714
Батырбек АЙТЖАНОВ: Вакцинадан астар іздеудің қажеті жоқ
Батырбек АЙТЖАНОВ: Вакцинадан астар іздеудің қажеті жоқ
Елімізде коронавирусқа қарсы вакцина салына бастағалы төрт айға жуық уақыт өтті. Алайда осы кезге дейін осынша адам егілуі керек деген межеге әлі жете алмай келеміз. Әлеуметтік желілерде де вакцина туралы негізсіз ақпарат пен жел сөз жиі кездеседі. Бізге нағыз мамандардың кеңесі керек екені анық. Осы орайда вакцина өндіру саласының маманы, профессор, Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Батырбек Айтжановпен әңгімелескен едік.
– Вакцина жаппай салына бастағалы оған қатысты алып-қашпа әңгіме тыйылмай тұр. Жұрттың күдігін қоюлап, үрейін үдете түсетін жалған, негізсіз ақпарат көп. Ал сондай ақпарат тасқынына тосқауыл боларлықтай мамандардың, ғалымдардың пікірі әлі де жеткіліксіз, неге?
– Иә, қоғамда әлі де болса вакцина туралы түсінік бұлыңғыр. Халық вакцина туралы небір жағымсыз ой-пікірге сеніп алған. Маман айтты ма, жоқ екпеден мүлде хабары жоқ адам айтты ма, мән бермейді. Біреулер оны дәрі екен, ауруға шипа екен деп ойласа енді біреулер керісінше зиян екен, ДНҚ-ны өзгертіп жібереді дегенге сенеді. Тіпті чиптеп жатыр, осы арқылы қырып жатыр дегенге де иланып жатыр. Қандай ел, қандай үкімет өз халқына қастық ойлайды? Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, вакцинадан ДНҚ өзгермейді. Екпе жасушаға барса да, оның ядросына бара алмайды. Адамның ДНҚ-сы, генетикалық материалы ядроның ішінде болады. Оның бәрі бос сөз. Қазір вакцинаның не екенін білмейтін, бұл саладан хабары жоқ адамдар да ақыл айтып кетті. Бір-бірінен естігенін айтады, сөйтіп халықты жалған ақпаратпен адастырып жатыр. Желіде тараған кез келген жел сөзге емес, нақты мамандардың сөзіне сенген дұрыс.
– Қазақ «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Қандай да бір індетке қарсы екпе салу қашаннан бар тәртіп қой?
– Оныңыз рас. Жалпы вакцина деген не? Вакцина – организмде иммунитет қалыптастыру үшін салынатын биопрепарат. Мұны біздің ата-бабаларымыз Луи Пастерлерге дейін-ақ білген әрі қолданған. Мысалы шешекпен ауырған адамға бұрын науқастанған адамның жарасын себетін болған. Ауырып жатқан балалардың киімдерін сау балаларға кигізген. Себебі сауыққан адамның жарасында, киімдерінде аурудың қоздырғышы болады. Бірақ ол қоздырғыштар әлсіреген, кейбіреуі өліп қалған. Олар организмге барады да, иммундық жүйе түзеді, бірақ ауруды қоздыруға шамасы жетпейді, өйткені ол инактивацияланған.
Негізі вакцинаны туғаннан бастап, перзентханадан шықпай жатып-ақ гепатитке, поллимелидке, дифтерия – бәріне қарсы еге бастайды. Сондықтан бұдан ешқандай саясат іздеудің қажеті жоқ. Әрі бірінші көріп тұрған таңсық дүние де емес.
Мысалы Израиль – ғылым-білімі өте дамыған ел. Нобель лауреаттарының көбі – еврейлер. Оларды ештеңеден бейхабар халық деп айта алмайсыз. Халқының 60 пайызы вакцина алып, қазір індетті жеңдік деп жариялап жатыр. Ал бізде екпенің 1 компонентін алған адам саны 2 миллионнан енді асты, ал 2-компонентін салдырғандар саны – 1-ақ миллион, ол халықтың 10 пайызына да жетпейді. Қазір біз қыркүйекке дейін 10 миллион адам вакцина алуы керек деп жатырмыз, бірақ мұндай дәрежедегі жұқпалы дертті жеңу үшін бұл аздық етуі де мүмкін, мейлінше халықтың 70-80 пайызы вакцина алғаны жөн.
Негізі вакциналардың бағасы да қымбат. Бізге оның барлығы тегін ұсынылып жатыр. Ақша төлеп сатып алса да, халқы кезекке тұрып жатқан елдер бар. Соны түсінбей жатырмыз.
– Әлеуметтік желіде тарап жатқан әртүрлі жалған ақпараттан бөлек, елімізде жаппай салына бастаған вакциналардың сапасына сенімсіздік танытып, америкалық вакциналардың келуін күтемін деп жүрген адамдар да бар екен. Бұған не айтасыз?
– Америкалық вакциналар бізге әлі келе қойған жоқ, келсе де өте қымбатқа түседі. Олардың сақталуы, тасымалдануы да оңай емес. Оны сақтау үшін арнаулы қондырғылар керек, басқа да химиялық заттар керек. Тасымалдауға әуекомпаниялардың әлеуеті де жете бермейді. Сол себепті менің айтарым – өзімізде бар «Спутник V», Hayat Vax және QazVac вакциналарын салдыру керек.
– Менің де сұрағым келіп отырғаны осы. Сапаға қарамай, мүмкіншілігіміз жететін вакцинаны алып отырған жоқпыз ба?
– Жоқ, олай емес. Негізі қай вакцина болмасын Денсаулық сақтау ұйымының талаптарына сәйкес толық зерттеу фазаларынан өткен жоқ. Ол қашан өтеді екен деп қарап отыратын бізде уақыт та жоқ. Бүкіл әлем бойынша солай. Жағдай соны талап етіп тұр. Вакциналардың көрсеткіштерін егжей-тегжейлі анықтау – өте ұзақ процесс. Антидене нақты қашан түзіледі, ол қанша уақыт сақталады, қай уақытта жойылады – ешкім нақты айта алмайды. Тек шамалап, жобалап қойылып жатыр. Мысалы «Спутник V» 97 пайыз дейді, Moderna 94 пайыз дейді, мұның бәрі шартты түрде. Вакциналардың толық иммуногендігін анықтау үшін өте көп уақыт қажет. Ал Hayat Vax 10 миллион адамға қолданылғаннан кейін оның нәтижесі 79 пайызды көрсеткен. Бұл – өте жақсы нәтиже. Ол дегеніңіз – 100 адамнан 80 адамға көмектесті деген сөз.
– Осы орайда Hayat Vax вакцинасы туралы бір сұрақ туындайды. Әлем елдерінде қолданылатын вакциналар туралы мәлімет беретін ақпараттық порталда бұл вакцина тек Қазақстанда ғана қолданылатыны көрсетіліпті. Бұл қалай болғаны? Араб елдері мен Қытайда қолданылмауы мүмкін емес қой? Жалпы аталған екпе туралы ақпарат салыстырмалы түрде аз екенін де байқадық.
– Hayat Vax вакцинасы Біріккен Араб Әмірліктерінде шығарылады, ол жақта сапасы жоғары құрылғылар бар. Ал вакцинаның өзін Қытай мамандары әзірлеген. Жалпы вакцинаны тексерудің клиникаға дейінгі фазасы, сосын клиникалық деңгейдегі 3 фазасы болатын болса, бұл вакцина Біріккен Араб Әмірлігінде, Бахрейнде, Египет, Марокко, Палестинада сынақтың 3 фазасынан да өткен. Оған 68 мың адам қатысқан. Вакцинаның ешқандай жағымсыз әсері байқалмаған. Сол себепті Біріккен Араб Әмірліктері осы вакцинаны өз елдерінде өндіріп жатыр. Ол тек Қазақстанда ғана қолданылып жатыр деген негізсіз ақпарат, қазіргі кезде Hayat Vax-тың 50 миллион дозасы әлемнің 34 еліне жіберілген. Бұл вакцина басқаларға қарағанда салыстырмалы түрде кеш тіркелді. Сол себепті де вакцина көп елге әлі жете қойған жоқ әрі ол туралы ақпарат та, мәлімет те аз. Сосын бізде мынадай бір түсінік қалыптасқан: Қытайда немесе мұсылман елдерінде шығарылған не нәрсе болмасын сапасыз болады деп ойлаймыз. Сенімсіздікпен қараймыз. Бұл – дұрыс емес. Шын мәнінде Қытай қазір ғылым-білімі дамыған елдердің бірі. Ал Араб елі солардың лицензиясымен, технологиясымен вакцина шығарып жатыр. Мысалы бізде Қарағандыдан шығып жатқан «Спутник V» вакцинаның негізгі өндірушісі – Ресей. Қарағандыда тек құйылады, бұл да сол сияқты.
– «Спутник V» вакцинасының 5 дозасы бір құтыға құйылады екен. Ал Hayat Vax-тың 1 дозасы 1 құтыда. Неге?
– Спутниктің 5 дозасы 1 флаконға құйылады, бұл флакон тапшылығынан да болуы мүмкін. Флакон ашылғаннан кейін жарты сағат ішінде салынуы керек. Егер осы уақыт ішінде қолданылмаса, вакцинаның кейбір фрагменті сақталмауы мүмкін.
Жоғарыда айтылған Hayat Vax вакцинасы – инактивацияланған вакцина. Яғни өлі. Ресей вакцинасынан айырмашылығы да осында. Оны жасау үшін коронавирустың қоздырғышы алынып, әртүрлі жолмен инакитивацияланады, яғни белсенділігі жойылады. Сондықтан организмге түскенде, көбейе алмайды. Иммунитетті көтеретін қосымша зат – адъювант қолданылады. Сондықтан қорқудың еш қажеті жоқ.
Біздің отандық вакцина да – инактивацияланған вакцина. Вакцина жасайтын материал Қазақстандағы штам, яғни біздің елде ауырған адамнан алынған.
– Вакцина өндірісі саласын басқарған, 50 жыл тәжірибесі бар маман ретінде отандық вакцинаның артықшылықтары туралы айтып өтсеңіз.
– Вакцина шығарып жатқан елдермен Қазақстанның иық тіресіп, қатар тұруы – үлкен мақтаныш, зор қуаныш. Бізде де білім мен ғылым бар екенін дәлелдедік. Өйткені вакцина жасау – өте күрделі нәрсе.
1958 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Отардағы институтта әзірленді, ол біразға дейін жабық институт болған, ешкім кірмеген, үлкен-үлкен зертханалық жұмыстар жүргізілген. Өте білікті ғалымдар жұмыс істеген. Сонымен қатар ол институтта патогенділігі өте жоғары арнаулы қондырғылар бар, мүмкіншілігі жоғары. Негізінен біздің өзіміздің жасаған вакцинамыз Hayat Vax-қа ұқсас. Дегенмен біздің вакцинаның бір артықшылығы – жергілікті штамнан жасалғанында. Жергілікті штамнан болғандықтан, оның иммуногендік нәтижесі өте жоғары болады деп ойлаймын. Тағы бір жетістігі – үйдегі тоңазытқышта да сақтала береді, сақтау мерзімі де ұзақ. Содан кейін, 1 флаконда 1-ақ доза болады.
– Жақында «Самұрық-Қазына» қоры 1 миллион доза Hayat Vax вакцинасын сатып алды. Өз вакцинамыздың өзгелерден кемшін тұсы болмаса, неге сырттан алып жатырмыз, ұлттық компания отандық вакцинаның өндірісін қолдаудың орнына қыруар қаржыны неге өзге елдің екпесіне жұмсады деген сұрақ та мазалайды.
– Негізі ресейлік вакцинаға қарағанда өзіміз өндірген вакцинаның қосалқы әсері салыстырмалы түрде аз, жасы үлкен адамдарға өте қолайлы. Қазір тек айына 50 мың дозасын шығаруға қауқарымыз бар. Бірақ уақыт өте үдете түсеміз деп ойлаймын. Айына 50 мың дозамен халықты қамтып біте алмаймыз, сондықтан сырттан вакцина алуға мәжбүр болып отырмыз.
– Өзіңіз қандай вакцинаны салдырдыңыз?
– Мен негізі өзіміздің отандық вакцинаны салдыртамын деп ойлаған едім, бірақ жоқ болған соң амалсыз «Спутник V»-ді алдым. Ешқандай жағымсыз әсерін байқамадым, қызуым да көтерілген жоқ. Еккенде ауырсынуыңыз мүмкін, бірақ кез келген вакцинаны салғанда солай болады.
«Спутник V» – біршама күрделі вакцина. Екі компоненттен тұрады. Екінші компонентінен кейін иммунитет көтеріледі. Сақталуы да біршама күрделі, бірақ америкалық вакциналарға қарағанда жеңіл. Қазір вакцина компоненттерін бірінші мен екіншісін салғызу арасын ұзартып жатыр, бірақ оның ешқандай кері әсері жоқ. Теориялық тұрғыдан алып қарағанда «Спутник V»-дің нәтижесі жоғары. Иммунитет, вирусқа қарсы антидене 1-2 жылға дейін сақталуы мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Ділда УӘЛИБЕК