Полиция қызметкері прокуратура ғимаратында өз-өзіне оқ атты

Павлодар облысында полиция қызметкері аудандық прокуратура ғимаратының дәлізінде өз-өзіне оқ атты. Қазір полицейлер әріптесі неліктен мұндай қадамға баруы мүмкін екенін анықтап жатыр, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Полицияның мәліметінше, 24 мамырда әлеуметтік желіде Железин ауданының аға тергеушісі өзін-өзі атып өлтіргені туралы хабарлама тараған.

Павлодар облысының полиция департаменті полицейдің қаза болғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

«Железинка ауылында 23 мамырда сағат 18.10-да аудан прокуратурасы ғимаратының дәлізінде Железин ауданының аға тергеушісі табельдік қарудан оң иығына оқ атты. Полиция қызметкері ауруханаға жатқызылды, онда ота жасалды», – деп түсіндірді аймақтық полиция департаменті бастығының орынбасары Рашад Утеуов.

Оның айтуынша, қызметкердің денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

«Аталған факті бойынша Павлодар облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы ҚР ҚК 105-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Мән-жайлар мен себептер анықталуда», – деді Өтеуов.

Back to top button