835
Аналар кеңесінің ауқымды акциясы
Аналар кеңесінің ауқымды акциясы
Қазақстан халқы Ассамблеясы «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай бірқатар іс-шара ұйымдастырды.
Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесі Байзақ ауданы Бурыл орта мектебінде балалар мерекесіне орай ауқымды іс-шараға ұйытқы болды.
Мерекелік іс-шара барысында ҚХА меценаты, Байзақ аудандық түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Жалил Аббасов 120 оқушыға тәтті, сусын және балмұздақтар таратты.
– Балаларды қорғау күніне жылдағы дәстүр бойынша сәбилерге тосынсый жасап, жақсы көңіл күй сыйлауды мақсат еттім. Әр қайырымдылықтың өзіндік орны бар. Дегенмен де, бала бақытынан артық ешнәрсе жоқ, – дейді аудандық түрік орталығының төрағасы Ж.Аббасов.
Ақтөбеде Аналар кеңесі әртүрлі мерекелік іс-шаралардың өтуіне ұйытқы болды.
Атап айтқанда, С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер кітапханасында балаларды қорғау күніне арналған «Әрқашан күн сөнбесін!» атты кітап көрмесі, Ақтөбе облысы Алға аудандық әйелдер кеңесінің және аудандық мүгедектер қоғамының ұйымдастыруымен «Жүректен – жүрекке» қайырымдылық акциясы, Ырғыз аудандағы «Бақытты балалар – бейбіт елдің тірегі» мерекелік іс-шарасы, «Этно ауыл» жобасы аясында өткізілген экскурсиясы, Қобда ауданындағы «Күндей күлсін балалар» мерекелік іс-шарасы ұйымдастырылды.
Мерекеге орай алдағы уақытта «Мен Отанымды сүйемін» сурет байқауы, Шалқар ауданындағы «Бала күлкісі – әлем көркі» атты мерекелік шарасы өтпек.
Ал Атырауда «Довира» этномәдени бірлестігі балаларға арналған «Бақытты балалық шақ мерекесі» қайырымдылық акциясын өткізуге атсалысты.
Бірлестік мүшелері облыстық балаларды бейімдеу орталығында әртүрлі ойындар мен қызықты байқаулар ұйымдастырды. Балаларға сыйлықтар мен тәттілер тарту етті, сонымен қатар би топтары өнер көрсетіп, балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Іс-шара соңында балаларды бейімдеу орталығының директоры Г.Бижанова «Довира» ЭМБ ұжымына алғысхат табыстап, ризашылығын білдірді.
Қызылордадағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жалпыреспубликалық акция аясында өңірлік Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен балаларға арналған көңілді кеш өтті.
Мерекелік шараға облыстық Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Фархат Әбдібағдатұлы, облыстағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия хатшысы Қаламқас Каримова, Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова, этномәдени бірлестіктің жетекшілері және ата-аналар мен әртүрлі жастағы балалар қатысты.
Балалар кеші фойеде сурет салу байқауынан басталды. Барлық балалар өздерінің көңіл күйін сурет арқылы бейнелеп берді. «Туған жерім» байқауына қатысқан балғындарға «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бауыржан Мастековтің ізгі тілекке толы құттықтау хаты мен сурет салуға арналған альбомдар табыстады.
Іс-шара соңында балалар концерт залында қызықты мультфильм көріп, тәтті балмұздақ жеп, көтеріңкі көңіл күйде тарқасты.