50433
Қазақ радиосының энциклопедиясы керек
Қазақ радиосының энциклопедиясы керек
Редакциядан: Биыл Қазақ радиосының құрылғанына 100 жыл толып отыр. Сонымен қатар 28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп жариялауды тапсырған болатын. Біз осы орайда болашақ журналистерді даярлау жолында еңбек етіп жүрген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушысы, «Қазақ радиосының үздігі» төсбелгісінің иегері Жидегүл Әбдіжәділқызының Қазақ радиосы жайлы мақаласын жариялап отырмыз.
Бұдан бір ғасыр бұрын іргетасы қаланып, уақыт аясынан тарихи тұғырын иеленген Қазақ радиосы – қазақ халқының ұлылығын үн құдіретімен ұлықтаған ұлттың шынайы шежіресі. Қазақ радиосы – әуе толқыны мен көгілдір экранның қаһарманына айналған телерадиосөзгерлерді баулып, шыңдап, шебер маман етіп шығарған кәсіби шеберлік мектебі.
Қазақ радиосы – қазақ музыка өнерінің мұрағаты. Халқымыздың сан алуан жанрдағы музыкалық шығармалары – «Алтын қорда» сақтаулы. Бұл ретте Музыкалық хабарлар бас редакциясын 20 жыл басқарған Ілия Жақановтың арнайы экспедиция ұйымдастырып, жинақтаған жазбалары сол асыл қазынаның бір бөлшегі екенін атап айтқан абзал.
Қазақ радиосы – ұлттық тұлғатану тарихының үншежіресі. Ұлт тұлғалары туралы қағаз жүзіндегі деректер – бір төбе, ал сол тұлғаның өз аузынан айтқан ақиқаты – өз алдына бір төбе. Бауыржан Момышұлының үнін естігенде біздің ұлтқа тән найзағай намыстың ұшқынын, қайсар рухтың екпінін сезініп, ерекше бір күй кешіп, қанаттанып қалатынымыз рас. 100 мыңнан астам жазбаны көздің қарашығындай сақтап, қорды заманауи үздік дүниелердің электронды жазбаларымен толықтырып келе жатқан Қазақ радиосына тыңдармандар атынан – тағзым!
Негізінен, бұрын тікелей эфирде студияны ашып, жаңалықтарды оқып, концерттерді жүргізетін дикторлар болатын. «Әлемге аты әйгілі Юрий Левитаннан кейін 1945 жылы Жеңіс бұйрығын эфирге қазақ тілінде тұңғыш рет мен оқыдым, – деді Әнағаң асқақ үнмен тіл қатып». Бұл – Әнуарбек Байжанбаев туралы жазылған Сүлеймен Ақтаевтың «Дауылпаз дауыс» атты естелік кітабынан келтірілген үзінді. 1944-1945 жылдары Қазақ радиосында дикторлық қызмет атқарған Қазақ КСР-нің Халық әртісі Ермек Серкебаев сол жылдардағы тікелей эфирді былайша еске алады: «Таңғы сағат 06.00-де «Тыңдаңыздар! Алматыдан сөйлеп тұрмыз!» деп сөйлейтінім есімде. Уақытты айтып, жаңалықтар оқитынбыз. Соның ішінде, ең алдымен соғыстың хабарын айтамыз. Содан соң музыка береміз. Антон Максимович Москаленко басқаратын өзіміздің «Хор» және симфониялық оркестр бар еді. Радиодағылар менің музыканы бітіргенімді білген соң, микрофон алдында ән айтқызып көрді. Сөйтіп, әнші ретінде қалыптасуым республикалық эфирден қазақ композиторларының шығармаларын орындаудан басталды» («Әуе толқынында Қазақ радиосы» жинағынан).
Сондай-ақ алаңдарда өтетін мерекелік шерулерден тікелей трансляциялар берілетін. Бұл тікелей эфир болғанымен, трансляциялық жолмен берілгендіктен, шығармашылық емес, техникалық сипат алды. Тікелей эфирдің функциясы толық мәнге ие болған жоқ. Ал цензура жойылып, журналистердің сөз бостандығын иеленуі, шын мәнінде жүзеге асқан кездегі тікелей эфир радиожурналистикадағы жаңаша әдістің кең қанат жаюына жол ашты. Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясы 1989 жылғы 1 қаңтардан бастап «Тәулік тынысы» – «Панорама дня» ақпаратты-сазды бағдарламасын тікелей эфирге шығарды. Бұл айрықша құбылыс БАҚ жүйесіндегі үлкен бетбұрыс болды. Қазақ радиосының бастамасы күллі Қазақстан журналистерін таңғалдырды десе де болғандай еді. Тікелей эфирде журналистердің жетекші рөлі арта түсті. Диктордың мәнерлеп оқитын мәтінін радиожурналистің шынайы өз сөзімен айтатын ақпараты, тікелей эфирде жүргізетін сұхбаты, меншікті тілшілермен радиоүндесулері алмастырды.
Сол кездері «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болған Шерхан Мұртаза Ақпарат бас редакциясының шапшаң жұмысы туралы былай деген еді: «Біз болған оқиғаны газет бетіне басып шығарғанша, Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясы ізін суытпастан жалпақ жұртқа жариялап үлгерді». Шынында, ақпараттың ең жедеғабыл, ең маңыздысын Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясы эфирге бірінші болып беретін. Нәтижесінде, 1990 жылғы 5 мамырда Қазақ радиосы Ақпарат бас редакциясының ұжымы Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Бұрын тек жекелеген журналистер жүргізген хабарлары үшін әрқайсысы өз алдына лауреат атанатын. Бұл жолы Қазақстандағы журналистика әлеміндегі жаңаша тәсілді жүзеге асырған ұжымды барлық БАҚ өкілдері қызу қолдады. Осылайша, қазақ радиожурналистикасындағы тікелей эфирдің іргетасын қалап, үздік үлгісін танытқан «Тәулік тынысы» – «Панорама дня» бағдарламасын әуе толқыны арқылы әйгілі еткен Қазақ радиосының Ақпарат бас редакциясының ұжымы болатын. Содан кейін тікелей эфирде жұмыс істейтін радиоарналар біртіндеп ашыла бастады.
Қазақ радиосы – ұлттық радиожурналистика ғылымының зертханасы. Бүгінге дейін әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті жанынан ашылған диссертациялық кеңесте профессор Намазалы Омашевтың жетекшілігімен Қазақ радиосын нысан етіп алған төрт кандидаттық диссертация қорғалған екен.
Бұл диссертациялардың Қазақ радиосының тарихы мен жұмыс тәсілін, кәсіби деңгейі мен аудиториясын ғылыми айналымға енгізген зерттеу еңбектер екені даусыз. Дегенмен Қазақ радиосына қатысты жетістіктердің артында сол іске күш-қайратын, ақыл-парасатын, жүрегі мен тілегін қосқан жандардың тұрғанын ескерсек, соның бәрін саусақпен санарлық диссертациялардың аясына сыйғызу әсте, мүмкін емес.
«Әуе толқынында Қазақ радиосы», «Ұлттың үнжариясы», «Қазақ радиосы – 90 жыл» атты мерейтойға арналған жинақтар шықты, биыл тағы да бір жинақ жарық көрмек. Тек Қазақ радиосының тарихын бұл жинақтардың ауқымымен қамту мүмкін емес. Дәл осы тұста үш ұсыныс-тілек бар: Бірінші, Ұлттық радиотұлғаларды алфавит бойынша тізбектеп, Қазақ радиосының энциклопедиясын шығару керек. Екінші, «Қазақ радиосы» атты деректі-көркем фильмдер топтамасын түсіру қажет. Үшінші, «Радиоестелік» атты электронды радиохрестоматия жасап, «Алтын қор» мұрағатына қосу керек.
Жидегүл Әбдіжәділқызы, филология ғылымдарының кандидаты, «Қазақ радиосының үздігі» төсбелгісінің иегері