969
Баға – аспанда, жалақы – жерде
Баға – аспанда, жалақы – жерде
Соңғы екі ай ішінде азық-түлік пен тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасы күрт өсті. Басқасын былай қойғанда сәбіз, картоп, күнбағыс майы, жұмыртқа секілді өнімдердің бағасы аспандап кетті. Аспандап кетті дегеніміз де ешқандай әсірелеу емес. Бұрын баға тұрақты болды деп те айта алмаймыз, десек те, бұл жолғы қымбатшылық індеттен ес жия қоймаған халықты тіпті қыспаққа алды.
Бұрын жалақы тек азық-түлікке ғана жетеді дейтін едік, енді мүлдем жетпеуге айналды. Азық-түлік бағасының шарықтауына не себеп? Үкімет қандай шара қолданып отыр? Тауарлардың қайта арзандауы мүмкін бе? Шекті баға белгілеуге не кедергі?Қыспаққа алған қымбатшылық
Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері сәбіз 45 пайызға, картоп 38,5 пайызға, күнбағыс майы 16,7 пайызға, пияз 10,9 пайызға, қант 9,2 пайызға, қарақұмық жармасы 7,5 пайызға қымбаттаған. Сонымен қатар жанармай, құрылыс материалдары, электр энергиясы, коммуналдық қызметтер, дәрі-дәрмек, тұрғын үй құны қымбаттады. Тізімді одан әрі жалғастыра беруге болады. Не қымбаттады емес, не қымбаттамады деген сұраққа жауап табу қиынырақ. Биылғы бес айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қымбаттауы жағынан Түркістан облысы көш басында. Одан кейін Нұр-Сұлтан қаласы және Алматы қаласы тұр. Ал Солтүстік Қазақстанда картоп бағасы шарықтап тұр. Бұған дейін картоп өңірде ең көп өсірілетін әрі қолжетімді, арзан өнім саналғандықтан, бір келісінің 500 теңгеден асып кетуі қоғамдық резонанс тудырды. Дегенмен, басқа аймақтарда да жағдай тура осындай. Өзімізде шығатын көкөністер мен жемістердің бағасы тропикалық я болмаса экзотикалық жемістердің бағасынан кем түспей тұр. Сауда және интеграция министрлігі картоп бағасының өсуі қордың азаюынан болып отыр деп түсіндірді. Жылдың басындағы 903 мың тоннадан қазір 329 мың тонна қор қалған.«Сонымен қатар нарықта тек импортталған картоп бар, оның импорттық бағасы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 47 пайызға өскен. Ел нарығына картопты негізінен Пәкістан (58,5 пайыз үлесі бар) және Иран (36,4 пайыз үлесі бар) жеткізеді», – деді министрлік.Ал сәбіздің қымбаттауының негізгі факторы – Өзбекстандағы бағаның 55 пайызға өсуі екен, ол маусымаралық кезеңде елімізге сәбіз жеткізетін бірден-бір ел (ҚР импортындағы ТҚ үлесі – 99,6 пайыз). Ал өз сәбізіміздің қоры жыл басынан бері 81 пайызға – 211 мың тоннадан 40 мың тоннаға дейін қысқарған. Бірақ өткен жылдың қорытындысына сәйкес, ауыл шаруашылығы еліміздің экономикасының маңызды салаларының біріне айналып, мол өнім алдық. Статистикалық мәліметтер бойынша, 2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының нақтыланған егістік алқабы жалпы республика бойынша 22 582,3 мың гектарға жеткен, бұл 2019 жылға қарағанда 2 пайызға артық. Алайда, өзіміз мол өнім алған болсақ, басқа елден неге импорттап отырмыз деген сұрақ тағы да мазалайды. Өз өнімдеріміз қайда?
Өзіміздікін экспорттап, өзгенікін импорттаймыз
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өзімізде өсірілген картоптың бар екенін айтады. Бағасы да арзан көрінеді.– Қазір картоп жоқ емес, бар. Астана базарларының өзінде былтырғы картоп 200 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ адамдар жаңа піскен картопты алғысы келеді. Ал жаңа шығып жатқан картоп Өзбекстан мен Қырғыз Республикасынан келіп жатыр. Әрине, оның бағасы жоғары. Ал өзіміздің шаруалар былтырдан қалған картопты сатып жатыр. Оны да көп ұстауға болмайды. Өйткені жаңа картоп келген сайын былтырғы картопты ешкім алмайды. Бағасы да төмендеп кетеді, – деді Омаров Сенатта өткен Үкімет сағатында.Министрдің айтуынша, қазір сауда министрлігімен бірлесіп, азық-түлік өндірушілермен келіссөз жүргізіліп жатыр. Оларға субсидия бойынша тиісті талап қою жоспарланып отыр.
– Егер олар субсидия алса, соның ішінен 30 пайызын ішкі нарыққа ұстап отыруы керек. Мысалы, былтыр бидай мен ұн сыртқа шығып кеткенде тапшылық туындау қаупі болған. Сол кезде біз өнім өндірушілермен келістік. Тауардың 70 пайызын экспортқа шығарса, ішкі нарыққа 30 пайызын төменгі бағамен сатуға міндетті болған. Осыны ары қарай жалғастырамыз деп ойлаймын, – деп атап көрсетті Омаров.Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың сөзінше, өзіміздің картоп экспортқа көп кетіп қалады. Содан жыл сайын тапшылық туындайды.
– Осы мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі де, жергілікті атқарушы органдар да тиісті шаралар қабылдамай отыр. Өткен жылы баға картоп экспортына тыйым салу арқылы ғана тұрақтандырылды, – дейді Сұлтанов.Министрдің мәліметіне сәйкес, биыл картопты төмен бағамен экспорттаудың салдарынан отандық өнімнің қоры 3 есе қысқарған (903 мың тоннадан 330 мың тоннаға дейін). Сол себепті Иран мен Пәкістаннан 28 мың тонна қымбат картоп сатып алыныпты. Оның бағасы отандық картопқа қарағанда үш есе жоғары.
Жалпы, 4 айда картоп импорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67 есе өсті, ал жыл басынан бері импорт бағасы 47 пайызға жоғарылады. Бұл ретте әкімдіктер барлық қажетті шараны қолданса да, халықты қамтамасыз ету үшін ішкі нарықтағы картоп бағасын ұстай алмады, – деді министр.Не десек те, қазіргі нарықтағы ахуал – осы. Жалпы, қымбатшылықтың бір қылаң берсе тамырланып кететінін ескерсек, тек азық-түлік қана емес, барлық тауардың, балабақша бағасы мен коммуналдық төлемдердің өсетіні анық. Өсіп те жатыр. Ал жалақы бәз баяғы қалпында. Аз қамтылған отбасылардың жағдайы не болмақ?
Мемлекет қандай шара қолданып жатыр?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнайы көмек бар екенін айтқан болатын.– Табысы аз, күн көрісі төмен отбасыларға арнайы атаулы көмек бар. Қазірдің өзінде 500-ден астам азамат осы көмекті алды. Сонымен қатар былтыр 900-ден астам азамат алған болса, оның 600-і – бала. Арнайы әлеуметтік көмегімізде осы азық-түлік себеттері бар. Оны атаулы әлеуметтік көмек алған жанұяларға үлестіріп жатырмыз, – деді Серік Шапкенов.Министрдің айтуынша, аталған шара материалдық жағдайы қиын, атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасыларға аз да болса көмегін тигізеді. Ал елорда әкімдігі жүйелі түрде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Бірақ, бұл игіліктен ауыл тұрғындары тыс қалғанын да естен шығармау керек. Қазір ауылдағы баға мен қаладағы бағаның арасында айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Оған қоса, мұның барлығы тек уақытша нәтиже беруі мүмкін, ал шатқаяқтаған экономиканы қалай тұрақтандырамыз?
Сарапшылар не дейді?
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист-сарапшы:Көлеңкелі сектордағы ақшаны жарыққа шығару арқылы барлығын реттеуге болады
– Жалпы қымбатшылық өткен жылдан бастап сезілді. Өткен жылғы қымбатшылықтың негізгі себебі деп пандемияны айтуға болады. Карантин кезінде халықтың азық-түлікке деген сұранысы артып, содан баға қатты шарықтап кетті. Өткен жылы инфляция деңгейі 7,5 пайызға дейін жетсе, азық-түлік инфляциясы 11 пайыздан асып жығылды. Ал енді биыл азық-түліктің бағасы тіптен шарықтап отыр. Азық-түліктен бөлек баспананың, басқа да тауарлардың бағасы қатты өсіп кеткенін байқап отырмыз. Мұның барлығына Ұлттық Банктің ақшаны эмиссиялауы, теңгені басып шығаруы себеп болып отыр. Экономикада қарапайым заңдылық бар: айналымдағы ақша массасы мен айналымдағы тауарлардың арасында белгілі бір дәрежеде тепе-теңдік болуы керек. Егер тауар көп өндірілмей, сол күйінде қалса, ал ақша массасы ұлғайып кететін болса, бұл түптің-түбінде тауар бағасының қымбаттауына әкеледі. Бізде экономикалық өсім байқалмайды, қосымша өндіріс жоқ, қымбатшылықтың ең негізгі себебі осы болып отыр. Ақша неліктен басып шығарылып жатыр? Себебі мемлекеттік бюджетте тапшылық бар. Мемлекеттік бюджеттің жалпы шығыны – 15 триллион теңге. Ал салықтан түсетін кіріс 8 триллионға да жетпейді. Сол тапшылықты жабамыз деп Ұлттық қордан трансветтік аударымдар аударылып отыр. Өткен жылы пандемия салдарынан Ұлттық қордан 4,7 триллион теңге, ал осы жылы 3 триллион теңге аударылып отыр. Оған қоса былтыр Азия даму банкінен 1,5 миллиард еуро көлемінде қарыз алынды. Қалған жетпеген ақшаны Ұлттық банк басып шығарып отыр. Нақты статистикалық деректерді келтірер болсақ, өткен 2020 жылғы қазанда басып шығарылған ақша массасы 24 триллион 180 миллиард теңге болған. Ал Ұлттық банктің сайтындағы статистика бөліміндегі мәліметтерге қарайтын болсақ, қазір 26 триллион 800 миллиард теңге болып тұр. Сонда айналдырған жарты жылдың ішінде 2,5 триллион теңге басып шығарылған. Мұндай жағдайда Үкімет қаншалықты реттеймін десе де, одан ештеңе шықпайды. Өйткені ақша массасының көп болуынан тауарлардың бағасы қымбаттай беретін болады. Сондықтан ақша басып шығарудың қажеті жоқ, Ұлттық қордан да ақша аудара беруге болмайды. Өткен аптада Есеп комитеті жариялаған деректерге қарасақ, Ұлттық қордан аударылған ақшаның көптігі соншалық, өзінің шегіне жетіп қалған. Негізі қорда жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына дейінгі қаражат сақталуы керек. Ал қазір біз сол деңгейге жетіп қалдық. Одан азайып кетсе, онда Ұлттық қордың түбі көрінеді деп айтуға толық негіз бар. Негізінен сырттан қарыз алмай-ақ, басып шығармай-ақ, Ұлттық қордан аудармай-ақ көлеңкелі сектордағы ақшаны жарыққа шығару арқылы барлығын реттеуге болады. 2019 жылдың қорытындысы бойынша, көлеңкелі сектордағы ақша жалпы ішкі өнімнің 30 пайызына жеткен. Ал 2020 жылдың қорытындысы бойынша 23 пайызға дейін азайған деп көрсетіліпті. Менің ойымша, бұған Үкіметтің қосқан үлесі аз. Оған онлайн банкингтің, онлайн ақша аударудың ықпалы зор болып отыр. Біздің жалпы ішкі өнім 70 триллион теңге болса, оның 30 пайызы – 21 триллион теңгеден асатын қаражат. Ақша айналымында тазалық сақталса, ешқандай бюджет тапшылығы болмас еді. Сосын, әрине халықтың жалақысын арттыру керек. Қазір біз жалақысы ең төменгі дәрежедегі елдердің қатарындамыз. Шенділер есеп берген кезде көбінесе орташа жалақыны алады. Ал орташа жалақының көлемі 223 мың теңге болып тұр. Бұл көрсеткішпен бағамдар болсақ, әрине, ең соңғы орындарда емеспіз. Бірақ, Еуропа елдерінде орташа жалақы ретінде медианалық орташа жалақы, модалық орташа жалақы есептеледі. Ал бізде ол арифметикалық түрде ең көп жалақы алатындар мен ең аз жалақы алатындардың арасындағы жалақыны есептеп шығара салады. Бұл – дұрыс емес. Биылғы шығарылған медианалық жалақы 147 мың теңге деп көрсетіліпті. Бұл аз да болса шындыққа жанасады, себебі бізде азаматтардың көбінің алатын жалақысы осы деңгейде. Енді бірден айту керек, тауарларға шекті баға қойып, қадағалаған белгілі бір дәрежеде дұрыс-ақ. Сонымен қатар қазір әлеуметтік маңызы бар 19 тауар анықталды. Бірақ, экономика заңдары бойынша мемлекет бағаны реттемеуі керек. Егер қолдан реттер болса, онда нарық заңдары бұзылады. Сондықтан алдағы уақытта 3 жылдай қадағалап, сосын еркіне жіберу керек. Ал одан бұрын азаматтардың жалақысын арттырып алуымыз қажет. Экономикада Энгельдің заңы деген заңдылық бар. Халықтың жалақысы неғұрлым төмендеген сайын, азық-түлік шығындары артады, ал көбейген сайын демалыс шығындары артады. Халықтың азық-түлікке жұмсайтын шығыны 50 пайыздан жоғары болса, демек, азаматтардың табысы кедейлік деңгейіне жақын деген сөз. Дамыған елдерде халық бүкіл табысының 12 пайызын ғана азық-түлікке жұмсайды, ал қалғанын өзін-өзі дамытуға, бала-шағасын оқытуға, әлемді шарлап, саяхаттауға арнайды. Оған қоса бізде халық жалақысын қарыз өтеуге жұмсайды. Сосын келесі жалақыға дейін тағы қарыз алады. Міне, халқымыз осындай жағдайда өмір сүріп жатыр.Мақсат СЕРӘЛІ, экономист-сарапшы:
Халық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұмсап отыр
– Негізінен біздегі қымбатшылық металл, құрылыс тауарларының қымбаттауынан басталды. Металл биржамен белгіленетіндіктен, бірден 68 пайызға өсті. Одан кейін жанармай бағасы қымбаттады. Сосын коммуналдық қызметтердің бағасы өсті. Осының барлығы тізбектелген реакция ретінде бір-біріне әсер етті де, жаппай қымбатшылыққа ұласты. 3 жыл қатарынан қымбатшылық динамикасы байқалып келеді, яғни баға өкінішке қарай, төмендемейді, бұдан әрі көтеріле береді. Оны мемлекет те қадағалай алмайды. Өйткені бұл – нарықтық экономиканың талаптары, оған тек көнуіміз керек. Ал тауарлардың қымбаттауына әсер етіп отырған негізгі фактор – Ұлттық банктің 5 триллион ақшаны айналымға шығарғаны. Айналымға артық ақша шыққаннан кейін, әрине ақша құнсызданады. Оған қоса биыл бізде көктем кеш шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдері нарыққа шығып үлгерген жоқ. Сондықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерін шетелдерден алып жатырмыз, мұндай жағдайда баға өсетіні онсыз да белгілі. Осындай фактордың барлығы қымбатшылыққа алып келді. Қазір кейбір өнімдерге шекті баға қойды, дегенмен, тауар дүкенге қымбат бағада келеді. Мысалы, тауар 450 теңгеге келетін болса, Үкімет оны 300 теңгеге сат деп айта алмайды. Мемлекет қазір бағаны екі тәсілмен қадағалауға тырысып жатыр, бірақ нәтиже беріп отырған жоқ. Біріншісі – 6 пайызбен несие беру. Бірақ оған кәсіпкерлер аса мұқтаж емес. Екіншісі – төмендетілген әлеуметтік дүкендер. Біріншіден, оның саны аз, екіншіден, ішкі нарықты қамтамасыз ете алмайды, үшіншіден ауылдарда, елді мекендерде мүлде жоқ деуге болады. Сондықтан да нарықтағы бағаға әсерін тигізе алмай, нәтижесіз болып отыр. Қымбатшылық деңгейінің өскені сонша – қазір халық жалақының 90-95 пайызын азық-түлікке жұмсайтын болған. Бұл – жақсы құбылыс емес. Бұлай кете берсе, кедейшілік кең етек алып, Үкіметке, билікке деген халықтың наразылығына ұласады. Сондықтан да Үкімет тиімді құралдарды қолдануы керек. Отандық өндіріс орындарының санын көбейткен жөн. Оларға тікелей көмек берілуі керек. Жалпы айтқанда, жалпы ішкі өнімдегі отандық өнімдердің үлесін көбейтіп, кем дегенде 50 пайыздан асыруымыз керек. Сонда ғана экономикалық қауіпсіздік орнайды. Олай болмаса, ақшалай болсын, басқа бір реттік көмек болсын – бәрі уақытша құбылыс.