439
15 маусымда тарихта қалған қандай оқиғалар болды?
15 маусымда тарихта қалған қандай оқиғалар болды?
1993 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Үндістан Республикасында Қазақстан Елшілігі ашылды.
1996 жылы Абай шығармаларының жинағы Иранда парсы тілінде басылып шықты.
1996 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Өкімімен Архив туралы Ереже бекітілді. ҚР Президентінің архиві - ҚР Президенті және оның Әкімшілігінің мұрағаттық қызметін қамтамасыз ету саласында республикалық мемлекеттік органы қызметін атқаратын мемлекеттік мекеме. Архивті ҚР Президенті Әкімшілігі басқарады.
2000 жылы Қостанай облысы Рудный қаласында Өндірістік мекемелердегі жастармен жұмыс істеу тәртібі туралы республикалық мәслихат ашылды. Мәслихаттың өткізілуіне Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымын жүзеге асыру мақсатында Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі ұйытқы болды. Қатысушылар Соколов-Сарыбай кенішіндегі жастар саясаты бөлімінің тәжірибесімен танысты.
2000 жылы жазушы С.Мұқановтың (1900-1973) туған жері Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы Сәбит ауылында жаңа мектеп ашылды.
2001 жылы Шанхай бестігіне Өзбекстан қосылып, Шанхай ынтымақтастық ұйымы құрылды.
2009 жылы Ақтау қаласында қан орталығы құрылысының іргетасы салтанаты түрде қаланды. Жоба республикалық бюджеттен қаржыланады. Орталық жылына 7000 литр қан қабылдай алады.
2011 жылы ШЫҰ саммитінің аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерациясының президенті Дмитрий Медведев және Иран Ислам Республикасының президенті Махмұд Ахмадинежадтың үшжақты кездесуі болып өтті.
2011 жылы Брюссельде Қазақстан достары Еуропалық клубының ашылу салтанаты өтті, оған ҚР Парламенті депутаттары, Еуропа Кеңесінің Еуропарламент және Парламент қауымдастығының мүшелері, Еурокомиссия және ЕО басқа да институттарының ресми тұлғалары мен Бельгия Парламентінің өкілдері қатысты.
2011 жылы Тәуелсіздік сарайында Шанхай ынтымақтастық ұйымының Х мерейтойлық саммиті өтті. Онда өткен он жылда атқарылған қызметтер мен алдағы уақыттағы Ұйымның дамуы барысында атқарылатын жұмыстарға сараптама жасалды.
2012 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ халықаралық қатынастар факультетінде Біріккен Ұлттар Ұйымы орталығы ашылды.
2012 жылы Астанаға 2012 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы мәртебесіне ие болғандығын растайтын сертификат табысталды.
2013 жылы Талдықорған қаласының көрікті жерлерінің бірінде КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтың құрметіне ескерткіш ашылды.
2015 жылы Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес, ҚР ұлттық контингентінің бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі операцияларға (миссияларға) қатысуына байланысты қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
2015 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Назарбаев Университетін бітірген алғашқы студенттерге диплом табыстау салтанатты рәсіміне қатысты.
2015 жылы Йоханнесбург (ОАР) қаласында Африка одағы Мемлекет мен үкімет басшыларының 25-Ассамблеясы өтті. Шара барысында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің тұсаукесері өткізіліп, Қазақстанның 2017-2018 жылдарға БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне өтініші қабылданды.
2016 жылы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Ұлт жауһарлары атты сирек кездесетін археологиялық зергерлік бұйымдар мен тұрмыстық заттар фотожинағының тұсаукесері өтті.
2016 жылы Қазақстанда Имам деп аталатын тегін такси қызметі іске қосылды. Оның ерекшелігі: қалалық мешіт имамдары такси жүргізушісі болып қызмет атқарып, Рамазан айындағы тарауық намазына қатысушыларды үйлеріне тегін жеткізеді.