331
Ақылы жолдардың тарифі қымбаттамайды
Ақылы жолдардың тарифі қымбаттамайды
Халық алдындағы есептік кездесуіннен кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдар тарифі қымбаттамайтынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі тарифті Үкімет 2013 жылы бекіткен болатын. Содан бері бірнеше девальвация болса да, тариф өзгермеді. Қазіргі тариф көліктің барлық түрі үшін айтарлықтай қолайлы. 2013 жылдан бері ақылы учаскелер қолданылып келеді. Осыған дейін ешқандай шағым түскен жоқ. Осының бәрі өз кезінде «Атамекен» ҰКП-ның, салалық қауымдастықтардың, жол қозғалысына қатысушылардың мақұлдауынан өткен», -деді министр БАҚ өкілінің сұрағына берген жауабында.Ведомство басшысы екінші техникалық санаттағы жолдар тарифі жүк көліктері үшін жеңілдетілген көрсеткішпен есептелетінін қайталап түсіндірді.
«Екінші санаттағы ақылы жолдардың тарифі төмендетілген көрсеткішпен қабылданады. Іс жүзінде ол 40 пайыз төмен болады. Жеңіл көліктер үшін «1 шақырымға - 1 теңге» тарифі өзгеріссіз қалады. Ал ауыр жүк көліктері үшін тариф коэффициенті төмендейді. Оның мөлшері әлі пысықталып жатыр. Әлі оған жеткен де жоқпыз. Өкінішке қарай, инсайдерлік ақпарат тарап кетіп отыр. Оның өзі тексерілмеген де, расталамаған да. Әуелі жүк көлік жүргізушілерінің құлағына жетіп, кейін түрлі чаттарға тараған», -дейді Бейбіт Атамқұлов.Сондай-ақ, ол тариф өзгеретін болса, әуелі оны өзге мемлекеттік органдар мақұлдайтынын ескертті.
«Мемлекеттік органдар мақұлдап, тиісті агенттіктер мен «Атамекен» оң бағасын береді. Осыдан кейін ғана тариф министрдің жарлығымен бекітіледі. Оған әлі жеткен жоқпыз ғой. Яғни, жүк көлік иелері мәреден ерте шығып кеткен. Олай істеуге болмайды. Тарифті өсіру бағытында әзірге ешқандай қозғалыс болмайтынына сендіргім келеді. Екінші техникалық санаттағы жолдардың тарифін төмендету болады деп отырмыз. Бірақ мұндай тариф мамыр айынан бастап қана қарала бастаған», - деді Бейбіт Атамқұлов.