Тәуелсіздіктің бір мұраты – терминдердің төл тілімізде түрленуі
Бүгінде елімізде тіл мәселесі туралы айтар болсақ, ең алдымен оның мәртебесі мен қолданылу аясы Ата заңымызбен бекітілген. Яғни бәрімізге белгілі, Қазақстан Республикасы Конституциясының жетінші бабының бірінші бөлімінде: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп жазылған. Демек, мемлекетіміздегі басты тіл ретінде қазақ тіліне барлық салада үстемдік берілгені талассыз. Сондықтан мемлекеттік тілдің тіл ретінде дамуы басты назарда тұр.
Әлемде алты жарым мыңнан аса тіл болса да, солар 266 мемлекетке (оның 193-і БҰҰ мүшесі) шоғырланған және солардың 100-ге жуығында ғана «Мемлекеттік тіл» статусы бар. Сондай-ақ, сөйлеушісі 15 миллионнан асатын 40 тіл бар! Міне осы деректердің ішіндегі оң көрсеткіштердің бәрі біздің мемлекеттік тілімізге де қатысты. Бұл қазақ тілінің әлеуетін танытса керек.
Қазақ тілі ХХ ғасырда жетілген ұлт тіліне айналды, белгілі бір аумақта басымдыққа ие болды, филолог ғалымдар тарапынан жоғары дәрежеде зерттеліп, жүздеген том кітап жарық көрді. Атап айтатын ерекше факт: әлемде қазақ тілінде сөйлейтін адамдар саны бойынша 70-орында тұрса да, сөздік қоры жөнінен 3-орында тұр! Араб тілінде 12 млн 300 мың сөз болса, ағылшын тілінде 700 мың, қазақ тілінде 600 мың сөз бар. Осыған қарап-ақ ана тіліміздің қаншалықты бай тіл екенін білуге болатын шығар.
Әрине, ешбір тіл өзге тілдермен әрекеттеспей, жеке өзі дами бермейді. Бір тілдің екінші тілден сөз алып баюы – табиғи үдеріс. Жаңа құбылыс, жаңа заттардың пайда болып, соның себебінен жаңа ұғымдардың қалыптасуы – тілдерді байытатын фактор. Сондықтан бұл мәселеде тілдің дамып, жетіле түсуіне ықпал ететін үдерісті бақылау әрдайым маңызды. Себебі бір тіл екінші тілді байытуы кейде теріс жағынан әсер етуі де мүмкін. Өйткені сырттан келетін сөздер тіл табиғатына сай өзгеріске түсіп енбесе, тілдің шұбарлануы ғажап емес. Әсіресе, оны тілді тұтынушылар «күшейтіп» әкетсе, тіл өз болмысынан айырылып, жайымен жоғалу үдерісіне түсіп кетуі мүмкін. Өкініштісі сол, ХХ ғасырда Кеңес үкіметі көптеген ұлттың әліпбиіне орыс тілінің дыбыстарын зорлықпен енгізу арқылы ұлт тілдерінің акустикасын, оның жат сөздерді «сындырып», икемдеп енгізу қабілетін мүлдем жойып жібере жаздады. Мәселен, бұрын в, ё, и, х, ч, ц, ф, щ, э, ю, я дыбыстары болмағандықтан сырттан кіретін сөздерді «қазақыландырып» алатын ана тілімізде жат дыбыстар енгізілген соң, орыс сөздерін және орыс тілі арқылы келген өзге тілдің сөздерін түпнұсқасында оқып-жазуға және айтуға мәжбүр болдық. Осы үдеріс біздің тілімізге кез келген терминдердің жасалған тіліндегі қалпын бұзбай еніп кете беруіне жол ашты. Бұл тіл заңдылығына өте қайшы әрекет еді. Соның себебінен қазақ тілі жартылай орыстанған тілге айналып, жеке сөздер мен терминдерді былай қойғанда тұтастай сөз тіркестері орыс тілінің заңдылығына сай аударылып, қазақ тілі калька тілге айналып кетуге сәл қалды. Мысалы, кеңестік кезеңде тілімізде кеңес деген баламасы бола тұра «Кеңес елі, «кеңестік» деген терминдерді «Совет елі», «советтік» деп айтып, жазуға міндеттелдік. Ондай сөздер өте көп...
Шынын айту керек, тілге саяси жағынан қысым болса да кеңестік кезеңде де ғалымдарымыз, жазушыларымыз терминдерді қазақыландыру жолында көп еңбек етті. Тілші-ғалымдарды былай қойғанда, аудармашы қаламгер Ісләм Жарылқапов «остановка»-ны – аялдама, «мороженное»-ны – балмұздақ, «помидор»-ды – қызанақ, «зритель»-ді – көрермен, «читатель»-ді оқырман деп аударып, көптеген терминді қазақыландырды. Дегенмен көп жағдайда мұндай ізденістер гуманитарлық салаларда жүрді де, басқа салаларда қозғалыс болмаған есепті, тәуелсіздікке дейін, ай-күн аттарына дейін орысша атап келдік.
Қалай десек те, қазақ терминологиясының құлашты кең сермегені – тәуелсіздіктен бергі дәуірде. Ең алдымен апта күндері мен айдың атауларын қазақшаладық. Содан кейін бұрын орысша аталып келген көптеген терминдік сөздерді қазақшаға аудара бастадық. Мысалы, конституция, гимн, герб, аэропорт, самолет, вертолет, процент, класс, проспект, телевидение, интернет, архив, мавзолей, комплекс, программа, проблема, медсестра, семья сияқты терминдерді ата заң, әнұран, елтаңба, әуежай, ұшақ, тікұшақ, пайыз, сынып, даңғыл, теледидар, ғаламтор, мұрағат, кесене, кешен, бағдарлама, мәселе, мейірбике, отбасы деп алып, ол аз уақыттың ішінде халықтың ықыласына бөленіп, кең түрде қолданысқа еніп кетті.
Демек, бұл тәжірибелер терминдерді қазақ тіліне аударуға да, тікелей өз тілімізге жасауға да болатынын көрсетті. Әрі қазақи терминдерді халықтың жақсы қабылдайтынын, тез қолданып кететіні де байқалды. Сонымен бірге сәтсіз жасалған термин сөздер де болмай қалған жоқ. Мәселен, скамейка, балкон, картоп, магнитофон, газет, журналист секілді терминдік мәні атауларды артбаспай, қылтима, буылдақ, үналғы, үнжария, жорналшы қылып қазақыландырғанмен оны жұрт қабылдай қоймады. Демек, бұл аудармалар сәтсіз болды деген сөз.
Терминді жасауда біріздендіру деген мәселе бар. «Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Терминология комиссиясы терминдерді біріздендіру үшін жыл сайын төрт отырыс өткізеді. Әр отырыста комиссия 200-1 000 (орта есеппен 600) термин сөзді талқылап, бекітеді. Сонда жылына төрт отырыста шамамен 2 400 термин сөз бекітіледі екен. Дәл осы жүйе бойынша жұмыс істей беретін болсақ, он жылда 24 000 термин бекітіледі. Бұл аз ба, көп пе? Әрине аз. Тіл комитетінің тапсырысымен 2014 жылы шыққан 30 томдық салалық терминдер сөздігінің әр томында орта есеппен он мың термин сөз бен терминдік тіркес қамтылған, яғни отыз томда үш жүз мың бірлік термин ретінде берілген», – дейді бұл жайында филология ғылымдарының кандидаты Б.Қапалбек. Демек, термин мәселесі техникалық жағынан да оңай емес. Бір қарағанда, терминді жасау жеңіл сияқты болып көрінгенімен шын мәнінде қаптаған ұсыныстардан тиімдісін таңдап алу, оны қолданысқа беріп орнықтыру аса қиын, көп түсіндіру жұмыстарын, көп уақытты талап ететін жұмыс. Дегенмен көптеген сала ғалымдарының басын қосып, көп жұмыстар атқару нәтижесінде 2012-2014 жылдарда Қазақстан Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында «педагогикалық ғылымдар академиясы» дайындаған 30 томдық «қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік» басылып шықты. Бұл біраз жылдарға созылған жұмыстың нәтижесі болатын. Дегенмен ол еңбектің бәрі кемшіліктен ада-күде азат емес. Оны мамандардың сөздерінен де, ел арасындағы көзқарастан да білуге болады.
Мәселен, белгілі ғалым, профессор Ерден Қажыбек елордада термин жасау мәселесіне қатысты өткен семинарда былай деген еді: «Термин тану, терминдерімізді толықтыру әлі күнге дейін өте өзекті мәселе болуда. Терминдер әдеби сөздік қор емес, ол – мамандардың тілі. Әр сала үшін кемінде 5 мың, әрі кетсе 15 мың термин керек екен. Біз соңғы 20-30 жылдың ішінде 20-30 мың терминді бекіттік. Сөздіктер шығарып жүрміз. Салалардың саны көп, мәселен 100 сала десек кемінде 500 мың термин керек. Әр саланың ішінде кемінде 10-20 пайыз өзгермейтін кәсіби терминдер болады. Бірақ 80-90 пайызы төл тіліміздің негізінде қалыптасуы керек. Инновация тілі, өндіріс тілі, техника тілі қай тілде дамып жатыр? Бұл – ағылшын тілі. Ал біздің шығарып жатқан сөздіктерімізді мамандарымыз пайдаланбайды. Қазақ тіліндегі астрономиялық терминдер ағылшын және орыс тіліндегі терминдерден әлдеқайда бай. Себебі, біздің көшпелі ата-бабамыздың картасы аспанда болған. Геология мен геодезия терминдері де қазақ тілінде өте бай. Өйткені бұл – түркі халықтарының ежелгі салалары. Айтайын дегенім, біздің мемлекеттік тіліміз филология, гуманитарлық пәндер тілі болып қалмауы үшін ғылымның және өндірістің тілін қалыптастыруға назар аударуымыз қажет. Ол үшін комиссиямыздың жұмысын осындай бағытқа рәсімделген негізде бұруымыз керек. Үкіметтің деңгейінде басқарылуы тиіс. Себебі ғалымдар термин жасайды, бірақ өндіріс мамандары қолданбайды. Термин жасау үдерісінің өзін ойластыруымыз керек. Міндетті түрде технологиялық секциялар болуы тиіс. Оны салалық мамандар мен терминолог-тілшілер бірігіп қолға алса құба-құп.
Түркияда жыл сайын 20 шақты ғалымды біріктірген арнаулы ұйым терминдер жасап, басылымдарға жариялап отырады. Ары қарай халық қабылдағанын енгізеді. Бізде де осындай тәжірибені қолға алып, «Ана тілі» сияқты газеттерде, басқа да басылымдарда жариялап отырсақ дұрыс болар еді. Енді латын әліпбиіне көшсек, ол терминология саласын дамытуға керемет көмек болады. Яғни терминдерді дәнекер тілдерден емес, тікелей түпнұсқа тілден қабылдауға мүмкіндік туады. Бірақ оны өзіміздің тіліміздің табиғатына, ерекшелігіне қарай икемдеуіміз керек». Ғалым өте дұрыс айтып отыр. Терминдер өміршең болуы үшін халықтың қолдануына ыңғайлы әрі түсінікті болуы шарт.
Ал филология ғылымының докторы, профессор Байынқол Қалиұлы әлі күнге бірізге түспеген кейбір терминдердің жұртты шатастыратыны жөнінде былай пікір білдіреді: «Көп уақытқа дейін қазақ тіліндегі термин жасау ісінде негізінен екі түрлі бағыт ұсталынып келді. Оның біріншісі – даяр тұрған орыс тілі терминдері мен ағылшын тілі терминдерін тікелей қабылдай салу, екіншісі – қазақ тілінің өз қорын кәдеге жарату.
Мамандарымыздың айтуынша, қазақ тіліндегі терминдердің 70-80 пайызы орыс тілі арқылы келген, орыс тілінің заңына бағынған жат жұрттық сөздер. Бұған дейін терминдер екі түрлі жолмен бекітіліп келді. Бірі – термин сөздерді жеке-жеке жиып, топтап, мезгіл-мезгіл бекітіп тұру, екіншісі – белгілі бір ғылым саласы бойынша жасалған сөздіктерді сол қалпында бекіте салу. Терминге байланысты кеткен кемшіліктердің басым бөлігі осы сөздіктер бойынша бекітілген терминдерде байқалады. Мәселен, терминком – «творчество» деген терминді бұрын «творчество» және «жасампаздық» деген екі сөзбен бекіткен еді. Кейіннен аталған қазақша балама «шығармашылық» деген сөзбен ауыстырылды. Терминком «алқа» сөзін бұрын «коллегия» терминінің баламасы ретінде алса, кейіннен ол сөзді «совет» терминінің бір мағынасы ретінде тағы бекітті. Сондай-ақ «жиынтық» сөзі бұрын «совокупность» терминінің баламасы ретінде бекітілсе, кейіннен ол «комплекс» терминінің бір мағынасы ретінде ұсынылды (Қазір «комплекс» сөзі кешен деген баламамен беріліп жүр). Орысша сыңары да, қазақша сыңары да бұрыннан дұрыс қолданылып жүрген кейбір терминдерге терминкомның басқаша баламалар бекітіп берген кездері де болды. Мысалы, о баста «эквивалент» сөзінің аудармасы ретінде қолданылып жүрген «балама» сөзі терминком бекіткеннен кейін «альтернатива» сөзінің қазақшасы болып шықты. «Куәлік» сөзі де дәл осындай. Ол бұрын «свидетельство» сөзінің баламасы болатын. Терминкомның кезекті бекітуінен кейін «куәлік» сөзі «удостоверениенің» баламасы болды.
Орыс тіліндегі белгілі бір терминнің қазақша баламасы ретінде терминком кейде екі сөзді қатар береді. Оның бірі – орысша, екіншісі – қазақша. Мысалы, аудитория – аудитория, дәрісхана; логика – логика, қисын; рынок – рынок, базар; статус – статус, мәртебе т.б. Бұлай етуге болмайды». Әрине, мұны айтқанда ғалым терминологиялық комитеттің жұмысын жоққа шығарып отырған жоқ, тілге қатысты бәрімізге ортақ істе кеткен кейбір олқылықтар жайында пікір білдіріп отыр. Ол пікірлердің арасында ерекше назар аударуға тұратын нәрселер бар. Мәселен, бір терминнің бірнеше баламасы болуы қолданушыны шатастыруы мүмкін.
Қалай десек те, қазақ терминологиясы жыл өткен сайын жөнделіп көркейіп келе жатыр. Дегенмен істелетін істер әлі көп. Мәселен орыс тілінен енген кейбір терминдерде орыс тілінің жұрнақтары бар, біз оны әлі солай қолданып келеміз. Сосын алдағы уақытта латын графикасындағы қазақ жазуына көшкелі отырмыз. Демек, тұрақты әліпби қалыптасып, бекітілген бойда терминдердің латын жазуындағы түрін де жазып шығаруымыз керек. Өйткені латынға көшкенде қазіргі жазу принциптеріндегі көптеген ерекшелік қалып кеткелі тұр. Сондықтан жасалған терминдерді жаңа графикада да еркін қолданудың жолын осы кезден іздеп тауып, іске кірісе берген жөн.
Терминдерді іріктеп алу үшін басты талап – терминнің қолданыс жиілігі болуы керек дейді ғалымдар. Өкініштісі сол, кейде терминді ұсынған тұлғалардың не топтың беделі басып кетіп, соған орай солардың ұсынған баламасы қолданысқа енгізілуге шешім қабылданатын жағдайлар да кездесіп қалып жатады. Мәселен, кезінде оннан аса баламасы болған «медсестра» сөзінің ішінде «медбике» сөзінің қолданысқа еніп кетуіне оны ұсынған академик Өмірзақ Айтбаевтың ықпалы болған көрінеді...
Жасыратыны жоқ, белгілі бір сала бойынша (тіл-әдебиет саласынан басқа) жаңа терминдерді сол саланың мамандары жасап жатады. Бірақ олар лингвистикалық білімге ие болмағандықтан көп жағдайда сапалы болып шыға бермейді.
Терминологияның басты мақсаттарының бірі – белгілі бір салаға қатысты барлық терминді түгендеу. Сосын олардың арасында стандартқа келмейтіндерін қайта жасап шығару. Ол терминдерде жүйелілік пен бірізділік болуы шарт әрі барынша қысқа болуы тиіс және ол термин ретінде дұрыс, анық мағына беруі қажет.
Қалай десек те, Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қазақ терминологиясында едәуір ілгерілеушіліктің болғанын атап айтуымыз керек, әрі ол тек ғалымдардың ғана емес, қарапайым халықтың ішінде де зор қызығушылық тудырды. Мұның бәрі – еткен еңбектің, төккен тердің өтеуі.
Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,
ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:
ҚАЗАҚ ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНДА ІЛГЕРІЛЕУШІЛІК БАР
–Тәуелсіздіктің 30 жылында терминология саласында қандай жұмыстар атқарылды, не өзгерді деген сұраққа жауап іздесек, мына мәселелерді атауға болады:
Ең алдымен, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Елдес Омарұлы, Қошке Кемеңгерұлы, Халел Досмұхамедұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Телжан Шонанұлы бастаған Алаш оқығандарының ХХ ғасыр басында жазылған еңбектері қайта жарық көріп, олардың ғылыми, әдеби мұрасы тілдік тұрғыдан да зерттелді. Жұртшылық, ғылыми қауым Ахаңдар жасап, 1924 жылы Орынборда өткен білімпаздар съезінде ресми бекітілген терминологияны дамытудың бағыт-бағдарын көрсететін ғылыми қағидаттармен танысты. Соның арқасында термин шығармашылығында сол қағидаттарды басшылыққа алатын мамандар қатары артты. Бұрынғыдай шет тілдерінің терминдерін орыс тілі арқылы қабылдауды негіздейтін кеңестік қағидаттар ғана басшылыққа алынбай, ұлт тілінде термин жасауға, қазақ тілінің лексикалық қорында бар сөздерді термин ретінде пайдалануға көңіл бөліне бастады. Ғылымның түрлі салаларында ондаған жаңа термин жасалып, қазақ тілінің өз сөздері мен сөзжасам тәсілдері іске қосыла бастады. Алаш оқығандарының еңбектеріндегі көптеген термин қайтадан қолданысқа енді.
Жоғары оқу орындарында қазақ бөлімдерінің жаппай ашылуына байланысты түрлі мамандықтарға арналған оқулықтар мен оқу құралдары жарық көрді. Сол оқулық авторлары да көптеген жаңа термин жасап, терминқорды толықтыруға үлес қосты. Терминтану саласы бойынша бірнеше кандидаттық, докторлық диссертация қорғалып, терминтанушы мамандар өсіп шықты. Сонымен қатар осы кезеңде ондаған терминологиялық сөздік жарық көрді.
Бұл кезеңде қазақ терминқорының ұлттың өз тілінде жасалған терминдермен байығанын қазір тілімізде жаппай қолданылып жүрген жүздеген термин анық көрсетеді. Мысалы, қаржы, қаржыгер, демеуші, кеден, зейнетақы, зейнеткер, сыйақы, делдал, жәрдемақы, өтемақы, жекешелендіру, кепілақы сияқты қаржы-экономика терминдері мен құжат, хаттама, өтінім, тапсырыс, іссапар, күнтізбе, әдістеме, әдіскер, жасуша, ұшақ, тікұшақ, ұжым, қауымдастық, достастық, дәріс, дәрісхана тәрізді соның айғағы.
Сонымен қатар терминологияның әлі шешімін таппаған мәселелері де аз емес. Мәселен, терминологияны республикалық деңгейде үйлестіру жұмысының әлсіздігі, терминологиялық жұмыстардың кәсіби деңгейде жүргізілмеуі, терминдер сөздігін жасаудың жолға қойылмауы, терминдер корпусының, терминологиялық деректер қорының жасалмауы, терминологияны дамыту қағидаттарының белгіленбеуі сияқты мәселелер. Алдағы уақытта осы бағытта мақсатты жұмыстар жүргізілуі тиіс деп ойлаймыз. Терминологияға қатысты бұлардан басқа да шешімін табуға тиіс мәселелер бар. Жалпы ұлттық ғылым тілінің қолданысын кеңейту, терминологиямызды жүйелеу бағытында атқарылатын жұмыс жеткілікті. Сол жұмыстарды кәсіби тұрғыдан, рет-ретімен жүргізу керек.
Сәрсенбай ҚҰЛМАНОВ,
А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты директорының орынбасары, филология ғылымының
кандидаты, доцент:
ТЕРМИН ЖАСАУДА ОРТАҚ ПІКІРДІҢ БОЛУЫ МАҢЫЗДЫ
– Қазақ тіл білімінің көрнекті тұлғаларының сөзіне сүйенсек, қазақ терминологиясының ғылыми іргетасының қалыптасуына қазіргі кезге дейін жарық көрген 15-тей монография мен зерттеу еңбегі, 10-нан аса оқулық пен оқу құралы, 1 000-нан аса ғылыми мақала, сондай-ақ қорғалған 4 докторлық, 40-тан астам кандидаттық диссертация тікелей негіз болған. Ал қазақ терминографиясындағы қазіргі әртүрлі терминологиялық сөздіктердің саны 250-ден асады. Бұл – осыдан жеті жыл бұрын келтірілген дерек. Бұдан кейінгі жылдары терминология саласындағы ғылыми зерттеулер жазылып, баламалы сөздіктер жарық көрді.
Терминологиялық сөздіктердің ішінде басшылыққа алынатыны – Қазақстан Үкіметі жанындағы Республикалық Терминология комиссиясы мақұлдаған мына сөздік топтамалары:
1999-2000 жылдары «Рауан» баспасынан жарық көрген 31 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық ғылыми терминологиялық сөздіктер» топтамасы.
2012-2014 жылдары Педагогикалық Ғылымдар академиясы дайындаған 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік» топтамасы.
1999-2000 жылдары дайындалып, жарық көрген сөздік топтамасын сараптамадан өткізіп өңдеу, әр томдағы терминдер санын 9 мыңға, тіпті 11-12 мыңға дейін жеткізіп, толықтыру, сонымен бірге халықаралық терминдерді жүйелеп, жарық көрген сөздіктерге енбей қалған және тілімізге жаңадан енген терминдерді барынша қамту мақсаты қойылды. Сөздік топтамасын әзірлеуге 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен парламентте, салалық мекемелерде қызмет ететін 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-дей ғалым мен сала маманы қатысты.
Көріп отырғанымыздай, 15 жылдың ішінде 60 томнан аса терминологиялық сөздіктің жарық көруі – қазақ ғалымдарының қажырлы еңбегінің арқасы. Дегенмен адам қанша көп болған сайын пікірлердің алуан түрлі болатыны ақиқат. «Біткен іске сыншы көп» деген бар, бірақ бұл сөз көбіне ғылымға жүре бермейді. Өйткені қайсы ғылыми жұмыс болса да кемшіліксіз болуы қиын, сондықтан оған сын айту жақтырмаушылық деп бағаланбауы тиіс. Мәселен қазіргі термин жасау ісінде:
терминологиялық бірізділіктің сақталмауы;
салаішілік әркелкілік (варианттылық, жарыспалылық, синонимия, омонимия, полисемия);
«әсіре қазақшалауға» ұмтылу;
қолдан тым жасанды сөз жасауға әуестік;
жалғаулардың әркелкі жалғануы;
әртүрлі сөз таптарынан термин жасау;
бір терминнің жекеше және көпше түрде берілуі;
бірнеше сөз тіркесінің термин ретінде берілуі;
бір ғана терминнің түрліше тұлғада жазылуы;
салаға қатысы жоқ атаулардың термин ретінде алынуы;
сараптауды қажет ететін баламалар секілді олқылықтар кездесіп тұрады. Бұл кемшіліктер жойылғанда ғана біз өзімізге қажетті терминдер сөздігін жасай аламыз. Ол үшін сала мамандары мен тілші ғалымдар бұл мәселені шешуде ортақ бір ұстанымда болуы қажет.