627
Баспана бағасы бағдарламаға көне ме?
Баспана бағасы бағдарламаға көне ме?
Урбанизация процесі қалаға ағылған халықты бірнеше шаршы метрге тәуелді етті. Жағдайы жеткендер қораптай қаланған үйлерден жайлы орын тауып, жетпегендер жалдамалы пәтерді жағалап жүр. Десек те, кейінгі кезде баспана бағдарламалары арқылы талай адам пәтерінің кілтін қолына алып, үйлі болды. Бірақ жақында Үкімет еліміздегі негізгі екі бағдарлама – «7-20-25» пен «Баспана хитті» қаржыландыруды тоқтатады деген ақпарат шықты.
Бұған не себеп? Бағдарламалар жабылғаннан кейін ипотека бағдарламаларының шарты қалай өзгереді? Жалпы баспана нарығындағы қазіргі ахуал қандай?
Бағдарламалар не үшін жабылмақ?
«Баспана хит» те, «7-20-25» те жұмысын 2018 жылы бастаған болатын. Негізгі мақсат халықты тиімді несие арқылы баспанамен қамту болды. Негізінен қазір екі бағдарлама да өз миссиясын ойдағыдай атқарып жатыр. Осы арқылы қаншама адам қоныс тойын тойлады. Соған қарамастан бағдарламалар жұмысын тоқтатпақ. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеген болатын.
«Дағдарыстың экономикаға әсерінің төмендеуін ескере отырып, мемлекетті несие бағдарламаларынан шығарып, нарыққа орын беру маңызды. Осыған байланысты 2023 жылдан бастап Ұлттық банк мемлекеттік бағдарламаларды қаржыландырудан бас тартады. Жеңілдетілген несие бағдарламаларын қаржыландыру «Баспана хит» бойынша 2021 жылы, «7-20-25» бойынша 2022 жылы аяқталады деген жоспар бар», – деді Әбілқасымова.Банктен қарыз алушылардың саны күн сайын артып келеді. Ипотекаға пәтер сатып алғысы келетіндер көп. Бағдарламалар тоқтайды деген ақпарат үйлі болудан үмітті талай адамды елең еткізді, өйткені оған халықтың қызығушылығы жоғары болып тұр. Сонда одан кейін ипотекалық несие мүлде болмай ма, неліктен тоқтатылады деген сияқты сұрақтар туындады. Осы орайда экономист-сарапшы Асылбек Күздеубаевтың пікірін білген едік. Екеуі де сәтті әрі тиімді ойластырылған бағдарлама
– «Баспана хит» бағдарламасы өзінің миссиясын толығымен әрі сәтті орындады деп айтуға болады. Осы бағдарлама аясында 50 мыңнан аса отбасы баспаналы болды. Жуырда бұл бағдарлама осы жылдың соңына дейін аяқталады деген ақпарат ресми түрде жарияланды, неліктен тоқтатылады деген сұрақ қазір көптің көкейінде жүр. Әр бағдарлама бекітілген кезде оның индикаторлық сомасы болады. «Баспана хит» бағдарламасының индикаторы – 600 миллиард теңге. Қазір соның 493 миллиард теңгесі несиеге берілді. Демек қалған 100 миллиард теңгеден астам қаражат жыл соңына дейін игерілмек. Яғни бағдарлама жыл соңында жұмысын толық тоқтатады. «7-20-25» те сәтті әрі тиімді ойластырылған бағдарлама. 2018 жылдан бері бұл бағдарлама аясында 27 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Қазірге дейін игерілген несиелендірудің жалпы сомасы 325 миллиард теңгеге жетті. Ал индикаторлық яғни ипотекалық несиелендіру бойынша бекітілген сома – 1 триллион теңге. Демек әлі де 675 миллиард несие игерілген жоқ, тек 30-35 пайызы ғана игеріліп отыр. Яғни бұл бағдарлама әлі де бірнеше жыл жалғасады. Өзіңіз ойлап қараңыз, 2018 жылдан қазірге дейін жалпы 1 триллионнан 325 миллиард қана игерілген болса, қалған қаражатты несиеге беруге 3-4 жылдай уақыт кетеді, – дейді маман. Алайда бағдарламалар тиімді болғанымен, қарызды несиені қайтарғанда қосып төлейтін ақшаның аз емес екені тағы бар. Алған үйінің бағасынан 2 есе артық несие төлейтіндер бар. Мұны сарапшы былайша түсіндіреді. – Әуелі қандай жағдайда екі есе қылып қайтарады деген сұраққа тоқталайық. Сіз алған несиеңізді 25 жыл бойы төлейтін болсаңыз, онда солай төлеуіңіз мүмкін. Банктің жүйесі де сондай. Ұзақ уақыт бойы төлеген сайын сол мерзімге байланысты сіздің қосып төлейтін ақшаңыз соғұрлым жоғары болады. Егер несиені тез арада жауып тастауға тырыссаңыз, онда сома азаяды. Мұның бәрі банктің өз ішкі ережелеріне сәйкес есептеледі, – дейді ол.Десек те, көп қаражатты аз уақыт ішінде жауып тастау екінің бірінің шамасы келмесі анық. Оның үстіне баспана бағасы күн өткен сайын аспандап барады. Ал, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы дағдарыстың экономикаға әсері төмендегенін айтады. Парадокс. Уақытынан бұрын жабуды қоя тұралық, алғашқы жарна жинай алмай бірнеше шаршы метрге қол жеткізу үшін тапқан-таянғанын тірнектеп жүрген адам қаншама? Одан бөлек жалдамалы пәтердің бағасы да барған сайын шарықтап барады. Аспандаған бағаның жерге түсуі мүмкін бе? Жыл басында еліміздегі тұрғын үй нарығында белсенділік күрт өсті. Оның басты себебі зейнетақы жинақтарын пайдалану бағдарламасы болды. Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алуға ниеттілерден өтініш қабылдаудың алғашқы күнінде-ақ БЖЗҚ-ға 10 мыңнан астам өтініш түскен. 8 мамырдағы дерек бойынша тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған зейнетақы жинақтарын пайдалану жөніндегі бастаманы орындау аясында 16 075 қарыз алушы бұған дейін банктерден тұрғын үйлері үшін алған жалпы сомасы 62 миллиард 41 миллион теңге ипотекалық қарызын толық өтеген. 47 133 қарыз алушы жалпы сомасы 144 миллиард 53 миллион теңге болатын тұрғын үй ипотекалық қарыздарының бір бөлігін өтеу үшін біржолғы зейнетақы төлем жүйесін пайдаланыпты. 8 889 қарыз алушы банктерден жалпы сомасы 150 миллиард 361 миллион теңге болатын тұрғын үй ипотекалық қарыздарын алу үшін алғашқы жарна ретінде біржолғы зейнетақы төлемі қаражатын пайдаланды. Банктер бойынша ең көп қарыз алушы «Отбасы банк» акционерлік қоғамында тіркелген. Олардың жалпы саны – 37 228. Біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану арқылы тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі бойынша берілген жаңа тұрғын үй ипотекалық қарыздарының мөлшері – 125 миллиард 29 миллион теңге. «Сбербанк» АҚ ЕБ – қарыз алушылар саны бойынша екінші орында. Олардың жалпы саны – 11 483. Одан кейін «Қазақстанның Ұлттық Банкі» акционерлік қоғамынан 9 488 және «Банк Центр Кредит» акционерлік қоғамынан 8 432 адам қарыз алған. Аталған банктерден біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану арқылы жаңадан алынған тұрғын үй ипотекалық қарыздарының мөлшері – 23 миллиард 167 миллион теңге. Зейнетақы жинағын тұрғын үй мәселелерін шешуге пайдалану бастамасы сәтті іске асырылып жатқаны анық, десек те бұл тұрғын үй нарығындағы бағаның шарықтауына жол ашты. Жыл басынан бері баспана бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Сарапшылар әуел баста сәл күте тұру керек екенін, баспана бағасы мамыр, маусым айларында тұрақталады деп сендірген еді. Тіпті жыл соңына қарай баға түседі деп топшылағандар да болды. Бірақ аспандап кеткен бағаның қайта жерге түсуі қаншалықты мүмкін? Жыл соңында баспана бағасының арзандауы сұраныс пен ұсынысқа байланысты. Қазір сұраныс ұлғайып тұр. Сұраныс өсті деген сөз баға да өсе береді дегенді білдіреді. Оған қоса қазір құрылыс материалдары да қымбат. Қазір арматураның тоннаға шаққандағы бағасы бұрынғы нарықтағы бағасына қарағанда 30-40 пайызға дейін қымбаттап кеткен. Басқа жабдықтардың да бағасы өсіп жатыр. Бұл – тұрғын үй бағасының шарықтауының тағы бір себебі. Егер қазіргі тұрғын үй нарығындағы жағдайын сараптайтын болсақ, жыл соңына дейін тұрғын үй бағасы арзандамайды, – дейді экономист-сарапшы Асылбек Күздеубаев. Үй ала алмай жүргендердің біразы баспана үшін басқа елге кетіп жатыр. Мысалы биыл көптеген әнші мен әртіс Түркиядан жарысып баспана алып, ол жақта үй бағасының әдеттегіден біршама арзан екенін біраз жарнамалады.
- Түркиядан үй алып жатқан қазақстандықтар көп. Өйткені бұл жақта үйдің бағасы Нұр-Сұлтан мен Алматыға қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы, люкс кешендерде (хауыз, фитнес, консьержі бар) екі бөлмелі пәтерді 16-17 миллион теңгеге алуға болады. Кәдуілгі көпқабатты жаңа үйлерден екі бөлмелі пәтерді 8-11 миллион теңге шамасында таба аласыз. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласынан бұл бағаға бір бөлмелі пәтерді алу да мүмкін бола бермейді. Табылса да, көңілге қонымды, сапалы жөндеу жұмыстары болмауы мүмкін. Үй сатып алуда қиындық жоқ. Тек қана 3 пайыз мүлік салығы, 3 пайыз риэлтор кызметі үшін ақы төленеді. 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бері барлық алымсатым риэлторлар арқылы жасалуы керек деген заң бекітілді. Шетел азаматтары тағы да мемлекеттік органнан үй бағасын растайтын қызмет үшін де экспертке ақша төлейді. Бұл шетелдіктерді алаяқтардан қорғау үшін ойластырылған, – дейді Измир қаласының тұрғыны Толғанай Төлеубай.Баспана кезегі: тасбақа тізбек 2021 жылғы 2 маусымдағы статистика деректеріне сүйенсек, елімізде тұрғын үй кезегінде 562 мың азамат тұр. Оның ішінде отбасы мүшесіне шаққанда табысы күнкөріс деңгейінен төмен 185 мың адам бар. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов халық алдындағы есептік кездесуінде мәлімдеген еді. Министр мәселені шешу үшін жалға берілетін тұрғын үй құрылысына жеке инвестиция тартып, жеке тұрғын үй қорында жалдау ақысын субсидиялау тетігі енгізілетінін айтты.
Негізінен бұл субсидия көпбалалы отбасыларға, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар және халықтың басқа да әлеуметтік жағдайы бойынша осал топтарға арналған, – деп толықтырды Бейбіт Атамқұлов.Жалдау ақысы мемлекеттік қаражат есебінен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының 31 айлық есептік көрсеткіші (90 427 теңге), өзге өңірлердің 21 айлық есептік көрсеткіші (61 257 теңге) және ауылдық жерлер үшін 15 айлық есептік көрсеткіш (43 755 теңге) мөлшерінде субсидияланатыны да айтылды. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары табысы бар қалған 377 мың адам Отбасы банкі арқылы кредиттік тұрғын үймен және жеңілдікті қарыздармен қамтамасыз етіледі деген жоспар болса да, баспана кезегі жылжымайды деп шағымданған адамдардың қарасы қалың. Басқа қандай бағдарламалар бар? Бақытты отбасы. 2019 жылғы шілдеде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің (қазіргі отбасы банкі) жергілікті әкімдікпен бірге жүзеге асыратын «Бақытты отбасы» бағдарламасы іске қосылады. Мемлекет жыл сайын бұл бағдарламаға 50 млрд теңге бөледі деп жоспарланған болатын. «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына 4 және одан көп баласы бар отбасылар (кәмелет жасынан асқан 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар да көпбалалы отбасыға жатады), бір немесе одан да көп бала бағып отырған жалғызбасты әке немесе ана (ресми ажырасқан уақыты 3 жылдан асқан болса), мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасы қатыса алады. Аталған бағдарламаға қатысу үшін міндетті түрде тұрғылықты жеріңіз бойынша әкімдікте кезекте тұруыңыз қажет. Баспанаға мұқтаж отбасылар санатына жататыныңызды дәлелдеу үшін атқарушы органнан көпбалалы отбасы екенін дәлелдейтін анықтама алып, оны банкке тапсырасыз. Бұл бағдарламаға қатысушыларға қойылатын ең басты талап – Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу. Егер салымшы болмасаңыз, құжат тапсырар сәтте банктен дербес шот ашасыз. Пәтердің құны кез келген сомада болуы мүмкін, алайда банк сізге тек 15 миллион теңгеге дейін несие береді. Несие мөлшерлемесі 19 жылға дейін 2 пайызбен беріледі Бастапқы жарна – тұрғын үй құнының 10 пайызы. Несие мөлшерлемесі – 2 пайыз. Үй кезегінде қай қалада тұрсаңыз, тек сол қаладан ғана пәтер аласыз. Сондай-ақ, сол қалаңызда мекенжай бойынша тіркеуде 2 жыл тұрған азаматтар ғана аталған бағдарламаға үміткер бола алады. Әйелдерге арналған ипотека. «Ұмай» деп аталатын әйелдерге арналған жаңа ипотекалық бағдарлама 12 сәуірден басталды. Бұдан бұрын «Отбасы банк» қарыз алушылардың 60 мыңнан астамы әйелдер екенін хабарлаған болатын. Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі 12 пайыз, тұрғын үй қарызына ауысқан кезде жылдық несие мөлшерлемесі 3,5 пайызға дейін төмендейді. Атыңыздағы баспананың бар-жоғы маңызды емес. Бағдарлама бойынша тұрғын үйдің ең жоғары құны – 30 миллион теңгеге дейін. Оған 65 жасқа дейінгі жұмыс істейтін зейнеткерлер қатыса алады. Сондай-ақ қаражатты жылжымайтын мүлікті жөндеуге пайдалануға болады. Бірақ қарыз 3 700 000 теңгеден аспауы тиіс. Шарт бойынша клиент жөндеу жүргізілетін тұрғын үйдің иесі болуы керек. Бағдарламаға қатысу үшін банкке өтінім беріп, депозит ашу қажет. Несие мерзімі ішінде ипотека алдын ала қарыздан тұрғын үй қарызына (жылдық 5%) ауыстырылады. Одан бөлек балаларға арналған «Арнау», «Жас отбасы» сияқты бағдарламалар жетерлік. Жақында жұмыс істейтін жастарға арналған тұрғын үй бағдарламалары да іске қосылмақ. Әскери салада қызмет істейтіндерге арналған «Әскери баспана» жобасы да бар. Жалпы осы сияқты әр сала қызметкерлеріне арналған тұрғын үй бағдарламалары бізге әлі де керек сыңайлы. Қанша бағдарлама жарияланып жатса да, игіліктен тыс қалып жатқан салалар әлі көп. Бізде тұрғын үй тапшы емес, алайда баспаналы болуға көбінің жағдайы жетпейді. Салынып жатқан үйлерді қалтасы қалыңдар қос-қостан алып, жалға беріп ісін дөңгелетіп отыр. Шетелдегідей «пәтерден-пәтерге» дейтін өмір салты бізге жат десек те болады. Бірнеше шаршы метрге бар тапқан-таянғанымызды ойланбай сарп етуге дайынбыз. Ал баспана нарығындағы жағдайдың тұрақталар түрі жоқ. Бағаның да қайда барары беймәлім.