349
Қазақтың кәсіпкер әйелдері бағындырған белестер
Қазақтың кәсіпкер әйелдері бағындырған белестер
Қазақ әйелдері немен айналысады? Екі қолға бір кәсіп табу қиын. Ал одан да қиыны – өз кәсібіңді ашу. Бұл қиын істің басы-қасына аяулы аналар бен ару қыздарымыз да атсалыса бастаған. Әсіресе, ауылды елді мекендер мен шалғай аймақтарда жұмыссыздық көп, жұмыс орны жоқ. Осындайда пайдалы кәсіп ашып, жұмыс күшін тартып, экономикаға титтей де болса өз үлесін қосқан әйел кәсіпкерлердің еңбегіне назар аударып көрелік. Әйел адамдарды экономикалық қолдау мақсатындағы «Coca-Cola Белестерi» бағдарламасы жариялаған байқау нәтижесінде, жеңімпаз ханымдар биыл өз кәсібін ашып, аяққа тұрғызбақ. Компания бағдарл амасы бойынша жеңімпаз он кәсіпкерге грант беріледі.
Қазақстанда «Coca-Cola Белестерi» бағдарламасының жүргізіліп отырғанына төрт жылдың жүзі. Оның ұйымдастырушысы «Социальная динамика» қоғамдық қоры мен «Жасыл экономика» және G-global дамыту коалициясы, Coca-Cola компаниясы. Осы аралықта кәсіпкерлікті жүргізу, дамыту, жобасын жасау бойынша 7 мың 400 тренинг өткізілген. Ең ғажабы, бұл тренингтер ауылды аймақтардың аудиториясына бағытталған. 2016 жылы Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарында 2 мың әйел экономикалық сауатын ашып, бизнесті жүргізу, тренерлер кеңестері мен жасыл экономика бойынша үздік бизнес-кейстер бойынша білім алды. Бұл ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі алдындағы таптырмас дайындық. Қазақстанда кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын көруге тұңғыш рет Түркия, Орталық Азия және Кавказ дивизионының жетекшісі Хэйди Ламон келіп, қазақ кәсіпкер ханымдарының қолынан шыққан бұйымдарға тәнті болды. Оның сапарының басты мақсаты – Қазақстандағы әлеуметтік бағдарламалармен танысу болатын. Сондай-ақ, елімізде тренинг өткізген аймақтарда, жалғыз бизнес ашуға шамас ыкелмеген әйелдердің кооперативке бөлісіп, бірлесе бизнес ашуы таңқаларлық жайт деп бағалады. Бұл тәжірибені басқа мемлекеттерде де бөлісe керектігін айтты.
- Бұл жоба – ауыл шаруашылық кәсіпкерлігін дамыту механизмі деп айтуға болады. Әйел адамдар өз отбасының тұрмысы мен қаржылық жағдайын жөндеуге тиімді болмақ. Сонымен қатар, бұл бағдарламаның нәтижесі көрсеткендей, біздің жеңімпаздарымыз қаржылық сауаттылық бойынша курстар оқып, өзінің тәжірибесімен бөліседі. Жасыл экономика технологияларын меңгеру үшін бізге басқа облыстардан арнайы келеді. Әсіресе, мұндай әлеуметтік бағдарламалар мемлекеттік институтқа да, кәсіпкер қоғамға да пайдасын тигізіп отыр, - деді «Жасыл экономика» және G-Global коалиция төрайымы Салтанат Рахымбекова.