Бердібек Сапарбаев: Балаларымыз ештеңеге мұқтаж болмауы керек
Бердібек Сапарбаев: Балаларымыз ештеңеге мұқтаж болмауы керек
Таразда Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен жасөсіпрімдердің құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі жөнінде форум өтті, - деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Басқосуға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, Жамбыл облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, әлеуметтік сала басшылары және бейнеконференц-байланыс режимінде аудан әкімдері қатысты.
Қатысушылар жасөспірімдер арасындағы және оларға қарсы жасалатын қылмыстардың алдын алу, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, тұрмысы нашар отбасылармен, қиын балалармен жеке жұмыс жүргізу мәселелерін талқылады.
Облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров 2020 жылдың соңында құрылған жасөспірімдер қылмысының алдын алу мәселелері жөніндегі Консультативтік кеңес жұмысының, қылмыстарға жедел ден қою, оларға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою алгоритмін енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек өз баяндамасында ағымдағы жылдың бес айының қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тоғыз пайызға төмендегенін атап өтті. Дегенмен, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыс деңгейі 65,1 пайызға өскен.
- Кәмелетке толмағандарды тонау, оларға қарсы бұзақылық, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық және 16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу фактілері кездесуде. Балалардың құқықтарын қорғау бойынша шұғыл және тиімді шаралар қабылдау қажет, - деді ол.
Облыста жетім балаларға арналған бес мекеме жұмыс істейді. Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған «Мейірім» жобасы аясында 88 демеуші 133 тәрбиеленушінің тәлімгері атанды. Олардың шотына қазірдің өзінде 14 миллион теңгеден астам қаржы жиналған.
Барлығы 1129 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу кезегіне тіркелген. Соңғы бес жыл ішінде 500 пәтердің кілті табысталса, жыл басынан бері 45 пәтердің кілті берілген.
Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелеріне де көңіл бөлінді. Оқушылар үшін жазғы сауықтыру науқаны да жан-жақты ұйымдастырылған. Атап айтсақ, балалар қала сыртындағы саяжайларға, киіз үйлерге, лагерьлерде демалып, танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысатын болады.
Сондай-ақ, форумда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия хатшыларының мәртебесін арттыру, ювеналды инспекторлардың матералдық-техникалық жағдайын жақсарту, қолайсыз және аз қамтылған отбасылардағы балаларды тегін негізде бос уақытын мемлекеттік-жекеменшік серіктестік шеңберінде қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар мен «қолайсыз» отбасылардың медициналық-әлеуметтік есебін жүргізу бойынша арнайы деректер базасын құру ұсынылды.
Прокуратура өкілдері учаскелік полиция инспекторлары жұмысының тиімділігін арттыру, оқу орындарымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша жұмыс жүргізуді ұсынды.
Айта кету керек, қазір білім беру мекемелеріне ювеналды полицияның 202 қызметкері бекітілген. Облыстық прокуратураның бастамасымен кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша 91 мобильді топ құрылған.
Шара барысында қатысушылармен облыс прокуратурасының бастамасымен әзірленген «Тараз - Қауіпсіз қала» жобасының жүзеге асырылу барысы да талқыланды. Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев жедел алдын алу шараларының арқасында ағымдағы жылдың бес айында қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар 11 пайызға, көшелерде жасалған қылмыстар көрсеткіші 24,6 пайызға, адамдар тобымен жасалған қылмыстар саны 47 пайызға, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 39 пайызға төмендегенін хабарлады.
Қоғамдық көліктердегі ұрлықтың алдын алу үшін 15 маусымға дейін автобустарда 53 бейнебақылау камерасын орнату жоспарланған десек, бүгінгі таңға дейін оның 33-і орнатылып үлгерілген.
- Мемлекет саясаты балаларымыздың ештеңеге мұқтаж болмауын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі айтып келеді. Бекітілген кешенді жоспарға сәйкес балалар құқығын қорғаудың Жол картасы аясында нақты шаралар жүзеге асуда. Бұл бағытта жұмыстар ойдағыдай орындалуда, - деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.
Облыс әкімі ата-аналар комитеттерінің жұмысын күшейтуді, мектеп басшыларының жауапкершілігін арттыруды, әлеуметтік сала ведомстволаының іс-әрекеттерін үйлестіруді, отбасылық тәрбиеге мәселелеріне айрықша көңіл бөлуді тапсырды.
«Тараз – қауіпсіз қала» жобасы туралы айта келе аймақ басшысы облыс орталығы өзінің тарихи қалалық болмысына лайық болуы керектігін баса айтты.
- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету арқылы тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасап қана қоймай, Таразды аймақтық туризм орталығына айналдыруға мүмкіндік береді,-деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.
Форум жұмысы облыс прокуратурасының Құқықтық мониторинг орталығында жалғасты. Қатысушы судьялар, полиция қызметкерлері, ғалымдар оқытушылар мен психологтар үшін арнайы дәрістер мен семинарлар өткізді.