304
Антикор қылмыстық іс қозғаған: 20 жыл ел басқарған әкім өз-өзіне қол салды
Антикор қылмыстық іс қозғаған: 20 жыл ел басқарған әкім өз-өзіне қол салды
Алматы облысында 20 жыл бойы ел басқарған әкім Мұрат Сәлімбаев тергеп-тексеруден кейін асылып қалған. Аталған фактіні Алатау ауданының полиция департаменті растады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. 40 мыңға жуық халқы бар Боралдай кентін, Қарой ауылдық округін басқарған әкім алты айдан астам уақыт тергеуде жүрген.
«18.02.2021 жылы Алматы қаласы Алатау ауданы ПБ Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне №21751203100547 санды 19.08.1958 ж.т. Салимбаев Мұрат Орынабайұлының өз-өзіне қол жұмсауы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 105-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. М.А.Орынбаевтың мәйітіне сот-медициналық сараптама 18.02.2021 жылы жүргізілді. Жүргізілген сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша, М.А.Орынбаевтың өлімі сараптама жүргізілген уақыттан шамамен 1 тәулік алдын болған», - деп мәлімдеме таратты Алатау ауданының полиция басқармасы.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі берген мәлімет бойынша, Сәлімбаевтың үстінен А.Т. есімді азамат арыз түсіріп, қылмыстық іс 2020 жылдың 19 тамызы күні ашылған. Тергеуге алынардың алдында Мұрат Орынбайұлы Іле ауданы әкімінің бұйрығымен қызметтен шеттетіледі. Жарты жылдай тергеудің қысымына шыдамаған 62 жастағы әкім өз өзіне қол жұмсайды. Бірақ әкімнен жауап алған тергеушіге қатысты ешқандай іс қозғалмаған.
«19.08.2020 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Алматы облысы Оңтүстік аймағы бойынша ауданаралық басқармасымен (бұдан ары – басқарма) азамат А.Т. арызы негізінде Іле ауданы Боралдай кентінің бұрынғы әкімі М.Сәлімбаевқа қатысты қылмыстық іс тіркелген. М.Сәлімбаевтың өлімінен кейін оған қатысты қылмыстық істі тергеген тергеушіге қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуге негіз болмады. Қазіргі таңда М.Сәлімбаевқа және басқаларға қатысты тіркелген жоғарыда көрсетілген қылмыстық істер бойынша тиісті зерттеулер жүргізілуде, олардың қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады», - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.Өзіне қол жұмсау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді Алматы қаласы Алатау аудандық полиция басқармасы жүргізген. Бүгінгі таңда қылмыстық іс қысқартылған.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде, 23.04.2021 жылы қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы 1-бөлігі 2-тармағы негізінде, іс-әрекетте қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты, №217512031000547 санды қылмыстық ісі қысқартылды», - деп мәлімдеді Алатау ауданы полиция полковнигі Ілияс Өмірсеріков.Қайғылы оқиға болғанға дейін Мұрат Сәлімбаев Іле ауданы Қараой ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған. Іле ауданы әкімдігі марқұм 2020 жылдың сәуір айының басында өз еркімен жұмыстан кеткен деді.
«Мұрат Орынбайұлы – Қараой ауылдық округінің әкімі болып 3.06.2019-10.04.2020 жылдар аралығында қызмет атқарды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңы 61-бабы 1-тармағының 1 тармақшасына сәйкес, 2020 жылдың 10 сәуірінде өз еркімен денсаулығына байланысты атқарып жүрген қызметінен босатылды», - делінген ресми сауалға берілген жауапта.63 жасқа жетпей қайтыс болған әкім Іле ауданында ұзақ жыл бойы түрлі лауазымды қызметтерді атқарды. Аудандағы Боралдай кентінің өзін 15 жылға жуық басқарды. Оның бастамасымен кентте саябақ, балабақша, мектептер салынып, «Жайнақ», «Қазақстан» сынды бірнеше жаңа шағын аудан бой түзеді. Ол Тәуелсізідіктің 15 және 25 жылдық мерекелік медалімен марапатталған.