2032
Тұғыры берік Түркістан идеясы
Тұғыры берік Түркістан идеясы

Түркістан деген бір сөздің бойында мыңдаған жыл мен миллиондаған халықтың тарихы тұр.
Ол − бір кезде тұтас Еуразия құрлығына әмірін жүргізген империялар мен бүгінгі отыздан аса ұлттың түп негізін еске салатын ұғым. Көк түріктердің тайпалық одағы құрып, 552-603 жылдарда Азиядағы ең ірі мемлекет болған − Түрік қағанаты мен бүгінгі түркі халықтарының, сондай-ақ жер бетіндегі барлық Түркістан атауының арасындағы мағыналық байланыста бірнеше ғасырлық уақыттың табы бар.
Түркі, Түркістан атауына қатысты бірер сөз
«Түркістан» топониміне қатысты алғашқы жазба дерек 639 жылғы соғды тілінде жазылған 25 жолдық қағаз құжатта көрініс тапқан. Ол соғдылықтардың самарқандтық қызды құлдыққа сату туралы жазғаны. Құжат 1969 жылы Тұрпанға жақын жерден 628 жылға тиесілі Қытай құжаттарымен бірге табылған.
Түркілер елі деген ұғымды білдіретін Түркістан сөзі бүгінгі Орталық Азия мемлекеттерімен бірге Қытайдағы Синьцзян-Ұйғыр автономиялы ауданына, Сібірдің оңтүстігіндегі түркітілдес аймағына және Ауғанстан мен Иранның солтүстігіне қатысты айтылады. ХІХ ғасырдың екінші жартысында Түркістан шартты түрде Батыс (Ресей империясы қоластындағы аймақ), Шығыс (Қытайға қарасты жерлер) және Оңтүстік (Ауғанстан мен Иран) деп бірнеше аймаққа бөлініп аталып, Қытайдағы түркілер тұрған аймақ Шығыс Түркістан, Ресей империясы қоластындағы түркілер жері Түркістан атауын сақтап тұрды. Мәселен, Ресей империясының 1867-1917 жылдар аралығындағы әкімшілік-территориялық аймағы (құрамына Қытайдың батыс жағындағы Құлжа аймағы мен Орталық Азия жерлері кірген) Түркістан генерал-губернаторлығы деп аталды. Сондай-ақ, Түркістан генерал-губернаторының ресми газеті «Туркестанские ведомости» деп аталса, оның қосымшасы ретінде шыққан қазақша газетке «Түркістан уәлаятының газеті» атауы берілген.
ХХ ғасырдың басында Ресей империясы құлағаннан кейін де саяси тұрғыда Түркістан атауы бірнеше жаңғырды. 1917 жылы Ақпан төңкерісінен кейін Түркістан генерал-губернаторлығы жойылды. Өлкедегі барлық билік уақытша үкіметтің, Түркістан комитеті қолына көшті. 1917 жылғы Қазан төңкерісінің жеңісінен соң, 22 қараша күні Ташкент қаласында өз жұмысын аяқтаған 3-Түркістан өлкелік кеңестер съезі Түркістан өлкесінде Түркістан Халық Комиссарлары кеңесі құрылды. Бірақ бұл үкіметті құрғандардың қатарында түркітектестер өкілі болмағандықтан жергілікті халық өкілдері наразы болды. Нәтижесінде Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Махмұд Бехбудий, т.б. тұлғалардың басшылығымен «Түркістан өлкесі мұсылмандар кеңесі» 26 қараша күні Қоқан қаласында 4-Түркістан өлкелік төтенше мұсылмандар съезін өткізді. Съезд үш күнге созылып, 1917 жылғы 28 қарашада Түркістан өлкесін Түркістан автономиясы деп жариялап, Түркістан Құрылтайын шақырғанға дейін саяси биліктің Түркістан уақытша кеңесі мен Түркістан халық билігіне өтетіні жөнінде қаулы қабылдады. Сөйтіп Орталық Азияда алғаш рет түпкі негізін жаңғыртқан Түркістан автономиясы атты мемлекет пайда болды. Алайда жергілікті халықтың өз алдына ел болу идеясын ұнатпаған Кеңес үкіметі 1918 жылы 2 ақпанда қарулы күш қолдану арқылы Түркістан автономиясын зорлықпен таратып, оның мүшелерін тұтқынға алды.
1918 жылы Ташкентте 20 сәуір мен 1 мамыр аралығында болып өткен кеңестердің Бүкілтүркістандық 5-съезінде Түркістан кеңестік федеративтік республикасы құрылып, «Түркістан Кеңестік Республикасы туралы ереже» бекітілді. Онда «Түркістан Кеңестік Федеративтік республикасы автономиялы түрде басқарылып, Ресей Кеңестік Федерациясының орталық үкіметін мойындайды және оның бағытын ұстанады» деп жазылды. Ол 1918 жылғы 30 сәуірден 1924 жылғы 27 қазанға дейін РКФСР құрамындағы автономиялы республика ретінде өмір сүріп, кейін таратылды. Содан кейін Орталық Азияда Қазақ, Өзбек, Түркімен, Қырғыз, Тәжік республикалары құрылып, КСРО-да Түркістан сөзінің мемлекет атауы ретінде мәртебесі жойылды. Кеңестік кезеңде Түркістан атауын Қазақстанның оңтүстік өңіріндегі тарихи Түркістан қаласы мен Түркістан әскери округі ғана сақтап тұрды. КСРО-ның құлауына байланысты 1992 жылғы 30 маусымда Түркістан Әскери округі таратылды.
Ал Қытайдың Шыңжаң өлкесінде құрылған Шығыс Түркістан Республикасы 1944 жылғы 12 қарашадан 1946 жылғы 6 маусымға дейін ғана өмір сүріп, бұл елде де Түркістан атауы мемлекеттік мәртебесінен біржола айырылды.
Бүгінде әлемдік дәрежеде түрік, Түркістан ұғымын ұстап тұрған Осман империясы ыдыраған соң құрылған Түркия Республикасы мен Қазақстандағы ежелгі шаһарлардың бірі − Түркістан қаласы.
ХХ ғасырда түркілерді біріктіруге талпыныс
Түркілер мен Түркістан ұғымына қатысты айтылатын түркішілдік, пантүркизм деген сөздер бар. Термин ретінде әртүрлі айтылғанымен түпкі мағынасы бір. Түркішілдік − аты айтып тұрғандай, түркі халықтарын туыстық, бауырластыққа шақыратын идея. Ал пантуркизм − түркі халықтарын бірлікке, өзара байланыстарын нығайтуға үндейтін қоғамдық-саяси ағым. Түрікшілдікті, яғни түркі халықтарының саяси, мәдени және этникалық бірлігі жайындағы идеяларды сипаттау үшін пантуркизм деген термин пайдаланылады. Сөзбе-сөз алғанда, бұл терминдегі "пан" префиксі − грекше "барлығы" дегенді білдіреді, ал түрік сөзінің мағынасы белгілі. Сонда пантуркизм деп жүргеніміз «барлық түрік бірлігі» деген сөз. Дегенмен пантуркизмді түріктердің өзге түркітектес ұлттарға ағалық етіп, өз ырқында ұстағысы келетінін білдіретін жалған ағым дейтіндер де бар. Қалай болғанда да түркі бірлігіне үндейтін идеяның қажеттігін жоққа шығара алмаймыз. Ендеше әр кездегі түркішілдік қозғалыстары туралы да айта кетсек артық болмас деп ойлаймыз.
Негізінде әлемде пантүркизмнің тууына 1908-1918 жылдарда Осман сұлтандығын басқарған «Жас түріктердің» әсері бар деп саналады. Бірақ олар өз еліне конституциялық басқаруды енгізген ұлтшылдық бағыттағы саяси топ болғанымен әлемдегі түркілердің басын қосу идеясына келуге мұршасы болмады. Себебі олар он жылдан соң ел билігінен шеттетілді.
Түркішілдік идеясының саяси қозғалысқа айналуына 1880 жылдары Ресей аймағындағы түркі зиялыларының шоғыры себеп болды. Демек, түркі халықтарының көпшілігінің тарихи, мәдени және тілдік тамырлары ортақ болғанымен, пантүркистік саяси қозғалыстың өрлеуі ХІХ-ХХ ғасырларға тән құбылыс. Бұл, бір жағынан, ХIV ғасырда пайда болған Панславизм мен ХІХ ғасырда пайда болған Пангерманизм сияқты қозғалыстарға жауап секілді нәрсе еді.
ХІХ ғасырдың соңына қарай қарқын алған түркішілдікті насихаттаушылардың көш басында Исмаил Гаспринский (Гаспыралы) 1851-1914) тұрды. Қырым татарынан шыққан интеллектуал тұлға, ағартушы баспагер, саясаткер диссидент, жадитизм мен пантүркизмнің негізін салушы Исмаил Гаспыралы Ресей империясында түркі халықтары арасында өте танымал адам болды. Түркішілдік идеясы оның өмірі мен қызметіне, саяси бағытына тығыз байланысты болды.
1879 жылдан бастап Исмаил Гаспринский өзінің жалпы түркі тіліндегі «Файдалы еглеңге» (1879-1880), «Заң» (1881) газеттерінің ашуға бірнеше рет әрекет жасағанымен оған қол жеткізе алмады. Дегенмен 1883 жылы 10 сәуірде Гаспринскийге бірінші орыс түркі-славян газеті «Переводчик-Терджиман» шығаруға рұқсат етілді. Ұзақ уақыт бойы бұл Ресейдегі жалғыз түркітілді мерзімді басылым, ал ХХ ғасырдың басынан бастап әлемдегі ең көне мұсылман газеті болды. Газет 35 жылға жуық жұмыс істеді және 1918 жылы 23 ақпанда жабылды.
Ол түркішілдікті «Тілде, пікірде, істе – бірлік» деген ұранмен шығарған өзінің «Терджиман» газеті арқылы насихаттады. Гаспринскийдің идеяларын Түркияда насихаттауда Түркияда Юсуф Акчурин (1876-1935) белсенділік танытса, ауғандық мұсылман реформаторы Джамаль ад-Дин аль-Афгани (1839-1897), татардың әйгілі ағартушысы, тарихшы Шиһабетдин Маржани (1818-1889), әзірбайжан ұлтынан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы публицист Гасан-бек Зардаби (1837-1907) секілді тұлғалар қолдады және өз елдеріне насихаттады.
Қалай десек те, Исмаил Гаспыралының түркішілдік идеяларының насихатталуы ХХ ғасырдың басында Ресей империясының отарлық езгінің тауқыметін тартқан түркі халықтарының азаттық ойына қозғау салып, азаттыққа ұмтылуына едәуір ықпал етті.
Бірінші орыс революциясы кезінде негізінен түркі халықтарының өкілдері қатысқан бүкілресейлік мұсылман съезі 3 рет өткізіліп, түркі халықтарының мүддесін қорғау мақсатында «Ресей мұсылмандары одағы» атты партия құрылды.
Уақытша үкімет жағдайында түркі халықтарының саяси әрекеттерін үйлестіріп отыру мақсатында Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесі ұйымдастырылды. Оның жұмысына белсене араласқан Алимардан-бек Алекпер оглы Топчибашев, Абдурашид Гумерович Ибрагимов, Садреддин Мақсудов секілді қайраткерлер түркішілдіктің ықпалымен түркі халықтарының мүддесін қорғауға еңбек сіңірді.
Сондай-ақ, 1917 жылы мамырда Мәскеуде өткен Бүкілресейлік мұсылман съезінің шешіміне сәйкес Бүкілресейлік Мұсылмандар кеңесі (Шурои ислам) атты қоғамдық-саяси ұйым құрылды. (Оның құрамына Түркістаннан 7, Кавказдан 5, Қырымнан 2, қазақ облыстарынан 5, Литва татарларынан 1, ішкі Ресей мұсылмандарынан 10 адам кірді). Бірақ кеңестік билік орнағаннан кейін түркішілдік реакциялық пиғылдағы ағым ретінде бағаланып, Бүкілресейлік Мұсылмандар кеңесі таратылды. Түрікшілдікті насихаттауға қатысы бар деген азаматтар ашық қуғындалды. Осылайша «халықтар теңдігін» насихаттайтын қызылдар өкіметі түркі халықтарының бірлігіне бастайтын қоғамдық ой-пікірді тұншықтырды.
Түркі бірлігі идеясы КСРО құлап, қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, әзірбайжан халықтары тәуелсіз мемлекет құрғаннан қайта жанданды. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Әзірбайжан Республикалары тәуелсіздігін жариялаған бетте олардың тәуелсіздігін ең алғаш Түркия мойындап отырды. Сөйтіп түркі мемлекеттері арасындағы байланыстар жаңа қарқынмен жандана бастады.
Қазіргі кезде түркі мемлекеттерінің басын біріктіретін Түрксой (Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы. 1993 ж. 12 шілдеде Алматыда келісімге құрылтайшы елдердің өкілдері қол қойған), Түркі кеңесі (түркі тілдес мемлекеттерді біріктіретін халықаралық ұйым. Түркі кеңесі 2009 жылдың 3 қазанында Нахчыван қаласында құрылған) секілді ұйымдар бар. Бұлар түркітектес мемлекеттер арасындағы мәдени және экономикалық ынтымақтастықты арттыруға қызмет етіп келеді. Түркі мемлекеттері азаматтары бір-бірінің еліне визасыз еркін кіріп-шыға алады.
Түркінің арасындығы бірлік, ынтымақтастық туралы айтқанда кейінгі жылдарда жүз берген кейбір оқиғаларға тоқталмай кетуге болмайды. 2020 жылы Әзірбайжан мен мойындалмаған Арцах Республикасының арасында соғыс болып, Әзірбайжан мемлекеті 1993 жылдан бері армяндар ықпалында болған Таулы Қарабақ өлкесін қайтарып алды. Бұл соғыста Әзірбайжанға Түркия қару-жарақ беріп, олардың тарихи аумағын өзіне қайта қосып алуға ықпал жасады. Осының арқасында Әзірбайжан мемлекетінің территориялық тұстастығы қалпына келді. Міне осыдан кейін Түркия тарапынан түркі елдері арасында әскери одақ құру мәселесін көтерді. Әрине, әлемде ұлттық тегі, діні жағынан белгілі бір біріккен елдер жоқ емес. Сондықтан түркітектес елдер де болашақта түрлі ұйымдар арқылы бір-бірімен ынтымақтастығын арттыра берері сөзсіз. Алайда дәл қазір қандай да бір саяси не әскери одақ аясында бірігудің уақыты жете қоймаған сияқты. Ол үшін алдымен мәдени, экономикалық саладағы қарым-қатынасты күшейте берген дұрыс.
Соңғы кезде түркітектестерді жақындататын қадамның бірі латын жазуына көшу үдерісі болады деп күткендер көп еді. Бірақ әзірше ол тарапта үлкен жетістіктер көрінбей жатыр. Дегенмен оны жетілдіріп, болашақта түркі халықтарының бір-бірінің жазуын еркін оқып, түсінуге мүмкіндік жасауымыз қажет.
Қазақстанда біртұтас
Түркістан идеясы қалай
дамып жатыр?
Қазақ жерінде ХХ ғасырдың басынан бері түркішілдік идеясы дамып келе жатыр десе болады. Әлемде түгел түркінің атажұрты − Ұлы дала мемлекеті Қазақстан Республикасы саналады. Соны осыдан бір ғасыр бұрын-ақ қазақ зиялылары жақсы түсінді. Ұлтымыздың ұлы ақындарының бірі Мағжан Жұмабаев:
Түркістан − екі дүние есігі ғой,
Түркістан − ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай жерде туған
Түріктің Тәңірі берген несібесі ғой, − деп түбі бір халықтардың ынтымағын асқақ өлеңнің өзегіне айналдырды.
ХХ ғасырдың бас кезіндегі түркішілдік идеясындағы басты мәселенің бірі − тіл бірлігі, яғни бір тілді ортақ тіл қылып, соны бірігудің құралы ету еді. Бұл тұрғыда Исмаил Гаспыралыны қолдайтындардың татар тілін ортақ түркі тілі қылу мәселесін ортаға салғаны белгілі. Міне осы тұста әрқайсысы өз тілін ұлық тұтатын түркілердің мәмілеге келуі қиын болғаны белгілі. Бұл жөнінде ХХ ғасырдың бас кезінде-ақ қазақ жазуын жасап газет шығарған, терминологияны дамытып әдеби тілді қалыптастыруға үлкен еңбек сіңірген Ахмет Байтұрсынұлы секілді ақын, ғалым-реформатордың маңына топтасқан қазақ оқығандары қазақ тілінің байлығын дәлелдеп, өз тұжырымдарын ұсынған-ды. Түгел түркі тілінің түп негізін сақтаған және түркі жұрты ту көтеріп ел болған жерде мемлекет құрып отырған қазақ елінің, қазақ тілінің барлық түркітектестерді бір тудың астына жинай алатын құдіреті барын сол кезде-ақ сезген Мағжан ақын өткендегі өкінішті жайларды қинала еске ала отырып:
Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен-тiлiм,
Таза, терең, өткiр, күштi, кең тiлiм,
Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тiлiм! – қазақ тілінің айбынын асыра жырлады. Бұған қарап отырып түркітектестердің арасында ортақ тіл мәселесін шешуге біржақты қарауға болмайтынын сезуге болады. Дегенмен ХХІ ғасырдың технологиясы бұл мәселені шешуді жылдамдатып жатқан секілді. Қазір қазақтың түрік тілін игеруі, сондай-ақ, түрік не өзбектің қазақ тілін үйреніп алуы соншалық қиын нәрсе болудан қалып барады.
Түркістан идеясына қайта оралсақ, түгел түркінің өніп-өскен байтақ даласында айбынды мемлекетке айналып отырған Қазақстан жаңа ғасырда түркілік идеяның қайнар көзіне айналып отыр десе де болады.
Қазақстан − бұл «Адамзаттың екінші ұстазы» деп танылған әлемге әйгілі ғалым Әбу Насыр Әл-Фарабидің, Египетті билеген атақты Бейбарыс сұлтанның отаны, күллі түркі жұртына ортақ, музыканың атасы Қорқыт атаның, мұсылман әлеміне аса танымал діни ғұлама Қожа Ахмет Ясауидің жатқан жері. Демек, түгел түркіге қатысты идеяларды осында дамытуға мол мүмкіндік бар.
Тәуелсіздік алғаннан бергі жерде Сыр бойын Қорқыт ата мемориалдық кешенін жаңғыртып, Дамаскідегі әл-Фараби мен Сұлтан Бейбарыстың кесенелеріне жөндеу жұмыс жұмыстарын жүргізіп, Қожа Ахмет Ясауи жатқан Түркістан қаласын облыс орталығына айналдырып заманға сай дамытуды бастаған қазақ елінің атқарған істері тек бір ұлтқа ғана емес, түгел түркіге ортақ атқарылған маңызды істер деуге болады.
Қазақстан түркология ғылымы да жақсы дамыған. Елордадағы Еуразия ұлтық университетінің алдына түркі халықтарыны әдебиетінің бастауы − Күлтегін сына жазуы көшірмесінің әкеліп орнатылуы да түркілік мәдениеттің алтын қайнарын әспеттеуден туған іс.
Түркі тарихы мен түркологияға қатысты ғылыми көпшілік кітаптардың жазылып жарық көру жөнінен де қазақ елінің қаламгерлері зор табысқа жетті. 1975 жылы жарық көрген Олжас Сүлейменовтің арғы тарихқа үңілуінен туған «АЗиЯ» кітабы әлем үшін сенсация болды. Сондай-ақ, ғалымдар Ғұбайдолла Айдаровтың «Көне түркі жазба ескерткіштерінің тілі» (1971), Мырзатай Жолдасбековтің «Асыл арналар» (1986), жазушы Қойшығара Салғараұлының «Алтын тамыр», «Көмбе» (1989), Байбота Қошым-Ноғайдың «Тіл ұшындағы тарих» (2003), Тұрсын Жұртбайды «Дулыға» атты кітаптары, Серібол Қондыбайдың мифологияға қатысты еңбектері күллі түркілік дүниетанымға зор пайдасын тигізетін кітаптарға айналды.
Түркілердің әлемдік мәдениетке қосқан үлесі көп десек, соның көне түркі күнтізбесі − «Тоғыс есебі» атты күнтізбе. Оны жүйелеп жазып, насихаттап әлемдік күнтізбелер қатарына қосқан қазақ баласы Қалдархан Қамбар. Қазір «Тоғыс есебімен» әлем халқы ағылшын тілінде де таныса алады.
Түркі музыкасының ең көнесі – қобыз күйлері десек, елімізде қобызбен күй тарту, ән-терме айту жақсы дамыған. Кейінгі кезде қобыз музыкасынан туындайтын бақсылық сарындардан жасалған ерекше туындыларды жаңаша формада сахнаға алып шыққан «Тұран», «Хассақ» секілді топтарымыздың орындауындағы ән-күйлер көптеген елдерде танымалдыққа ие.
Ұзын сөздің қысқасы, барлық салада көптеген жетістіктерге жетіп, заманға сай дамып жатқан бүгінгі Қазақстанда түгел түркіні топтастыратын үлкен идеялар да, атқарылған істер де жетерлік. Демек, Ұлы дала елінің бүгінгі келбетінен біртұтас Түркістан әлемін көруге болады.