Күлдір-күлдір кісінетіп...

Күлдір-күлдір кісінетіп...

Күлдір-күлдір кісінетіп...
ашық дереккөзі
16060

Белгілі әнші, көрнекті жырау, Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның қазақ өнеріндегі орны жайлы сөз

Жасы жиырмаға толмай жатып үлкен сахнада ұлттық мүддені ұлықтауға кірісті. Бәзбір жастар тәрізді махаббат әндерін құйқылжытып, жылауық әндерге жуық болмады. Салғаннан ел мүддесі, ұлт мұраты үшін туғанын ұқтырды. Жұдырықтай ғана жұқа бозбала ә дегеннен қалың жұртшылықтың жан жүрегін баурап алды. Алпыс екі тамыры ұлтым деп соққан қаршығадай Бекболат Тілеухан Ақтамбердіге тәуекел қылыпты. Екі жарым ғасырдай езілген, рухы жаншылған алаш жұртының аңсағаны осы екен. Алтайдан Атырауға, Тобылдан Түркістанға дейінгі жазиралы дала, байтақ жұрт Бекболаттың асқақ үнімен ду ете қалды. Қалың қазақ бір кездегі атақты би, дауылпаз жырауымен қайта қауышқандай арқа-жарқа. Күлдiр-күлдiр кiсiнетiп, Күреңдi мiнер ме екенбiз, Күдерiден бау тағып, Ақ кiреуке киер ме екенбiз! Жағасы алтын, жеңi жез, Шығыршығы торғай көз Сауыт киер ме екенбiз! Ор қояндай жүгiнтiп, Аш күзендей бүгiлтiп, Жолбарыстай шұбарды Таңдап бір мiнер ме екенбiз! Па, шіркін! Аталарымыз қандай болған?! Сөз саптасы қандай, сән-салтанаты тіпті ғажап! Ал рухы?! От-жалын шашып тұр. Ал бұл кезең – жиырмасыншы ғасырдың сексенінші жылдарының ортасы. Күлдір-күлдір кісінетіп, күрең мініп жүрген қазақтар аз да болса, бар еді ол тұста. Бірақ «жағасы алтын, жеңі жез, шығыршығы торғай көз сауыттарымыз» музейлерден, қиыр-қиырдағы ауылдардағы көнекөз қариялардың сандығынан ғана табылатын. Миллиондаған қазақтың ұлттық санасы, қазақи болмысы әлсіреген, турасын айтқанда, ұлттық рухтың білте шамдай өлеусіреген кезі еді. Қазағы қалың оңтүстік пен батыс еді негізінен ұлтқа ұйытқы болып тұрған. Қызылжар жағындағы үлесіміз жеті-сегіз пайыз, солтүстік пен орталықта, шығыста шоқ-шоқ қазақ аудандары болмаса, қалғанын кеңес империясы біржола жұтуға айналған. Ел ордасы – Алматыдағы үлесіміз – 20 пайызға жуық. Әлі есімізде, Ақтамбердіні әуелі Бекболаттың ұстазы, жампоз әнші Жәнібек Кәрменов шырқады. Сосын, ұстазының батасымен Бекболат шықты арқырап.   Сол шұбарға мiнген соң, Қоңыраулы найза қолға алып, Қоңыр салқын төске алып, Қол төңкерер ме екенбiз. Жалаулы найза жанға алып, Жау қашырар ма екенбiз! ... Ел жазылып жайлауда Жақсылар кеңес құрғанда Мұртымыз өрге шаншылып, Бұрын да сөйлер ме екенбiз! Шіркін, Ақтамберді! Қарға тамырлы қандасыңның қамы үшін шамырқанып, ширығып жырыңды арнадың. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады». Ақ адал жүректен шыққан алмастай жырың араға екі жарым ғасыр салып Бекболаттың көмейінен асау өзендей бұрқырап төгілді дейсің. Алты алаш дүр етіп көтерілді. Сондағы қазақтың шаттанғанын көрсең. Аталарымыз мұндайда «Өшкені жанып, өлгені тірілгендей» дейді. Сол тұстағы «Қазақстан»мен «Алатау» телеарналары, қазақ радиосы мен «Шалқар» радиосы Ақтамберді-Бекболат жырын дүркін-дүркін дуылдатып беріп жатты. Ұлттық рухқа жан бітті. Қазақтың жанары жасындай жарқырады. Бекболатты тыңдап отырып, қазақ боп туғанымызды мақтан тұттық. Бекболатты тыңдап, жон арқамыз алабөтен шымырлап, басымызға бақ қонғандай күй кештік. Жұдырықтай ғана бозбаланың ұлттық рухты шалқытып, асқақтатып, сахнаға алып шығуы ғажап құбылыс еді. Ол Ақтамбердімен үзеңгі қағыстырып, ұлтты оятты, қазақтың қатпары қалың, ойлы, сазды әндерін нәшіне келтіре шырқап, жанымызды жадыратты. Енді Бекболаттың әндеріне ынтызарымыз артты. Көп ұзамай ол ән шырқайтын кештердің алдыңғы қатарынан атақты ақын-жазушылар мен өнер майталмандарын, мемлекет қайраткерлерін жиі көретін болдық. Бекболаттың концертінен үйге жеткенше тұла бойың шымырлап, алабөтен күй кешесің. Бөлек. Жаның ерекше рахат табады. Көкөрім ғана бозбала «Қазақ, сен осындайсың!» деп, жадыңды жаңғыртып, рухыңды жанып тұрса, қалай арқаланбайсың. Бекболаттың жыры арқаңды қоздырып, кеудеде найзағай ойнатып, Ақтамбердіге еріп, жұлқынып шыға келесің! Бекболаттың ұлтты оятудағы, оны шабыттандырып, ойға шақырудағы еңбегін, шіркін, таразыға тартатын мүмкіндік туса, талайлар бас шайқаған болар еді. Мұндай сезім күйі мыңдаған, тіпті жүз мыңдаған бауырымыздың басында болғаны анық. Күндердің күнінде Бекболатпен танысудың сәті түсті. Ақжарқын, аузын ашса, көмейі көрінеді. Сондай бауырмал. Ауылдың исі аңқып тұр.Жастығына қарамай, білімдар. Араласып, сырласа келе оның спортқа да қаражаяу еместігін білдік. Бала кезінде сирағы ұзын болмаса да, 100 метрді 12-12,5 секөнтте артқа тастайтын ұшқыр, ал белдемеден (турник) 30-32 мәрте тартылмай түспейтін шымыр болыпты. Жаңарқадағы спорт мектебінің кезекті жарысында Сергей Волобуев (самбодан Азия чемпионы, әлем біріншілігінің күміс жүлдегері – Қ.Р.) 27 рет тартылса, бұл белтемірге 32 рет иегін тигізіп, жеке-дара шығыпты. Балуандыққа бейім, алыс-жұлысқа шалымды әрі жүйрік болғанымен, ешнәрсеге дәл ән-жырға құмартқандай құмартып көрмепті. Бесік жыры бойына ана сүтімен дарыған Бекболат 5-6 жасынан әкесі Қанай айтқан ән-жырлармен сусындап өскен екен. Әкесі қисса, жыр-дастандарды, халық әндерін таңнан-таңға жалғап айтатын өнерлі, білімді әрі тақуа адам болыпты.«Cал-сал», «Зарқұм», «Дариға қыз», «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр», «Батыр Баян», «Наурызбай-Қаншайым», «Сәтбек батыр» жырларын Бекболат ең алғаш әкесінің аузынан естіді. Құйма құлақ бала жауһар жырларды жай ғана тыңдап қойған жоқ, аптап ыстықта қаталап келген жолаушыдай сіміре жұтып, бойына сіңіріп алды. Енді ойлап қараңыз, бұл – өткен ғасырдың 70-жылдарының басы. Кеңес империясының жалғанды жалпағынан басып тұрған кезі. Мәскеудің сүзгісінен өткен қазақ әдебиетінде Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баяны» жоқ. Ол кезде Мағжанның жыры түгілі, атын айтуға болмайтын. “Наурызбай-Қаншайым”, “Сәтбек батыр” жырлары да кісенделіп, қапасқа тасталған. Партия-совет қызметін ұзақ жыл атқарып, талай құқайды көрген Қанай ақсақал бұл мәселенің саяси астарын өте жақсы білді. Біле тұра, Бекболатын ұлт үшін ең қымбат, ең асыл дүниелерден тыйған жоқ. Қайта, сүт кенжесінің советтік ағынмен емес, қазақтың кемесінде жүзгенін қалады. Біле білсек, Бекболаттың шүу дегеннен «Ақтамбердіні» дауылдатып алып шығуының түп-тамыры осында жатса керек. Адам баласының өмірлік мұратын терең зерделеген Қанай әке Бекболатын кішкентайынан намазға баулыды. Арабша хат танытты. Бұл да тегіннен-тегін емес. Бекболаттың әжесі аузынан Алласы, қолынан таспиғы түспеген адам болыпты. Қанайдың анасы дегенде, шығарда жаны бөлек екен. Дүние күйіп кетсе де, анасының бетіне жел болып тимепті. Айтқанын екі етпепті. Ал Бекболаттың анасы Айнагүлдің енесі туралы бірауыз естелігі талайға ой салғандай: «Енем Бибіш өмірдің өткелдерін көп көрген, содан түйгені мол, әр сөзін, ісін таразы басында теңшеп, темірден түйін түйгендей екшеп отыратын. Жүзіне иман үйірілген, ақылына парасаты сай адам еді. Бізді кісілікке, имандылыққа үйреткен сол енем. Әр баламды туған сайын: «Балам, Құдай береді. Әр баланың өз несібесі бар, бір тоқтыға құдай бір түп жусанды артық жаратады»,– дейтін. Өзге елде осындай сөз бар ма, жоқ па, білмеймін, мен үшін осы ұлы ұғым болды. Намазын қаза жібермейтін тақуа болатын. Мені де 27 жасымда намазға жыққан сол кісі еді. Жақсы ене туған анадан кем болған ба?!» – Біздің ата-бабаларымыз өмірдің өткінші екенін білген, – дейтін Айнагүл анамыз. – Өткінші өмірде өтер парызың дүние жинап, бәрін қамту емес, артыңа ұрпақ қалдыру деп өсиет еткен. Әр ісің Аллаға лайық болғанын қалаған. Ішкен шайы, тапқан баласы, күткен күйеуі, баққан ата-енесі – осының бәрін Алланың ризалығы үшін істеген. Мен осы жолды ұстадым. Сондықтан да болар бақытқа кенеліп, өмірдің қызығын көріп отырмын, қарағым. Айнагүл ана табиғатынан иманды, қолы ашық, сөзге шешен, көпшіл адам еді. Бекболатқа босанғанда жаны әрең қалса керек. Кенжесі дүние есігін ашқанда 5,5 келі тартыпты. Ағайын-тума, көрші-қолаң: «Қанайдың ұлы тау қопарар алып болады», деп кәдімгідей үміттенсе керек. Бірақ Алла Тағала Бекболатқа Қажымұқан мен Балуан Шолақтың ірілігін, сол екеуінің жойдасыз күшін бермесе де, елдің рухын асқақтатып, жанын жадырататын дауылпаз жүрек, тыңдағанын қағып алатын ғажап жады, ұлт мүддесіне деген ыстық махаббат сыйлапты. Иә, қу тақырға шөп шықпайды. Құлазыған қу дала елге пана болмайды. Бекболаттың қаршадайынан «қазағым!» деп шырылдауы, келе-келе иманды жолға түсуі ең әуелі Алланың сыйы, сосын ата-анасының имани, берекелі, қазақи тәрбиесінен екен. Бекболатты Бекболат қылған Нью-Йорк пен Кембридждің алқалы университеттері емес, ақбас сиыры мен күрең биесін сауып ішіп, қара көсеуімен қара шаңырақтың отын маздатқан Атасудағы иманға ұйыған, қазақи дәстүрді ұстанған қарапайым шаңырақ болатын. Ақтамберді жыры Бекболаттың қолындағы алмас қылышы болса, қазақтың жауһардай ән-жырлары оның айдын-көлі, қанат қағар байтағы болды. 600-дей әнді, сан ғасырдың куәсіндей жыраулық поэзияның ең ғажап тұстарын көкірегіне тұтастай қотарып алған Қанайұлы Бекболатқа туған жұрты ол 25-ке жетпей-ақ «Қарға бойлы Қазтуған» деп айдар тақты. Ал ақиық сазгер Нұрғиса Тілендиев: «Бекболат ғасырда бір рет туатын өнерпаз, ол қазаққа Құдайдың берген ұлы», – деп сүйсінісін осылай түйіндесе, көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі: «Құдайдың қазаққа Бекболатты бергеніне шүкіршілік етейік. Егер Бекболат болмаса, қазақтың ән өнері қырқұлақпен ауырған адам тәрізді барлық тісі саудырап түсіп қалғандай болар еді», – деп әділ бағасын берді.   Қайран да менің Еділім!   Бекболаттың ұстазы – қазақтың өзі! Дәлірек айтсақ, алты алаштың бар игі жақсысы Бекболаттың ұстаздары. Бекболат сол саңлақтарға шәкірт, бауыр бола білумен қатар, оларды бүгінгі жұртына асқақ үнімен, домбыра күмбірімен қайта табыстырды. Бекболат ұлтты ұйыстырудың, оның рухын көтерудің ғажап жобасын жасаған, осы жолда алапат қажыр танытқан біртуар тұлға! Бекболат қазақ жыры мен әнін шырқау биікке көтеріп, әлдилеп, әлпештеп, ұлттың өзіне жарқыратып қайта сыйлаған майталман өнерпаз! Ойлы, дауылпаз жырлар, қазақтың өзіндей сыршыл әрі терең әндер Бекболаттың көмейінен мүлде басқаша төгіледі. Ұлттың мұңы мен арман-тілегін, қуанышы мен қилы тарихын Бекболаттың бір концертінен кеудеңе сыйғызып алып шығасың. Ол мыңдаған қазақты ойға жеккен, мыңдаған қазақты мұңға жетелеген, кешегісі мен бүгінін зерделеткен зерделі әнші, айтулы жырау. Бекболат жыр толғағанда тарих көші көз алдыңнан тізбектеліп өтіп жатады. Қазтуғанның «Қайран да, менің Еділім!» жырын Бекболаттың орындауында бейжай тыңдау мүмкін емес. Бұл жыр тұтас бір дәуірдің, тұтас бір халықтың ащы тарихын санаңда қайта жаңғыртады. Әуені Қазанғаптың «Көкіл» күйі. Жыр мен күй әуенін құстың қос қанатындай жұптастырған 23 жастағы Бекболат болатын. Батыстағы көршілер қопарыла шы­ғысқа ауыз салғанда, аталарымыз Еділді (қазіргі Волга) тастай, үріккен қойдай бері ауды. Алаштың басынан бақ тая бастаған, ел іргесі сөгіліп, «Азулыға бар заман, Азусызға тар заманның» (Шортанбай) қазақтың төбесінен қара бұлттай үйіріле бастаған тұсы. Бекболаттың Қазтуғанды кездейсоқ таңдамағаны анық. Көкірек көзі ояу адам Қазтуғанға атүсті қарай алмайды. «Бұдырайған екі шекелі; Мұздай үлкен көбелі; Қары ұнымы сұлтандайын жүрісті; ...Сөйлесе – қызыл тілдің шешені; Ұстаса – қашағанның ұзын құрығы; Қалайылаған қасты орданың сырығы; Билер атты би соңы; Би ұлының кенжесі; Буыршынның бұта шайнар азуы; Бидайықтың көл жайқаған жалғызы; Бұлұт болған айды ашқан; Мұнар болған күнді ашқан; Мұсылман мен кәуірдің; Арасын өтіп бұзып дінді ашқан Сүйінішұлы Қазтуған!» –Азаматтың ардағы, заманының сұлтаны осындай-ақ болар! Мұндай жыр, мұндай кейіпкер Бекболатқа қайтып ұйқы таптырсын. Басқа дүние көзден көшпесе де, күңгірттеу тартқан. Қазтуған жыры жан-дүниесін тұтас шарпығандай. Ұзақ толғанды, қара домбыра бауырынан ажырамады. Бір күні Қазтуған жыры мен Қазанғап күйі Бекболаттың көмейінде, домбыраның шанағында табысты. Ұзамай «Қайран да менің Еділім!» қазағына жол тартты. «Алаң да алаң, алаң жұрт; Ақала ордам қонған жұрт; Атамыз біздің Сүйініш; Күйеу де болып барған жұрт; Анамыз біздің Бозтуған; Келін де болып түскен жұрт; Қайран да менің Еділім; Қайран да менің Еділім! Қарға бойлы Қазтуған; Батыр да болып туған жұрт; Кіндігімді кес­кен жұрт; Кір-қоңымды жуған жұрт; Қарағай садақ будырып; Қылшанымды оққа толтырып; Жанға да сақтау болған жұрт; Қайран да менің Еділім; Қайран да менің Еділім! Салп-салпыншақ анау үш өзен; Салулы ордам қонған жер; Жатып қалып бір тоқты; Жайылып мың қой болған жер; Жабағылы жас тайлақ; Жардай бір атан болған жер; Жары менен сайы тең; Жарлысы мен байы тең; Жабысы мен тайы тең; Ботташығы бұзаудай; Боз сазаны тоқтыдай; Бақасы қойдай шулаған; Балығы тайдай тулаған; Шырмауығы, шылауы шөккен түйе таптырмас; Суда ойнаған балығы көлге жылқы жаптырмас; Қайран да менің Еділім, Мен салмадым, сен салдың; Қайырлы болсын сіздерге, Бізден бір қалған Еділ жұрт!» Алаш жұртының басынан бес ғасыр бұрын өткен жағдай. Ит басына іркіт төгілген құт заман, салуалы орда жаттың табанында қалыпты. Әрине, жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең, сән-салтанаты кемерінен асқан, оның үстіне «бұлұт болған айды ашқан; мұнар болған күнді ашқан; мұсылман мен кәуірдің; арасын өтіп бұзып дінді ашқан» Қазтуғандай айбынды батырды, дүлдүл жырауды өмірге әкелген ел Еділді жауға ұрыссыз, талассыз бере салмағаны анық. Өзінен зор шыққан соң көздің жасын бұлай-бұлай, қара қазан, қара баланың қамы үшін амалсыз түп көтеріліп көшкен. Құдай ондай кепті енді қайтып басымызға салмасын. Ал Қазтуған бабамыз өзегін өрт шалып тұрса да жауына қарғыс айтпайды: «Қайырлы болсын сіздерге – бізден бір қалған Еділ жұрт!» деп, Жаратқан иенің басқа салғанына сабыр қыла толғайды. Адамшылықтан айнымайды. Шын мұсылманның сөзін айтады. Мұндай аталы сөзді тағдырға шынайы иман келтірген, ақылы кемел, кісілігі мол адам ғана айта алса керек. Бәлкім, Бекболаттың жан дүниесін бұлықсытып, бұлқынтып ала жөнелген жырдың дәл осы тұсы шығар. Қайғылы болса да, талайыңа жазыл­ған өз тарихың. Бекболат сол жадыңды жаңғыртып отыр. Қаршығадай жырау ес білген баладан еңкейген ақсақалға дейін тарих қатпарына бастай жөнелді. Қазтуған қайта туғандай. Сенің бір кезде айбынды ел болғаныңды, Еділдің арғы бетін ен жайлаған дәулетіңді, «қарағай садақ будырып, қылшаныңды оққа толтырып, жанға сақтау болған қайратыңды» Бекболат есіңе қайта салып отыр. Бекболат ышқына толғаған сәтте аумағы атшаптырым концерт залы бір тарының қауызына сыйғандай әсерде қаласың. Тарихтан, құдды бір музыкалық лекция тыңдағандай күй кешесің. Бір қызынып, бір суынасың... Иә, қадірлі ағайын, біз мәдениет танушы немесе өнер зерттеген ғалым емеспіз. Бірақ Қанайдың кенжесі Қазтуған мен Қазанғаптан тартып, өзінің жан жүрегімен әлдилеп сахнаға алып шыққан «Қайран да менің Еділім!» жыры қазақ мәдениетіне қосылған болмыс-бітімі бөлек, алаш аман тұрғанда құнын жоймас, ерекше туынды екеніне күмәніміз жоқ.   Елім менің!   Еділден айрылсақ та, елдіктен айрылған жоқпыз. Қазтуған жырлаған заманнан бергі бес ғасырдан астам уақытта алаш жұрты небір тар жол, тайғақ кешуді бастан өткеріпті. Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама тұсында орыс пен қытай екі жақтан қолына от қару ұстатып, бізге қарсы айдап салған жоңғар шапқыншылығы қазақты жер бетінен жойып жіберуге шақ қалды. Кейбір деректер бойынша, жоңғарлар бір миллионнан астам бауырларымызды жер жастандырды дейді. Байтақ дала қанға бөкті. Алланың бұйрығымен алты алаш бас біріктіріп, жауға тойтарыс берді. Одан кейін де небір зобалаңға тап болыппыз. Ең ауыры, өткен ғасырдағы отыз екінің алапат аштығында қазақ қына­дай қырылды. Ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Әлхамдуллиллаһ, 6 миллион алашпыз!» ­деп, көңілі марқая жар салған қазақ жұрты 1944 жылы өз жерінде 1 млн 900 мың адамды зорға құрады («Қазақ қалай отарланды?» М. Мырзахметов). Отыз бір жылда кемі екі есе көбеюдің орнына, үш есе азайдық. 1926 жылғы советтік санақта қазақ 3.6 млн, өзбек 3.3 миллион адам болды. 1989 жылы өзбектер 14 миллионнан асып түссе, біз бар болғаны 6,5 миллионның шамасында едік. Осыдан-ақ біздің халықтың ХХ ғасырдың өзінде қандай нәубетке тап болғанын біле беріңіз. Тағдырдың жазуымен 1991 жылы желтоқсанда азаттық таңы атты. Екі жарым ғасыр бодандық қамытын киген халыққа ендігі жерде соны серпін, тың серпіліс қажет еді. Ел тағдырын терең зерделеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев белді деген бірнеше сазгерге ел рухын көтеретін ән жазуды тапсырады. Солардың ішінде 29 жастағы Бекболат та бар еді. Елбасы тапсырмасы тым жауапты. Бекболат тағы ширықты. Бұл жолғы ізденіс бөлек. Ұлттың жанын жадыратып, рухын қамшылайтын асқақ та терең сазды ән қажет. Әуен таза қазақи болмаса, халық сынағынан өте алмайсың. Шамасы жете ме, жетпей ме, ол жағы бір Аллаға аян. Бекболат тәуекелге бас­ты. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айрылды. Ұзақ толғанды. Елбасы жазған ән сөзін қанша рет қайталап айтқанын кім санаған. Кейде тіпті ұйқысырап жатып, тілінің ұшына оралады.   Арайлап таңым, асқақтап тауым, Ән ойнап көгім, күй тартып көлім. Қол жетті, міне, аңсаған күнге, Жасай бер, жаса, қазағым менің! Азаттық әні алаштың жан бұл­қы­нысын, күрескерлік рухын, ауызбірлігін және елдік қасиетін қамтыған асқақ шығарма болуы шарт. Екіншіден, мың халықтың әні қатар шырқалып жатса, соның ішінен қазақ баласы «мынау менің әнім!» деп, қапысыз танитындай ұлттық бояуы қанық болуы керек. Үшіншіден, еңсесі түсіп, тарихи жадысы күңгірттенген халықтың көңілін шалқытып, жігерін жанитын қасиеті басым болса. Қысқасы, бұл әнді тыңдаған қазақ жүйрік аттай тықыршып, алмас қылыштай жарқырап, жайнап шыға келуі керек.   ...Күйінсін жауың, сүйінсін досың, Жиылсын қауым, құйылсын көшің, Ертеңің үшін аянба, ерім, Ояншы елім, жиылсын есің.   Ұрпақ үшін, ел үшін, Ата-мекен жер үшін Берекең мен бірлігің, Таси берсін ырысың. Жанын жеп жүріп бір күні әннің жалына қол артқандай болды. Әрі қарай қамшы салдырған жоқ. Дауылдатып, құйқылжытып шырқап ала жөнелді. Өмірге тұтас бір ұлттың көзқуанышындай, асыл арманындай ғажап ән келді. Бұл ән жай ғана ән емес, Азаттық жаршысындай дауылпаз ән еді. Бұл ән кез келген қазақтың тұла бойын шымырлатып, көзіне жас үйіретін, жан дүниесін шуаққа бөлейтін терең иірімді, кең тынысты шығарма болды. Ән Нұрсұлтан Назарбаевты ерекше толқытты. Елбасы Бекболатқа шынайы ризашылығын білдіріп, батасын берді. Сөйтіп, азат елдің көгінде ендігі жерде қазақпен бірге жасайтын, топшысы берік «Елім менің» әні қанат қақты. Қалың қазаққа керегі дәл осындай ән екен. Халық арқа-жарқа. Сол тұстағы марқайып, шаттанған бауырлардың ішкі дүниесін тілмен бейнелеп жеткізу мүмкін емес еді. «Елім менің» бүкіл қазақ беріле, шабыттана шырқайтын ән ғана емес, ұлттың ұранына айналды. «Елім меніңді» бар қазақты бір тудың астына топтастыратын Елұран дәрежесінде бағалаған адамдар да аз болған жоқ.   Қазақстаным – жасыл орманым Қуанышымды жасыра алмадым. Аңсаған бабам, аңсаған елім, Бостандық еді-ау, асыл арманым. Елім менің аңсаған, Тас бұғаудан босаған. Құтты болсын, отауың, Берік болсын босағаң. Осылайша Бекболат Қанайұлы бейбіт күнде туған халқына қызмет етудің ерен үлгісін танытты. Шынында да, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзіне жазылған «Елім менің» әні халық бодандық пен азаттық өткелі үстінде дағдарып, оңды-солын тани алмай тұрған тұста сәтімен туған, елдік мұраттағы тарихи ән болатын! Бұл әнді Бекболат шырқағанда талайлардың жанарына жас тұнып, талайлардың арқасы қозып, бүтін халық жан толқынысын басынан кешеді. Менің «Егемен Қазақстан» газетінде қызмет істейтін Бақтияр Тайжан досым: «Мен керемет батыр адам емеспін. Бірақ Бекболат «Елім меніңді» шырқағанда ұлт үшін отқа түсуге дайынмын!» дейді көзінен от шашып тұрып. Ал алаш әдебиетінің абызы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбайдың «Өнер сайысында шыңдалған Бекболат аспаһани шар болатқа айналды. Енді күңгір күйкіге алдырмайды, самғай береді»,– деген ақтілеу бағасымен келіспеу мүмкін емес.   Түйін   Бекболаттың әншілігіне шынайы бағасын берген тұлғаның бірі әрі бірегейі, әлемге танымал қаламгер Шыңғыс Айтматов. Шыңғыс ағаның: «Бекболаттың әнінен бабалар үнін естігендей болдым. Бұл әндерде эпика, поэтика, музыка, философия, жалпы ғарыш пен адам ғұмыры астасып, үйлесіп, үндесіп жатыр», – деген баға жетпес сөзі біз үшін аса қымбат. Себебі Айтматов арзан нәрсеге сөз шығындайтын адам емес. Түйіп айтсақ, Бекболат қазақтың дәстүрлі ән өнерін XXI ғасырға қаймағын бұзбай, аялап алып өткен нағыз марғасқаның өзі! Бекболат өнерінің бір қанаты – қобызбен жыр толғауы. Әрине, оған дейін де қобызбен ән айтқан өнерпаздар болған. Бекболаттың ерекшелігі, эпикалық туындыларды, жыр-дастандарды қобызбен орындаудың сахналық дәстүрін қайта жаңғыртқаны, әрі оны кәсіби деңгейге көтергені дер едік. Қанайұлы ХV-ХVI ғасырда жасаған атақты жырау, көрнекті қолбасшы Дос­памбет жырын қобызбен күңіренте, боздата шырқағанда жан дүниең бөлек бір күйге бөленеді. Өнер зерттеушілері Бекболаттың бұл қадамын тыңнан түрен тартқан өзгеше құбылыс деп бағалады. Яғни, Доспамбет жырын әуенін тауып, қобызбен сүйемелдеп үлкен сахнаға бастап шыққан бірінші адам Бекболат жырау! Ол бұл кезде 26-27-дегі қылшылдаған жас жігіт еді. Осы жерде тағы да Шыңғыс ағаға жүгінеміз: «Бекболаттың қобызы маған қатты әсер етті, – дейді Айтматов. – Бұл әуен ғарыштан келіп құйылып тұрғандай. Егер таспаға жаздырып, өзіммен бірге алып жүрсем, мынау байтақ әлем де менімен бірге болғандай екен». Қобыз құдіретін ғажап үнімен астастыра білген Бекболаттың қара үзген саңлақтығына бұдан артық баға беру қиын. Қорыта айтқанда, Бекболат Қанайұлы қазақ мәдениетіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған, әншілігінің өзі ұлттың мақтанышына айналған, ал жыраулығы мен сазгерлігі қалыпқа сыймайтын тарихи құндылық дәрежесіне көтерілген азамат. Оны бұл деңгейге көтерген ең әуелі тарихи сананың биіктігі болса, екіншіден, ұлттың сан ғасырлық жауһар жырлары мен сыршыл әндерін жатқа білетін феномендік қасиеті. Ал иман – Бекболаттың бас­ты байлығы.   Қыдырбек Рысбек

Серіктес жаңалықтары