Белович нысанның символдық кілтін «Талдықорған орталық жүзу бассейні» облыстық су спорт түрінен мамандырылған спорт мектебінің директоры М.Сүйіновке тапсырды.


"Жасым 16-да. Жүзуге ден қоя бастаған 5 жылдың ішінде біршама жетістікке жеттім. Ашық суда жүзуден Қазақстан чемпионы болдым, спорт шеберімін. Жүзумен кәсіби түрде айналысамын деп шештім. Бүгінге дейін біз шағын "Өркен" спорт кешенінде жаттығатын едік. Енді осындай заманауи ірі бассейнде жаттығуымызға зор мүмкіндік туды. Мұндағы бассейн ұзындығының 52 метр болуы ұзаққа жүзудегі шыдамдылықты шыңдайды. Мемлекет жастарға спортпен айналысуға барлық жағдайды жасап отыр. Бүгін ерекше қуанышқа кенеліп тұрмыз. Осындай бассейн салынғаннан кейін суда жүзуге қызығушылығы артатын балалар көбейеді деп ойлаймын", - дейді Ислам Каримов.
