50578
Ресейде «ағаш архитектурасының негізін қалаушы» деп мойындалған қазақ
Ресейде «ағаш архитектурасының негізін қалаушы» деп мойындалған қазақ
Белгілі архитектор, көптеген халықаралық сыйлықтың иегері Тотан Күзембаевты ресейліктер ағаш архитектурасының негізін қалаушы деп бағалайды. Тіпті, студенттердің көбі ол кісіден дәріс алғысы келеді. Ал елімізде оның есімі айтарлықтай таныла қоймаса керек. Бүгінде Мәскеудің орталығында осыдан жиырма жыл бұрын ашқан жеке шеберханасында жемісті еңбек етіп жатқан архитектор қандасымызға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Сізді көпшілік Ресей қазағы деп біледі екен. Қызылорданың қиырында жатқан ауылдан Ресейге оқуға барғанда қалып қойғаныңыз жайлы естіген едік, осы жөнінде өзіңіз тарқатып айтып берсеңіз.
– Иә, солай ойлайды екен. Мен негізі бұрынғы Шымкент облысы Арыс ауданында дүниеге келгенмін. Әке-шешем шопан болған кісілер. Сондықтан нақты қай жерде туғаным төлқұжатымда көрсетілмеген. Жұрт үнемі «Шымкент облысы Арыс ауданы, ал ары қарай ше?» деп сұрайды. «Ал ары қарай – дала!» деп жауап беремін. «Сенбесеңдер, төлқұжатымды көрсетейін» деймін. Негізі, әке-шешем ашаршылық жылдарына дейін Қызылорда облысында тұрған. Жазда жайлауға Ақтөбеге, қыста қыстауға Қызылордаға көшіп-қонып жүрген. Ата-бабаларым Ақтөбеде жерленген. Қалайша Шымкент жақта тудыңыз десеңіз, әке-шешем ашаршылық жылдары Өзбекстанға кетіп қалған. Сосын ол қиын-қыстау күндер аяқталған соң, Қазақстанға қайтып келуді ұйғарған. Сөйтіп, қайтып келе жатқанда жолай Арыс ауданына тұрақтап қалып, жұмыс істеген, қой баққан. 1-сыныпқа баратын кезде әкем «Қартайған шағымда ел жаққа қайтайын. Өлсем, өз жерімде өлейін» деп бізді отбасымызбен Қызылорда облысына көшіріп әкетті. Сөйтіп, Қармақшы ауданындағы Чапаев колхозына (қазір Ақтөбе ауылы) тұрақтап, орта мектепті сонда бітірдім.
– Бала кезіңізде ұшқыш болуды, «Менің есіміммен көше аталса ғой» деп, ел таңырқайтын ерлік жасауды армандаған екенсіз. Сол кезде мәлім де беймәлім архитектор мамандығын таңдауыңызға ата-анаңыз түрткі болды ма әлде өсе келе ұшқыш болудан айнып, осы оқуға өз қалауыңызбен тапсырдыңыз ба?
– Ерлік жасап, елге танылғым келгені рас (күліп). Мектеп бітірген соң, досым екеуіміз әскери училищеге емтихан тапсыруға бардық. Емтихан тапсырмас бұрын офицер «Әзірге қауіпті аумақтарға бармайсыңдар, осы әскери бөлімде отырасыңдар» деп оқуда не оқып, не үйренетінімізді түсіндірді. Ерлік жасаймыз деп келген бізге бұл ұнамады (күліп). «Құрысын, бұлай жайдан-жай отыра алмайды екенбіз» деп ауылға қарай тайып тұрдық. Айтпақшы, қызық болғанда училище басшысы «Денсаулығың болса болғаны, Қазақстаннан шыққан тұңғыш ғарышкер боласың! Оқуға қал!» деп мені жібергісі келмеді. Сосын досым екеуіміз ауылда үш-төрт ай жүрдік. Оқуға құжат тапсыратын уақыт өтіп кеткен, сөйтіп, Ленинградқа әскери борышымызды өтеуге аттандық. Әскерде жүргенде де офицер «Саған жолдамамен жұмыс тауып береміз. Осында қал, әскери училищеге түсесің» деп Ленинградта қалдырғысы келді. Бой бермей ауылға қайтып кеттім. Егіншілікпен айналысатын біздің ауылдың тұрғындары күзде күріш жинайды да, ал қыс бойы демалады. Соғым сойып, бірінің үйіне бірі қонаққа барып, думандатып жүреді. Әскерден келе сала біз де сол ырду-дырдуға қосылып кеттік. Бейқам өмірге «етіміз» үйреніп кетті, сөйтіп. Бір күні туысқандар жиналып: «Бізді ұятқа қалдырып жүрсіңдер. Сенделіп, бос жүре бермей, оқуға түсіңдер немесе жұмыс істеңдер» деді. Біз оқуға түсуді ұйғардық. Мектепте жүргенде ақын-жазушылардың суретін салатынмын, қабырға газетін шығаратынмын, әскерде жүргенде де альбом жасайтынмын. Сөйтіп, менің болашағыма алаңдаған жақындарыма «Бітті, суретші боламын» дедім. Ол кезде өнер училищесі Қазақстанда тек Шымкентте ашылған, ал мен «құласаң, нардан құла» деп бірден Мәскеудегі Цуроковский атындағы институтта немесе Строгановкада оқимын деп шештім. Сөйтіп, емтиханға дайындықты бастап кеттім. Бір күні әпкем «Оқуға түсу туралы ережені дұрыстап оқышы» дейді. Сөйтсем, талапкер институтқа түсу үшін екі сурет салып, өзімен бірге натюрморт алып келуі керек екен. «Натюрморт деген не?» деп туған-туыс, сыныптастар, мұғалімдерден сұрап шықтым, ешкім білмейді. Ақырында парторгқа барып сұрасам, ол кісі «Колхоз төрағасы Сексенбаевқа бар. Ол кісі соғыс кезінде Берлинге дейін барған, бір білсе, сол білер» деді. Бірақ ол кісі де білмейтін болып шықты. Содан не керек, колхозды түгел жаяу аралап шықтым, натюрморттан ешкімнің хабары жоқ. Ақырында натюрмортсыз барсам бәрібір оқудан шығарып жібереді деп суретшіліктен бас тарттым. Сосын сурет салатын, бірақ натюрморт сұрамайтын басқа институт іздедім. Сөйтіп, Мәскеу архитектуралық институтына оқуға түстім.
– Сонда архитектордың оқуына натюрморттың не екенін білмегеніңізден түстіңіз бе?
– Иә. Ауылда өскен мен натюрморттың сурет екенін қайдан білейін?! Сіз оны айтасыз, мен тіпті архитектордың қандай мамандық екенін оқуға түскен кезде ғана білдім. Бастапқыда архитектордың оқуы ұнады деп айта алмаймын. Тек ауылға қайтуды ұят санадым. Сөйтіп, амалымның жоғынан оқуға түстім. Бірақ архитектордың қандай мамандық екенін білетін адамдар кеңесін айтып, барлығы жақсы болатынына сендірді. Айналам жақсы адамдарға толы болды. Олардың «Ары кетсе аға архитектор болып, зейнетке шығасың. Уайымдама» деп айтқаны әлі есімде (күліп). Оқу бітіретін кезде оқытушы профессор «Алматыға жұмысқа тұруыңа көмектесемін, ол жақта шәкіртім көп» деп менің көзімше Алматыдағы шәкірттеріне хабарласты. Ол кісі мені әбден мақтап, жұмыс сұрап жатса, тұтқаның ар жағынан «Ондай архитектор өзімізде де жетіп артылады. Қаласаңыз, бір ауданға жұмысқа жіберейік» дейді. Оқытушым ашуланып тұтқаны қоя салып, «Сені Ресейдің ішіндегі бір қалаға бас архитектор етіп тағайындайын» деді. Бірақ мен ол айтқан қалаға барғым келмеді. Сөйтіп, жолдама бойынша Мәскеу маңындағы шина жасау зауыты орналасқан өндірістік аймаққа архитектор болып бардым. Ол жерде кілең инженерлер жұмыс істейді екен, әдепкіде олар «Архитектор деген мамандық бар ма өзі?» деп маған таңғалып жүр, ал мен болсам білдей бір Мәскеуде тұратындардың архитектордың кім екенін білмейтініне таңырқап жүрдім. Сөйтіп, жолдама талабына сәйкес ол жерде үш жыл жұмыс істедім. Сосын бір жолдасым Мәскеу маңындағы Зеленоград қаласына жұмыс істеуге шақырды. Ол жерде жұмыс істеп жүргенде Қайта құру кезеңі басталды, құрылыс жұмыстары тоқтап, архитектор маман ешкімге керек болмай қалды. Ақша құнсызданып, нәпақамыз тек бір бөлке нан алуға жететін халге тап болдық. Сөйтіп, басқа жұмыс көзін қарастырып, досым Игорь екеуміз суретшілікпен айналыстық. Көптеген картина салып, көрмелер ұйымдастырдық. Тіпті, АҚШ, Германия, Сингапурде көрме өткіздік. Бірақ суретші болу да оңай емес екен, тұрақты жалақы жоқ. Ал бізге бала-шағамызды асырау керек. Сөйтіп, 1996 жылы Игорь екеуіміз бірлесіп, архитектуралық шеберхана аштық.
– Кейін досыңызбен жолыңыз екіге айырылып, жеке шеберхана ашуға бел будыңыз ба?
– Иә. Ол классикалық архитектурамен айналысқысы келді, ал мен болсам, ешкімге ұқсамайтын, өзіндік стилі бар дүние істегім келді. Өзгелердің істеп жатқанын қайталайтын, көптің бірі болғым келмеді. Тың дүние ойлап тапқым келді. Досым болса «Тотан, күн демей, түн демей, материалды қолмен ойып жасасаң да, қара да тұр, еңбегіңді ешкім бағаламайды. Біздің жұмыста бас қатырып, ойланудың қажеті шамалы» деп мені райымнан қайтарғысы келді, бірақ мен өз дегенімнен қайтпадым. Сөйтіп, жолымыз екіге айырылды. Сосын 2001 жылы жеке шеберхана аштым. Сол уақытта Ресейде мен секілді шеберхана ашып жатқандар көп болды. Бірақ көп ұзамай көпшілігі жабылып қалды. Ал біздің өз арнамызды тауып алып, тынбай жұмыс істеп келе жатқанымызға биыл тұп-тура 20 жыл болады. Қазір шеберханамда 12 адам жұмыс істейді. 2018 жылы Ресейде болған дағдарысқа дейін қоластымда 40 шақты адам жұмыс істеген. Бір түсінгенім – ұжымыңда адам саны неғұрлым аз болса, жұмыс сапасы соғұрлым жақсара түседі екен. Көп адам болса жұмысты бақылай алмайсың, ал қызметкер саны аз болса, тіпті шегенің қайда тұрғанын білесің. Қазір ұлым Олжас та осы шеберханада жұмыс істейді. Ол да мен секілді Мәскеу архитектуралық институтын бітірген. Қызым Алиса да сонда оқыған. Бірақ ол fashion-дизайнер боламын деп, архитектурамен мүлде айналыспады.
– Сұхбат басында жұртшылықтың «Ағашқа неге әуессіз?» деген сұрақты жиі қоятынын айттыңыз. Мен де соны сұрағым келіп отыр, неліктен ағаш архитектурасына қызықтыңыз?
–Мұны бұйрық деп білемін. Ең алғашқы клиентім ағаштан үй салуымды қалады. Егер ол металдан салуға тапсырыс берсе, қазір металмен жұмыс істеу шебері болар ма едім, кім білсін. Әйтпесе, иен далада қой баққан шопанның ағаш көрмей өскен баласымын. Әкем ұста болса бір жөн я болмаса ауылда ұстахана болса бір сәрі. Әлгі клиентім ағаштан үй салу сәнге айналып жатқанын айтып тұрып алды. Мен оған институтта оқыған кезде ағаштан үй құрастыру туралы дәрістердің аз болғанын, тіпті практикалық сабақтың болмағанын айтсам да ол «Қателік болса, бола берсін, ағаштан жасап көрелік» деп бой бермей қойды. Сөйтіп, журналдан көргенім бар, естіп-білгенім бар, тәуекел етіп, ішкі түйсігіме сеніп, әлгі үйлерді айтқан уақытында салып бітірдік. Сөйтсек, ағаштан үй салу аса қиын емес екен, сөйтіп, ағаштан үй салуға бірден төселіп алдым. Осылайша, жұмысымыз өрге басты.
– Әлеуметтік желіде сізден сабақ алғысы келетіндердің қарасы көп екенін байқадым. Бірақ сіз дәріс оқығанды құп көрмейді екенсіз, неге?
– Иә, мен қазір тек тапсырыс орындаумен айналысамын. Осындағы оқу орындарының өкілдері «Студенттер сіздің сабақ бергеніңізді қалайды» деп дәріс оқуға жиі шақырады. Жолдастарымның көбі архитекторлық пен оқытушылық қызметті қоса атқарады. Оларға «Егер бір жобаны қолға алсаң, басқа нәрсеге алаңдамай, жұмыс істе. Ал егер екеуін қатар алып жүрсең, демек сен жеңіл жолмен табыс табуды көздеп, шалағай іс істеп жүрсің» деп үнемі айтамын. Мен онсыз да шеберханама жұмысқа тұрған студенттерге екі-үш жыл қалай сызу керек екенін, қалай жобалау қажет екенін үйретемін. Олар университетте оқыса да, көп нәрсені білмейді. Бұл да дәріс оқумен тең. Сосын дәріс оқуға шақырған әлгі оқытушыларға «Сендер студенттерге сызу-оюды үйрету үшін жалақы аласыңдар, ал мен соны үйренгені үшін оларға жалақы төлеймін» деп айтамын.
– Ресейдегі көпшілік сізді ағаш архитектурасының негізін қалаушы деп бағалайды екен. Ал Қазақстан үшін жасаған жобаларыңыз бар ма?
– Мәскеуде архитекторлар бас қосатын кеш көп өткізіледі, сол кездесулерде орыс достарымның көбі Қазақстанда жоба әзірлеп жатқанын айтады. Сондай кезде «Мен – қазақпын. Неге маған тапсырыс бермейді?» деп аздап қынжыламын. Осы жылдың күзінде Дубайда басталатын EXPO көрмесіне Қазақстан павильонының жобасын әзірледім. EXPO павильондарын құрастырумен айналысатын шетелдік компаниялар арасында конкурс ұйымдастырылды. Швейцариялық компания өкілдері «Сіз қазақсыз ғой, архитектор өзіңіз болыңыз» деп бірлесіп жұмыс істеуге ұсыныс білдірді. Сөйтіп, олармен бірлесе келе әлгі конкурсты ұтып алдық. Бірақ кейіннен Қазақстан өкілдері мен әзірлеген жобаны өзгертіп тастады. Бұған басында қарсылық білдірген едім, кейіннен олар маған айтпай өзгертіп, көп жерін түзетіп шықты, бірақ павильонның мен ойлап тапқан негізгі формасы сақталды. Арабтар өртеніп кетеді деп ағаш пен киізді металға ауыстыртқан көрінеді. Ал Қазақстандағы жобаларды сөз етсек, біздің команда Шымбұлақтағы қонақүйді салуға атсалысты. Сондай-ақ, Алматыда туған ініме қазақы стильде үй салып бергенмін. Негізі, Алматыда тапсырыс берушілер жетерлік, бірақ қазір пандемияның салдарынан уақытша тоқтап тұр. Дегенмен алдағы уақытта бірлескен жоба көп болатын секілді. Нұр-Сұлтанның маңында да шағын қалашық салғалы жатырмыз. Ол жақтағы тапсырыс беруші бауырым қазір инвестор іздеп жүр.
Сөз соңында айтайын дегенім, қазақтар өз жеріндегі ғимараттың сызбасын өзі сызып, өзі жобалауы қажет. Өз еліңнің көркін келтіретін жобаны қазақтан өзге ешкімге сеніп тапсырмау керек. Тағы бір айта кетері, қазақтың істеген бір жобасынан қателік байқасаң, оны дұшпан санамай, түсінуге тырысқан жөн. Сіз-біз десіп, бір-бірімізді түзетіп, келісіп отырсақ, арамыздан әлем ғимараттарын салатын мықты мамандар шығарына кәміл сенемін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ