605
Мұны ұмыту, еске алмау мүмкін емес...
Мұны ұмыту, еске алмау мүмкін емес...

ХХ ғасырда қазақ халқының басынан алапат нәубеттер өтті. Оның ішінде, 1918 жылы басталып, 1921-22 жылдарға жалғасқан аштық пен 1932-1933 жылдардағы қолдан жасалған ашаршылықтан, 1937-1938 жылдардағы сталиндік репрессиядан қазақ халқы сұмдық зардап шекті...
Әрине кеңестік дәуірде қырғынға ұшыраған қазақ ұлтының қасіреті туралы айтуға мүмкіндік болған жоқ. Дегенмен Тәуелсіз Қазақстанда алғашқы болып қабылданған заңдардың бірі − 1993 жылғы сәуірдің 14-індегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесiнің заңы жазықсыз қырылған миллиондаған қазақ туралы шындыққа мемлекеттік деңгейде мән берудің басы болды. Ал Қазақстанның тұңғыш Президенті − Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастап мамырдың 31-і Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.
Біз бүгін ұлт тарихындағы осынау қасіретті кезеңдердің ақиқатына ой жүгірту үшін Алматы қаласы іргесіндегі Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің аға ғылыми қызметкері Ғарифолла Әнесті әңгімеге тарттық.
− Ғарифолла Қабдолқайырұлы, 1926 жылғы санақ бойынша қазақтар Кеңес Одағындағы түркі тілдес ұлттардың ішіндегі ең ірісі, яғни, жан саны 6 миллион 200 мыңнан асқан екен. Ал арадан 13 жыл өткенде солардан екі миллиондай ғана адам қалған көрінеді...
− Иә, 31 мамырды баршамыз тосамыз, ширек ғасырлық аталып өту тарихы бар бұл айтулы күн қоғамдық санаға әбден сіңісті болды, әсіресе БАҚ өкілдері осы күні айрықша белсенділік көрсетеді. Жыл сайын осы азалы күндерде қоғам мүшелерінің жүрегін селт еткізер, саналыны ұйқысынан шошытатын, түсіне енер небір қорқынышты дерек-дәйектер мен тарихи фактілер жарияланады. Әсіресе алапат Ашаршылықтың цифр-сандары тіпті сұмдық: бұрынғы зерттеушілердің қорытынды тұжырымдарында бір үзім нан-талшыққа зар болғандардың, қара топырақ жеп қынадай қырылғандардың саны 1,5 млн қазақ төңірегінде тоқайласса, бүгінде 2,5 тіптен 3,5-4
миллион бейбақтың бір сәтте құрбан болғаны айтылуда. Бұлай болу себебі: бұрын ұлттық апатты жылдарда халқымыздың үштен бірі, кей-кейде тең жартысына жуығы аштан өлді, үркіншілікке ұшырады делінсе, бүгінгі таңда барша зерттеушілер босқындарды қосқанда (шет ел ауып, сол жақта тұрақтағандардың немесе қайта оралғандардың) пайыздық мөлшерін 70 пайызға жетеғабыл деп мөлшерлеп отыр. Бұл ұлы дала төсі, әсіресе қазақтың Сарыарқасы қаңырап бос қалғандығынан хабардар етеді, болашақ сынақ алаңдарына – полигонға, космодромға, тың игеруге – ұлан-ғайыр жер босатылғанын, сол кез билігінің одан әрі ойына келгенін емін-еркін жүзеге асыруына ерекше мүмкіндік туғанын білдіреді. Төрт мың жыл ат жалында, түйе қомында көшіп-қонған дәстүрлі малшы қауымның аяқасты күштеп отырықшылық тірлікке ауыстырылуы, айдың-күннің аманында барынан айырылуы мен жаңаны игере алмауы, тек материалдық емес, рухани, мәдени репрессияға ұшырауы – бұл ХХ ғасырдағы айтуға сөз жетпейтін әлемдік өркениеттегі сұмдық апат, халқымыздың басына төнген ақырзаман болатын. Оны ұмыту, еске алмау мүмкін бе?!.
− Қалай десек те, қызыл үкіметтің кесірінен қазақтар үлкен шығынға ұшырады. Бұл нәубетке тарихи әділеттілік тұрғысынан қаншалықты әділ баға берілді?
− Біз биылғы 31 мамырды ерекше бір жағдайда қарсы алып отырғанымызды естен шығармауымыз керек. Бір жағынан еліміз бен ел ағаларымыз жер-жаһанды дүрліктірген пандемиямен алысып жатса, екінші жағынан жалпыұлттық деңгейде сана сілкінісі, рухани жаңғыру жаңа деңгейде қолға алынды. Ел басшысының арнайы Жарлығы (№456, 20.11.2020 ж.) жарияланды, Мемлекеттік және басқа да комиссиялар құрылды, ауқымды іс-шаралар қолға алынды. Ес жиып, етек жапқан Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Ұлттық апаттың үлкен зардаптарын, қаны сорғалаған ащы шындықтарды ашық айтуымызға, кінә-күнәларымызды мойындап, жуып-шаюымызға тура келіп отыр. Мың өліп, мың тірілген қазақтың шекаралар сөгіліп, айшылық жерден ауызды ашып-жұмғанша хабар алып, әлемді алақанға орнатқандай ақпараттық жаңа заманда ұлы көштен қалып қоймау үшін де осындай күрделі, күрмеуі қиын шешім қабылданды.
Иә, «ештен кеш жақсы». Қазақстанда мұндай шешуші шешімді бұдан 30 жыл бұрын да қабылдауға болатын еді. Сіз еске салып отырған 1993 жылғы заңды кезінде қабылдағанымызға шүкір дедік. Коммунистік езгіден құтылып, социализмнің шапанынан шыққан елде қанша бостан болдық дегенімізбен бір кездердегі елдегі 46 млн бас мал-байлықтан бірер жылда тып-типыл болып, 4-ақ млн қалғанын, оларды кім тартып алғанын, кімнен тартып алынғанын ашық айта алмадық. Жиған-тергенінен айырылған Алаш баласының кебін киіп оққа қарсы шапқаны, жанайқаймен жаппай жан тапсырғаны, «бандит» атанғаны айтылмады. Тіптен тәулігіне 24 сағат, 365 күн ауыз жаппастан мадақталған ІІ Дүниежүзілік соғыстағы жеңісіміз үшін қарусыз қанша қазақтың қан қасапқа түскені, танк пен пулеметке жалаң қылышпен сес көрсеткен қанша боздақтың ажал құшқаны, фашистік лагерлерде азап шеккені, су ішерлігі барларының қайтып келіп түрмеде шіріп өлгені айтылмады. Міне, осы ұлттық трагедияның бар бет-бейнесін ашу, шаһидтердің атын атап, түсін түстеу, Құран бағыштау – біздің борышымыз.
Зұлымдығы жауыз Гитлерден артып кетпесе, бір кемі жоқ Сталин өлген соң да, яки бұдан 60 жыл бұрын да бізге тарих көзіне тура қарап, бейшара тірлігімізді мойындап, жазықсыз жапа шеккен міскіндердің әруағын ардақтауымызға болар еді. Өкініштісі сол, «жылымық» жылдарында ашыла бастаған қазанның қақпағын қайта жауып қойдық. Тап тартысын қоздатып, коммунизм құрмақ болғандарды «ақтадық» та, ал олардың ой-пікірімен келіспегендерді ұмыттырып, «архив қойнауына» жібердік.
Осы орайда үнемі бір шындық айтылмай, көзтаса болып келеді. Мәскеудің зорлық-пәрменін, ЧК–ОГПУ–НКВД–КГБ сияқты қандықол арнайы қызметтерінің салған лаңын әрине ешкім жоққа шығара алмайды, әйтсе де осы жазықсыз төгілген миллиондардың қан құнында ғана емес, Алаш арыстарының, басқа да дарынды тұлғалардың «ақталмай», аты-жөндері ашыққа шықпай, тарих тұңғиығына одан әрі тұншықтырыла түсуіне қазақ зиялыларының да қосқан «үлесі» аз емес. Білгіштер айтады, ешқашан шындық толымды, төрт құбыласы түгелденген тарих болмақ емес, уақыт-кезеңімен замана жарасы да жазылады дейді. Мемлекет мүддесі, халық бірлігі үшін бұған объективті себептермен түсіністікпен қарау қажет дейді. Иә, тарих – төреші, тарих – емші. Тек адам ғұмырының қысқалығын, тарихи жадтың да өшуі мен өсуі бар екенін ұмытпасақ болғаны.
− ХХ ғасырдағы қынадай қырылған қазақ қасіретінен ұлт, мемлекет ретінде қандай сабақ алуымыз керек?
− Жиырмасыншы ғасыр нәубет-зұлматтарын зерттеушілер арасында тағы бір шешімін таппаған пікір таласы бар. Олардың басым көпшілігі ұзаққа созылған қуғын-сүргін мен Ашаршылық тақырыбын ажыратып, бөлек-бөлек қарастыруды ұсынады. Біз оларды шерлі тарихымыздың құрау-құрау беттері ретінде біртұтас тарихи құбылыс деп бағалау жағында болсақ та, шынын айту керек, Ашаршылық апаты Қуғын-сүргін тақырыбының көлеңкесінде қалып келе жатқаны ешкімге жасырын емес. Тарихи тұлғалардың аты аталып, шындық шымылдығы түрілетін репрессия кім-кімнің де қызығушылығын тудырады. Қазіргі аталмыш комиссия жұмыстары да қуғын-сүргінге ұшыраған тұлғаларды «ақтау», солардың сот материалдарын «құпиясыздандыру» бағытында жүріп жатыр. Біздің айтпағымыз, «уақыт – төреші» дегеніміздей, қуғын-сүргін құрбандары бүгін ақталсын, болмаса құпиясы ертеңгі күні жарыққа шықсын, әйтеуір бір сәті туған тұста шындық айтылады. Ең бастысы, біздің әлі күнге «жабық» архивтерімізде оларға қатысты сот материалдары баршылық, яғни құрбандардың аты-жөні, деректері хаттаулы тұр. Ол «істермен» танысқан құқық мамандары, зерттеушілер өз бағаларын бере жатпақ. Осыған дейін «құпия» саналып келген, көзтасада болған істер толық ашылған кезде ғана біз елімізде жүргізілген сталиндік қуғын-сүргін заманының барлық қоясын ақтарып, атылған, жер аударылған және сотталған адамдардың толық санын білетін боламыз.
Ал бұдан ғасыр бұрын болып өткен Ашаршылық дауылы, 1932-33 жылдардағы ұлттық апат туралы бұлай дей алмас едік. Әрине, құжатсыз, дерексіз тарих жетім, «құпия» архивтердің қойнына әлі талай сан-цифрларды бүркеп жатыр. Сөз жоқ, олар да айтылады, ашылады. Бірақ сол бір аласапыран замандарда арманда кеткендердің аты-жөндерін бас-басымен атау, есім-сойларын елеп-ескеру қиындық тудырып отыр. Бір уыс бидай мен таба нанға сатылған бала-шаға, «детдом» түлектері, артында ұрпағы қалмағандар қаншама?!. «Әр қазақ – менің жалғызым» десек, ұлтымыздың 70 пайызы осы апатқа
шарпылды десек, 3,5-4 млн құны сұраусыз Алаш баласының есім-сойын қалай анықтамақпыз? Біздіңше, бүгінгі таңда мәселенің мәселесі осында.
Жұртымыз аштықты да көрді, тоқтықты да көрді. Заман ауысты, құлық-ниет өзгерді. Бастан кешкен ашаршылықты, ұлттық апатты еске алмайтын болдық. Қаншама жылдардан бері айтылып келе жатқан Ұлттық Аза күні бізде тұтылмайды. Мемлекеттік туымыз түсіріліп, әруақтарға Құран оқылмайды. Болашағын ойламайтын адам жоқ, десек те өткенге үңілуге, ата-баба шежіресін түгендеуге салғыртпыз. Мұсылман-христиан соғысы, орыс-украин қақтығысы, тәжік-өзбек дауы бәрі-бәрі бізді еріксіз алаңдатады. Бірақ та анау бір нәубетті жылдарда зәузатымызда қанша ошақтың оты өшті, әулетімізде қанша шаңырақ қирап, санымыз қаншаға азайды? Өркеніміз қиылып, қаншама ет жақын туған-туыстан айырылдық?..
Осындай самсаған сан сұраққа жауап берер күн туды ағайын! Жақында арнайы «Жоқтау.кз» порталы іске қосылмақ. Мүмкін болса осы ақпараттық платформада жоғалтқанымызды бір түгендеп көрелікші, ағайын. Әркім өткеніне үңіліп, ата-баба шежіресінен жібі үзіліп, тасы шашырап кеткен тасбиықтай туған-туыстарын атап, түстеп, санамалап берсе, біз мүмкін өткен ғасырда қанша адамдық ресурсымызды жоғалтқанымызды бағалар едік. Шейіт кеткен құрбандардың есімін жаңғыртып, әруағын есіркер едік. Озған ел тарихын тасқа жазады, тозған ел жаспен жуады деп жатамыз. Тозбағандығымыздың белгісіндей болып, озғандығымызды көрсетелік те, қанеки.
Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні жақындаған сайын қалта телефонымда тыным жоқ. Радио, теледидар тілшілері, өзіміздің газеттегі әріптестеріміз жарыса хабарласып жатыр. Бәріне ерекше бір елең етер жаңалық керек, адам шошырлық цифр-сандар, дене тітіркендірер факт-деректер керек. Ұлтымыздың санасы сілкініп, рухани жаңғыруымыз үшін, әрине, бұл сөзсіз қажет-ақ. Елдіктің белгісі ғой бұл... Еңсені басқан ауыр ойлар қиырды шарлап, үлкендерден естіген әңгіме-естеліктерге бірте-бірте батып барамын. Өзімнің кәмпескеге ұшыраған, туған еліне жете алмай сүйектері жат елде (Ставропол өлкесі, Жоғары және Төменгі Басқұншақ қалаларында) қалған аталарымды, сандыққа көмген асыл мұра, діни кітаптары құмға айналған Қалпе атамды, соғыста неміс пен советке бірдей тұтқын болып, елмен араласа алмай, өмірі құсада өткен жамағайынымды, жүрегіне шемен байланған жерлес бауырларымды еске алып отырмын...
